ҰЛТЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫҚПАН

img-20180110-wa0008

Қазақ қоғамында сөзі  сүйекті, ұлты үшін аянбай еңбек етіп, барға қуанып, жоқты іздеп жүретін Ұлықпан Сыдықовтың орны ерекше. Біз танымал тұлғаға жолығып, ұлттық рух, қазақ өнері, тіл мен діл төңірегінде әңгімелесіп қайтқан едік.

– Ұлықпан Есілханұлы, қай заманда да ұлтының мүддесін жоғары қойған тұлғалардың мерейі үстем болғаны белгілі. Бүгінгі қазақ қоғамында сіздің орныңыз ерекше. Сізді ерекшелейтін қасиет – бойыңыздағы ұлттық рухтың басымдығы. Сондықтан ең алдымен, әңгімемізді Ұлттық рухтан бастағанымыз жөн болар. 

– Әрине, әңгімемізді ұлттық рухтан бастағанымыз дәл бүгінгі заман үшін қажет дер едім. Ұлттық рух дегеннің өзі тегіннен-тегін қалыптаспайды. Ұлттық рух пен сананың арасындағы байланыс арқылы ұлттық рухтың мәнін шығарып алуға болады. Сананың ең төменгі деңгейі пенде­шілік. Бұл – қайтсем қарнымды тойды­рамын, қайтсем ішіп-жеймін, қайтсем күн көремін деген күнделікті өмір үшін жанталас. Менің ең төменгі деп отырғаным мұндай қасиет адам түгіл, хайуанда да бар. Өйткені, олар да ішіп-жейді, ұрпағын өсіреді, қорғанады, жауына қарсы тұрады. Бұл арада ешқандай ұлттық рухтың болуы мүмкін емес.

Ұлттық рухқа бару үшін өзіңнің жеке басыңнан биікке көтеріліп, ұлтты, қоғамды ойлайтын, қайтсем пайда келтірем дейтін қасиет-қабілетке қол жеткізуің керек. Бұл оңайлықпен келмейді. Әр дәуірде де ұлттық рухтың иелері болған.

%d1%81%d1%8b%d0%b4%d1%8b%d0%ba%d0%be%d0%b2-%d1%83-%d0%b5

Бүкіл елінің, халықтың қам-қарекетін негіз етіп, санасына айналдырған алаш арыстары аз болмаған. Осындай әңгіме үстінде Алаш қозғалысының көсемі болған Әлихан Бөкейханов туралы тағы да айтқым келіп отыр. Әлихан Бөкейханов өзі төре тұқымынан, сұлтан, Санкт-Петерборда жоғары білім алған, ауқатты, дәулетті еді. Өзінің жеке басының ғана күйін күйттесе, шалқып-тасып өмір сүруіне болар еді. Бірақ ол жолды таңдамай, ұлты үшін отқа күйіп, суға түсті. Асқақ рухтың иесі болды. Ұлтының мүддесі үшін күресіп, ақыры сол жолда жанын қиды. Ұлттық рухтың іске асқанының көрінісі бұл. Жалпы,  пенде­шіліктен, күнделікті күйбең тірші­ліктен, дүниеқұмарлық пен ашкөздіктен азат болған кезде ғана сана жүйеге түседі.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласы қоғамымызға үлкен серпіліс әкелді. Біздің рухани әлемімізге қозғау салды, қызу талдау тудырды. Елба­сымыздың осы мақаласындағы «ұлттың рухани коды» деген түсінікті зерделей келгенде, алдымызға үлкен мақсат қойды. Елбасы мақаласында «Әжептеуір жаңғыр­ған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп қадап айтқаны белгілі.

 

Табиғат біздің рухани Өміріміздің мәні

 

– Осы арада бір сауал туындап отыр. Ұлттық рухтың басты ерекшеліктері неде?

– Біздің ең басты ерекшелігіміз – табиғаттың төл баласы екендігіміз. Табиғат дегеніңіз – ерекше құдірет. Оны 18 мың ғалам деп те атаймыз. Ерекше құбылыс табиғаттың ішіндегі заңдылық деген қандай керемет. Мысалы, жылдың төрт мезгілін ешкім өзгерте алмайды. Олар өз кезегімен айналып келіп отырады. Табиғат – тұнып тұрған сұлулық. Оны біз қолымызбен өзгерткіміз келіп, жанталасқанымыз дұрыс емес. Қайта біз табиғатқа табынып, оны аялауымыз керек. Баяғыда бізге ата-анамыз «шөпті баспа, бұлақты былғама» деп құлағымызға сіңіріп өсірді. Табиғатты сүйіп, аялауды үйретті. Сол табиғат біздің бүкіл рухани өміріміздің мәні.

Біздің бүкіл болмысымызды табиғатсыз, төрт түлік малсыз суреттеп, көркемдей алмай­сыз. Үлкен кісілерден ақ бата сұрай­мыз, төл перзенттерімізге Ақбота, Ақмарал деп ат қоямыз. Көңіл-күйімізді, ішкі жан сезімдерімізді табиғатпен байла­нысты­рамыз. Тек өкініштісі, сол сұлулықты өзіміздің аяусыз қорлап жатқанымыз жаныма батады. Сол бір тап-таза табиғат қайта оралса ғой деймін кейде.

– Сіз өз халқыңыздың патриотысыз. Өз халқыңыздың қандай қасиеттерін биік қойып бағалайсыз? 

– Ең алдымен, қазақтың сөзге тоқтай білетіндігін айтар едім. Қазақ «Өнер алды — қызыл тіл» дейді. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейді тағы сол қазақ. Небір жаугершілік заманда да сөз тыңдап, сөзге тоқтау салған. «Шешеннің тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік» деп бекер айтпаған ғой. Жәй сөз емес, қазақтың сөзінде өзіндік қисын бар. Бүгінде логика деп жүргеніміз сол қисын. Сөзге құлақ асқан халық тегін халық емес. Қазақта бар ерекше бір қасиет, ол – тектілік. Қазақ үшін қарғыстың ең жама­ны «тексіз» деген сөз.

– Баспасөз беттерінде, Ұлттық рухы кемелденбеген елдер жаһанданудың басты құрбанына айналып жойылып кетеді деп жиі айтылып жүр.    

– Бұл — рас. Қазір адамзат баласы екпіні қатты жаһандану мен ақпарат кеңестігінің ықпалында өмір сүруде. Ғаламтор бүкіл әлемнің тұтастығын, өзара байланысын қамтыды. Ғылым мен техника әбден дамы­ды. Мына қолымыздағы кішкентай телефон­нан бастап, көргеніміз де, ішкен-жегеніміз, естігеніміз де, мініп жүргеніміз де техника болып кетті. Тұтас бір техника дәуірі басталды. Бұл бір жағынан жақсы, бір жағынан кемшілік тұстары да бар. Кейде сол техникаға «жұмыс» істеткізіп қойып, уақыт ұтамыз деп ойлаймыз. Бірақ сол уақыт бәрібір жетіспейді. Баяғыдағы кең қолтық заман келмеске кеткен. Ағайын-туыспен араласуға уақыт жоқ. Тіпті, отбасында дастарханда бірге тамақ ішіп, сөйлесіп отырудан қалып барамыз. Үйге келген қонақты мейрамханаға апарып күтіп, сол жақтан шығарып салатын әдет таптық. Өмір сүру салтымыз өзгерді. Ойла­уымыз, сөйлеуіміз бір жүйеге түсті. Өйткені, тереңнен толғамаймыз, кітап оқымаймыз. Дәстүрді біреу білсе, біреу білмейді. Мұны мен не үшін айтып отырмын?

Мұның ар жағында бүкіл әлемді қам­тыған екпіні қатты, бірімен-бірі байланыс­ты, бірін-бірі қостаған жаһандану мен ақпарат кеңістігі тұр.

АҚШ-тың әйгілі мемлекет қайраткері, идеолог-ғалымы Зигмунд Бзежинский 80- жылдардың ортасында «Коммунизм күнінің батуы» («Закат коммунизма») деген атақты кітабында:

«Алдағы уақытта бір елге екінші елді жаулап алу үшін немесе өзіне тәуелді ету үшін зеңбірек атып, оқ шығарудың, әскер қаптатып, мылтық шошайтудың еш қажеті болмай қалады. Тек іштей іріткі салу керек. Қалай дейсіз ғой, Мәскеудің Қызыл алаңында кетіп бара жатқан орыстың жас бозбаласының джинсы шалбар киіп, ышқырында Американың мемлекеттік туының шүберектегі суреті тігілген болса, коммунизмнің күнінің біткені дей беріңіз, – деп жазған екен. Сол кісінің айтқаны 6-7 жылдан кейін-ақ келді. Рухты жеңу арқылы дінді, әдет-ғұрыпты талқандау, мектепті әлсірету арқылы жүретін процесті жаһандану дейді.

img-20180110-wa0010

Жаһанданудан

ешкім қашып құтыла алмайды

 

Өкініштісі сол, жаһанданудан ешкім қашып құтыла алмайды. Бүкіл әлем оның ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұр. Оған қарсы тұратын күш тек ұлттық рух, ұлттық күш керек. Оның жолына мықты экономикамен де тұра алмайсың. Жаһанданудан бізді сақтап қалатын тек ұлттық рух қана. Ұлттық рухтың кере­меттілігі де сонда. Әрбір баланың жүрегінде ұлттық рух болса, ұлттық сана болса бәрін жеңіп, ұлттығын сақтап қалатын болады. Қиыр Шығыстағы чукча деген халық не болды? Ұлттық рухы дайын болмай, азып-тозып жоғалып кетті. Солар аштықтан немесе суықтан өлген жоқ. Ұлттық рухтың жетіспеуінен құрып кетті. Ұлттың рухы деген ең бір қасиетті де, қастерлі ұғым. Оны сезіне, бағалай білу керек. Ақпараттық кеңістікте жүрсіз бе, оны бұра тартып, өз игілігімізге пайдалануымыз керек. Қазір латын әліпбиіне көшу, үштілділік туралы қызу айтылып жатыр. Бұл — өмір талабы. Осының бәрінің түп негізінде рух тұруы керек. Елбасымыз «Ұлттық код» туралы қадап айтты. Ол сан ғасырлық тарихымыз, дініміз, діліміз, ұлттық болмысымыз, ұлттың алтын діңгегі, қазанға қайнатқан ірімшік пен құрттың қоспасындай дүние ғой. Сол берік болса, біздің халқымыз ілгері басады.

Ұлттық рухты іске асыруда, әрине, экономикалық негіз керек. Қайтсем күнімді көремін деп жүргендерге ұлттық рух туралы әңгіме айтудың өзі негізсіз. Ал жағдайы бар, қалталы азаматтар не істеп жүр? Олардың бар ойы шет елге бару, асып-тасқанға мәз. Олар ұлттық рухтан садаға кетсін. Міне, осындай мәселе тұр. Бәрі бірдей емес, жанашырлар да бар. Осыдан біраз уақыт бұрын ауылдарға қаптатып мешіт салдық. Аталарының атын қойып, жарысқа түсті. Оны да «жақсы, жақсы» деп жылы жауып қойдық. Қазақ баяғыда «бай болсаң өзенге көпір сал, жол сал» дейтін. Шығыс Түркістанда Башпай Жаманкөзов деген қазақтың ең соңғы байы өмір сүрді. Оқымаса да өте дана болған кісі. Соғыс кезінде ұшақ әперіп, біздің әскер­лерге 400 жылқы берген. Кедей-кепшікке қамқор болған, өзі қолы ашық болған. Сол кісі халыққа көпір салып берді. Қанша бай болса да артында бір-ақ аты қалды. Ол – Башпай көпір деген аты қалды. Әлі күнге дейін сол көпір бар.

– Енді бір сәт өнер өлкесіне көз салсақ. Жалпы, бүгінгі өнерге деген көзқарасыңыз. Сыни тұрғыдан емес, жанашыр ретінде не айтар едіңіз?

– Бұл салада үлкен мәселенің бар екендігін мен ғана емес, бүкіл баспасөз жазып жатыр ғой. Атағы дардай әншіле­ріміздің өздері той жағалап кетті. Мына тойдан шығып, ана тойға шапқылап бара жатқа­ны. Тойға кезінде сал-серілер де барды. Бірақ олардың әні қандай еді, сәні қандай еді. Өздерін ұстай білетін еді. Арнайы оқымаса да өнерді бағалап, сахнаның киесін түсінетін еді. Бір тойда отырып бір оқиғаның куәсі болғаным бар. Әжептеуір атағы бар, даусы да жап-жақсы әнші ініміз алқын-жұлқын кіріп келді. Фонограмма­сын қосып, тыныш қана әнін айтып кетпей, 60 жасқа толып отырған той иесіне «сүндет тойларыңыз құтты болсын» дегені. Әлгі жерде кәдімгідей ыңғайсыздық орын алды. Сөйтсек, асығып-аптығып жүргенде қай тойдан шығып, қай тойға келгенін шатастырып алса керек. Міне, жауапкер­шіліктің жоқтығы неге әкеледі. Өнердің қа­дір-қасиетін қолдан қашырып жатыр­мыз.

Ел боламын десек, өнерді биікке көтеруіміз керек. Шынайы өнерді ұстап жүргендерді бағалау жетіспейді. Әдебиет пен театрдың да шекесі шылқып тұрған жоқ. Көкшетауда Құмарбек Қалқатаев деген өте талантты жігіт бар. Театрда қызмет етеді. Өзі композитор, домбырашы. Кезінде арнайы жолдамамен барып қалып кеткен ғой. Сол жігіттің елу жылдығына бардым. «Ән перісі Әміре» деген моноспек­такль қойды. Жалғыз өзі орындап шықты. Мен соңғы уақытта мұндай дүние көрмеп едім. Сол театр қызметкерлерінің алатын айлығы 38 мың екен. Сондықтан бұл салаға да қолдау керек, көмек керек.

 img-20180110-wa0011

Батырлар мен лауреаттар мектебі

 

– Ұлықпан Есілханұлы, бір кезде арман арқалап осынау білім шаңырағын таңдаған едіңіз. Сол шаңырақта 53 жыл бойы тек абырой биігінен көрініп келесіз. Студент кезіңізді бір сәт еске ала отырсаңыз…

– 1965 жылы Семей облысы, Ма­қан­шы ауданындағы С.Сейфуллин атын­дағы қазақ орта мектебін алтын медальмен тәмамдап, Қазақ политехникалық инсти­ту­тының автоматика және есептеу техни­касы факультетіне оқуға түстім. Сөйтсем, бұл оқу орны тікелей Мәскеуге қарайды екен. Негізінен, орыстар оқиды. Емтихандар орыс тілінде қабылданады әрі орыс тілінде жазылатын мазмұндамадан тапсырған қазақ балалары өте алмай қалады екен. Сол жылы Электрондық зерттеу техникасы деген мамандыққа қабылданған 50 бала­ның 49-ы орысша бітірген де, жалғыз өзім қазақ мектебінен болдым. Сөйтіп жүріп, бір күні «Бәйшешек» деген әдеби бірлестік құрдым. Ағжан Машанов ағамыз көп қам­қорлық жасады. Керемет кештер, кезде­сулер өткіздім. «Политехқа» қазақы рухты оятып, қазақтың үнін әкелдік. Сол кезде ҰҚК соңыма түскен кезде, мені арашалап алған Ілияс Есенберлин мен Ағжан Машанов еді. «Политехтың» шаңырағына Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Сәбит Мұқанов, Бибігүл Төлегенова келіп, студенттермен кездесті.

Сол жолы Сәбең ақ батасын беріп, риза болып аттанған еді. «Тау кен институты» дегенді естігенім болмаса, есігін ашпаған едім. Мынау бір керемет жер екен дегенім бар. «Политех» – қазақтың техникалық оқу орны. Қара шаңырақ. Қазақтың жерінің асты толы байлық. Соны игеру үшін ашқан ғой. 1934 жылы 16 мұғалім мен 146 студент екі мамандық бойынша оқуды бастайды. Алғашқы ректор Әшір Бүркітбаев деген ғажап кісі болған. Өзі небәрі 28 жаста. Ол кісіні осы оқу ордасына ректорлыққа Сәкен Сейфуллин ұсыныпты. Күні-түні еңбек етіп, оқу корпустарын ашқан Әшір Бүркітбаев келесі 1935 жылы 11 қазақ баласын оқуға қабылдайды. Соның ішінде Ағжан Машанов, Өмірхан Байқоңыров, Мейрам Құрманғалиев, Ілияс Есенберлин бар. Сол балалардың басын қосып жиналыс ашыпты. «Балалар, біз қазір азбыз, бірақ болашақта қатарымыз көбейеді. Біз бақыт­тымыз. Өйткені, мен тұңғыш қазақтың тех­никалық оқу орнының басшысы болдым, сендер тұңғыш студенті болдыңдар. Сендерге де, маған да қойылған жауапкер­шілік үлкен. Біз қазаққа жол ашуымыз керек. Инженер деген мамандықты қазақ баласы да меңгеріп шығуы керек. Инженер мен өнер біртұтас», — деп өзінің еңбекақысына алған 11 домбыраны әлгі 11 баланың қолы­на ұстатыпты. Сөйтіп, ансамбль құрыпты. Сөйтіп жүргенде біреулер құпия қазақ ұйымын құрып жатыр деп хабар беріп, ұстатып жіберді. Ақыры 32 жасында атылып кетеді.

Сол 11-дің бәрі керемет болып шығады. Бәрі халыққа қызмет етіп кетті. Содан бері 83 жыл өтіпті. 120 мыңнан астам инженер шықты. Қазақстанның барлық кәсіп­орындардың басшылары біздің түлектер. Біздің оқу орнының 7 адамы Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Еңбек Ері Бағдат Шаяхметов, Халық Қаһарманы, 6 рет Социалистік Еңбек Ері, 100-ге жуық Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары шыққан. Біз әрқашан түлектерімізбен мақтанып отырамыз. 2015 жылдан бастап тұңғыш рет Қазақтың Ұлттық зерттеу университеті атандық. Еуропалық білім алған, жаңа заманның лебін сезінген жас­тар келіп басшылық етіп жатыр. Космос­тық техникадан мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орнымыз. Байқоңырымыз тұрғанда оған қалай маман даярламаймыз? Талай мықтылар шықты. Осындай бай тарихымыз бар. Елбасымыз да үнемі басты назарда ұстап отырады. Осы университетке 17 жасымда келсем, міне, биыл 53 жылға кетті.

 

Өз гимнін жазған ансамбль

 

– Елу жылдан бері ел аузынан түспей келе жатқан «Дос-Мұқасанның» негізін салғандардың бірісіз. Осы күнге дейін жұптарыңыз жазылмай бірге келесіздер. Бұның сыры неде?

– Бұл біздің «жұлдыз» ауруына ұшырап, кеуде көтермегендігімізден дер едім. Осы күнгі кейбір жастар құсап бір-екі ән орындап, танымал болып, жұртты танымай кеткен жоқпыз. Қарапайымдылық деген де бір бекзат қасиет қой. Ол да көп адамға қона бермесе керек. Әсіресе, өнер жағында жүргендерге. Міне, біздің осы күнге дейін ағайынша араласып, бауыр болып, бала-шағамыздың бірге өсіп-өнуі осы қасиеттің басымдығынан болса керек. Сол «политех­тың» қабырғасында жүріп негізі қаланған «Дос-Мұқасан» қазақ өнерінің аңызына айналады деп сол кезде біз ойламаған едік. Сол кездегі бозбалалар — Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Мейірбек Әліпбеков, Шәріп Омаров 1967 жылы «Дос-Мұқасан» атты ансамбль құрған едік.

Алғашқы орындаған әніміз «Той жыры» Мұрат досымыздың үйлену тойына жасаған тартуымыз болатын. Оның шығу тарихы да көпке белгілі. Сол тұста Кеңес Одағындағы техникалық оқу орындары арасында өнер фестивалі өтіп, Ташкеннен «Дос-Мұқасан» бас бәйгені алып қайтқан еді. 1973 жылы тамыз айында Берлинде бүкіл дүние жүзі жастары мен студент­терінің  оныншы фестивалі болды. Оған 196 елдің өкілдері қатысты. 26 күнге созылған байқау қорытындысы бойынша «Дос-Мұқасан» алтын медальді алып келген еді. 1925 жылы Әміре ЭКСПО-ға қатысып, күміс медаль алса, «Дос-Мұқасан» алтын медаль алып келді. Содан келесі жылы бізге Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын берді. Сол кезде біз 24-25 жастағы жігіт­терміз ғой. Бір жерге лауреатпыз деп белгімізді тағынып бармаған екенбіз.

Тек биыл «алғанымыз рас, еңбегімізге берілген атақ қой, жеткен жетістігімізді неге айтпаймыз» деп 50 жылды­ғымызға арнайы шығарған кітапқа енгіздік. «Дос-Мұқасанның» гимнін жаздық. Биылғы концертте оны орындадық. Қысқаша мәтін былай болып келеді.

Ән әлемін ғарышпен тілдестірген,

Ұлт өнерін заманмен үндестірген.

Ардақтаған асылын,

Мақтанышы халқымның,

Жан шуағын баршаға үлестірген,

Таңқалдырған әлемді,

Тамсандырған сан елді,

Арайлы асқақ әдемі Дос-Мұқасан.

Бұрын ұялатын едік. Енді өзімізді-өзіміз айтпасақ, өзімізді-өзіміз жазбасақ кім жазады деп шештік. Қазір «Дос-Мұқасан­ның» бұл гимні кеңінен тарап, орындалып жүр.

 

Әке кӨрген оқ жонар

 

– Бір сөзіңізде кіндігімді ұста болған кісі кескен еді деп қалдыңыз ғой.

– Атам Сыдық келбеті келіскен, халыққа танымал, аса беделді кісі болған екен. Бірінші әйелінен бір қыз бала көріпті. Тек төртінші әйелі менің Жамал апамнан ғана ұл бала көрген екен. Әкем дүниеге келгенде, атамның жасы 64-те екен. Зарығып күткен ұл болса да еркелетіп, еркіне жібермей жан-жақты етіп тәрбие беріп кетіпті. Сол атам 72-ге келген кезінде әкемді тізесіне отырғызып алып, былай деген екен. Мен 72-ге келдім, сен 7-ге келдің. Менің қай күні кетіп қалатынымды бір Құдай біледі. Сондықтан сені қазірден жұмысқа баулып, бар білгенімді үйретіп кетейін. Күні ертең ешкімге жалтақтап кіріптар болмайсың деп өзінің Бәкір деген інісіне береді. Осылайша еңбекпен ерте ержеткен әкемді аяқтандырады. Дүниеге келген тұнғышының Үмітхан деп атын қояды. Анам екінші мәрте қыз бен бала босанып, оны баласы жоқ Бәкір інісіне береді. Осыдан кейін анам дүниеге ұл әкеліп, атам Хасен деп атын қояды. Көп ұзамай нәресте шетінеп кетеді. Бұл жағдай атама да, бәріне де оңай соқпаса керек.

Күндердің күнінде атам бір жақсы түс көріп, оны өзі іштей жорып та қояды. Ауылдың шетінде Нүсіпбек деген ұстаға барып, балта соқтырып алады. Оны қылпылдатып қайратып, тығып қояды. Сөйтіп жүргенде, анамның айы-күні жетіп босаныпты. Атам киіз үйді айналып жүріп, ақыры сәбидің іңгәлаған даусын естіп, ішке жүгіріп кіріп, әлгі балтасымен кіндігімді кесіп жіберіпті. Қолына алып аузыма түкіріп, етегіне орап далаға шығып кеткен екен. Анамның айтуынша, атам мені қолынан бір түсірмей, тек жылаған сәтімде емізуге ғана берген екен. Содан жанта­ласып жүріп мені сүндетке отырғызады. Үлкен ұлан-асыр той жасап, ертеңіне 88 жасында о дүниеге аттанып кетеді.

Мопассанның бір сөзі бар ғой. «Он жасымда қарасам әкем бір жүрген ақымақ, 15 жасыма келгенде бәленнің баласымын деп айтуға ұялатынмын. 20 жасқа толға­нымда әкеме ақыл кіріп қалыпты. 30 жасқа келгенде қарасам, менің әкемнен асқан ақылды адам жоқ екен. Мен сізден туғаныма мақтанам. Менің бойымдағы бар қасиет осы кісіден дарыған екен», – деп жазыпты. Сол айтпақшы, әкем еңбекқор, бір ауыз артық сөзі болмаған кісі еді.

Балаларын да солай тәрбиелеп кетті. Әкеден алған үлгі, тәрбие бойға дариды екен. Өзім де бір қыз, екі ұлды тәрбиеледім. Сегіз немерем бар. Барлығы жоғары білім алды. Үш тілді еркін меңгерді. Қазір әрқайсысы өз алдына бір-бір отау. Асыл жарым Нағима екеуміз немерелердің қызығын қызықтап, өткенді еске алып, бүгінді қуаныш көріп, тату-тәтті тіршілік етіп жатырмыз. Әрбір қазақтың шаңыра­ғынан шаттық кетпесін. «Той жыры» үзілмесін!

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен – Рая ЕСКЕНДІР.