БАЯННЫҢ БАЯНСЫЗ БАЯНЫ

Бүгінгі таңда зейнет жасына жетіп отырған ұрпақ өкілдері жастайымыздан халық ертегі­лері мен аңыздарын, батырлар жыр­лары мен лиро-дастандарын оқып өстік. Солардың ішінде әсіресе «Қыз Жібек» және «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» жырларының орны бөлек еді.  Балалық пәк сезімі­мізді, кейін жігіттік жалы­нымызды оятқан осынау қосыла алмай арманда кеткен мұңлық жандар­дың кіршіксіз махаббаты мен қайғылы аяқталған аянышты өмірі тебірентетін, толғандыратын.  Біздің осынау сыр­ға толы мөлдір  сезіміміз бен шынайы сенімімізді жуырда, дәлірек айтсақ, Жаңа жылдың қар­саңында «Қазақстан» телеарнасы­нан көр­сетілген  «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» телехи­каясы аяққа таптап, ашу-ызамызды кел­тірді. Осыған орай қоғам белсен­ділері жұрттың жүй­кесін жұқарт­қан осы бір «шедеврді» телеар­надан алып тастауды талап еткенін құптаймыз.

Қозы Көрпеш – Баян сұлу жайында Алматы кино­студиясы 1954 жылы «Махаб­бат дастаны» («Поэма о любви») деген атпен режиссер Шәкен Айманов пен Карл Гаккер кино түсіргені есімізде. Баян рөлін Ш.Жан­дарбекова, Қозы Көрпеш  рөлін Т.Арғынбеков, Қодарды Н.Жантурин, Қарабайды С.Қожамқұлов сомдаған болатын. Бұл фильм кезінде біз қызыға оқыған жырдың оқиғасына жақын еді. Қазақстанда «Аманкелдіден» кейін түсірілген тарихи кинотуындының бірі болғандықтан аздаған кемшін тұстары жайында кезінде біраз пікірлер айтылған-ды. Мысалы, Қозы Көрпештің рөлін ойнаған Т.Арғымбековтің Баян екеуінің өзен жағасында шашын артына қайырып, жалаңбас отырғаны сияқты бірлі-жарым әттеген-айлары болған.

Содан соң 1992 жылы Асанәлі Әшімов «Қозы Көрпеш және  Баян сұлу» деген атпен екі сериялы картина түсірді. Бірақ та бұл фильмнің экрандағы өмірі ұзақ болмады.

Енді, міне, Жаңа жыл қарсаңында продюсер Баян Мақсатқызы көрерменге 6 бөлімнен тұратын жаңа фильм ұсынды. Ол «Қазақстан» арнасынан көрсетілді. Әлбетте, адам жаны жаңалыққа құштар ғой. Көрдік. Жағамызды ұстадық. Баян Есентаева қарындасымыздың не ойлаға­нын бір Алла білмесе, біз түсіне алмадық. Атақты жырдың желісі сақталмай  ойдан құрастырылған  сюжетте неше түрлі күлкі­лі жәйттер кездеседі. Тіпті, комедия көріп отырғандай болдық.  Бәрін былай қойғанда, ең күлкілісі – Қозының Баян­ның үйінде тығылып қалуы емес, Талшын деген қыздың Қозыға ғашық болуы емес, Баянның Талшынның киімін киіп қашқаны да емес, Қозы мен Қодардың жекпе-жегінің қазіргі қазақ күресі мен ережесіз жекпе-жектің ережесі бойынша «өткендігі». Бұған не деуге болады? Әлде бірнеше ғасыр бұрын болған оқиғаны бүгінгі жас ұрпаққа қазіргі заман тұрғы­сынан  таныту деп түсінуіміз керек пе?

Енді кейіпкерлердің аузынан шыққан кейбір сөздерге (диалогке) назар аудара­лық:

«Сенің бақытты болуға әлі де мүмкіндігің бар», – дейді Баянға  шешесі Қаракөз.

Баянның әкесі Қарабай Қодарға: «Бұған менің қатысым жоқ», – дейді.

Ал  Баянға ғашық болып жүрген Қодар оған: «Маған бір түніңді қиярсың» деп қолқа салады. Бұдан әрі қарауға дәтіміз шыдамады. Байғұс жүректі де аяу керек қой.

 

***

Танымал журналист Өмірзақ Ақжігіт интернетте фильмдегі бұдан да басқа «жаңалықтарға» тоқталып, оларды  тізбелеп көрсетіпті.

«Мына фильмде лирикалық эпостың аты ғана қалған… Эпостың желісі тұрмақ, қазақы салт, әдет-ғұрыптан жұрдай. Тіпті, адами қисынды таппайсыз… Кино бастала сала 3 бірдей қойшы «бес қаруы сай 4 қарақшы 6 қойды алып кетті» деп, күзгі жапырақтай қалтырап тұр.

О, тоба, қазақтың қой барымталаға­нын естіген кім бар? …Баян сұлу болса дүниеқоңыздықтың символына айналған әкесінен озып тұр: «Бүгін малыңды алса, ертең үйіңе тиеді!» деп, «қарақшыларды» қууға өзі аттанады. «Бармашы!» деп шылбырына оралған екі қойшыны атпен қағып ұшырып жіберсе, үшінші байғұс­тың тамағына қанжарын тақайды! Бес қой үшін! Міне, Баян түсірген «Баянның» сиқы…  Қазақтың іздегені, көргісі келгені осындай Баян ба еді? Мен өзімді зорлап екі сериясын ғана көрдім», – деп күйінген екен. Мен де содан аса алмадым. Сөз соңында Ақжігіттің:

«Игі жақсылар! Қазақтың салт-дәстүрін бұзып,  ертегі-аңыз бен эпос-жыр­лардың желісін өзгертіп көрсетуге ешкімнің хақысы жоқ! Өйткені, оның бәрі – ой, білім! Сұрыпталған саф алтын! Біз ең болмаса орыстар секілді дайын желімен түсіре алмайды екенбіз, онда өзімізше өзгеріс енгізіп, өткендерден дана болуға тырыспайық, одан-дағы өз қолымыздан келетін бүгінгі күн жайын қаузай берейік…

Қазақтың продюсерлері мен режис­серлері! Қазақтың эпостары мен ертегі­леріне жоламаңыздаршы, Құдай үшін!», – деген өтінішіне мен де қосыламын. Өйткені, бүгінгі жас өркен «қазақтың Ромеосы мен Джульеттасы» атанып кеткен махаббат дастанын: Е-е, өзіміз күнде көріп жүрген нәрсе екен ғой деп күлмесін!

 

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,

Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның Құрметті журналисі.