Машһар Гумеров – қазақ жазушысы

%d1%81%d0%b0%d1%85

Башқұртстанның  Асқын ауданына қарасты Күбияз елді- мекенінде  1927 жылы  дүниеге келіп, үй-ішімен бірге елімізге қоныс аударып,  жастайынан  ұлттық  ана тіліміз бен салт-дәстүрлерімізден  нәр алып, бүкіл саналы ғұмырын әдебиеті­мізге арнап,  қазақ жазушысына айналған  башқұрт ұлтының айтулы перзенті,  Қазақстан Жазушылар одағының Сәбит Мұқанов атындағы әдеби сыйлығының лауреаты  Машһар Гумеровтың  (Машһар Ғұмардың) танымды да тағылымды шығармалары  қай-қайсысымыздың  да жадымызда.

Жазушының  тырнақалды «Ұя» әңгімесі 1952  жылы «Пионер» журналында жарияланды.  Ал алғашқы «Ана мен бала» кітабы 1956 жылы жарыққа шықты. Одан кейін «Үш күн, үш түн», «Асыл дәрі», «Қос  шынар», «Жоғалған кілт», «Сүйе ме, сүймей ме?», «Хазірет қарғаған ауыл», «Шыңырау», «Тоғыз тосқауыл», «Жұмбақ сәуле», «Құпия дәптер», «Ортаншы ұл» повестер  мен әңгімелер жинақтары  оқырман қолына тиді. Бұл шығармаларының бәріне дерлігі  республикалық шығармашылық байқауларында жүлделі орындарға ие болды. Ал «Ортаншы ұл» повестер мен әңгімелер жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Сәбит  Мұқанов атындағы әдеби сыйлығын алды.

Машһар Гумеров балаларға арнаған шығармаларымен қатар, «Жұмбақ сәуле» фантастикалық  повесін  жазды. 1981 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген бұл повесіндегі оқиғалар  Жерімізден тыс әлемдегі автор ойдан алған, небәрі үш  құрлықтан тұратын  ғаламшардың екеуінде  өтеді. Үшінші құрлық тіршіліксіз. Бірінші құрлықта  жалпы аты Әділет елдері делінетін  жиырма үш, екінші құрлықта төрт мемлекет бар. Олардың ең үлкені, ең азулысы Аран елі. Осы  екінші құрлықтағы төрт мемлекетте де үкімет билігі миллионерлер мен миллиардерлердің мүдделерін қорғайтын  ат төбеліндей ғана топтың  қолында. Олардың  соғысқұмар қолбасшысы, қарамағындағылары  «тәңірім-жебеушім» деп құлшылық ететін Кир Биллер. Оның ақ  дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Күллі ел ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында. Сондықтан да ең үлкен қатыгездік, ең зымиянды билеп-төстеу де осы Аран елінде.

Кир Биллердің басты мақсаты  ғаламшардағы ел біткенді  жаулап алып, бағындырып, оларға өз билігін жүргізу, ұлт атаулыны   жою. Ал бұл соғысқұмар, нәсілшіл, билеп-төстеушінің  мұндай арам пиғылына Әділет елдері қарсы.  Сонымен бірге, соғысқұмарларға  Аран мемлекетінің өз ішіндегі Беланда да қарсылық көрсететіндер бар. Шығар­мадағы оқиғалар желісі осы Аран елінде соғысқұмарлар  мен оларға қарсылардың  жұмбақ  сәуле көмегімен жасайтын  құпия әрекеттері  арқылы өрбиді. Ақыр соңында соғысқұмар, билік құмар, қатыгез  Кир Биллер жеңіліске ұшырайды. Әділеттілік пен бейбітшілік салтанат  құрады.

Жазушының  бұл фантастикалық повесіндегі ой-толғам­дарынан  алтын бесігіміз – жұмыр Жеріміздің  табиғатын қорғауға, соғыс  атаулыны ешқашан да болдырмай, бейбіт­шілікті  сақтауға, туып-өскен елімізде ана тілімізді, игілікке толы салт-дәстүрлерімізді білу мен ардақтауға  деген  игі сезімін  түсінеміз. Шығармадағы  өзге жұлдыз  жүйесіндегі ойдан алынған ғаламшардағы оқиғалар осыны мегзейді.

Машһар аға мені  осындай тәлімді шығармаларымен ғана емес, өзінің соншалықты қарапайымдығы, парасаттылығымен де баурап алған еді.  Ол кісімен  Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайларында, келелі  жиындары мен әдеби жыл қорытындыларында  кездесіп, ғылыми  жанр хақында ой бөлісіп жүрдім.  Телефон арқылы да жиі сөйлесетінбіз. Кейде  ол кісі жасының да, жолының да үлкендігіне қарамастан, телефон қоңырауын соғып, қоңыр даусымен жай ғана: «Бұл,  Машһар  ағаң ғой», – дейтін.   «Иә, ондай кісіні естуім бар», – деймін мен әзілге бұрып.  Машһар аға оныма  жәй ғана күліп алады да: «Ал, жағдайың  қалай? Шығарма­шылығың қалай?» деп,  ғылым болашағы жөніндегі ой-толғамдарын қозғап кететін.

Машһар аға адам қасиетіне жарасымсыз тәкаппарлық, іштарлық, күндестік  пен атаққұмарлықты  ұнатпаған, олардан  бойын  үнемі аулақ ұстаған  кісі. Адамдық  пен әділдікті  қа­лайтын  қашан  да.  Балаларға  арнап жазған  қай шығармасын оқысақ та осы қасиетін  аңғарамыз. Жазушы ғұмырының соңғы кездерінде өзінің аты-жөнін де «Машһар Ғұмар» деп қазақшалады. Жарияланған мақалаларына солай деп жазып жүрді. Мұның өзі  көп адамға үлгі боларлық іс еді.

Жүніс САҚҰРПАҒЫ,

жазушы-болашақгер,  жұлдызтанушы.