ПАРИЖДЕ ӘН САЛҒАН ӘМІРЕ

%d0%b0%d0%bc%d0%b8%d1%80%d0%b5-%d0%ba%d0%b0%d1%88%d0%b0%d1%83%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2

«Мен Шығыста әнші­ні неге бұл­бұлға теңейтінін  енді  түсіндім».

Ромен Роллан.

 

Парижде 1925 жылы бүкіл дүние жүзі бойынша (ЭКСПО)  ән өнері мерекесі өтіп жатқан жаз айы. Сонда болған 11  кон­­цертке  қатысқан Қазақстаннан бар­ған қазақ әншісі Әміре Қашаубаев  домбырамен ән айтқанда залдағы халық орындарынан тұрып қол соқты. Оның айтқан «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Балқадиша» тағы басқа әндері халықтың көңілінен шықты.  Халықтың қошеметіне бөленген, өзіне ғана тән даусы бар Әміре жүлделі екінші орынды жеңіп алып, күміс медальге қол жеткізді. Сол кезде  Францияның «Па­риж апталығы» газеті  мен  «Ле мюзикль» журналы Әміренің сирек кездесетін талант екенін айта келіп: «Ғажайып дауыс иесі Әміре  Қашаубаев өз елінің жан-жүйені балқытатын әндерін салып берді» деп жазды. Француз жазушысы Ромен Роллан ерекше таңданыс білдіріп, шығыс халқының жақсы әншіні бұл­бұлға теңегенін мойындаған. Париждегі Сорбонна университетінің профессоры Перно  Әміренің даусына ерекше мән беріп, бірнеше өлеңдерін фонографқа жазып алған екен.  Осылайша Әміре Қашаубаев тұңғыш рет қазақ елін, оның керемет ән өнерін шет елдерге танытқан қазақ әншісі болып аты тарихта қалды.                                                                              Бүкіл Еуропаны   таң қалдырған әнші Әміре Қашаубаев 1888  жылы Семей облысы, Абыралы ауданы Дегелең тауы­ның алабында дүниеге келген.  Кедей­шілікті басынан өткізген  орта жүздің Тарақты руынан шыққан Әміре әншілік өнерімен 12 жасынан бастап таныла бастаған. Сол жылы әкесі Семей қала­сына көшіп келеді. Жас Әмірені өзіне ат айдаушы етіп алған Исабек деген бай жанына ертіп алып, той жиындарда  ән салғызады. Жас Әміре  Қоянды жәрмең­кесіне барып ән салған кезде  Мәди Бапиұлы, Қали Байжанов,  Майра Уәли­қызы және баянауылдық Жаяу Мұсамен танысады. Бұл таныстық Әміреге әншілік өнерін шыңдай түсуге жол ашады. Бойында өнерге деген табиғи қабілеті бар Әміре 1921 жылы Семейдегі қазақ жас­тарының ағарту ұйымы «Ес- аймаққа» әнші болып кіреді. 1924 жылы Семейде өткен әншілер байқауында әділқазылар мүше­лері  Семейден қатысқан  Әміре мен  финал­ға шыққан  қарқаралық Қали Бай­жанов екеуіне  бірінші орын мен екінші орын жүлделерін қосып екеуіне теңдей етіп  бөліп береді. 1925 жылы Қа­зақстан Оқу  комиссариатының «қазақ өнерпаз жастарының басын қосып театр құру» туралы ұсынысы бойынша Қызылорда қаласында 1926 –жылы Қазақ драма театры ашылады.

Осы театрға Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов  сияқты  өнерлі жастармен бірге Әміре де сол театрдың мүшесі болады. 1926 жылы театрда алғаш  қойылған М.Әуезовтың «Еңлік Кебек» пьесасында Жапалдың рөлін ойнаған Әміренің актерлік қыры да ашылады. 1927 жылы сәуір айында Мәскеудің арнайы шақыртуымен Кеңестердің   ІV- съе­зіне делегат ретінде қатысқан Әміре, делегаттар үшін ұйымдастырылған концертте өнер көрсетеді.  Осы концерт жайында  «Правда» газеті  «Керемет кон­церт, керек болса башқұрт қурайшысы Исенбаев, қазақ әншісі Әміре Қашау­баев және өзбектің биші – әншісі Тамара ханум… шын мәнісіндегі халық артис­тері» деп жазды. Сол жылы  шілденің 29-ы мен 31 арасында Германияның  Майндағы Франфуркт қаласында өткен Халық­аралық музыкалық көрмеде қойылған тоғыз концертте ән айтып, қазақтың халық әндерін бүкіл әлемге паш етті. Әміре әндері дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Анри Барбюс пен Ромен Роллан тағы басқа ірі тұлғаларға ерекше  әсер етіп,  ризашылдықтарын білдірді. Қызыл­орда қаласында алғаш құрылған театр Алматыға ауысқанда  Әміре де бірге келеді. Ал 1934 жылы қазіргі Абай атын­дағы Қазақ опера және балет театрына ауысады. Сол жылы қараша айында оқыстан қазаға ұшырайды. Әміре жайлы оның өмір жолын тексергендердің айтуынша, Әміреге қастандық жасалуы мүмкін екен. Қастандық жасағандар сол кездегі халықты қан қақсатқан Біріккен Бас саяси басқарма (ОГПУ)  адамдары. 1925 жылы Парижден келгеннен соң  «Парижде Мұстафа Шоқаймен жолық­қанда ол саған не айтты? Қандай тапсыр­ма берді?»   деген сұрақтар қойып, үйлері­не бірнеше рет тінту жүргізіп, соңынан бақы­лау қойып және ұрып соққан екен (ол өзінше жеке тақырып). Бұл мәселе жөнінде  Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеуші Жарқын Шәкәрім  мырза 2013 жылы 27 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетіне  жазған. Әнші әрі актер Әмірені еске алу мақса­тында  бастауын 1949 жылы «Саяси концерттік-эстрадалық бюросы»  болып ашылған, Семей қаласындағы облыстық филармония Әміре Қашаубаев атымен аталады.Оның атымен республикалық жас әншілер байқауы өтіп тұрады. Биыл қазақты алғаш шет елге таныстырған Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл толады. Қазақтың атын алғаш шет елге танытқан, әнші, актер  Әміре Қашау­баев­ты кең көлемде ұлықтау тіптен мемлекет тарапынан  туған жылын атап өту елдігі­міздің бір ерен белгісі болар еді.

Беркін Әкебаев.

  республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері.

 

ШЫҒЫС БИІНІҢ ҚОС ЖҰЛДЫЗЫ

Эстрадалық «Гүлдер» ансамблінің   тарихына көз жүгіртсек, бұл ансамбльдің әнмен қатар би  өнерімен танымал болу­ларына  оның негізін қалаушы, Қазақстан­ның Халық әртісі  Гүлжаһан Ғалиевамен бірге  апалы-сіңілі Деляфруз, Гуляфруз Қия­қо­валардың қосқан  үлесі зор.  Өзбек­станда өмірге келген  шығыс биінің  қос  жұлдызы атанған Деляфруз бен Гуляфруз бала кездерінен би өнеріне  ынтық болып өседі. Олар  Ташкент қаласында зиялылар отбасында өмірге келген. Әкелері Жүніс Петербург университетінің Заң факультетін бітірген адвокат болса, аналары  Гүлмуба­рак Өзбекстанның Мәдениет минис­трлігін­де,  Министрлер кеңесінің мәдениет бөлімін­де қызмет атқарған. Ал  аталары  Баки Чалымбетов болса, Қазақстанның медицина­сын дамытуға айтулы үлес қосқан белгілі тұлға. Қыздардың тәтесінің жұбайы, жезде­лері Мұхамеджан Тынышпаев болса, Қазақ­стан Республикасының қалыптасуы мен дамуына, оның ішінде Қазақстан темір жолының негізін қалаған арыстары­мыздың бірі. Міне, осындай тұлғалар  тағылы­мын көріп өскен апалы-сіңілілердің арман­дары асқақ, көксеген биіктері тым асқақ  болатын. Гуляфруз 1925 жылы өмірге келсе,  Деля­фруз 1926 жылы өмірге келген. Егіз қозыдай қатар өскен қыздарды  аналары   мектеп жасына толғанда Тамара ханум жетек­шілік еткен Ташкенттегі  балет учили­щесіне оқуға береді. Училищеде оқып жүр­ген кезде  Гуля­фруз бен Деляфруз Өзбек­стан  ССР-на танымал  У.Камилов, М.Тұр­ғынбаева, Р.Каримов сынды би шебер­лерінен дәріс алады. 1943 жылы  апалы-сіңілілі  Қияқо­валар Ташкенттегі Әлішер Навои атындағы опера және балет театры­ның солистері болып қызмет істейді. Олар­дың биіне тамсан­баған адам қалмайды. Тіпті, соғыс жылдары Ташкентке қоныс аударған  Мәскеудің үлкен театрының бишісі, балет патшайымы атанған Майя Плисецкаяның өзі кейбір би қозғалыстарын шығыс биінің осы қос жұлдызынан үйренгенін  жасырмайды. Өзбекконцертте жұмыс істеп жүрген кезінде Деляфруздың шығыс биіне  құш­тар­лығы тіптен арта түседі.  Ол өзі құрастырған «Хо­резм», «Араб»,  «Таулы Бадахшан»  биле­рін асқан шеберлікпен орындайтын.  Бұдан кейін  Деляфруз бен Гуляфруз Сочиде жұ­мыс істейді.  Одан соң Мәскеудің Мәдениет институтында  СССР-дің Халық әртісі  Игорь Моисеевтің  класы бойынша кәсіптік шеберліктерін шыңдайды. 1969 жылы  Деляфруз Алматыға шақырылады. Апалы-сіңілілер сол кезде  Г.Ғалиеваның   басшы­лығымен құрылып жатқан эстрада-цирк училишесіндегі Гуляфруз дәріс беретін  би сабағына арнап бағдарлама жасайды. Сөйтіп, Деляфруз бен Гуляфруз Г.Ғалиева­мен бірле­сіп, «Гүлдер» ансамблінің  негізін қалау­шылардың бірі болды. Деляфруз қойған «Қыздар-ай»,  «Алтын домбыра», «Сар­баздар» биі сахнаға қойылғанына  жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де «Гүл­дердің» репертуарынан түскен емес.   Деляф­руз қойған билердің костюмдерінің де  эскизін өзі  құрастыратын. Деляфруз қойған қазақ билері мен оларға арналып тігілген костюм­дерінің эскиздері Қазақ­станның би өнерінің алтын қорында сақ­талған. Апалы-сіңілі Деляфруз бен Гуля­фруз Қияқовалардың  билерін  Қазақстанда бірінші болып орындаған шәкірттері Қазақстанның Халық әртісі  Г.Талпақова, Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген өнер қайрат­кері Г.Саитова,  А.Омарбекова, еңбек сіңір­ген әртістер Ф.Жолымбетова,  Л.Мәжікеева, В.Хасанова-Усина, Г.Бисеновалар өз билері арқылы дүние жүзінің төрт бұрышындағы көрермен­дердің көзін баурады. Биге ғашық болу арқы­лы сол би өнеріне шәкірттерін де ғашық еткен Деляфруз 2004 жылы өмірден қайтса,  би падишасы Гуляфруз Қияқова жақында  93 жасқа толады. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген емес пе,  табиғат сұлу жаратқан биші тоқсаннан асса да сол сұлу қалпын сақтап қалған. Жұл­дыздар ешқашан сөнбейді. Оған шығыс биінің қос жұлдызы  Деляфруз бен Гуля­фруз Қияқовалардың  өмірі мен өнері дәлел.

 

 Сәуле ДӘУЛЕТБЕКОВА,

«Жұлдыздар сөнбейді»

жобасының жетекшісі.