«Бақыткелді» мешітіндегі берекелі кездесу

image-08-01-18-03-20

Жұманың тағы бір таңы арайлап атты. «Бақыткелді» мешітіне асыққан жамағаттың қуанышын арттырып, жұма уағызына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз хазіреті өзі келіп, «Садақа – береке кілті» тақырыбында керемет уағыз айтты. Нұр үстіне нұр дегендей, мешітке ат басын қазақтың қос батыры: Асанәлі Әшімов және Жақсылық Үш­кемпіров ағаларымыз бұрып, жамағат­пен бір қатарда тұрып, Жаратушыны ұлықтады. Ел алдында жүрген айбынды ағаларымыздың мешіттен көрінуі жұмаға жинала алмай жүрген талай жандардың құлшынысын арттырды деген сенімдеміз. Бас мүфти Алла Тағалаға ұлықтау айтып, Пайғамбарға салауат жолдай келе, садақаның артықшылықтары мен айрықша орны туралы көптеген аят, хадистерден хабардар етті:

«Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Садақа ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. Хадисте: «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін», – делінген. Құран-Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалып, Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Шексіз нығмет Иесі болған Алла мақлұқаттың табиғатында өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жаратқан. Жасала­тын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек: мұқтаж жанға беру, Алла разылығы үшін берілуі, берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуы тиіс. Ислам өзгеге жәрдем беруді бұйыратын дін. Адамзат тарихына үңілгенімізде, Исламға дейін бірде-бір елде жарлы мен байдың, әлсіз бен күштінің, әйел мен ердің арасындағы құқық пен теңдік болмаған. Ал ислам діні адамдар арасындағы теңдікті орнатып, бай мен жарлыны жақын­датып, бір-біріне көмек қолын созуды, қарайласуды мұсыл­манға міндет әрі сауапты амал екенін сүйіншіледі», – деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

image-08-01-18-03-20-2

Жұма – мұсылманның мерекесі десек, мереке көрігін қонақтардың мәрттігі қыздырды. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал Асанәлі ағамыз Бас мүфтиге дуалы батасын берсе, жауырыны жерге тимеген Жақсылық ағамыз шапан жауып, ел алдындағы үлкен жауапкершілік жолында мұқа­тыл­мас ерік-жігер тіледі. Жамағат әрбір айтылған бата-тілекке әмин деп, үлкендердің тамырын тереңге жіберген, қаймағы бұзылмаған дәстүрді жалға­ғанына разы болып, іштей бір тебіренді десек, артық айтқанымыз емес. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі де сонда барады демекші, жас буын да батыр ағалары­мыздың ізін жалғап, намазда алдыңғы сапта тұрып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің үлгісін жалғастырады деп білеміз. «Бақыткелді» мешітінің Бас имамы Бауыржан қажы бастаған жамағат Бас мүфти Серікбай қажы хазіретіне елімізде Исламның өркен жайып, діннің кемелденуіне қосатын үлесіне әрқашан да қолдау білдіріп, жауапкершілігін абыроймен атқаруына құтты қадам тіледі.

 

  «АҚШАМ-АҚПАРАТ».