Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: АЛМАТЫ МЕН АСТАНАДА ТЕК ЭЛЕКТРОМОБИЛЬМЕН ЖҮРЕТІН ЖАҒДАЙҒА ЖЕТУІМІЗ КЕРЕК

01e0d8a0bb595cbca95601fb53621a6c

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бай­бек­ті қабылдады. Қазақстан Президентінің Алматыдағы рези­денция­сында өткен кездесу барысында қала әкімі Мемлекет басшысына қала­ның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыс­тар туралы баяндады.

Akorda.kz хабарлағандай, Нұрсұлтан Назарбаев Алматының республика эконо­микасында маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, қаланың даму мәселелерін ұдайы назарда ұстайтынын айтты.

– Егер қала халқы 2 миллион адамнан асса, ол экономикалық тұрғыдан өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады. Қаланың дамуы жаңа мүмкіндіктер туғызып, шағын және орта бизнестің ілгерілеуіне жол аша­ды. Мұндай қалалар шикізатсыз-ақ көр­кейіп, елімізді өркендетуге үлес қосады, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті Алматыны газ­бен қамту және оның экологиясын жақсарту мәселелеріне назар аударды.

– Бізге электр станциялары мен тұрғын үйлерді газбен қамту, қоғамдық және жеке автокөліктерді газбен жүргізуге көшіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет. Келешекте біз Алматы мен Аста­нада тек электромобильмен жүретін жағ­дайға жетуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Алматы қаласының әкімі Елбасыға қаладағы автомобильдерге арналған үлкен айналма жол құрылысының басталғанын айтып, оған 1,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылғанын мәлім­деді.

dsc_6783

– Бұл жоба іске асырылған кезде қала­дағы көлік кептелісін күніне 10 пайызға немесе 40—60 мың автомобильге азайтуға мүмкіндік береді. Ол қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, Алматының көлік-логистика желісін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жүйесіне қосатын болады, – деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, кездесу барысында өнеркәсіп кәсіпорындарын қала сыртына көшіру мәселелері қарастырылып, азамат­тардың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде Алматы қаласы әкімдігі атқарып жатқан шаралар талқыланды.

– Биыл 6 мыңға жуық жалдамалы пәтер, оның ішінде Атлеттер қалашығынан 1748 пәтер берілді. Осылайша кезекте тұрған әрбір үшінші отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – деді қала әкімі.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының одан әрі дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

 

***

Алматы экономикасының өсімі жыл қорытындысы бойынша 3 пайыздан жоғары болады деп болжанып отыр.

Өнеркәсіп, құрылыс, инвестиция көле­мінің, шағын және орта бизнес субъектілері санының өсімі 3 пайыздан, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 2 пайыздан асады. Шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнімнің көлемі 20,7 пайызға өсті.

Республикалық бюджетке өткен жыл­мен салыстырғанда 6 пайыздан астам (1,3 трил­лион теңге), жергілікті бюджетке 10 па­йыз­дан астам (372 миллиард теңге) салық жиналды.

Бюджеттің 99,5 пайызы игеріліп, үнем­делген қаражат 1,5 миллиард теңге болды.

Дағдарысқа қарсы үкіметтік бағдар­ламалар мен жергілікті шараларды іске асыру нәтижесінде 45 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

Қаланың автобус паркі 2017 жылы 30 па­йызға жаңартылып, 500 жаңа автобус сатып алынды.

Сәулет, қала құрылысы және Алматы қала­сының бас жоспарын әзірлеу мәсе­лелері жөніндегі «АлматыБасЖоспары» ғылыми-зерттеу институты құрылды.

Үкіметпен бірлесе отырып, «Алатау» инно­вациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағын комму­нал­дық меншікке беру үдерісі басталды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесе отырып, ЖЭО-2 нысанын газға көшіру мәселесі қарастырылуда.

Халықаралық әуежайды кеңейту және жаңғырту үшін 3В жаңа ұшу-қону жолағы салынып, VІP терминал салу мақсатымен ескі ғимараттар бұзылды, сондай-ақ жаңа ғимараттың эскизі әзірленуде.

Студенттер тұратын 93 жатақханаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жақсартылды. Бүгінде 2 мың орынға арналған 4 жатақхананың құрылысы аяқталуда.