АКУШЕРЛІК МЕКТЕПТЕН ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖГЕ АЙНАЛҒАН

%d0%ba%d0%be%d0%bb%d0%bb%d0%b4%d0%b5%d0%b6

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Республикалық меди­цина колледжінің  80 жыл­дығына орай, Жамбыл атын­­дағы Қазақ мем­лекеттік филармониясында ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оған еліміздегі жоғары және орта білімді медицина мамандарын даярлайтын оқу орындарының басшы­лары мен  оқытушылары, Қазақстанның  денсаулық сақтау саласына еңбектері сіңген  ардагерлер,  ҚР Ден­саулық сақтау министр­лігінің өкілі А.Құсайынова, өңірлердегі денсаулық сақтау саласының басшы­лары және С.Ж.Асфен­дияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина универ­ситетінің ректоры, меди­цина ғылымының докторы, профессор Талғат Нұрғожин қатысты.

Сонау отыз жетінші жыл­дары шағын ғана аку­шерлік мектептен қазіргі таңда республикамыздағы орта буынды медицина қыз­меткерлерін даярлайтын оқу  орындарының көшбасшысы ғана емес,  оқытумен қатар, ғылыми-тәжірибелік жағынан үйлестіруші әрі  әдіскерлік орталыққа айнал­ған оқу орнының осы 80 жылда қол жеткізген жетістіктері аз емес. Қай кезеңде болмасын, маман дайындау ісінде тың жаңалықтар мен жаңа үрдістерді қолдана білген Республикалық медицина колледжі бүгінде жоғары  білімді  мейірбике ісінің мамандарын даярлайтын жоғары колледж мәртебесіне ие болды. Оқу орнының тағы бір жаңалығы – қазіргі заманның талабына сай жекеменшік иелікке өтті. Екі ғасырдың куәсі –  Респуб­ликалық жоғары медицина колледжінің   80 жылдық тарихы туралы және оқу орнының қазіргі таңдағы беталысы жайында  медицина ғылымының докторы, профес­сор Сәуірбек Рузуддинов баяндама жасады.   Кол­ледждің тарихын баяндайтын бейнефильм көр­сетілді. Бұдан соң  оқу орнының мерей­тойына  келген қонақтар ақ тілектерін ақтарды. Оқу орнын басқарған,  дәріс берген   ардагер оқытушы­ларға құрмет көрсетілді.  Колледжде дәріс беріп жүрген оқытушылар мен басқа да сала мамандары назардан тыс қалған жоқ. Олар Денсаулық сақтау министрлігінің, қалалық әкім­діктің, қалалық денсаулық сақтау басқармасының және Медеу аудандық әкімдік­терінің марапат­тарына ие болды. Осы салтанатты жиында колледждің қызмет­керлері   Ж.Қазақбаева, Ш.Рузуд­динова өңірлеріне «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбел­гісімен марапатталса, А.Аман­баева, М.Сәрсенбаева, С.Әбі­шова, Г.Түгелбаева, Г.Алина  және тағы басқа бір топ колледждің үздік оқыту­шылары Алматы қаласы әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен, Медеу ауданы әкімінің, Денсаулық сақтау басқармасының және «Нұр  Отан» партиясының Медеу аудандық филиалы­ның  марапаттарына ие болды.  Салтанатты жиын соңы әр секция бойынша ғылыми-тәжірибелік конфе­ренцияға ұласты.  Онда «қазіргі таңдағы мейірбике ісі мамандарын оқыту мен дайындаудың жаңа жүйесі, тұңғыш рет пилоттық жоба ретінде   еліміздің бес қаласы бойынша қолға алынған қолданбалы бакалавриат жүйесі, мейірбике ісінің жаңа моделі,  мейірбике қызметін басқарудың жаңа тәсілдері, мейірбике күтімі бойынша үздік оқытушы» атты тақы­рыптар аясында мамандар ой-пікір бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты.