АЛМАТЫҒА ФИФА КУБОГЫ КЕЛЕДІ

Қазақстанға Әлем кубогы келетіндігін Coca-Cola компаниясының өкілі мәлімдеді

img_2878

Нұрлан СҮЙІН

Теңбіл доп додасының ең басты трофейін ФИФА-ның ресми өкілдері  4 ақ­пан күні Пәкістаннан   Алматыға алып келеді. Бір күннен соң Кубок басқа елге өз турын жалғастырады. Футбол дода­сының басталуына дейін әлем кубо­гы  дүние жүзінің  52 мемле­кетін аралайды. Қазақстан осы трофейді екінші рет қабылдайтын алғашқы мемлекет болып отыр. Бірінші рет Әлем кубогы Алма­тыға 2010 жылы келген болатын.

– Бұл Кубок арнайы күмбездің ішінде сақталып, бір күн бойы Алматының Розыбакиев көшесіндегі орталық Мегада тұратын болады. Кез-келген қала қонақтары мен тұрғындары сонда  келіп көруге, суретке түсуге мүмкіндік алады, – дейді Coca-Cola компаниясының өкілі Александра Аккирман.

Әлем чемпионаттарының алдын да өткізілетін дәстүрлі тур қыркүйек айының  9-ында  Ресей астанасы Мәскеу қаласындағы «Лужники» стадионында басталды. Осы алаңда Әлем чемпио­натының ашылу салтанаты мен финал­дық ойын өтеді. ФИФА кубогының туры Ресейде мамыр айында  аяқталады.

Александра Аккирманның айтуын­ша, Алматы қаласы ФИФА өкілдерінің шешімімен бірнеше белгі бойынша таңдалды. Олар – ауа-райының қолай­лылығы мен тамашалаушы аудитория­ның көптігі.

Осынау жаңалыққа қатысты Қазақ­стан футбол федерациясы президенті Сейілда Байшақов өз ойын білдірді.

inx960x640

– Қазақстан үшін бұл өте үлкен қуаныш, себебі, біз екінші мәрте Әлем кубогын Алматыда көретін боламыз. Осыдан жеті жыл бұрын бұл жерде ажиотаж болып, 90 мыңдай адам жиналған болатын, — дейді С.Байшақов.

Айта кетер жәйт, Әлем чемпио­натынан басқа Coca-Cola жергілікті Футбол федерацияларымен де бірігіп көптеген іс-шаралар өткізеді. Қазақстан футбол федерациясымен бірігіп ұйым­дастырылатын ең ауқымды әрі ірі тур­нирлердің бірі – балалар мен жасөс­пірімдер арасындағы «Coca-Cola Был­ғары доп»  сайыстары.

– Бұл турнирді біз 2006 жылдан бері өткізіп келеміз. Осы уақыт ішінде жарысқа Қазақстанның 1 миллионға жуық оқушылары қатысқан.  Біздің көптеген танымал футболшы­ларымыз, осы турнирден алғашқы қадам­дарын жасаған болатын.  Бүгінде Қазақстан футболының ардагері болған мен де  өзімнің алғашқы жарыстарымды сол кездегі «Былғары доп» турнирінен бастадым. Қазір заман басқа, балаларға барлық жағдай жасалған, – деді ҚФФ президенті.

Сонымен қатар, осы шараға қатыс­қан ҚФФ спорттық директоры Игорь Утробин алдағы жоспарларымен бөлі­сіп, 2018 жылдан «Соса-Соla Былғары доп» республикалық турнирі  мектепте  оқитын қыздар арасында да өтетіндігін мәлімдеді.

– Ең алдымен демеушілерімізге алғыс білдіргім келеді. Қазір біз 2017-2018 маусымын бастап кеттік. Барлық өңірді доптармен қамтамасыз еттік. Көктем айында, мамырдың 8—16 аралы­ғында Елорданың «Астана Арена» стадионында финалдық ойындарды өткіземіз, – деді ол.

Қазақстан футбол федерациясы мен Coca-Cola компаниясы Алматы тұрғын­дары мен қонақтарын 4 ақпан күні «Мега» орталығына ФИФА-ның бас жүлдесі – Кубокты тамашалауға шақы­рады.