ҚАҚПАҚТАН ЖАСАЛҒАН КЕРЕМЕТТЕР

12-001

Рая ЕСКЕНДІР

Бүгінгі таңда мектепке дейінгі білімге қойы­лып отырған талап өте жоғары. Балабақша атаулы кішігірім мектепке айналып кеткендей. Неге десеңіз, сапалы білім көзі сол бала­бақ­шадан бастау алатынын бүгінгі ғалымдар жан-жақты зерттеп те үлгерген. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқудың маңыздылығы өте зор болып отыр. Былайша айтқанда, бала­бақша білім берудің алғашқы дайындығына айналып отыр. Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, 40 елдің білім беру жүйесінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту міндетті болып саналады екен.

Соның дәлелі болса керек, 2014 жылдан бастап, кез-келген елдің адами даму индексі «Мектепке дейінгі біліммен қамту» коэф­фициен­тімен оқытыла бастады. Өмірдің өзі көр­сетіп отырғанындай, баланың қабіле­тін қаншалықты ертерек ашып дамыт­са, оның нәтижесі де соғұрлым жо­ғары болады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда инновациялық техноло­гияларды қолданудың маңы­зы өте зор. Жалпы, технология терми­нінің өзі өнер, шеберлік, біліктілік, өңдеу әдіс­тері, жағдайды өзгертудің жиын­тығы.

img-20180108-wa0027

Қазіргі таңдағы балабақшалар қызметінде «М.Монтессори техноло­гиясы», «Жобалау технологиясы», «Ойын технологиясы», «Құм тера­пиясы», «Денсаулық сақтау» техноло­гия­ларымен қатар, тағы да басқа жаңаша технологияларды кеңінен қолданылуда әрбір балабақшаның өзіндік қолданып жатқан тың технологиялары бар. Біз әңгіме еткелі отырған Айнұр Әлімбекова басшы­лық ететін Жетісу ауданындағы №179 бөбекжай-балабақша ұжымы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бірнеше оқу қызметін өткізген еді. Өткізілген әрбір шарада «Ден­саулық», «Таным», «Шығармашылық», «Ком­муни­кация», «Әлеумет» салаларын қамтып, жаңа технологиямен байланыстырған. Осы ретте педагогтардың шығармашылық қабілет­тері, ізденістері мен мүмкін­діктері, балалармен тіл табысуы, жаңашылдықты орынды қолдана білуі және оны ұйымдастыра білгендігімен ерекшеленеді.

Осы технологияларды қолдану­дағы ұжым­ның негізгі мақсаты – бала бойындағы шығар­ма­шылық қабілет пен терең ойлауды, қоршаған әлемді түсінуге, ақпараттық маңызды мәселе­лерді шешуге, қабілетті тұлға қалыптас­тыруға жасалып жатқан мүмкіндіктер. Ең бастысы, мәдениетті тұлға қалыптастыра отырып, олардың бойына ұлттық рухани құндылық­тарды дарыту. №179 бөбекжай-балабақша тәрбиеші­лері жаңашыл­дықты ұстана отырып, қолданыс­тан шыққан заттарды іске асырып отыр. Соның жарқын көрінісі – үлкен-кіші қақпақ­тардан әр  түрлі ойын әрекет­тері үшін заттар жасағаны. Осы ойын­шықтар арқылы бала ең алдымен ысырап­шылыққа жол бермейді. Әрі еңбекке деген қызығушылығы артады.

img-20180108-wa0026

Баланың ой-өрісі кеңіп, сана сезімі, есте сақтау қабілеті артады. Қақпақтан түрлі заттар жасалған. Мәселен, есептеуге арналған, түрлі дыбыстарды айыруға, түсті тануға арналған, т.б. Әсіресе, қақпақтардан жасалған кілемнің құдіретін қараңыз. Ұйқыдан оянған соң балалардың қақпақтан жасалған кілем үстімен баяу жүріп өтуінің өзі оларды бел­сенділікке, шапшаңдыққа, төзімділік­ке, табандылыққа баулиды. Әрі бала­лардың табанындағы нүктелерді оятып, олардың денсаулықтары үшін де пайдалы тұстары көп. Халқымызда «жас келсе іске» деген қанатты қағида бар. Міне, Айнұр Батырбекқызы басқарып отырған балабақшаның Айтолқын Қазбекқызы, Балжан Шапай, Зияш Достаева, Сая Кенже­ғалиева, Айнұр Балапан, Күнсұлу Әжібекова, Анар Сейітқұлова, Раушан Тахтахунова, сонымен қатар, әдіскер Жазира Шыныбаева мен психолог Әйгерім Бәйімбетова сынды өз саласының нағыз майталман мамандарының еңбегін көрген сайын жаның жадырайды. Әрбір ата-ананың көзінің ағы мен қарасын сеніп тапсырып отырған бақытты мекендегі біз куә болған бір ғана сәт осы.

Мектепке дейінгі мекемелердің бүгінгі таңдағы көтеріп отырған жүгі, міндеті өте ауқымды. Білімді ұрпақ тәрбиелеуді біз дәл қазір балабақ­шадан бастап кеттік. Оның әр түрлі жақтары бар. Ең алдымен, баланың түсінігін қалыптастыра отырып, таным дүниесін кеңейту, әрбір баланың тұлғалық сапасын арттырып, отбасы мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Осылай кезең-кезеңмен өткен баланы мек­тепте де оқыту оңайға түсері анық.