ҚЫС ҚЫЗЫҒЫН ҚАЙДАН ІЗДЕП ЖҮРСІЗ?

????????????????????????????????????

Екі-үш күннен бері өзінің ызғары мен аязын сездіріп тұрған қаңтар ақырындап қаһарына мінейін деген сияқты ма, қалай өзі? Әп-сәтте мезгілдің қыс екенін есімізге түсірді. Қою қараң­ғылық басқан сәттегі суықта, далада қалып қал­саңыз, ешкімді аяйтын түрі жоқ. Дегенмен, қыс қызығы жылтыраған әппақ қары мен аязды суық күндерінде емес пе? Жексенбі күндерді белсенді демалыспен өткізетін алматылық­тардың қатары­нан болсаңыз, онда таудың күмістей таза ауасы мен Медеудің мұз айдынына бет алып жүрген боларсыз? 

Отшашумен қарсы алған ит жылының ал­ғашқы аптасындағы қысқы көңіл-күйлеріңіз қандай? Қыс қызығын қайдан іздеп жүрсіз?

ІҢКӘР,

мектеп оқушысы: 

– Қыс басталғалы құрбыларыммен, сынып­тастарымызбен үш рет Медеу мұз айдынына бардық. Өзім сияқты сырғанау­ды, конькиді жақсы көретіндер үшін Медеудің атмосферасы тамаша. Әдемі музыканың ырғағымен жарыса сырғана­ғанда, өзімді кәсіби фигуристер сияқты сезінемін. Құрбыларыммен үнемі таңер­теңгілік сеансқа барамыз. Алғаш барғанда адам өте көп болды әрі бізді көңілді қарсы алды. Түрлі ертегі кейіпкер­лерімен суретке түсіп, қалағанымызша сырғанап қайттық. Егер өзіңнің конькиіңді ала барсаң, Медеуде қанша уақыт жүрсең де, өз еркің. Құмарымыз қанғанша сырғанап, суретке түсіп алған соң, қала ішіндегі сауда орталықтарынан тамақ­танамыз да, үйге қайтамыз.

 

СҰЛТАН,

ІT маманы: 

 

– Қыс қызығын әлі көре қоймадым. Күнделікті жұмыс, спортзалдан босай алмай жүрмін. Бірақ уақытымды текке өткізбеймін. Алдағы 5 жылдық өміріме нақтылап, кәсіби деңгейде мақсатты жос­пар жазып қойдым. Өз кәсібіме бай­ланысты семинар-тренингтерге жазылып, білімімді арттыратын кітап қарап жүрмін. Айына бір рет достармен тауға шығып тұратын әдетіміз бар.

 

Ақтоты ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ,

кәсіпкер:

 

– Өткен жылы Алматыға төрт отбасы ақпан айында келіп, демалып кеткенбіз. Биылғы Жаңа жылды бес отбасы болып Алматыда қарсы алдық. Алты айлық баламды алып, Қызылордадан ұшақпен ұшып келдік. Бірінші күні Шымбұлаққа бардық, екінші күні Ақбұлақта демалып, үшінші күні Медеуге бардық. Өзім осы Алматыда оқығандықтан болар, бұл қала маған ерекше ыстық. Күні ызғарлы, дегенмен де, қала ішінде баламен жүру өте ыңғайлы.

 

МЕРГЕМБАЙ,

Алатау ауданының тұрғыны:

 

– Биылғы қыстың қызығы – көмір жоқ болып жатыр. Екі күннен бері көмір іздеп, бүгін тоннасын 18 мың теңгеге сатып алдым. От жағып, түтін түтетіп отырған көр­шілерімнің бәрі мақұлдайды. Бүгінгі көмірлер осыдан 5–7 жыл бұрынғы кө­мірдің сапасындай емес.  Лап етіп жанады да, жылуы жоқ, өшіп қалады. Үйің суық болса, далаға шығып, қысты қызықтауға қайдан мұршаң болады? Балалар үшін сырғанақ, шананың қызығы болмаса, біздер үшін күнделікті тіршіліктен анда-мында бұрылуға шама бола бермейді. Соғым сойып, отын жинап алдық, ертең келетін-кететін қонағымыз бар, соларға жаяр дастарханымыз мол болса, бізге одан артық қандай қызық бар?!

 

ӘЙГЕРІМ,

журналист:

 

– Арман Әлменбет шығарған күнделікті сатып алдым. Енді сол бойынша өзіммен жұмыс істеп жатырмын. Фрилансер болғандықтан уақытты, жұмыс кестемді өзім жоспарлаймын. Қаңтарда қандай кітап оқитынымды, қанша мақала жазаты­нымды, қандай фоторепортаж жасайтынымды, қызықты кейіпкерлер іздеуді түртіп қойдым. Шынымды айтсам, таңертең ерте тұру біраз қиын. Соны әдеттенуге барынша күш салып жатырмын. Қаңтар айының соңында Алматыға онкүндік оқуға барамын, сол кезде Медеуге баруды жоспарлап қойдым. Алматының әппақ қарға оранып тұратын қысын сағынып жүрмін.

 

     Сауалнаманы жүргізген –

Әсел ДАҒЖАН.