Міндетті әлеуметтік сақтандыру елге тиімді

%d1%8d%d0%b0

Жаңа жылдан халықтың күтер жаңа­лығы көп. Соның бірі — осы 2018 жылдан бастап енгізілуге тиіс болған Міндетті әлеуметтік меди­­циналық сақтандыру жүйесі болатын. Бірақ Елбасының Жарлығымен оны іске қосу кейін шегерілген болатын. 

Енгізу мерзімі 2 жылға кейін шегеріліп, мем­лекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделетін жүйе 2020 жыл­дан бастап толық іске қосылмақ. Жүйе толық іске асырылғанға дейін қандай іс-шаралар жүзеге асырылады, кім қанша жарна төлейді? Жарна төлеу мінде­тінен кімдер босатылады? Жалпы, жаңа жүйе­дегі өзгерістер жайлы және МӘМС-тің мән-жайы жөнінде әлеуметтік меди­циналық сақ­тан­дыру қорының басқарушы дирек­торы Ерік Байжүнісовпен  әңгімелес­кен едік.

– Ерік Әбенұлы, әңгімемізді соңғы жаңалықтан бастасақ. Жуырда Елбасы әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы заңға қол қойды. Мұндай шешім қабылдауға «өз күнін өзі көріп жүрген» 2,7 млн. адамның жайы түрткі болған болатын. Осы мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Сөзіңіздің жаны бар. Бірақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін шешу бір ғана министрліктің қолынан келетін шаруа емес. Бұл тұтас үкіметтің мойнын­дағы міндет деп ойлаймын. Негізі, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін шешу қажеттілігі жайлы Парламентте сақтан­дыру туралы заңға соңғы толықтырулар мен өзгертулер енгізілген тұста айтылды. Қорда аталған санаттағы азаматтарды сақтан­дырумен қамту мәселесінің қиындық тудыратынын айтқан болатын.

Біз үшін оларды сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңмен тарту тетіктерін қарастыру қажет болды. 2020 жылға дейінгі өтпелі кезең дәл осы мақсатта енгізілген бола­тын. Бірақ соның өзінде олар медици­налық көмектен қағылмаған-ды. Яғни аталған санаттағы азаматтардың кепілден­дірілген тегін көмекке қосымша амбула­торлық және жедел стационарлық көмек сынды өзге де қызметтерді ақысыз пайдалануына болатын еді. Сіз айтпақшы, өз күнін өзі көріп жүрген тұрғындарға ең төменгі мөлшерде жарна төлеп, міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетін толық пайдалануға мүмкіндік берілді. Мысалы, жарна төлемеген адамның өзі сырқат­танып қалса, бір жылдың қарызын өтеп, сақтандыру пакетін тегін пайдалана алады. Жақсы емес пе?

_mg_0161

Дегенмен, жұртшылық тарапынан айтылған сыни пікірлер мен Елбасының тапсырмасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді екі жылға шегеру туралы ұсыныс жасаған болатын. Қазір заң жобасына қол қойылды. 2021-2022 жылдарға дейінгі екі жылдық өтпелі кезең жаңа заңда да сақталады. Алайда, бұл жобада өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандар мәселесін кешенді түрде шешу талап етілген. Мұны мемлекет басшысы да айтқан болатын. Бұл мәселені шешіп, қызметін заңдастырмағандарды көлеңкелі айналымнан шығару үшін цифрландыру жұмыстарын жүргізу қажет. Барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, тұрақты жұмысы жоқ, өз күнін өзі көріп жүрген тұрғындарды экономикаға тарту шарала­рын қолға алуы тиіс. Сонда ғана мемле­кеттің қолдауына шынымен зәру азамат­тардың нақты саны анықталады. Олар кімдер? Шын мәнінде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждар саны қанша? Бұл жағын анықтау алдағы уақыттың еншісінде.

– Жүйе екі жылдан кейін енгізілетін болды. Осы уақыт ішінде қор қандай жұмыстармен айналыспақ?

– Қордың алдында үлкен міндеттер тұр. Жыл сайын елімізде Кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бюджеттен 1 трлн. теңгеге жуық қаржы бөлініп оты­рады. Нақтырақ айтар болсақ, 916 млрд. теңге. Келер жылдан бастап бұл қаржы бұрынғыдай министрлік жүйесі арқылы емес, Қор арқылы өтетін болады. Өйткені, Қор тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ғана емес, осы Кепіл­дендірілген тегін медициналық көмек пакетінің де операторы болып табылады. Бұрын бұл қызметті Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті атқарып келген болатын. 2018 жылдан бастап аталған комитет жұмысын тоқтатады. Сондықтан біз қазір заңда көрсетілген міндетімізді атқарып жатырмыз. Бұған дейін бұл қаражат еліміздегі емдеу мекемелерінің қызметін жақсартуға жұмсалатын болса, бұдан былай көрсетілетін қызметтің сапасы мен көлеміне қарай беріліп отыра­ды. Өйткені, ендігі жағдай біздің жүйеде қаржыны бірден-бір тасымалдаушы – пациент болып табылады. Яғни біз қаржыны науқастың ауруханаға баруына, оның қабылдаған еміне қарай бөлетін боламыз. Қордың басты міндеті — науқас­тың құқығын қорғау. Бұл мәселенің екінші жағы да бар. Ол – отандық денсау­лық сақтау саласын сақтандыру жүйесін енгізуге дайындау. Біріншіден, ақпараттық жүйелерді дайындау керек. Екіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін бір жүйеге келтіру қажет. Қазір біз Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп нобайлы жобаны қолға алдық. 2018 жылдан бастап осы облыс көлемінде азаматтарды тіркеу жұмыстарын жөнге қойып, ақпараттық жүйелерді бейімдейтін боламыз.

Сонымен қатар, біз қыркүйек айында аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасаған бола­тынбыз. Мемлекеттік тапсырысты орна­лас­тыруға бір мың алты жүзден астам денсаулық сақтау субъектісі қатысып жатыр. Оның 45 пайыздан астамы – жекеменшік клиникалар. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп. Және бұл жеке меншік ұйымдардың Қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік танытып отырғандарын көрсетсе керек. Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет бұл процеске еліміздегі ірі-ірі жеке меншік клиникалар қатысып отыр. Бұл да халық арасында білікті маманда­рымен, заманауи технологияларымен бедел жинаған клиникалардың қызығушылық танытып отырғанын білдіреді.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі кейінге шегерілді. Жарна төлеу тәртібінде қандай өзгерістер бар?

– Әлбетте, жарна төлеу тәртібі өзгерді. Қолданыстағы заң бойынша, өткен жыл­дың шілдесінен бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, азамат­тық-құқықтық келісім-шарт негізінде еңбек ететін тұлғалар сақтандыру жарна­сын аударып жатқанын білесіз. Жаңа заң бойынша жұмыс берушілер өз қарамағын­дағы жұмыскерлер үшін жарна төлеуді тоқтатпайды. Бұл санат 2018-2019 жылда­ры жұмыскер табысының 1,5%, 2020 жыл­дан бастап – 2 пайызы көлемінде жарна аударады. Осы жерде жарнаның жұмыскер жалақысынан емес, жұмыс берушінің өз есебінен төленетінін де айта кеткен жөн. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық­тарының иелері де жарнаны осы тәртіп бойынша аударады. Ал жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары өзі үшін жарна төлемейді. Бірақ олар жұмыс беруші ретінде аударым жасауды тоқтатпайды.

Ал енді жеке тұлғалар қашан төлейді? Жаңа өзгерістер бойынша жеке тұлғалар да екі жылға дейін жарна төлеу міндетінен босатылды. Бұл санаттағылар, яғни жалда­нып жұмыс істейтін жеке тұлғалар өзі үшін жарнаны 2020 жылдан бастап төлей баста­мақ (2020 жылы – 1%, 2021 жылы – 2%). Оны жұмыс беруші ай сайын ұстап, қорға аударып отырады. Есіңізде болса, сақтан­дыру жүйесі енгізілгеннен кейін дау тудырған үлкен мәселенің бірі азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар болатын. Қолданыстағы заңда осындай келісімшарт негізінде еңбек ететіндер табысының бес пайызын қорға аударуы тиіс-ті. Ал бұл аталған санатта­ғылар тарапынан сынға ілікті. Сол себепті, заң жобасын әзірлеу барысында министр­лік бұл мәселеге де баса мән беріп, нәтиже­сінде келісім-шарт негізінде еңбек ететін­дердің жарнасы едәуір төмендеді. Бұл санаттағы азаматтар 2018-2019 жылдары бұл топ жарна төлеуден босатылып, 2020 жылы табысының 1%, ал, 2021 жылдан бастап 2% аударатын болады.

– Білуімізше, 10 млн.-ға жуық адам келер жылдан бастап бюджет есебінен сақтандырылуы тиіс болатын. Мемлекет жарнаны қай кезден бастап төлейтін болды?

– Иә, оныңыз рас. Мемлекет халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған,  тұрмы­сы төмен бөлігін қолдауды тоқтатпақ емес. Атап айтқанда, елімізде тұратын он мил­лионға жуық адам мемлекеттің қамқорлы­ғына алынбақ. Бұл Қазақстан халқының жартысынан астамы. Яғни 2020 жылдан бастап мемлекет әлеуметтік әлсіз топтарға жататын зейнеткерлер, көпбалалы аналар, жүкті әйелдер мен бала күтімімен декреттік демалыста отырғандар, студенттер мен он сегіз жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, жұмыс­сыз ретінде ресми тіркелген азамат­тар, т.б. үшін жарна аударады. Жеңілдігі бар санатқа жататын әр адам үшін аударыла­тын жарна мөлшері статистика органы тарапынан өткен екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4% құрамақ. Ендеше, бұл медициналық сақтандыруды енгізу арқылы мемлекет ұлт саулығы үшін жауапкершіліктен жалтарып отыр деген пікірлердің негізсіз екенін дәлелдесе керек.

– Жүйе екі жылдан кейін іске қосылады дедіңіз. Осы уақыт ішінде жарна төлеуді тоқтатпайтын жұмыс берушіге түсетін жүктің салмағы ауырлап кетпей ме?

– Жүйе кейінге шегерілгенімен, жұмыс берушілер қарамағындағы жұмыскерлер үшін аударым жасауды тоқтатпайды. Бірақ сақтандыру жұмыс беруші үшін қиындық тудырмайды деуге болады. Себебі, үкімет келер жылдан бастап әлеуметтік салықты 1,5 пайызға төмендету туралы шешім қабылдаған болатын. Яғни жұмыс беруші үшін ештеңе өзгермейді. Жалпы, біздің елімізде төленетін жарналардың мөлшері өте төмен. Сақтандыру жүйесінің тиімділігі дәлелденген елдерде жұмыс берушілер мен бизнес өкілдерінің төлейтін жарнасы кем дегенде 5–7 пайызды құраса, бізде жұмыс берушілер төлейтін жарнаның ең жоғарғы мөлшері 3-ақ пайыз. Бұл экономикалық секторға кері әсер ете қоятындай сома емес.

– Сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері жарты жылда қор қанша қаржы жинады? Бұл қаржы қайда жұмсалады және қалай сақталады?

– Жаңа жүйе іске қосылған шілде айынан бері жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер сақтандыру жарнасын белсен­ді түрде төлеп жатыр. 2017 жылдың 1 шіл­десі мен желтоқсанның 21-і аралығында МСҚ-ның Ұлттық Банктегі шотына 28,2 млрд. теңгеге жуық қаржы түсті.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, Қор активтерінің тұтастығына мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Түскен жарналар Ұлттық банк­тегі шотта сақталады. Ұлттық Банк қаржы­ны сақтап қана қоймай, активтерді сақтан­дыру пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу басталғанға дейін басқарады. Қаржыны инвестициялау туралы шешімді Ұлттық Банк қабылдайды. Бұл түскен қаржыны инфляция салдарынан құнсызданудан сақтайды. Екі жылдан кейін қаржы меди­циналық қызметтерді сатып алуға жұмса­лады. Оны басқа мақсаттарға жұмсауға заң бойынша тыйым салынған. «Біткен іске сыншы көп», ал бизнесмендер ол қаржыны банкте босқа сақтағанша пайдаға жарату қажет дегенді айтады. Енді бір пікірлердің дені енгізілмеген жүйеге қаржы жинап не керек дегенге саяды. Жалпы, сақтан­дыру­ды енгізудегі мақсат медицинаны қосым­ша қаржыландыру. Өйткені, бюджеттен бөлінетін қаржы технологиясы күн сайын қарыштап, тарифі шарықтап бара жатқан денсаулық сақтау саласына жетпейді. Бізде медицинаға бөлінетін қаражат ЖІӨ-нің екі пайызына да жетпейді. Бірақ халық­ты кепілдендірілген тегін медици­налық көмекпен қамту үшін қосымша тағы 500 млрд. теңге қажет. Оны бюджет­тен бөлуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан әр сала берілген қаржыны барынша тиімді жұмсауға тырысуы керек. 2019 жылдың соңына қарай Қорға 150 млрд. теңгедей қаражат түсуі тиіс. Егер осынша қаржы жиналатын болса, денсаулық сақтау саласының «жыртығын жамауға» сеп болары анық. Жоғарыда мен айтқан 500 млрд. теңгенің қалғаны 2020 жылдан бастап аударылатын жарналар мен аударымдар есебінен жабылар еді. Азаматтар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесінің жақсылық­тарын сезіне бастауы тиіс.

– Жыл сайынғы дәстүрлі тіркеу науқанын биыл алғаш рет Медициналық сақтандыру қоры өткізді. Оның нәтижесі қандай болды?

– Қыркүйек айында еліміз бойынша емханаға тіркеу науқаны басталған болатын. Екі айға созылған жыл сайынғы дәстүрлі шара барысында бұрын-соңды тіркеуге тұрмаған тұрғындар қалаған емханасына барып тіркелуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, бұл науқан азаматтар­дың медицина мекемесін таңдау құқығын іске асыруға мүмкіндік берді. Қор өкілдерінің дерегіне сүйенсек, қазақстан­дықтар науқанға өте белсенді қатысты. Науқанға біздің дерекқорға енген емханалар, соның ішінде көптеген жеке меншік клиникалар қатысты.

Биылғы тіркеу науқаны барысында 300 мыңнан астам қазақстандық емхана таңдау құқығын пайдаланды. Бұл алдың­ғы жылдардағы көрсеткішпен салыстыр­ғанда екі есе көп. Ендеше, бұл жұртшы­лық тарапынан тіркеу науқанына деген қызығушылықтың артып, азаматтардың кампания мен емхана таңдау құқығы жайлы көбірек біле бастағанын растаса керек. Жалпы, Қазақстан бойынша 18,1 млн. адам белгілі бір емханада тіркеуде тұр.

Денсаулық сақтау министрінің ұсыны­­сы бойынша, 2018 жылдан бастап осы дәстүрлі тіркеу науқанынан бас тарту жоспарланып отыр. Өйткені, соңғы кезде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жұрт­шылық бұған біраз бой үйретті. Емхана таңдауға болатынын білді. Сон­дық­тан белгілі бір уақыт келгенде тіркеу науқаны басталды деп елді дүрліктірмей-ақ, оны 1 қаңтардан бастап жүргізе берген де дұрыс болатын шығар. Себебі, әр азамат­тың дұрыс қызмет көрсетпеген емха­надан бас тартып, кез-келген уақыт­та басқа­сына ауысуға мүмкіндігі болуы тиіс. Ал біздің жүйеде қаржы пациенттің соңынан жүретіндіктен, дұрыс қызмет көрсетпеген емхана қаражаттан қағылады деген сөз. Тағы бір мәселе, бұрын бізде белгілі бір дәрігерге тіркелу үшін өзінің белгілі бір талаптары болатын. Мысалы, қазір бір дәрігерге тіркелген азаматтар саны екі мыңнан асып кеткен болса сізді тірке­мейді. Болашақта осы талапты жоймақ ойымыз бар. Яғни тіркелген пациенті қанша көп болса емхана да, дәрігер де сонша көп қаржы алады. Осын­дай қара­пайым ғана әдістер арқылы біз бәсеке­лестікті күшейтуді көздеп отырмыз. Соңғы нәтижелер таңдаған бағытымыздың дұрыстығын көрсетіп берді.

– МӘМС жүйесі енгізілетін болса, дәрігерлердің жұмысына тұрғындардың денсаулығына деген жауапкершілігі арта түседі дейсіз ғой.

– Солай болады. Ауырмайтын жол іздейтін аурудың алдын алатын уақыт келді.

– Әңгімеңізге рахмет. Ауырмайық.

 

Әңгімелескен –

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.

 

Біз осы сұхбатты дайындауға көмек­тескен МӘМС қорының Баспасөз қызме­тіне алғыс білдіреміз.