ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР МОЛАЯДЫ

vcn7ig

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ әліпбиінің тым тереңнен тамыр тартатынын сөз ете келіп: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық.

2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз.  Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісе­міз»,  – деген еді.

Бұл  – ел болашағы үшін жасал­ған, еліміздің әлемдік қауымдастық алдында беделінің артуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастама­ларының бірі және ана тіліміздің келешегі үшін жасалған ғылыми-әлеуметтік мәні зор батыл қадамы.

Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыс­­тыру ана тілінің дамуына жаңа мүмкіндік­тер ашады, қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге   айтарлықтай үлес қосады. Соны­мен қатар, латын әліп­биіне көшу – компьютерлік жаңа техноло­гиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне еркін еніп, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады.  Дәл қазіргі уақыт­тың өзінде рухани әлеміміз, тарихымыз бен тіліміз ортақ түркі халықтарының біразы  латын графикасын қолданады. Жазуды алмас­тыру арқылы түбі бір түркі дүниесінің тек тілдік коммуни­кацияда ғана емес, олармен рухани, мәдени, ғылыми, эконо­микалық қарым-қатынастағы байланы­сына да оң ықпалын тигізеді.

Тағы бір ұтар тұсымыз – қазіргі қолда­ныстағы кирилл-қазақ әліпбиімен салыс­тырғанда,  таңба саны азаяды. Бұл дегені­міз – экономикалық маңызы да зор мәселе. Таңба санының азаюы оқу-жазу жұмысын жеңілдетумен қоса,  уақыт, материал және қаржы мәселе­лерін үнемдеуге де ықпал етеді.  Латын графи­касына көшу қазақ  орфография­сындағы түйткілді мәселелердің шеші­луіне де жаңа мүмкіндік туғызады. Жалпы, әлемдік тәжі­рибеде әріп саны мен емле ереже­лерінің көптігі – ол әліпбидің әлсіздігін көрсететін фактор­лардың бірі. Сондықтан  латын графи­касына көшу арқылы, біріншіден, әріп санын, екіншіден, емле ережелерін қысқарту арқылы төл әліпбиімізді оңтай­лан­дыруға, жетілдіруге нақты қадам жасаймыз.

Әрине, қандай реформа болмасын, қиындықсыз болмайтыны белгілі. Сол сияқты, латын әрпіне көшуде қиын­дықтар болады. Оның алғашқысы әліпби қабыл­данғанға дейінгі кезеңде болады. Ең бастысы, қай графиканы таңдауға байла­нысты  қоғамдағы әр түрлі көзқарастың болуы. Бұл – кез-келген демократиялы қоғамға тән құбылыс.

Әліпби қабылданғаннан кейін де қыруар проблемалар туындайды. Жаңа әліпбиге негізделген компьютер бағдарла­ма­лары жасалып, балабақша, мектептен бастап ересек топты жаңа графикаға үйрету мәселесі, қаржылық шығындар мен басқа да әлеуметтік мәселелер туындайды. Бірақ мұның бәрі – өз кезінде шешімін табатын іс.

Егер латын әрпіне көшіп кетсек, осы уақытқа дейін жазылған бүкіл әдеби мұраларымыз қолданыстан қалады, оны келешек ұрпақ оқи алмай қалады дегенге саяды. Ал біздің мемлекетіміз бұл мәселеге дайындықты ертерек бастаған. Соңғы жылдары «Мәдени мұра» бағдар­ламасымен шығарылған миллиондаған кітаптар мен одан кейінгі шығып жатқан кітаптар мен газет-журналдардың элек­трондық нұсқасы бар, ал қазіргідей жаңа технологияның қарыштаған зама­нында оны латын қарпіне ауыстыру – секундтар шеңберінде шеші­летін шаруа.  Сондықтан латын графика­сына көшу Қазақстан атты сүйікті Отаны­мызды жаңа белестерге жетелейтін, про­гресті қадам­дарға бастайтын жол деп ұққан жөн.

 

Айгүл АРЫНОВА,

Алматы Қазақ-Түрік гуманитарлық-технологиялық колледжінің директоры.