БОЛАШАҚ — БІЛІМДІ ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

%d1%82%d0%be%d0%ba%d0%b6%d0%b0%d0%bd

Алдағы санаулы жыл ішінде бүгінгі қолданыстағы кәсіп түрле­рінің тең жартысы қажетсіз болып қалары анық. Бұл мыңдаған адам­ға табыс көзінен айрылу қаупін тудырады. Мұндай қатер келеше­гін күні бұрын болжай білген мемлекеттер үшін ғана қауіпсіз. Жеткен жетістігіне тоғаймай, тың бағыт, жаңа бағдар таба білген елдер ғана осы сындарлы кезеңнен сүрінбей өтеді. Елбасының аталған мәселеге ерекше назар аударуы да сондықтан.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның бастамасымен Қазақстан үкіметі білім саласындағы рефор­ма­ларды күнілгері бастады. Мәсе­лен, «Болашақ» бағдарламасы тәуел­сіздік алған алғашқы жыл­дары-ақ қолға алынды. Елімізде халықаралық деңгейдегі универ­ситеттер ашылып, оларға шетелден білікті мамандар тартылды. Орта білім шәкірттері үшін еліміздің түкпір-түкпірінен зияткерлік мек­тептер есігін айқара ашты. Білімді жастарымыз көптеген халық­ара­лық білім сайысынан жүлдемен оралып, мерейімізді тасытып жатыр.

Бірақ бұл табыстарды мал­данып қарап отыруға болмайды. Жалпы, бәсекелестік кезеңде көш­тен қалмауға әр мемлекет өзінше қамданып жатыр. Дегенмен,  қазақстандық қам-қарекеттің өз артықшылығы бар. Соның бірі – гуманитарлық білімнің барлық бағытын қамтитын әлемдегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару ісі. Бұл шаруа жүзеге асқанда дүние жүзі мойындаған 100 оқулық нәрімен қазақ жастары өз ана тілінде сусындай алады. Дерек­көзіне сүйенсек, аударма ісі 2017 жылдың жаз айынан басталып, студенттер 2018-2019 оқу жылының өзінде-ақ жаңа кітаптарды қолына алуы тиіс. Демек, әлемдік бәсекеге мейлінше лайықты жастарды дайын­даудағы  үлкен бір шаруа қазірдің өзінде қызу басталып кеткен.

59d0c9370048183ef8a2e32493c4a46a

Тағы бір аса өзекті бағыт – ла­тын әліпбиіне көшу. Бұл жөнінде Елбасы: «2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастауға тиіс­піз.   Ол кезең де таяп қалды, сон­дықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқым­ды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз», — деді. Жоспар бойын­ша, қазақ әліпбиінің жаңа графи­ка­дағы стандартты нұсқасы 2017 жыл­дың соңына дейін қабылдануы керек. Ал оқулықтарды әзірлеу мен жаңа әліпбиді үйрететін маман­дарды дайындау 2018 жылдан қолға алынады.

Латын әліпбиіне көшудің білім саласына тигізер оң әсері орасан. Басқасын айтпай-ақ қояйық, бас­тауыш сынып оқушылары әр түрлі алфавитпен әріп танып, басын ауыртпайды. Ағылшын тілін меңгеру жеңілдейді. Ұстаздар қауы­мының да жұмысы жүйелене түседі. Олай болса, Елбасы көр­сеткен Рухани жаңғыру бағдары­ның білім саласына қатысты тұсы – келешек ұрпақты кемел білімге сусындататын үлкен мүмкіндік. Мұндай тарихи мүмкіндікті ұтымды пайдалана білу – ұлт мерейін асырып, мемлекеттің іргесін бекіте түседі. Өйткені, бұл шаруа – бәсе­кеге қабілетті қоғам құрудың алғы­шарты.

Сондықтан бұл іске жастар бел­сене атсалысуымыз керек. Болашақ біздің қолымызда.

 

Тоғжан АЛПАМЫС.