ИРАН ХАЛҚЫ НЕЛІКТЕН БАС КӨТЕРДІ?

Экономикалық талаптар саяси талаптарға ұласты

 «Жұмыртқаның қымбаттауы»  сыныққа сылтау еді

1512082767

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Кейінгі бір аптаның ішінде әлемдік  ғаламтор желілері  және БАҚ құрал­дары  Иранда  болған оқиғаның мән-жайы туралы бірталай ақпарат таратып үлгерді. Сол хабарларда айтылып жат­қанындай, халықтың билікке нара­зылығы 28 желтоқ­санда  елдің сол­түстік шығысын­дағы  Ауған­станмен шекаралас  Мешхед қала­сында баста­лып, Шираз, Исфахан, Хамадан, Кер­маншах, Тегеран және Решт сияқты ондаған қалада  жалғасын тапты. Көтерілісшілер әскери базалар мен полиция бекеттеріне шабуылдады.  30 желтоқсанда наразы жұртшылық  Теге­рандағы Революция алаңына және универ­ситеттің алдына жиналды. Келесі күні  кейбір үкімет ғимаратта­рына өрт қойы­лып,  жоғарғы рухани және діни басшы Әли Хаменеидің рези­денциясына  басып кіру әрекеті жасалынды, оларды полиция күшпен әрең тоқтатты.

Наразылық шеруіне шығушылар алдымен күнделікті қорек ететін азық-түлік  бағасының өсуіне, қымбатшы­лыққа қарсылық білдіріп, үкіметке осыған байла­нысты шұғыл шаралар қолдану жөнінде экономикалық талап­тар қойды. Бұл негізсіз емес болатын.  Мәселен, бір жеті­нің ішінде халық көп тұтынатын жұмыртқаның он данасы  4300 риалдан – 6000 риалға, яғни  қырық пайызға қым­баттап кетті.

Мұны кейбір саяси сарапшылар: «жұмыртқа жәй сыныққа сылтау, негі­зінде мұның ар жағында қымбатшы­лықтың  белең алуы, тұрғындардың басым бөлігінің әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайы­ның төмендеуі, жұмыссыз­дықтың өсуі жатыр» деседі. Әрі бұл орайда ХВҚ (Халық­аралық валюта қорының)  мәліметі бойынша ИИР (Иран Ислам Республика­сында) 2016-2017 ж.ж. ЖІӨ 4,5 және 4,1 пайыз өскенімен  құнсызданудың 10 пайыз­ға жеткенін, соңғы он жылда халық­тың 15 пайызының кедейшілікке ұшыра­ғанын  мысалға келтіреді.

Қызық  және салыстыру үшін  он дана жұмыртқаның  АҚШ-та 1,38 доллар (455 теңге), Ресейде 1,15 доллар (380 теңге) және Украинада 1,17 доллар (385 теңге) тұратынын айтып жатқан­дар да бар. Ал 6000 риал  біздің ақшаға шаққанда 55 теңге. Біздегі он жұмырт­қаның сатылу бағасы 320—350 теңге аралығында.  Демек, салыстырмалы түрде Иранда жұмыртқа әлдеқайда арзан.

Үкімет жұмыртқаның бұлай кенет­тен қымбаттауын  құс тұмауының кесірінен және тауықтарға беретін жем-азықтың қымбаттауымен түсін­дірді. Алайда, мұн­дай жауап көтеріліс­шілерді қанағаттан­дырмады. Олар  бұған қарсы осыдан сәл бұрын  «құс тұмауы әсер етпейтін»  пияз бен томат­тың қымбаттауын көлденең тартты.

Әйтсе де,  Ирандағы экономикалық талаптар қоюмен басталған көтеріліс­тің аяғы  «Саяси тұтқындар босатыл­сын!», «Полицияның зорлық-зомбы­лығына жол жоқ!», «Ирак, Сирия, Ливан және Газа­ның ішкі істеріне араласпайық!» деген тәрізді саяси  талаптарға ұласты. Тіпті, әлдебір  де­монстранттар: президент «Рауха­ниға – өлім келсін!», діни жетекші «Хаменеиге – өлім келсін!» және  Ислам рево­лю­циясын қорғау корпусының генералы «Сулейманиге – өлім келсін!» деген секілді кісі шошытарлық ұрандар көтерді. Олардың мұнысы шенеу­ніктер мен діндарларды және әскери­лерді өз қатарларына қосылу­дан үркітті. Шеруші­лер арасынан  1979 жылғы ислам төңкері­сінде тақтан тайдырылған Пехлевилер әулетінің  монархиялық билігін қайтару керек деушілер де  табылды. Ондайларды шах Мухаммед Реза Пехлевидің шет елде қуғында жүрген зайыбы Фарах ханша­йым мен оның ұлы Реза Кир қуана қолдады.

Келіп түскен бірқатар  мәлімет­ке сүйенсек, елдің әр аймағындағы қақты­ғыстар барысында 22 адам құрбан болып, 1000-нан астам  шеруші қамауға алынған.

Иранның либерал президенті Хасан Рухани әу бастан: «Халық билікке өзінің көзқарасын, наразылығын білді­руге, сынауға хұқылы. Бірақ көтеріліс бейбіт түрде өтіп, оның аяғы бұзақы­лыққа, қақ­тығысқа ұласпауы тиіс» деген ұстанымын мәлім етті.

Кез-келген мемлекеттегі халықтың жаппай наразылығы  елдің тыныштығы мен тұрақтылығын бұзып, экономи­каға, әлеуметтік ахуалға, ішкі және сыртқы саясатқа нұқсан келтіретіні хақ. Сондық­тан да  Тегеранмен оң қарым-қатынастағы Түркия, Ресей, Катар, т.б. елдер ирандық­тардың арандатушы­лыққа берілмей, сабырмен сабаларына түсіп, жағдайдың тезірек қалыпқа түсуіне тілектестік білдіріп жатса, бұл елмен қырғи-қабақ АҚШ, Израиль және Сауд Арабиясы  керісінше көте­рілісшілердің қолтығына су бүркіп, онда­ғы биліктің құлауына  мүдделі екен­діктерін аңғартты. Мұны  Ақ үй қожайыны Дональд Трамптың өзінің Twіtter парақ­шасында:  «…жемқор­лықпен былыққан үкі­метін құлатуға ұмтылған Иран халқы құрметтеуге лайық» деп жазғанынан және Израиль премьері Биньямин Нет­аньяхудің: «қазіргі өкімет ауысқаннан кейін  израильдықтар мен ирандықтар  жақын достарға айна­лады» деп айтқа­нынан  байқауға  болады. Сондай-ақ, Иран Ұлттық Қауіпсіздік  жоғарғы кеңесі  басшысының орынбасары  Әли Шамханидің  айтуынша,  Иранға қарсы бағытталған жаңа хэштегтердің үштен бірін Саудия құрып, қалыптас­тырған көрінеді.

Жалпы, Иран билігі мен оның ықпа­лындағы сарапшылардың пайым­дауынша,  көтерілісшілерге сырттан қолдау білдіріп, дем беріп жатқандар баршылық. Мәселен, өткен жылдың 12 желтоқсанында Вашинг­тонда  АҚШ президентінің ұлттық қауіп­сіздік жөнін­дегі кеңесшісі Говард Макмас­тер мен Израиль Ұлттық Қауіпсіздігі кеңесінің басшысы Меир Бен-Шабба кездесіп, онда  Иранға қарсы бірлескен әрекет жоспарын түзген. Мына оқиға сол жоспардың  іске асуының көрінісі болуы кәдік.

Бұған қоса, Франция президенті Эмма­нуэль Макронның: «Көп мәселе­лер бойынша біздің одақтасымыз болып саналатын Құрама Штаттар, Израиль және Сауд Арабиясының  Иранға қатысты іс-әрекеті бізді соғысқа апарып киліктірмесе жарар еді» деп қауіптенуі бекер болмаса керек.

Енді бір есептен бұл  АҚШ бастаған топтың  соңғы уақытта Сирия жанжа­лын рет­теуге  белсенділік танытып  отырған үштік­тің (Түркия, Ресей және Иран)  ықпа­лын  төмендетуге бағыттал­ған амал-айласы болуы да ықтимал.

 

Оқиға орын алған  бойда  Түркия  прези­денті  Тайып Ердоған  Иранның мем­ле­кет басшысы  Хасан Руханиге телефон соғып, жағдайдың тезірек қалыпқа түсуіне тілектестік білдірді.  Осының артынша Түркияның Сыртқы істер министрі Мәулет  Чавушоғлы: «Менің білуімше, көтерілісші­лерді  екі-ақ адам  қолдап отыр.  Ол – Трамп пен Нетаньяху. Біз  бұлай  елдің ішкі ісіне сыртқы күштердің араласуына қарсы­мыз» дегенді айтты.

Өз кезегінде  Ресей Сыртқы істер минис­трінің орынбасары Сергей Рябков  АҚШ  әкімшілігін  Иран Ислам Рес­пуб­лика­сының  ішкі істеріне ара­лас­пауға, ұстамдылық танытуға  шақырды.

Әліптің  артын баққандай, Еуроодақ  апта бойына үнсіз қалып, ақырында  одақ­тың сыртқы істер бойынша жоғар­ғы комиссары Федерика Могенидің мәлім­демесі жарияланды. Мәлімдемеде  қай кезде де сөз бостандығына, бейбіт шерулер өткі­зуге мүмкіндік берілу қажеттігі  айтылып, алайда  Ирандағы  көтеріліс кезінде  адам шығынының орын алғанына өкініш білді­рілді. Қос тарапқа: билік пен көтерілісші­лерге қақ­тығысқа жол бермеуге үндеу тастал­ды.  Осыдан кейін Англия мен Гер­ма­ния да сондай мазмұндағы мәлімдемелер жасады.

Қытай  үкіметі қысқаша мәлімде­мемен шектеліп, онда: «ҚХР  Иран  тұрақты­лықты сақтайды  және өзінің даму жолын жалғастыра береді деп үміттенеді» делінді.

Дегенмен, арада алты күн өткеннен кейін, 3 қаңтарда Ислам рево­люциясын қорғау корпусының  қолбас­шысы Мухам­мед Әли Жаафари ел көле­мінде көтерілістің  басылғанын, жағдай­дың қалыпқа түскенін  хабарлады.

Әлдебір сарапшылар: «Көтерілістің саябырсығанын үлкен спектакльдің арасындағы үзіліс. Халықтың  көкейінде жинақталған  ашу-ыза оңайлықпен тарқай­майды» деген пікірде.

Сірә, «араб көктемінің»,  басқа да елдердегі бас көтерулер мен төңкеріс­тер тәжірибесін ескерген болуы керек.  Иран үкіметі бұл жолы  өте сауатты қимыл­дар мен әрекеттер жасап, жер-жерде ресми билікті қолдайтын бұқа­ралық жиындар мен шерулер ұйымдас­тырды, арандату хабарларын таратпау үшін жедел түрде Фейсбук пен Инста­грам желілерін бұғаттады. Ислам революциясының қырағы солдаттары бес күн бойына көтерілісшілерге қарсы  ашық та дөрекі күш қолданбады. Тек қана Исфахан провинциясындағы Кехдериджан қаласында демонстрант­тар шектен шығып, жартылай әскери «Басиджа» жасағының штабына шабуыл жасап, бір жауынгер қайтыс бол­ғаннан кейін  революция жауын­герлері бүлікшілерді күшпен ығыстыр­ды. Генерал Мухаммед Әли Жаафаридің  есептеуінше  бүкіл ел көлемінде көте­ріліске 15 мыңдай адам ғана қаты­насқан.

Дейтұрғанмен, халықтың біраз бөлі­гінің  бұлай толқып, көшеге шығуы  Иран билігін  ойландыруға және одан қандай бір қорытынды шығарып, тиісті шаралар қолдануға  міндеттеуі тиіс.

Қазірдің өзінде  Ирандағы оқиға төңірегінде әрқилы болжам-топшы­лаулар  айтылуда. Олардың бірі – бұл либерал президент Руханидың саяса­тына қарсы консерваторлардың ісі деп білсе, екіншілері – мұны діни және рухани көшбасшы Әли Хаменеидің беделін түсіру үшін реформистердің өзі  ұйымдастырып отыр дейді. Үшіншілері – бар бәлені  Тегеранға өш және жау­лық көзқа­растағы  АҚШ, Израиль және Сауд Арабиясынан көреді. Олар осылайша Иранды ішкі мәселеге бет бұрғызып, оның Таяу Шығыстағы ықпалын әлсірет­пекші деседі.

Белгілі Иран көсемсөзшісі  Маджид Мохамма­дидің пікірінше халықтың бас көтеруіне үш жағдай: елдегі жемқорлықтың асқынуы, тұрмыстық ауырт­палық және исламдық діндарлардың билігі түрткі бол­ған. Әсіресе, соңғысын  негізгі  фактор деп санай­ды. Өйткені, клерикалдық режим елді мейілінше  мезі қылып жалықтырған  және   елді дағдарыстан шыға­ратын экономикалық реформаларға жол бермей келеді.

Көптеген саясаттанушылар мен сарапшы  маман­дардың  тұжырымынша  оқиғаның себеп-сырын   сырттан гөрі іштен іздеу қажет.

Осыдан бес жыл бұрын (2013 жылдың маусы­мында) президенттік сайлау барысында  сайлаушы­лардың көпшілігі консерваторлардан гөрі тиімді экономикалық реформалар жүргізеді, халықтың  әлеуметтік жағдайын жақсартады, сыртқы саясатты да қалпына келтіреді деп либералдық саясаткерлердің өкілі Хасан Руханиге сенім артқан болатын.

Айтқандай-ақ, Рухани АҚШ, Англия, Германия, Қытай, Ресей және Франциямен ядролық бағдарлама жөнінен келісім жасасып,  Иранға жарияланған  санкцияларды алып тастауға, шет ел банктеріне тұтқындалған 100 млрд. астам қаржыны кері қай­таруға қол жеткізді.

Өкінішке қарай, Рухани үкіметі экономиканы оңалту жөнінен нәтижелі жұмыстар жүргізе алмады.  Сыртқы саясатқа көбірек ден қойып, Ирак, Йемен, Ливан, Сирия режимдерін және Хамас пен Хезболла ұйымдарын қолдауға  қыруар қаржы жұмсады.  Көтерілісшілердің: «Ирак, Йемен, Ливан, Сирияны қолдаудан бұрын өзімізді жарылқап алыңдар!» дегендей  ұран көтеруі осыны меңзейді.

Осы сияқты Хасан Рухани басқарған атқарушы билік  негізгі күнкөріс  тағамдары, күнделікті азық-түлік  бағасының шарықтап өсуіне қарамастан  жылма-жыл салықты өсірді. Импорттық  тауарларды алмастыру  мақсатында оларға салынатын алым-салықты  көбейтіп, табысы төмен тұрғындардың  осыған дейін пайдаланып  келген  үйреншікті шетел­дік сапалы киім-кешек пен тұрмыстық техникаларды, электрондық құралдар мен құрылғыларды сатып алуын қиындатты. Ұялы телефондардың контра­бандалық жолмен әкелінуіне тосқауыл қою үшін 9 па­йыздық  қосымша құн салығына қоса 5 пайыздық алым енгізді. Және де қолданыстағы барлық ұялы телефондарды  бақылау мақсатында  арнайы базада тіркетуге міндеттеді.

Задында өмірде, тіршілікте ұсақ-түйек деген болмайды. Осының бәрі жинақтала келе халықтың ашу-ызасын тудырып, көшеге шығып,  наразылық  шерулерін  өткізуге  итермеледі.

 

Тағы бір айта кететіні, парсы жұртындағы ең бір белсенді топ – жастар мен студенттер. Иран жаста­рының көбі ағылшын тілін  біледі. Олар осы заманғы жетілген ақпарат көздері арқылы өркениетті, дамы­ған елдердегі халықтың тұрмысы және жастардың өмірі туралы оқып біліп отырады.  Өздері де сол замандастары сияқты емін-еркін өмір сүруді, жарқын болашақты аңсап, армандайды.  Былайша  айтқанда, ирандық жастарды қырық жылға созылып келе жатқан қасаң да қатаң діни қыспақтағы  сүреңсіз тіршілік әбден жалықтырған.

 

Бір таңданарлығы, 2009 жылғы  президенттік сайлаудан кейінгі «Жасылдар қозғалысында»  зиялы қауым өкілдері көбірек қатынасқан болса, бұл жолғы наразылық акцияларында жұмысшылар, фермерлер, жұмыссыздар, жастар мен студенттер белсенділік көрсетті.

Ирандағы оқиға әлемдік деңгейде де назардан тыс қалып жатқан жоқ.  Кешегі өткен 5 қаңтарда  Американың бастама-талабымен  Ирандағы жағдай  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қаралды. Отырыс бары­сында АҚШ-тың  арнаулы өкілі Никки Хейли ханым: «Иран қаламның ұшына ілінді. Бұдан былай оны бүкіл әлем бақылап отырады» деп өктемсіп сөйлесе, Ресей Федерациясының өкілі Василий Небезня: «Вашин­гтон­ның Иран десе аллергиясы бар» деген реплика тастады.  Бірақ та көптеген елдердің:  «бұл Иранның ішкі мәселесі, халықаралық деңгейде талқылауға жатпайды» деп қарсы болуымен Иран оқиғасын талқылау  күн тәртібінен алынып тасталды.

Араб әлеміндегі беделді басылымдардың бірі Al-Quds Al-Arabі газетінің жазуына  қарағанда  «үкімет­ке қарсы көтерілісті қолдады,  арандатушы­лық әрекет жасады»  деген айыппен Иранның 2005—2013 ж.ж. пре­зиденті  Махмуд Ахмадинежад  қамауға алынған. Расын­да да ол  елдің оңтүстігіндегі Бушер қаласында  жинал­ған халық алдында сөз сөйлеп,  прези­дент Хасан Руха­ниді және оның үкіметін   сынға алған.  «Қазіргі шенеу­ніктердің  көпшілігі  халық­тың мұң-мұқтажын  білмей­ді. Қоғамдағы шынайы өмірден бейхабар. Иран бүгінде экономи­калық ресурстардың тапшылығынан емес,  елді басқарудағы қырсыздық­тан жапа шегіп отыр» деген.

Ирандағы ахуалдың  бұдан әрі қалай өрбитінін уақыт көрсетеді.