АУКЦИОН ӨТКІЗІЛДІ

%d0%bf%d0%b0%d0%bd%d1%84%d0%b8%d0%bb%d0%be%d0%b2%d0%b0

Әсел ДАҒЖАН

Панфилов көшесінің Жібек жолынан Қабанбай батыр көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілер жолын дамыту мақсатында әрі шағын және орта бизнесті қолдау үшін қала билігі «Алма­ты» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­сымен бірлесе аталған көшедегі сауда павильондарын реттеуді қолға алды.

Соған орай, кеше «Алматы» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы Панфилов көшесінде орналасқан сауда павильондарын уақытша қолдану мен жалға алушыларды анықтайтын аук­цион өткізді.

Аукционға Бөгенбай батыр мен Қабанбай батыр көшесі аралығында орналасқан балмұздақ сататын павильон мен төрт қоғамдық тамақтану орны қойылып, оған бас-аяғы 11 кәсіпкер қатысты.

–       Бұл аукцион туралы бір ай бұрын өзіміздің сайтта және кәсіп­керлік және индустриалды-иннова­циялық даму басқармасының сайтында жарияладық. 13 кәсіпкерден ұсыныс түсті. Біз олардың базаларын, ұсынатын тағам түрлеріне байланысты концеп­ция­сын көрдік. Бір апта бұрын комис­сия мүшелерімен ақылдасып, 11 ком­панияны бүгінгі аукционға жібердік. Біреуінің екі жылдық тәжірибесі бол­маса, енді бір компанияның концеп­циясы болмады. Комиссия мүшелерінің құрамында қала мәслихатының депу­тат­тары, қоғамдық кеңес мүшесі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан бір өкіл, СЭС мамандары болды, – деді «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Мұхит Әзірбаев.

Айта кетсек, жеңімпаз кәсіпкерлер павильонның ішін ғана өздерінің қала­уынша әрлей алады. Ал павильон­дар­дың сыртқы көрінісі дайын тұр. Бұл шара тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды әрі қала көркін жақсартуды көздейді. Қазір Панфилов көшесіне арнайы жасалған, бөлшек саудаға арналған павильондар қойылуда. Сауда павильондары жақын күндері өз жұмысын бастайды.