ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫЛАРЫ АЛЛЕЯСЫ АШЫЛАДЫ

Асқақ Алматы төрі мұндай мәртебеге әбден лайық

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d1%82-%d1%81%d0%b5%d0%b9%d0%b4%d1%83%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2

Нұржамал ӘЛІШЕВА

КазГУ-де оқыған сонау студенттік жылдары өзіміз ауызекі тілде «Пушок» деп атап кеткен қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы жатақханадан кейінгі екінші үйіміз іспетті болатын. Сабақтан шыға салып, ашқұрсақ қалпымызда солай қарай бет алатынымыз да бүгінде көрген түстей. Ұлттық кітапхананың қазіргі таңдағы тұрақты оқырмандарының ұзын-саны 43 мыңға жетіп жығылатын болса, солардың 70%-ы студенттер екен.

Иә, шамдары жарқыраған еңселі кітапханадан іздеген ғылым-біліміңіздің бәрі табыла кететін. Әліпби бойынша түзілген картотекалардан керек тақырыбыңызды шұқшиып, саусақтарыңызбен салалап тұрып қараудың өзі бір ғанибет болатын. Айнала тыныштық. Артық-ауыс сөз жоқ. Үлкен де, кіші де сабырлы, зиялы. Бейне бір мәдениет­тің, руханияттың ұясы дерсіз. Кеш қарайғанша отыратынбыз. 

Біз сияқты шалғайдан келген ауыл жеткіншегі бала күннен шығармаларын жастанып оқыған ақын-жазушыларын да «тірідей» осы кітапхана­дан көріп, мәз болушы еді. Балғын көңілімізге ақын-жазушылардың бәрі осы үйдің сәні, еңсесі болып көрінетін.

ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Жанат СЕЙДУМАНОВПЕН сұхбаттасуға мұрындық болған үлкен бір себеп бар, қадірлі оқырман!

 

 

АЛЫПТАРДЫҢ ҚАЛАСЫ

 

– Жанат Тұрарұлы, Ұлттық кітапхана алдынан халық жазушылары Аллеясы ашылады екен деген жағымды жаңалық  құлағымызға тигелі көп бола қойған жоқ. Осы бір елең еткізген бірегей жоба туралы «Алматы ақшамының» оқырмандарына тарқатып айтып берсеңіз?

– Бұл – Ұлттық кітапхананың жобасы емес, халықтық жоба. Халық жазушылары Аллеясы жүзеге асса, ол алматылықтардың басы қосылатын мәдени ошағы ғана емес, сырттан келетін туристердің де назарын аударатын рухани орталық болатынына сенімдіміз.

Қазақстан  астанасы  Елорда болғанымен, Алматы байырғы өз биігінен аласарған емес. Өйткені, Алматы – алыптардың қаласы. Алматы – мың сан тағдыр тоғысқан, сан мың бояуы қабысқан әсем қала. Алматы – жастық шақ. Алматы – зиялы қауымның, ғылым мен мәдениеттің ордасы. Алматы –  ЮНЕСКО-ның шешімімен шығарма­шы­лық  шаһарлардың тізіміне енген дара қала. Ол – Детройт, Эдинбург, Манчестер, Санкт-Петербург, Доха секілді әлемдік қаржы орталығы деген мәртебелі атауға ие. Міне, осындай асқақ Алматыдан, әлем көз тіккен шаһар­дан осындай бір айтулы аллеяның бой көтеру қажеттігі өз-өзінен сұранып тұр.

Жобалаушы мамандардың озық ойларына жүгінсек, аллея біздің кітапхана орын тепкен Абай даңғылының оңтүстік тұсы бойымен, Желтоқсан көшесінен бастау алып, К.Байсейітова атындағы көшеге дейінгі аралықты алып жатпақ. Оның жаяу жүргіншілерге арналған аумағын шағын сәулет мүсіндерімен, өсімдіктерден және бірнеше субұрқақтан тұратын декоративтік композициялармен әсемдеп жабдықтау ойластырылған. Сондай-ақ, аллеяның басым бөлігі жасыл желекпен көмкерілмек. Ал аллеяның негізгі басымдық берілер, көз тартар басты құндылығы қазақстандық жазушылардың аты-жөні бедерленген орындықтар болмақ. Ол орындықтардың құпиясы сонда, әрқайсысы өз «иесі» туралы, оның өмірі мен шығарма­шылығы жөнінде «әңгімелейтін» болады. Өзіңіз білесіз, қазір ақпараттық технологияның қарыштап дамып жатқан кезеңі, кез-келген адам сүйікті жазушысы туралы мағлұматты сол жерде тұрып-ақ қолындағы смартфонына көшіріп алуға да мүмкіндік жасалмақ.

Сондай-ақ, аллеяға сахна орнатылады. Онда келешекте түрлі рухани басқосулар, мәнді кездесу-кештер болады деген үміттеміз. Құнды кітаптар және мерзімдік басы­лымдар сатылатын сауда нүктелері және қоғамдық тамақтандыру орындары да ашылмақ.

Бұл ауқымды жобаның қазірдің өзінде кең қолдау тауып жатқанына қуаныштымыз. Сөзімнің басында бұл халықтық жоба дегенім де сондықтан. Біз халық жазушы­лары Аллеясы туралы әлеуметтік желі қолданушыларының тарапынан жақсы лебіздер естіп, тағы бір арқаланып қалдық. Тіпті, жобаға қолдау көрсетемін деген инвестор да табылды. Болашақта бұл аллеяда open aіr форматында жылына 80-ге жуық іс-шара өткізіледі деген сеніміміз бар.

– Бәрекелді! Әңгімеңізге әсерленгенім соншалық, адам­дары ерсілі-қарсылы ағылған, руханияттың, мәдениеттің мәйегіне айналған жазушылар аллеясын көз алдыма әкеліп те үлгердім. Қолда жоба тұр, ендігі жұмыс қандай болмақ?

– Алматыдай алып шаһардың шырайын келтіріп, айбынын асқақтатып, бедел-биігін көтеруі тиіс бұл жобаға қала әкімдігі алдағы уақытта қолдау көрсетіп, басымдық береді деген үміттеміз. Ал біз өз кезегімізде аллеяның ішкі кеңістігін толтыруға, жабдықтауды міндетімізге алмақпыз.

Отан, ел мен жер, тарих, қазақ, ұлттық дәстүр, салт-сана, қасиетті ана тілі, махаббат, сезім туралы қалам тер­бемеген жазушы кемде-кем. Соған орай, уақыт таразы­сымен өлшеніп өреленіп жататын сондай шығармалармен сусындап, кейіпкерлерімен ойын да, бойын да түзеген ұрпақ та кемде-кем. Мына дүрмек өмір ешқашан тоқтамайды. Оған ілесіп ұрпақ та ауысып отырады. Сондықтан заңғар қаламгерлерімізді санадан өшіріп алмау да – парыз. Болашақта ашылатын аллеяның осы мақсатта қызмет ететініне сенеміз.

 

РУХАНИЯТТЫҢ ҚАҒБАСЫ

 

– Осындай биіктерге жеткен, сан жылдардан бері мың-миллион кітапты, рухани құндылықтарды бауырына басқан ұлттық кітапхананың соңғы уақыттардағы жетістіктерімен де бөлісе отырсаңыз?

– ҚР Ұлттық кітапханасы халықаралық кеңістікте әлемдегі ірі кітапханалардың бірі ретінде танымал. Он екі бөлімнен тұратын кітапхана ғимараты 1971 жылы арнайы жобамен салынған. Оқырмандарға 1,5 мың орынды 14 оқу залы қызмет көрсетеді. Бәрінің де қызметі тегін.

Біздің табалдырығымыздан жылына миллионға жуық адам аттайды екен. Мұның бәрі жетілдірілген инфра­құрылым қызметінің өскендігімен және әдебиет құралдары түрлерінің кеңейтілгендігімен, электронды базаның енгізілгендігімен байланысты. Сұранысқа сай, алматылық­тардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін қолайлы жағдайлар жасау көкжиегін де кеңейте түстік. Бір сөзбен айтқанда, кітапхананың өзінің сөресіндегі барын бағалай, көздің қарашығындай сақтай отырып, байырғы класси­калық үлгісінен бүгінгі сұраныстарға толықтай жауап беретін, уақыт көшіне ілескен заманауи кітапханаға айналғаны бізді қуантады.

Біз, бірінші кезекте, оқу залдарындағы жарықтың мол болуына мән береміз. Ондағы әр үстелде жеке-жеке үстел шамдары орнатылған. Залға қосымша жұмсақ дивандар қойылған. Бүкіл кітапхана аумағында қолжетімді Wі-Fі желісіне кедергісіз қосылуға болады. Әдетте толықтай тыныштық сақталуы тиіс кітапхана тарихында алғаш рет, адамдардың бір-бірімен еркін сөйлесуі, пікір алмасуы үшін арнайы орын жабдықталған. Бұл орын, әсіресе, топтық тапсырмаларға қызу дайындық жүргізіп жүрген студенттер мен магистранттарға еркін әңгімелесуге аса қолайлы.

Жақын арада оқырмандарды бұрынғыдан да жайлы асханамен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз.

Негізі, ең басты мақтанышымыз, әрине, бұл – әркімнің өз қызығушылығына, таным-қажеттілігіне орай жеке із­денуі үшін жабдықталған 14 ағарту орталығы мен клубтар.

– Сонда бұл орталықтардың ерекшелігі неде, оқырманға не береді?

– Ізденуші оқырман мұнда ешбір кестесіз, қалаған уақытында және оқырман билетінсіз келе алады. Бүгінгі таңда жас оқырмандар мен поэзияға құмар жандардың клубтары өзінің тұрақты аудиториясын қалыптастырып та үлгерді. Сондай-ақ, оқырмандар тарапынан Қазақстан тарихы және бухгалтерлер клубтары да жоғары сұранысқа ие.

Бұл алаңдарда тіпті интернет-маркетингке қатысты машықтарды тегін оқып үйренуге болады немесе режиссер Ермек Тұрсыновпен отандық кинолар хақында пікір таластыруға, ой бөлісуге болады. Тіпті, ешбір арнайы шақыру­­сыз-ақ жазушылармен немесе спорт жұлдыз­дарымен кездесудің үстінен түсуге болады. Мәселен, жуырда оқырмандарға белгілі кәсіпқой спортшы  Ардақ Назаровпен жүздесу мүмкіндігі бұйырды.

Биылғы 2018 жылы да ойлы оқырмандарымыз үшін тосын сыйымыз аз болмайды дегім келеді.

– Дегенмен де, осы өзіңіз айтып отырған бақандай он төрт орталық-клубтың ішінде келушісі көп көш бастап тұрғаны қайсы?

– Біздегі ең танымал орталық қазірше «Bereke» болып тұр. Республика бойынша тұңғыш ашылған әрі әзірге жалғыз бұл орталық ынталыларды қаржылық сауатты­лыққа баулиды. Онда өтетін курстарда ақша табудың жолдарын ғана үйретіп қоймай, оны қалай сауатты жұмсау, пайдалану керектігін де оқытады. «Бір жалақыдан екінші жалақыға жетіп жығылсам ғой» сынды өмір сүру дағды­сынан қалай құтылу керек? Қалтаңыздағы қаражатыңызды қалай сақтап және қалай көбейту керек? Отбасылық бюджет дегенміз не, ол неден бастау алады? Міне, осындай және өзге де қаржылық мәселелерге қатысты сауалдарға жауапты бірге іздесетін арнайы мамандар шеберлік сабақтарын жүргізеді. Олар топпен де, жеке адаммен де жұмыс істейді. Бұл орталықтың бір аптаға бекітілген өз тақырыптары бар. Мәселен, сейсенбі зейнеткерлер күні болса, сәрсенбінің сәтті күні кәсіпкерлерге арналады. Бейсенбі қаржылық сауаттылық негіздері бойынша жалпы сабақ өтеді. Ал жұмада тыңдаушылар қосымша кіріс көздері туралы мәліметтерге қанығатын болады. Орта­лықтың көздегені – қаражатқа қатысты мұндай курстар тек есепші немесе қаржыгерлер үшін керек деген ұғымды жою. Бұл мәселе қоғамдағы адамдардың бәрі үшін маңызды. Әлгінде айтып кеттім, біздің оқырмандардың басым көпшілігі студенттер. Сондықтан мамандар алдағы уақытта қаржылық сауаттылықты оқытуға студенттерді де тартуды көздеп отыр. Оларға арнап «Жинақ күндерін» өткізуді жоспарлап та қойды.

 

 

ЖАҢАНЫ ЖАТСЫНБАЙМЫЗ

 

– Күні кеше күн тәртібіндегі нөмірі бірінші мәселе болған, ұзақ талқыға түскен латын әліпбиі туралы өзекті тақырып сіздерге жақын болмаса алыс емес. Бұл бағытта қандай ілкімді іс-шаралар жүргізіп жатырсыздар?

– Иә, біз қоғамдағы кез-келген тың жаңалықты жатсынбаймыз, дер шағында қолдау көрсетіп отырамыз. Ұлттық кітапханадан оқырмандар үшін, латын әліпбиін үйренемін деушілерге арнап орталық аштық. Біздің соңымызды ала осындай орталықты Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы кітапхана ұжымы да ашты.

Біз латын әліпбиіне көшу туралы бастама көтеріліп, сөз қозғалған  күннен бастап жарыққа шыққан материал­дардың бірін қалдырмай басын біріктірдік де, көрме ұйымдастырдық. Демек, оқырмандар бұл тақырыптың мән-маңызын жете түсініп, көкейде жүрген сауалдарына тұщымды жауап ала алады деген сөз. Сондай-ақ, оқыр­ман­дар сирек кітаптар мен қолжазбалар бөліміне араб графикасынан латынға аударылған қазақша кітап, газет-журналдарға тапсырыс беріп, етене таныса алады. Жуық арада кітапхана сайтының «Виртуальды көрме» айдарына латын әліпбиіне қатысты қазақша кітаптар мен мерзімді басылымдардың мәліметтері орналастырылатын болады. Бұл құнды дүниелердің бәрі де болашақта аталмыш орталық төрінен табылады.

Әзірге біздің әдістемелік орталығымыздың негізгі міндеті – бүгінгі сан жылдар бойы қолданыста жүрген әліп­­биге бауыр басып қалған, сондықтан жаңаны жатыр­қаңқырап жүрген оқырмандарымызбен жұмыс жүргізу. Аталмыш орталықтың басты әрі тұрақты спи­керлері әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университе­тінің оқытушылары мен Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандары болмақ. Бүгінгі таңда біздің кітап­хана қорында латын графикасымен жазылған 10 мыңға жуық қазақ тіліндегі кітап бар.

Жаңа әліпби нақты бекітілген кезде бұл орталықтың жаңа күш алып, мән-маңызы артатыны сөзсіз. Сондай-ақ, оны соңғы үлгідегі заманауи техникамен жабадықтауды да жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет!