ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

pm54ht4mj6uzrxgki206qcwoi0s22v

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, эко­номикалық және әлеуметтік сала­лардағы терең және қарқынды өз­геріс­тер кезеңіне қадам басып келеді.

Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқық­тарымызды қалай іске асыраты­ны­мызды, балаларымызды қалай тәр­биелей­тінімізді түбегейлі өзгертуде.

Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатер­лерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдадық.

Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық.

100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып қойды. Қалғандары, негізінен, ұзақ мерзімге арналған және жоспарлы түрде іске асырылуда.

Өткен жылы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алды.

Индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда. «Цифрлық Қазақ­стан» кешенді бағдарламасы қабыл­данды.

«Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдар­ламасы қабылданды.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді страте­гиялық жоспары жасалды.

Біздің ұзақ мерзімді мақсаттары­мыз өзгеріссіз қала береді.

Қажетті бағдарламалардың барлы­ғы бар.

Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төр­тінші өнеркәсіптік революция әле­міне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды.

dsc_0156

Құрметті отандастар!

Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық.

2017 жылы біздің ел БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі бол­ды.

2018 жылдың қаңтар айында оған төрағалық етудеміз.

Біз дүниежүзілік ЭКСПО мамандан­ды­рылған көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасындағы бірінші мемлекет болдық.

Қазақстанда табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасты.

2017 жылы еліміз әлемдік дағда­рыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті.

Жыл қорытындысы бойынша ішкі жал­пы өнімнің өсуі 4 процент болып, ал өнер­кәсіптік өнімнің өсуі 7 про­центтен асты.

Бұл орайда, өнеркәсіптің жалпы көле­мінде өңдеуші сектордың үлесі 40 про­центтен асып түсті.

Қазақстанның қолайлы дамуы орта таптың қалыптасуына мүмкіндік берді.

Кедейшілік 13 есе қысқарып, жұ­мыс­сыз­дық деңгейі 4,9 процентке дейін төмендеді.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала бе­ретін азаматтық бейбітшілік, ұлтара­лық және конфессияаралық келісім.

Дегенмен, Қазақстанның жетістік­тері сенімді тірек саналады, бірақ ол ертеңгі табыстарымыздың кепілі емес екенін жақсы сезінуіміз керек.

«Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқ­талып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет.

Жаһандық трендтер көрсетіп отыр­ғандай, ол, бірінші кезекте, Төртінші өнер­кәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс.

Мұның өзіндік сын-қатерлері де, мүмкіндіктері де бар.

Жаңа әлем көшбасшыларының қатары­на қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімдімін.

Бұл үшін мынадай міндеттерді шешуге жұмылуымыз керек.

 

БІРІНШІ. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.

 

Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт төмендеген 2014-2015 жылдардағы дағда­рыста негізгі тұрақтандырушы фактор­лардың бірі болды.

Сол себепті, жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдарымыз өзгерген жоқ.

Сонымен қатар, индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мей­лінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс.

Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экс­портқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет.

Бұлар, бірінші кезекте, технология­лардың трансфертін ынталандыруға тиіс.

Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кә­сіпорнын цифрландыру жөніндегі пилот­тық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек.

Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді.

Ол біздің Назарбаев Университеті, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, ІT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновациялық орталықтардың төңірегінде қалыптасуға тиіс.

«Алатау» инновациялық технологиялар паркінің қызметін ұйымдастыруды түбе­гейлі қайта қарау қажет.

Нақты сектордың жаңа технология­лар­ға деген сұранысты ынталандыруы және венчурлық қаржыландырудың жеке на­рығының қызметі инновациялық эко­жүйе жетістіктерінің негізгі факторлары болып саналады.

Бұл үшін тиісті заңнама қажет.

Бұдан бөлек, ІT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр.

Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады.

Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын-ала тиянақтау керек.

Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрия­лан­дыру талаптарына бейімдеу қажет болады.

2018 жылы «цифрлық дәуір» өнер­кәсібін қалыптастыруға арналған ин­дустриялан­дырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек.

 

ЕКІНШІ. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту.

 

ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурс­тарға деген мұқтаждығы жалғасуда.

Олар болашақта жаһандық экономи­каны және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады.

Бірақ шикізат индустрияларын ұйым­дастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек.

Кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажет.

Кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының эколо­гиялық тазалығы мен тиімділігіне қойы­латын талаптарды арттыру керек.

Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі ба­ламалы, «таза» энергия саласындағы даму­дың қаншалықты қарқынды екенін көрсетті.

Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі.

Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 процентке жетеді.

Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу мін­детін қойдық.

Қазір бізде жалпы қуатты­лығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді. Соларда 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірілді.

«Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды. Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек.

Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді.

 

ҮШІНШІ. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі.

 

Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек.

Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет.

Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды.

Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс.

Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет.

Осыған орай аграрлық университет­тердің рөлін қайта қарау керек. Олар дип­лом беріп қана қоймай, ауыл шаруашы­лығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын маман­дарды дайындауға тиіс.

Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжіри­бені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі. Мысалы, егін егу мен астық жинау­дың оңтайлы уақытын болжам­даудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайт­қыш себудің, зиянкестермен және арам­шөппен күресудің интеллектуалды жүйе­лері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады.

Жүргізушісі жоқ техника адами фак­торды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа технологиялар мен бизнес-модель­дерді енгізу, агроөнеркәсіп кеше­нінің ғы­лымға негізделуін арттыру шаруашылық­тарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді.

Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек.

Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс.

Ауыл шаруашылығын қарқынды дамы­ту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет.

Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақ­стан­­да жасалған» табиғи азық-түлік брен­дін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек.

Тиімсіз субсидияларды ауыл шаруа­шы­лығы кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет.

5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін­дегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісін­ше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсыра­мын.

 

ТӨРТІНШІ. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру.

 

Бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды коридор өтеді.

Бұл туралы көп айтылды. Жалпы, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 процентке өсіп, 17 миллион тон­наға жуықтады.

Транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр.

Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мем­лекет қаражатын тез арада қайтаруға мүмкіндік береді.

Жүк қозғалысын онлайн режимінде бақылап, олардың кедергісіз тасымал­дануы үшін және кедендік операция­ларды жеңіл­дету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет.

Заманауи шешімдер логистиканың барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

«Үлкен деректерді» (Bіg data) пайдалану сапалы талдауды қамтамасыз етуге, өсімнің резервін анықтауға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызады.

Осы мақсаттар үшін Интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажет.

Бұл жүйе көлік ағынын тиімді бас­қаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін анықтауға жол ашады.

Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек.

Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет.

Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкім­діктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек.

 

БЕСІНШІ. Құрылысқа және

коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу.

 

Жүзеге асырылып жатқан бағдарла­малар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асты.

Тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде.

Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады.

Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек.

Осы міндетті орындау барысында құры­лыс салудың жаңа әдістерін, заманауи ма­териалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек.

Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет.

Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интел­лектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек.

Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жа­сап, электр энергиясын, жылу мен суды тұтынуды қысқартып, табиғи монопо­листерді тиімді жұмысқа ынталандырады.

Заңнамаға, соның ішінде табиғи моно­полиялар саласын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қажет.

Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек.

Ауылдық елді-мекендерді сапалы ауыз­сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет.

 

АЛТЫНШЫ. Қаржы секторын «қайта жаңғырту».

 

Банктік портфельдерді «нашар» не­сиеден арылту ісін аяқтау қажет.

Ол үшін банк иелері шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауап­кершілік алуға тиіс.

Акционерлердің аффилирленген ком­паниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиіс.

Ұлттық Банк мұндай істерге нем­құрай­лы қарамау керек.

Әйтпесе, мұндай мемлекеттік органның не керегі бар? Ұлттық Банк тарапынан қар­жы институттарының қызметін қадаға­лау қатаң, уақытылы әрі нәтижелі болуға тиіс.

Мемлекет қарапайым азаматтардың мүд­делерін қорғауға одан әрі кепілдік береді.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажет.

Сонымен қатар, 2016 жылдың 1 қаң­тарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар жөніндегі мәселені Ұлттық Банкке толығымен шешуді тапсы­рамын. Сол күннен бастап аталған валю­талық займдарды жеке тұлғаларға беруге заң жүзінде тыйым салынған болатын.

Ұлттық Банк пен Үкімет экономика салаларындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзімді несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешуге тиіс.

Инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруы және қор нарығының дамуы маңызды болып саналады.

Бұл – жұмысын бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі міндеттерінің бірі. Ол халықаралық озық тәжірибені пайдаланып, ағылшын құқығы мен заманауи қаржы технологияларын қолданатын өңірлік хабқа айналуға тиіс.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» ұлттық компанияларының акция­ларын ІPO-ға табысты түрде шығару қор нарығын дамытуға септігін тигізеді.

 

ЖЕТІНШІ. Адами капитал –

жаңғыру негізі.

 

Білім берудің жаңа сапасы. Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет.

Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс. 2019 жылдың 1 қыр­күйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет.

Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады.

Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқу­лықтар, стандарттар және кадрлар.

Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады.

Еліміздің университеттеріндегі педаго­гикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет.

Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылым­дарын оқыту сапасын күшейту керек.

Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты. Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетін болады.

Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отыр­ғанын және Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымы елдеріне қара­ғанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек.

Барлық өңірлердегі Оқушылар сарай­ларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфра­құрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек.

Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу сала­сына және өндірістік-технологиялық ор­таға ұтымды түрде кірістіруге көмек­теседі.

Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін мең­геруінде. Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде.

Егер біз қазақ тілі ғұ­мырлы болсын де­сек, оны жөнсіз тер­минологиямен қиын­дат­пай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет.

Алайда, соңғы жылдары әлемде қалып­тасқан 7 мың термин қазақ тіліне ауда­рылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күл­кіңді келтіреді.

Мысалы, «ғаламтор» (Ин­тернет), «қолтырауын» (крокодил), «күй­сандық» (фортепиано) және тағы сол сияқ­тылар толып жатыр. Осындай аудар­ма­ларды негіздеу тәсілдерін қайта қарас­тырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек.

Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді.

2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет.

Орыс тілін білу маңызды болып қала береді. 2016 жылдан бері жаңартылған бағ­дарлама бойынша орыс тілі қазақ мектеп­терінде 1-сыныптан бастап оқы­тылып келеді.

2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады.

Нәтижесінде, біздің барлық түлек­теріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады.

Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады.

Кез-келген этникалық топтың өкілі кез- келген жұмысты таңдай алады, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндігі болады.

Қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады.

Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету ар­қылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс.

Цифрлық білім беру ресурстарын да­мыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жаб­дықтау жұмыстарын жалғастыру қажет.

Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағды­ларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек.

«Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жал­ғастыру қажет.

Мемлекет жастарға алғашқы маман­дықты береді.

Үкімет бұл міндетті орындауға тиіс.

Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушы­ларының видеосабақтары мен видеолек­цияларын Интернетте орналастыру керек.

Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді-мекен тұрғын­дарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады.

Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық техноло­гиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек.

Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және ІT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек.

Қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі.

Жоғары оқу орындары шет елдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет.

Жеке сектордың бірлескен қаржылан­дыруға атсалысуы барлық қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін міндетті талап болуға тиіс.

Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуіміз керек.

Білім беру саласына өзінің инвести­циялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді.

Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек.

Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет.

Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәде­ниетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек.

«Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында.

Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін біле­тін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс.

Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт.

Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технология­лардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады.

Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс.

Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек.

Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек.

Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет.

Бұл тәжірибе әлемде бұрыннан бар. Оны батыл әрі белсенді түрде енгізу керек.

Онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онколо­гиялық орталық құру қажет.

Халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс.

Біз кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресу кезінде атқарған істеріміз сияқты жұмыстарды да жүргізуіміз керек.

Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін болады.

Оны енгізудің қажеттілігі ешқандай күмән туғызбайды. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырмаған дайындық жұмыстарын тың­ғылықты жүргізу талап етіледі.

Мемлекеттің міндеттерін нақты белгілей отырып, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеу қажет.

Халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде немесе ерікті меди­циналық сақтандыру, сондай-ақ бірлесе төлеу арқылы ала алады.

Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мо­бильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық пас­портын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолже­тімділігі мен тиімділігін арттыру қажет.

Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге кірісуіміз керек.

Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызды мәселе болып саналады.

Бүгінде бізде Назарбаев Универси­тетінің бірегей Медицина мектебі бар. Онда біріктірілген университет клиникасы жұмыс істейді.

Бұл тәжірибе барлық медициналық жоғары оқу орындарына таратылуға тиіс.

Осы және басқа да шараларды іске асыру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу қажет.

Сапалы жұмыспен қамту және әлеу­меттік қамсыздандырудың әділетті жүйесі.

Еңбек нарығының тиімділігін қам­тамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор.

Барлық негізгі мамандық бойынша заманауи стандарттар әзірлеу қажет.

Бұл стандарттарда жұмыс берушілер мен бизнесмендер еңбеккерлердің білімі, қабілеті мен құзыретінің қандай болуы қажеттігін нақты белгілейді.

Кәсіби стандарттардың талаптарын ескеріп, білім берудің жаңа бағдарлама­ларын әзірлеу қажет немесе қазіргі бағ­дарламаларды жаңарту керек.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады.

Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық таны­тып, атүсті қарап отырды.

Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа ма­мандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет.

Қазақстандықтардың жаңа жұмыс ор­нын салыстырмалы түрде тезірек ие­ленуге, соның ішінде еліміздің басқа да елді-ме­кендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс.

Бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет.

Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақ­талуға тиіс.

Азаматтар үйлерінен шықпай-ақ кәсіби бағдарлы тест тапсырып, оқу курстары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы біліп, өзін қызықтыратын жұмыс таба алатын болады.

Еңбек кітапшаларын да электрондық форматқа көшірген жөн.

Электрондық еңбек биржасы туралы заңды 2018 жылғы 1 сәуірге дейін қабылдау қажет.

Әлеуметтік саясат азаматтарды толық­қанды экономикалық өмірге тарту арқылы жүзеге асырылатын болады.

Қазір зейнетақы жүйесі толықтай еңбек өтіліне байланыстырылған.

Кім көп жұмыс істесе, сол көп зейнетақы алатын болады.

Осыған орай, барша қазақстандықтар өздерінің атқаратын жұмыстарын заң­дастыруға зор мән беруі керек.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де еңбек өтілі мен өтемақы мөлшері арасын­дағы өзара байланыс күшейтілетін болады.

Біз 2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көштік.

Оның шегі ең төменгі күнкөріс дең­гейінің 40 процентінен 50 процентіне дейін көтерілді.

Еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қар­жылай көмек олар жұмыспен қамту шара­ларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болады.

Еңбекке қабілетсіз азаматтарға мем­ле­кеттік қолдау көрсету шаралары күшей­тіледі.

 

Қымбатты қазақстандықтар!

 

Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттеме­лерінің барлығын толықтай орындайды.

2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейгенін еске салғым келеді.

Базалық зейнетақы, жалпы алғанда, 29 процентке, ынтымақты зейнетақы 32 про­центке, бала тууға байланысты жәрдемақы 37 процентке, ал мүгедектер мен асырау­шысынан айырылғандарға төленетін жәр­демақының әрқайсысы 43 процентке өсті.

Денсаулық сақтау саласындағы қыз­меткерлердің жалақысы 28 процентке дейін, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 процентке дейін, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы 40 процентке дейін, «Б» корпусындағы мем­лекеттік қызметшілердің жалақысы 30 про­центке, стипендиялар 25 процентке өсті.

Дағдарыс заманы. Әйтсе де, әлемнің са­наулы ғана елдері әлеуметтік салаға жұм­сайтын шығындарын осылай арттыра алды.

Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 про­центке өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты.

Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табыстарын көбейтеді.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 процентке артты.

Мүгедектерге, асыраушысынан айы­рылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдем­ақылар 16 процентке дейін өсті.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап ба­залық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады.

Бұдан бөлек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отыр­ған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдем­ақыны енгізуді тапсырамын.

Бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алады. 2018 жылы осы мақсатқа 3 миллиард теңгеге дейін қаржы қажет болады.

Мұғалім мәртебесін арттыру мақсаты­мен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақы­сын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырамын.

Жаңартылған мазмұн дегеніміз – ха­лық­аралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейім­делуден өткен заманауи оқу бағдар­лама­лары.

Бұлар біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады.

Сонымен қатар, 2018 жылы катего­риялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырамын.

Категорияларды бүкіл әлемде қолда­нылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқы­лы беру керек. Бұл педагогтарды өздерін ұда­йы жетілдіруге ынталандыратын бола­ды.

Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 про­цент­ке дейін өседі.

Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет.

 

СЕГІЗІНШІ.

Тиімді мемлекеттік басқару.

 

Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығын­дарын қысқартуға байланысты жұмыс­тарды жалғастыру қажет.

Осыған орай бизнесті реттеуге қа­ты­суды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек.

«Бір тере­зе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекет­тік қолдау көрсету үдерістерін цифрлан­дыруды қамтамасыз ету қажет.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, табиғи монополия су­бъ­ектілері көрсететін қызметтерінің сапа­сын арттыру жөніндегі жұмысты жалғас­тыру керек.

Олар үшін және энергия өндірушілер үшін инвестициялық бағдарламаларын ес­керіп, негізделген тарифтерді белгілеу маңыз­ды.

Бизнес-климатты жақсарту үшін батыл іс-қимыл талап етіледі, әсіресе өңірлік деңгейде.

Үкімет бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шара­лардың жаңа пакетін дайындауға тиіс.

Мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыруды жеделдету қажет.

Әкімшілік шығындарды азайту үшін ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру керек.

Босаған қаражатты мемлекеттік қыз­метшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін ен­гізуге бағыттау қажет.

Бұл орталықтағы және өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер жалақысының диспропорциясын қысқартады, сондай-ақ жұмыстың сипаты мен тиімділігі ескеріле­тін болады.

Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, 2018 жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда осы жүйені енгізудің пилоттық жобаларын іске асыруды тапсырамын.

Өңірлердегі мемлекеттік қызметтің тиімділік әлеуетін олардың экономикалық дербестігі мен жауапкершілігін арттыру арқылы мейлінше толық ашу керек.

Жалпы алғанда, өңірлік саясат өңір­лердің шығындарын теңестіруден жеке табыстарының өсімін ынталандыруға бағытталуға тиіс.

Атап айтқанда, бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез-келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады.

Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керек.

Фискальды орталықсыздандыру аясын­да шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығын өңірлік бюджеттерге беру мәселесін шешу керек.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мың­­нан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген.

2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді-мекендерде күшіне енеді.

Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығын­дардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді.

Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекеттік ор­гандар нақты уақыт және жедел жауап беру режимінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін зама­науи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс.

Мемлекет пен компаниялар жаңа технологияларды енгізе отырып, өз ақпа­раттық жүйелері мен құрылғыларының берік қорғалуын қамтамасыз етуі керек.

Бүгінде киберқауіпсіздік ұғымы тек ақпаратты ғана емес, сонымен қатар өнді­рістік және инфрақұрылымдық нысан­дарды басқару тетігін қорғау дегенді де білдіреді.

Осы және өзге де шаралар Қазақ­стан­ның Ұлттық қауіпсіздік стратегия­сында көрініс табуға тиіс.

 

ТОҒЫЗЫНШЫ. Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі.

 

Жемқорлықтың алдын алуға бағыттал­ған күрес жалғаса береді.

Көп жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 3 жыл­да ғана жоғары лауазымды шенеу­ніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшы­ларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды.

Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді.

Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады.

Атап айтқанда, азаматтар өз өтініш­те­рінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс.

Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда.

Заңнамаға қылмыстық процестегі аза­маттардың құқықтарын қорғау ісін күшей­туді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді.

Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді.

Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды.

Азаматтардың конституциялық құқық­тарына кепілдікті нығайту, құқық үстем­дігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қыз­метін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет.

Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіп­сіздікті қамтамасыз ету саласында көше­лерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, аза­маттарды анықтайтын және жол қозға­лысын қадағалайтын интеллек­туалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек.

 

ОНЫНШЫ. «Ақылды қалалар»

«ақылды ұлт» үшін.

 

2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл.

Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталық­тары­ның қатарына қосылуы – барша­мыздың ортақ мақтанышымыз.

Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады.

«Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзы­реттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет.

Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты.

Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды.

Сондықтан Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стан­дартын қалыптастырып, Қазақстан қала­лары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек.

«Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады.

Міне, алдымызда тұрған 10 міндет осы. Бұлар – түсінікті әрі айқын.

 

 

Қымбатты қазақстандықтар!

 

Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыр­туға кірістік.

Технологиялық және инфра­құры­лымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді.

Конституциялық реформа билік тар­мақтары арасындағы балансты нақтылай түсті.

Біз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық.

Бұл базалық үш бағыт Қазақстан жаң­ғыруының жүйелі үш тұғыры болып сан­алады.

Біз жаңа заманға сай болу үшін Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағдайын­дағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек.