ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІНДЕ НЕ ЖАҢАЛЫҚ?

3-1

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Өткен жылдың соңында Алма­ты қаласына арнайы іссапармен келген Халықты әлеуметтік қол­дау  және еңбекпен  қамту ми­нистрі Тамара Дүйсенова ханым 2018 жылы әлеуметтік саланы үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын  айтқан бола­тын. Міне, министрдің сол айтқаны бойынша  зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер бойынша бірқатар өзгерістер орын алып отыр. Ең басты өзгеріс – әйел­дердің зейнет жасына ендірілген өзгерістердің  биылғы жылдың 1 қаң­тарынан бастап жүзеге асуы десек, 1 шілдеден бастап   базалық зейнетақы  еңбек өтіліне қарай төле­нетін болады. Егер еңбек өтілі­ңіз аз болса, онда сізге күн­көріс деңгейінің 54 пайызы  көле­мінде ғана зейнетақы  төленбек.

Жалпы, биылғы жылы зейнет­ақы мөлшері 8 пайызға артып, ең төменгі зейнетақы 33 745 теңгені құрамақ. Ал  бір айлық күнкөріс деңгейі 2018 жылы 28 284 теңгені құрайтын болады. Еңбек жағдай­лары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыс істеген адамдарға берілетін жәрдемақы және бала туғанда, бала 1 жасқа толғанша оның күтіміне берілетін  арнайы мемлекеттік жәрдемақы АЕК мөлшеріне байланысты  берілсе, 1-тізім бойынша берілетін жәрдем­ақы 22 мың 655 теңгені, ал 2-тізімде­гілерге берілетін жәрдем­ақы көлемі 20 мың 154 теңге болмақ. Ата-аналарға, қорғаншы­лар мен қамқоршыларға, үйінде мүгедек балаларына күтуші ретін­де қарап отырғандарға берілетін жәрдемақы ең төменгі жалақының 1,05 мөлшері алынып төленеді. Ол 29 мың 648 теңгені құрайды.

Ал  бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы берілмейтін болыпты деп жүрген аналарды қуантқымыз келеді. Жөргекпұл ретінде берілетін бұл жәрдемақы тоқтатылған жоқ. 2018 жылы бірін­ші, екінші, үшінші туған балаларға берілетін біржолғы жәрдемақы көлемі 91 мың 390 теңгені, ал төртінші және одан кейінгі өмірге келген нәрестелерге 151 мың 515 теңге көлемінде жөр­гекпұл беріледі. Сәби 1 жасқа толғанша оның күтіміне төленетін жәрдемақыға тоқталсақ, ол бір балаға 13 мың 853 теңге, екінші балаға 16 мың 379 теңге, үшінші бала үшін 18  мың 880 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаға 21 405 теңге көлемінде төленетін болады. Күнделікті  қолда­ныла­тын заттар мен азық-түлік бағасы шарықтап тұрған  кезеңде бұл қаражат бір отбасының жырты­ғын толық жамап беруге жарамаса да, басына бас қосылып жатқан шаңырақтың бір қажетіне жарары анық. Жоқтан бар жақсы.  Қана­ғатшыл қарапайым халық мұны да көңілдеріне медет тұтады.  Қарны тоқ жоғарыдағылар  жартымсыз еңбекақы мен жәрдем­ақыға тәуел­ді төмендегі жұрттың  қалай күн көріп отырған­дығын   білгілері келсе, осы  отыз мыңға толмайтын  жәрдемақымен ең төменгі еңбек­ақы 28 мың 284 теңгемен және ең төменгі зейнетақы болып белгіле­ніп отырған 33 мың теңгені бір айлық күнкөрістеріне   жаратып көрсе болар еді.  Соған қарамас­тан әйелдерге  зейнетақы жинақтаушы қорыңда 12 мил­лион теңгең, ал ер-азаматтарға 8 милллион жарна жи­нақтасаң оны  ануетті жолмен алуыңызға болады дейтін­дерін қайтерсіз.  Оны айына бір мил­лионға жуық айлық алатындар жинамаса, айына 60–80 мың теңге алатын мұғалімдер мен дәрігерлер,  40 мың теңге  айлық алатын  мәде­ниет  пен әлеуметтік сала қызмет­керлері жиырма жыл тұрмақ, қырық жыл ішінде жинақтай алмас. Және халықтың әлеуеттік жағдайына жауапты министр­ліктің жауапты қызметкерлерінің  50 жасқа дейін өз еркімен  БЗЖҚ жарна төлегендердің де жарнасын алуына құқы бар дегенін түсіне алмадық. Сонда   1998 жылдан бері БЗЖҚ-на  еңбекақысының 10 пайы­зын  жарна ретінде  құйып келген жұрт үшін біреу жарна төлеп келген бе, олар да   бала-шағаларының аузынан жырып, айына еңбекақы­сының 10 пайызын зейнет жасына шыққан кезде бір қаже­тіме жарар деген үміт артып, өз ерік­терімен жарна төлеп келді емес пе,  біз министр­ліктің осы уәжін  түсіне алма­дық. Өз  жарнамызды өзіміз жаратуға неге құқымыз  жоқ.

Бұл ретте Тамара Дүйсенқызы: «зейнетақы қорын­дағы жарнала­рыңызды екі-үшке бөліп  беріп қойсақ, бір­ден жұм­сап қоясыздар» деп қамқор көңіл танытып қояды.  Қалай жұмсаса да ол халықтың өз еркімен жинақтаған  қа­ражаты емес пе? Біздің халықты кейде осы­лай «жана­шырлық» танытқан болып  алдаусыратып қоятыны бар.