МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕСІ

%d0%bd%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d1%80%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2

Қымбатты отандастар!

Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алды.

Еліміздің 2050-жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асы­рылуда.

Жүз нақты қадам Ұлт жоспары аясында біз реформаларды жүргізіп келеміз.

Индустрияландыру саласын өркендету үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Біз конституциялық реформаны жүзеге асырып, еліміздің Үшінші жаңғыруын бастадық.

Рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды.

 

Құрметті қазақстандықтар!

 

Бүгін адамзат жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басып отыр.

Заманауи технологиялар дүниені өзгеріске ұшыратуда.

Жаһандық технологиялық ілгерілеу­шіліктер өзімен бірге сын-қатерлерді де, сондай-ақ өсімнің жаңа мүмкіндіктерін де алып келуде.

Бұл – біздің әлемдегі аса дамыған 30 ел­дің қатарына жедел ену үшін тарихи мүмкіндігіміз.

Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауым жарияланды.

Ол елімізді Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамытуға арналған.

Мен алдымызда жүзеге асыратын 10 не­гізгі міндетті көріп тұрмын.

Енді олардың мәнін қысқаша маз­мұндап берсем деймін.

Бірінші. Қазақстан индустриясы жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.

Біздің өнеркәсібімізге еңбек өнімді­лі­гінің деңгейін өндірістік процестерді цифр­ландыру және заманауи бизнес-моде­льдерді меңгеру арқылы арттыру керек.

Екінші. Ресурстық әлеуетті пайдалану­дың тиімділігін айтарлықтай жақсартқан жөн.

Ақпараттық-технологиялық шешім­дерді енгізу талап етіледі.

Олар алынатын ресурстардың үлесін, оларды қайта өңдеудің ауқымын ұлғайтуға, сондай-ақ өндірістің энергия тиімділігі мен экологиялылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Үшінші. Агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру керек.

Бұл ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын түбегейлі арттыруға тиіс.

Төртінші. Транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан ары дамыта беру.

Цифрлық технологияларды енгізу мен Интеллектуалды транспорт жүйесін құру жүк тасымалдау мерзімдерін қысқартуға және транзиттен түсетін табыстарды есе­леуге мүмкіндік береді.

Бесінші. Құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында заманауи технологияларды қолдану.

Құрылыстың жаңа тәсілдері, ғимарат­тардың энергия тиімділігіне талаптардың арттырылуы, инфрақұрылымдарды басқару­дың интеллектуалдық жүйелері қазақстан­дықтардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Алтыншы. Қаржы секторын «қайта жаңғырту».

Банк жүйесін сауықтыру шаралары бақылауды күшейтумен қоса жүруі және қарапайым азаматтардың мүддесін ескеруі тиіс.

Банк иелері мен оларды басқара­тын­дардың жауапкершілігін айтарлықтай арттыру қажет.

Несиелендіруді кеңейту және қор нарықтарын дамытуды қамтамасыз ету талап етіледі.

Жетінші. Адами капиталдың жаңа сапасы.

Білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұра­ныстарына жауап беруі тиіс.

Бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру керек.

Денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды қолдану аурулардың алдын алу мен емдеуді айтарлықтай жақ­сартып, медициналық қызмет көрсету­лердің сапасын жоғарылатуы тиіс.

2016-2017 жылдары әлеуметтік төлемдер үш рет арттырылды.

Оның ішінде базалық зейнетақылар 29%-ға, ынтымақты зейнетақылар  32%-ға, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақылары 28%-ға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақылары 29%-ға дейін, мемлекеттік қызметшілердің еңбек­ақылары 30%-ға ұлғайтылды.

Бұл үрдіс жалғастырылатын болады.

Үстіміздегі жылы әлеуметтік салаға деген бюджет шығындары 12%-ға артты­рылып, 4 триллион теңгеден асып түседі.

Базалық зейнетақы жұмыс өтілі ескеріле отырып, орташа есеппен 1,8 есе көбейеді.

Оқу бағдарламаларының жаңартылған мазмұны аясында оқудан өткен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы біліктілігін дәлел­деуіне байланысты 30-дан 50%-ға дейін өсетін болады.

Сегізінші. Бұл – тиімді мемлекеттік басқару.

Цифрлық технологиялар бизнесті рет­теуге қатысуды әрі қарай азайтуды жал­ғастыруға, мемлекеттік қызмет көрсетулер мен мемлекеттік қолдау сапасын жақ­сартуға, азаматтар сұранысын толығырақ ескеруге мүмкіндік береді.

Өңірлердің экономикалық еркіндігі мен жергілікті өзін-өзі басқаруы кеңейтілетін болады.

Тоғызыншы. Заң үстемдігі мен жем­қорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып қала береді.

Оныншы. «Смарт сити» технология­ларын енгізу өсіп келе жатқан қалалардың проблемаларын тиімді шешуге мүмкіндік беріп, олардың инвесторлар үшін тартым­дылығын арттырады.

Бүгінде баршамызға осы он міндетті шешу жолында жұдырықтай жұмылу қажет.

Олар Жолдаудың толық мәтінінде егжей-тегжейлі мазмұндалған.

 

Құрметті қазақстандықтар!

 

Аталған міндеттерді орындау үшін бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек.

Ол үшін Үкімет пен әкімдер кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет.

Отанымыздың көркеюі әркімнің жаңа «цифрлық дәуір» талаптарына сай болуына байланысты.

Осыны әрбір қазақстандық терең түсінуі керек.

Қазақстанның жарқын болашағы жо­лында барлық мақсаттарға қол жеткізе­тінімізге кәміл сенемін!