ҚАЖЕТТІ ЖЕРІНДЕ ҚАТТЫ КЕТЕТІН КЕЗІ ДЕ БОЛҒАН

%d0%ba%d0%be%d0%bd%d0%b0%d0%b5%d0%b2

12 қаңтар – Д.Қонаевтың туған күні

Бұрынғы Целиноград, қазіргі Аста­нада Қазақстанға қатысты тарихи оқиғалар кезінде әлем назарын аударды. Кеңестер Одағының дүниені шулатқан Тың игеру экономикалық саясаты Қазақстанның Солтүстік облыстарынан басталды.

Ежелгі аты Ақмолаға алпысыншы жылдары ұрда-жық, есерсоқ мінезімен елді мезі еткен сол кездегі КСРО-ның патшасы Никита Сергеевич Хрущев келеді. Димекең ол кісімен бірге жүреді. Бір әңгіме-дүкен үстінде Никита Ақмола деген  ат қандай мағына береді деп сұрайды.  – Әруаққа қатысты «киелі», «қасиетті» деген ұғым береді, – деп жауап береді. Қасындағы партия қай­раткері дәл мағынасы орысша «белый могила», яғни «ақ мола» деп жағым­сыз жер-су атауы екенін оған ұғындырады. Бейіт-қорымға қатысты атауды ұнатпаған Н.Хрущев «бұл тың өлкесі, яғни целина. Сондықтан Цели­ноград» болсын деп бұйырады. Орта білімі бар шаруа баласы өзге ұлттың салт-дәстүрінен бейхабар, тарихынан мақұрым  «қияли комму­низмнің» көсемі Никитаның айтқаны бола­ды. Сөйтіп, қала Цели­ноград атанады.

Ақмола жайында лепіріп, ашу шақырып, долданып, ішімдіктен қызара бөртіп, ақылынан адасқан Н.Хрущев соңында Шортандыдағы Астық шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтына келіп, оның бастығымен бажылдасып, ұрысып, әйтеуір ашуын әрең басады. Көп жерде қызба мінезді, ашудан жары­лып кете жаздайтын патшаны Димекең амалын тауып, сабырға шақырады. Масқара болып жүрмесін деп көмекшілерімен сөйлесіп, оның беделінің түспеуі үшін ақылды Димекең қолдан келгенше қорғаштайды. Обалы нешік, Димекең естелігінде Н.Хрущев­тің Сталиннің жеке басына табынуды әшкерелеуі – батырлық деп бағалайды. Ал мінезіндегі кемшіліктерді, парасат-пайымындағы өресіздікті, бүйректен-сирақ шығаратын жетесіздікті жеріне жеткізе айтады.

Қазақстанда өлкелер құрылғаннан кейін өлке бастықтары республика бас­шыларына бағынбай тікелей Мәскеумен сөйлесіп, мәселені өздері шешетін болған. Бұл сол кездегі бірінші басшы Димекеңе ауыр тиген. Тың өлкесінің басшылары білгенін істей бастайды. Н.Хрущевке жағымпазданған олар Павлодар қаласының атын «Хруще­ваград» деп атау жөнінде шешім шыға­рады. Димекең бұған қарсы болып,  қаулыны тоқтатады. Естелігінде бұл оқиға бүге-шүгесіне дейін баяндалады.

Бұрын Қараөткел – Ақмола – Целиноград соңында Астана болып өзгерген осы өлкенің әр елдімекенде жер, су, шабындық, астық алқаптары, қала, кенттері Димекең жадында өле-өлгенше сақталып қалды. Өйткені, қазақ жері үшін айқас осы Тың өлкесін құрудан басталды.

Сексенінші жылдардың ортасында бойында шовинизмнің «қаны ойнаған» М.С.Горбачев Қазақстанға келді. Алдымен астанамыз Алматыға соқпай, Целиноградтан бір-ақ шықты. Бұл барып тұрған менмендік және ақымақтық еді. Белгілі Саяси бюро мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, үш мәрте Еңбек Ері Димекең отырған үйде республика басшыларымен кезде­сіп, сол кездегі астана – Алматыны аралауды ар санады. Қалыптасқан тәртіп, дәстүр бойынша ол сапарын – Алматыдан бастап, соңында облыстарға шығуы жөн еді. Білгенін істеді. Оның бұлай жүргенін халық қош көрмеді. Димекең амалсыз Алматыдан ұшып, Целиноградқа келуге мәжбүр болды. Қала өндіріс орындарындағы кездесу­лерде ол жанында жүрген Димекеңмен әңгімелеспей, өзінше қыр көрсетіп,  сұрқиялығын байқатты. Бір нәрсеге өкпелеген ақымақ адамдардың кейпін танытты. 1980 жылы Мәскеуде қатар­дағы хатшы болып жүргенде Саяси бюро мүшесі Д.Қонаевқа жалпақтап, күтіп алып, шығарып салып жүретін адамның аяқ астынан өзгеріп шыға келгені Димекеңді қынжылтты. Бәрінен бұрын Алматыны аттап, қазақтың бар зиялы қауымын менсінбеуі оның жанына батты. Целиноградта жеке кездесулерде «генсек» бұдан да сорақы қылық­тар көрсеткен болар. Ол жағы әрине белгісіз. Қазақстанның алпыс жылдық мерейтойы кезінде (1980) қатар­­дағы хатшы Л.Брежнев пен Д.Қо­наевтың қыл өтпес сыйластығын көріп, іші күйген. Димекеңнің абырой-атағы, КСРО-дағы беделі, социалистік мемле­кет­терде құрметке бөленуі, капи­талис­тік елдерде танылуы, халықара­лық мәслихат­тардағы мәселе көтеруі, Еңбек Ері атағын үш рет алуы М.Гор­бачевқа ұнамады.

Димекеңді қорлауы өз алдына, тіпті, қалай көзін жоюға дейін қам жасағаны шындық еді. АҚШ-тағы «совет­тік жүйені» зерттеуші, белгілі ғалым Марта Оклот М.Горбачевтың екі жылға жуық  Д.Қонаевпен алысып, оны жеңе алмағанына қайран қалып жазады. Шынайы, нақты дерек, оқиғалар арқы­лы дәлелдейді. Димекеңнің жеке дәрі­гері Ахат Мүліков: «Димекең тоқсанға келетін еді. М.Горбачевтың қысастығы жүйкесін тоздырып, жүрегін жаралаған. Адамға жат қасиет-қылығы, соңына түсіп, сорақы, жалған, өтірік фактілер іздеуі оның денсаулығына қатты әсер етті. Соның салдарынан көпке бармай оқыс дүние салды», – дейді.

«Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» заманақыр нышаны бар «меңдібас» патшаның – қолында шексіз билігі бар әміршінің Димекеңе  әлі жетпеді. Құрта­мын деп жүріп, өзі тақтан түсті. Киесі бар кісіні назаландырып, бақыт­сыздыққа душар болды. Отбасында қайғылы жағдай орын алды. Әйелі дүние салды. Бұл оны табалау емес, шындығы осы.

Димекеңнің жиырма жылға жуық оққағары болған, сол үшін жазаланған Анатолий Гориянов қасиетті адам Горбачевты «киесімен ұрды» дегені бар. «Бірде үйінде телефонда Горбачевпен ұзақ сөйлесті. Соңында «менен ала алмай жүрген қандай кегің бар, Михаил Сергеевич» деп қатты кетті», – дейді. Қажет жерінде Димекеңнің қатты кететін кездері болған. Н.Хру­щевпен айтыста Димекең бірде еріксіз дауыс көтеріп сөйлеуіне тура келеді. Өйткені, ол боқтайды. Сонда жанында отырған Брежнев аяғын басып, «онымен сөз қағыспа, Димаш» деп естіртпей құла­ғына сыбырлайды. Иә, Димекең Мәскеу дөкейлеріне үнемі бас шұлғи бермеген. Бәрінен бұрын оның М.Гор­бачевты ақыл парасатымен жеңгені Батыс елде­рінде дүрлікпе ақпарат болып тарайды.

Димекеңнің досы Л.Брежнев өмірі­нің соңында жазылмас дертке, ақыл-ой сырқатына, психологиялық күйзеліске душар болғаны белгілі. Әйгілі «генсек» туралы шыққан деректі фильмдерде, тарихшылар жазған шынайы еңбектерде бәрі жақсы дәлелденеді.

Леонид Ильич Батыс елдеріне барған сапарында, халықаралық мәслихаттарда сөз сөйлейді. КСРО-дағы немістердің азамат­тық құқықтары жөнінде оған сауал қойылады. Бұрынғы неміс автономиясын қалпына келтірсе деген тілек айтылады. Ол кезде ақыл-ой ауруы меңдеген Брежнев көп ойланбай: «бұл мәселені шешеміз» деп уәде береді. Жетпісінші жылдардың соңында оның аузынан шыққан осы сөзі КСРО-да неміс автономиясын қайта қалпына  келтіруге түрткі болады. Бұл оқиғаны Димекең мұражайында ішкі, сыртқы саясатқа сұңғыла белгілі партия қайраткері айтқан еді.

1979 жылы Целиноградта неміс автономиясының құрылуына қарсы шеру басталды. «Обком» партияның ғима­раты алдында соғыс ардагерлері аянбай сөйлейді. Соғыста бір аяғынан айырылған Отан соғысының бір арда­гері «Обком» үйі алдында  Қазақстанда неміс автономиясының құрылуына үзілді-кесілді қарсы екенін ызалана жеткізеді. Өйткені, Қазақ­станда немістердің ежелгі атамекені жоқ. Волга өзені бойынан олар мұнда жер аударыл­ған, осылай тарих дерегіне сүйенген қазақ­тар заңға қайшы келетін әрекетті тоқтатты. Автономияға кейбір неміс­тердің өзі қарсы болады.

Елордадағы С.Сейфуллин атындағы мемориалдық мұражайды аралап көр­дім. Мұнда бұрында мен көрген мұра­ғаттар жоқ. Қала тарихынан мәлі­меттер беретін тарихи деректер біраз бар екен. Соған қуанып, риза болдым. Бұрынғы Целиноград қазіргі Астананы Димекең көрген жоқ. Астана ауысар­дың алдында марқұм болып кеткен болатын. Астана­да белгілі даңғыл, гүл­зарлы көше және Д.Қонаев атындағы колледж кемеңгер­дің рухын лаулатып, еліне сіңірген еңбегін әлемге әйгілеп тұр. Егер ұлы тұлғаға  қалада ескерткіш орнатылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Ораз ҚАУҒАБАЙ,

қаламгер, қонаевтанушы.