ОҢАШАДАҒЫ ОНЛАЙН ОЙЛАР

%d0%be%d0%bd%d0%b0%d1%88%d0%b0

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

***

Телеарналардан шаршадым. Жақсы ма, жаман ба, білмедім, соңғы үш-төрт жылда хабарларға көп шақыратын болды. Бас сүйегің келіспеген қиын ғой. Сол жерге барып бетімді көрсетіп, кісі болып отырғым келмейді. Орысша айтқанда «зеленая тоска»! Бірақ кейде бармасыңа болмайды. Барасың!

Өзім қуана құлшынып барған үш бағдар­лама болғанын да жасыра алмай­мын. Біріншісі – Қалдыбек Құрман­әлиев досымның «Бенефис-шоуы», екіншісі – мені «мыслит» етуге үйреткен сүйікті ақыным Оңайгүл Тұржанқы­зының «Дара жолы», үшіншісі – 2016 жылғы футболдан Еуропа чемпионаты­ның финалы алдын­дағы «Франциядағы доп додасы» деген хабар. Алдыңғы екі хабарға өзім ерекше сыйлайтын доста­рымның көңілін қимай бардым. Үшін­шісі – менің «ауруым».

Кейде болмайтын «ток шоуларға» шақырады. Күйіп кетемін. Отбасы, ошақ қасы әңгімелерді езіп отырған өзімді көз алдыма елестетемін. Сосын жүрегім айнып шыға келеді. Қазір керемет әдіс тауып алдым. Хабарға шақыратын неше түрлі қыздар телефон шалса, бірден «Қап, қарын­дасым, мен командировкада жүр едім, өте өкінішті, хабарға қатыса алмай­мын!» деп сақ ете қалатын болдым. Рахат! Ана қыз да риза, мен екібастан риза.

Кеше бастығым жұмысты үйіп-төгіп беріп, сіңбіруге мұршам болмай, ақ тер, көк тер болып спич жазып жатсам, бір қыз звондайды: «Аға, сізді хабарға шақы­райық деп едік». Күйіп кеттім. Өмірімде бірінші рет «айналайын, мазамды алмаңдаршы!» деп жекіп таста­дым! Бүгін аздап ұялып отырмын. Ана звондаған қыздың не жазы­ғы бар еді? Тіпті аздаған өкініш те бар. Кешірші мені, бейтаныс телеқарындасым!

Бір қуанатыным, «Сенбілік таң» хабарына бірде-бір рет шақырған емес. Соған қатты қуанамын. Шынында да ана самсап тұрған тамақ тұрғанда жөні түзу әңгіме айтудың өзі мүмкін емес сияқты. Өз басым ондай жерде ештеңе айта алмаймын. Тойда отырғанның өзінде де дастархан басында әңгіме айтып жарытпайсың. Тост айтарда столдан тұрып, былайырақ барып, микрофонды алып айтпайсың ба?! «Просто тихий ужас!». Осындай бағдарламаны тек қазақтар ғана ойлап таба алатындай көрінеді де тұрады.

 

***

Оның барлық жырлары ұнайды. Оның барлық ойлары ұнайды. Оның барлық пікірі ұнайды. Кейін… келесі ғасыр­ларда ол туралы «Жиырма бірінші ғасырдың бірінші жартысындағы ойшыл» деп айтылуы да ғажап емес. Неге дейсіз бе?

Негесі сол, оның ақ қағазға түсірген барлық жазбаларында оқшау-оқшау ой жатыр. Оқшауыңыз не, денеңді дір еткі­зетін дүлей ой  жатыр. Оның әдебиет­тану­шылы­ғы тоқығанын творчествоға айналдыра алатын қасиеті толыққанды талдау жасау талантымен ұштасып жата­тындығымен жүректі жаулап алады. Ақындығы сезім мен ойдың ғажап үйлесімділігін үкілеген сүйкімді синтез-галереяны көз алдыңа тарту етуімен тәнті етеді.

Жаратылыс пен Адамды жан-жақты зерттеп үлгерген қалам иесі ғана ой айта алатынын ескерсек, оған таңдай қақпай тұра алмайсың. Қатарластары енді ақыл тоқтатып жатқанда толағай ойдың толқы­нына жармасып үлгерген оны «мақтау грамотасымен» бұзу енді мүмкін де емес. Хас талантты тек твор­чествосын түсіне алуыңмен ғана қуанта аласың.

Шын мәнінде мұндай қаламгер болу тіпті де оңай емес. Себеп? Құдай берген талантпен ғана шектелген адам мұндай биікке көтерілуі екіталай. Сезімталдық қасиетіне ғана малданып жүргендер де оның жанында жіп есе алмайды. Жә, таланты пен сезімталдығы қатар өрілген туындыгер онымен қатар тұруға қақы­сы бар деп ойлауыңыз заңды шығар. Алайда, мұндайлар да оның соңынан шаң қауып қалары хақ. Осындай пікірді маған сенімді түрде айтқызып отырған – оның асқан білімділігі. Оны да қойы­ңызшы, оның болмыс-бітімінде плане­тар­лық ойлау жүйесі өз сүрлеуіне қазірдің өзінде түскенін байқамау мүмкін емес. Дәл осы критерий оны басқалардан оқ бойы озық алып жүретініне күмәнім жоқ.

Айтпақшы, оның аты-жөні –

Айнұр Төлеу.

Ал бір өлеңі мынау – «Бірдеңе»:

Уақыт және Кеңістік…

Кеңістікте ерегестік-керістік!

Біз секілді миллиард дене, мың дене

Кеңістіктен іздеп әлек бірдеңе!

Қайғы да емес, іздейтіні мұң деме,

Махаббатқа ұқсайтын сол бірдеңе.

Табылмаған, жоғалмаған бұл неге?

Атағым кеп тұрса соның шын атын

Тілім де осы қалады екен күрмеле!

Әй Бірдеңе!

Сені іздеймін бәрібір

Мен жеткенше, мен кеткенше

Кірлеме!

 

***

Көптен бері тұшынып оқыған мақалам осы болды. Бас тақырыбының өзі басыңды айналдырып алады: «Барсакелместен» келдік…». «Барсакел­меске» барып келдік…» десе Қайнар Олжай да тыпыршып қалар ма еді: «Әй, мына бала қайтеді-ай!».

Ең алдымен, мақаланы мақала қылып тұрған не? Қалжыңдап айтсам, фоно­грам­масыз, жанды дауыста жазыл­ған мақала. Тұтастастай алғанда туынды тірі организм­дей көрінеді. Көрінеді емес, бірінші жолдан бастап соңғы абзацқа дейін тірі клеткалар тізбегімен маталған мақала органикалық тұтасты­ғымен матап тастайды оқушысын.

Ержан батырдың журналистика мен депутаттықтан қолы босамай жүрген секілді. Бәрін жиып қойып, көркем прозаға отырса, талай жазушының күні не болар екен деп қаймығасың! Жас перінің сөз саптауы бұрыннан да сүй­сінтетін. Ал қазіргісі тіпті аузыңнан сілекей шұбырта­ды: «Кәрі кемпірдің саусағындай тырбиып өскен бәкене бойлы сексеуілдің арасынан қарақұй­рық жүгіріп шықты. Қарабарқын­ның қалтарысынан қоян сығалап қарайды. Сарысазанның түбінен сарышұнақтар ін қазып жатыр. Әлден уақытта қап­талы­мыздан бұрқыраған шаң шықты. Құйын шығар дегенбіз. Құлан екен. Екпіндері тау құлатарлықтай. Тұяқта­рынан ұшқан топырақ шаңға айналып, артынан қалың тұмандай із қалдырып келеді. Сол күйінде алдымызды кесіп өтті. Санап үлгердік. Алты құлан. Құлан­ның дүбірінен түлкі қашты. Бұрыла бере, бұратыла құлады».

Қандай динамика! Қандай сурет! 7D мұндай әсер ете алмаған. Сен қозға­лысқа түсірдің! Ішкі әлемді.

Ержан бауырым, бүгін сен үшін алабө­тен қуандым. «Газеттің күні өтті» дейтіндердің аузын жаптың. «Егеме­ніңнің» еңсесін тік көтерткен дүниең құтты болсын! Құлбек Ергөбек ағамша қайырсақ: жарадың! Мынадай мақала­лар жазылып жатқанда қазақ публи­цистикасы өлмейді.

 

***

Жеке өміріңнің өзі мәңгілік емес екеніне көзің анық жетіп тұрғанда өзіңнің тіршілігің мен тәлейіңе қатыс­ты басқа «бірдеңелердің» мәңгілік болуы мүмкін деп дәмеленудің өзі – ақымақтық. Сондықтан да болмашы арзан атақ пен мардымсыз мадаққа қызығудың қажеті бар ма? Жоқ! Еркін тыныстап, өмір сүргеннен асқан бақыт көрмедім! Мына жалғанда! Байқа­дың ба, көрген бақытыңның өзі де шексіздікке жұтылып бара жатыр!

 

***

Кеше Алматыда Үмітжан Балтай­қызын жер қойнына тапсырдық. Үмітжан тәтемен үш жыл бір кабинетте отырып, тонның ішкі бауындай сырлас болып кеткенбіз. Ол кісі 120 жыл (адамның орташа өмір сүру ресурсы) жасайды деп ойлаушы едім. Адамның ойлағаны болмайды, Құдайдың дегені болатындығына тағы да көзім жетті.

Қазақта «жан-тәнімен» деген сөз бар. Үмітжан тәте не істесе де жан-тәнімен істейтін. Қуанса да, қайғырса да. Қуан­ғанда шын қуанатыны соншалық, мойыны ұзарып кететін. Тәнімен де қуану деген осы шығар. Қайғырғанда шын қайғыратыны соншалық, басы мен денесінің арасында мойыны көрінбей қалатын. Осылай жан-тәнімен қайғыра білетінін де талай рет байқадым.

«Саморазвитиямен» ерекше айналыса­тын. 60 жасында ағылшын тілін меңгеріп еді. Курсқа бірге барған­быз. Менен ағылшын шықпайтыны бірінші айда белгілі болды. Ал ол кісі табандап жүріп инглишті бағындырып тынды. Алған беттен қайтпай­тын қайсар мінезі осы жерде де табындырмай қой­маған. Қазақша да, орысша да құжат­тармен жұмыс істей беретін. Күн құрғат­пай кешке 10 шақырым жүгіретін. Аптасына 2-3 рет бассейнге міндетті түрде баратын. Бір кездері аэробикамен де айналысқанын көз көрді.

Әйел адам болып келеңсіз әңгіме айтпаушы еді. Сөзді де орнымен айта­тын. Өте пунктуальды адам болатын. Жұмысқа бір рет кешігіп келгенін көрген емеспін. Осанкасы қандай еді?! Столында қатқан қазықтай тік отыра­тын. Үй шаруасына да керемет екені сөздерінен аңғарылып тұра­тын. Алпыс­тан асса да тал бойында бір мін жоқ көрікті кісі еді. Бірақ әйелдің ақылды болғаны сол, сұлулықты екінші планға ысырып тастайтынын Үмітжан тәтеден көрдім. Қазақи қасиеттерін өркениетті елдердің мәдениетімен толық­тыра білген прогрессивті адамға сырттай қызығып қарамау мүмкін емес болатын. Қысқасы, Үмітжан тәтені қазіргі заман­ғы қазақ әйелінің эталоны деп ұялмай айтар едім.

 

Абай атамыз Мәшһүр Жүсіптен «Жұмақ қайда?» деп сұрағанда «Кімнің әйелі жақсы болса, жұмақ соның үйінде» деген екен. Үмітжан тәтенің күйеуі Уәлихан Қалижан жұмақта өмір сүргеніне бәс тіге аламын. Журналис­тика мен Ғылымның шыңына әйелі жақсы болғанда ғана жете алады еркек. Бұдан артық дәлелдің қажеті жоқ шығар.

 

Шеберлігінде шек жоқ Құдайдың сол жұмақта жүрген жігіттің өзін де жылатып кеткені шымбайға шын батты. Бірақ Алланың ісіне амал бар ма?! Ерек­ше сыйлайтын ағамызды қалың ел жұба­тудай-ақ жұбатты. «Үмітжаным­ның тәнін ел-жұрты жер қойнына жер­леді, мен оның жанын жүрегіме жерле­дім!». Бұл – Уәлихан ағаның сөзі. Осын­дай сөзді аяулы жарын өмірбақи аялап, сүйіп өткен адам ғана айта алса керек.

 

***

Ең ауқатты деген елдердің өзінде «Джини коэффициенті» деген айқын­дауыш бар. Ол  – мемлекет байлығының ел ішіндегі азаматтар арасында қан­шалықты біркелкі бөлінгенін бағалап отыруға мүмкіндік беретін көрсеткіш. Билік осы көрсеткіштің нәтижесі арқылы әлеуметтік тепе-теңдіктің қандай деңгейде екенін біліп отырады. Егер «Джини коэффициенті» 0-ге ұмтылса, онда азаматтардың табыстары біркелкі, демек, қоғамда әлеуметтік тепе-теңдік орнаған деген сөз. Ал егер осы көр­сеткіштің мәні 1-ге ұмтылса, онда байлар мен кедейлердің табыс­тарының арасын­дағы айырмашылық үлкен,  яғни қоғамда әлеуметтік әділет­сіздік орын алған деген сөз. Әлеуметтік әділетсіздік – күндердің күнінде қоғам­ның тұрақты дамуына кесірін тигізетін бірден-бір шешуші фактор. Кедей­лік көбейген кезде наразылық күшейеді. Ал наразылық болған жерде ұрлық та, қылмыс  та, тәртіп бұзушы­лық та асқы­на түседі. Сондықтан билік ел ішінде орта дәулетті адамдардың неғұрлым көп болуын қамтамасыз етуге барынша ұмтылуы керек. Үкімет шағын және орта бизнестің дамуы­на, жалданбалы жұмысшылар жалақы­сының тұрақты­лы­ғы мен өсуіне ықпал етуі тиіс. Осыдан он бес жылдай бұрын Жақсы­бек Құле­кеев іске қосқан бұл қоғамдық баро­метрдің тиімділігі өте жоғары болған.

Қазір «Джини коэффициенті» аясында бізде мониторинг жүргізіле ме? Жүргі­зілмейтін сияқты. Олай дейтінім, байлар мен кедейлердің табыстарының арасын­дағы айырмашылық барған сайын мысық­табандап өсіп барады. Бұл – жақсы үрдіс емес!

 

***

Жақсы нәрсе жасау қолынан кел­мей­­тін қоғам тек қиратуға құштар болып тұратыны тарихта талай рет дәлелденді. Бұл аурудың симптомы – «полумера». «Полумера» бұрынырақта КПСС-тің де көрін қазған. Мұндай «подход» біздің де ұлт ретінде аман қалуымызды қамтамасыз ете алмайды. Біз кез-келген мәселені толық және түп­кілікті шешуді үйренген кезде ғана толыққанды тәуелсіздікке жете аламыз. Ұлттың аяғын алға бастырмай тұрған да әлгі айтқан «полумера» екеніне көз жеткізу қиын емес. «Бір тойда екі қалыңдық бол­майды». Латынға көшсек, кириллицамен тұтас қоғам болып қош­тасу керек. Тұтас көшпеген соң оның құны – көк тиын.

Соңы.