ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН АҚПАРАТТАНДЫРУ 2020 ЖЫЛЫ ТОЛЫҚ АЯҚТАЛАДЫ

Бұл жөнінде Алматы қаласындағы кардиологиялық орталық қызметкерлерімен болған кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мәлімдеді

%d0%b4%d0%b5%d0%bf%d1%83%d1%82%d0%b0%d1%82%d1%82%d0%b0%d1%80%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%ba%d0%b5%d0%b7%d0%b4%d0%b5%d1%81%d1%83

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутат­­тары  Алматы қаласындағы кәсіпорын­дарда, білім және денсаулық сақтау мекеме­лерінде болып, ондағы жұртшылыққа Елбасы­ның «100 нақты қадам – Ұлт жоспары»  және  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындап отырған өзекті мәселелерді талқылап, осы бағыттар бойынша елімізде  жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталумен қатар, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осындай мақсаттағы  кездесу қаламыздағы ең алдыңғы қатарлы емдеу мекемелерінің бірі жылына 16 мыңға жуық адамның жүрегін тексеріп, оған тиісті  медициналық көмек көрсетіп отырған кардио­логиялық орталықта болып өтті. Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Гүлмира Есімбаева бастап келген  құрамында «Нұр Отан» фрак­ция­сының мүшесі, Мәжілістің экология және табиғи ресурстарды пайдалану жөніндегі комитеттің мүшесі Серік Сейдуманов және Мәжі­лістің әлеуметтік және мәдени даму жөніндегі комитетінің төрайымы Гүлнар Ықса­нова орталықтың қабылдау бөлімінен бастап, Алматы қаласының тұрғындарына кардио­логиялық көмек көрсетіп отырған орталық­тың барлық бөлімдерінің жұмыста­рымен танысып шықты.  Келген қонақтарға Орталық­тың директоры, Қазақстанның жүз жаңа есіміне іліккен жас тұлға Алмат Қодасбаев орта­лықтың тыныс-тіршілігін, қазіргі кезең­дегі қол жеткізген жетістіктерімен таныс­тырып өтті.  Бүгінде бұл орталық қызметкер­лерінің кардиохирургия саласындағы жетістіктері Еуропа мен Орта Азия мемле­кеттеріндегі  алдыңғы қатарлы клиникалар мен кардиологиялық орталықтарға  танымал.  Жуырда  Алма­тының  кар­диологиялық Орта­лығы  Оңтүс­тік  Кореяның  жетекші клиника­лары мен университеттерімен әріп­тестік меморандумға қол қойыпты. Орталық директоры  Дүниежүзілік кардиохирург­тары­ның Дүниежүзі­лік ассоциациясының мүшесі екендігін де атап өткен жөн. Орта­лықтың кардиохирургтері жылына тоғыз мыңнан астам адам­ның жүрегіне ота жасайтын болса, соның  бес мыңға жуығы  өте күр­делі жүрек отасы.    Еліміздегі жасанды жүрек­пен жүрген 25 науқастың осы орталықтың бақы­лауында екендігін ескерсек, орталықтың жұмы­сына халық қалаулыла­рының жоғары  баға беруі өте  орынды дер едік.   Тек өткен жыл­дың өзінде  мыңға жуық шетелдік азамат­тардың осы орталықтың  кардиолог-дәрігер­лерінің  көме­гіне жүгінгенін ескерсек, орта­лықтағы емдеу шараларының халықаралық стандарттарға сай екендігін  де аңғару қиын емес. Халық қалау­лылары кездесу барысында орталықтың жетіс­тіктерімен қатар, оларды толған­­дырып отырған кейбір мәселелерге,  әсіресе, денсаулық сақтау саласын сандық  ақпа­раттық жүйесіне көшіру  жөніндегі мәселелерге айрықша тоқталды. Гүл­мира Естайбекқызы Есімбаева бұл мәселеге жан-жақты тоқталып, осы бағыт бойынша әзірге бес аймақта, атап айтқанда Астана, Алматы,  Ақмола, Қарағанды және Қарағанды облыс­тарында қолға алынып отыр­ған  денсаулық сақтау мекемелерін бірыңғай ақпараттық жүйеге көшіру бағытында қолға алынған пилоттық жоба туралы айтып берді. Жалпы, еліміздегі денсаулық  сақтау саласын бірыңғай ақпараттық жүйеге көшіру жұмысын 2020 жылы толық аяқтау  жоспарланып отыр, – дейді ҚР Парламентінің  Мәжіліс  төрағасы­ның орынбасары Г.Есімбаева. Бұл мәселе  туралы әңгіме қозғалғанда Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов  Алматы қаласындағы  емдеу мекемелерінің бірыңғай ақпараттық жүйеге көшу жұмысын биылғы жылдың соңына дейін аяқтайтындықтарын, оған толық дайын екендіктерін мәлімдеді.  Бұл мақсатқа қала бюджетінен   1 миллиард теңге қаражат  бөлініп, оған 6 мың дана компьютер сатып алы­ныпты. Кездесуде, сондай-ақ,   енгізілу мерзімі екі жылға кейін шегерілген Міндетті әлеумет­тік  медициналық сақтандыру жүйесі, оған жарна төлеу мәселелері және халыққа медици­налық қызмет көрсету төңірегінде келелі әңгі­мелер айтылды. Халық қалаулылары еліміздегі медицинаның қарыштап дамып,  қызмет сапасының да жақсарғандығын айта келіп, саламатты қалалар қатарындағы Алма­ты жұр­тына  саламатты  да  салауатты өмір тіледі.