СИРИЯДАН – СОЛТҮСТІК КОРЕЯҒА ДЕЙІН…

Геосаясатта 2017 жыл несімен есте қалды?

%d1%82%d1%80%d0%b0%d0%bc%d0%bf

Бүгінде геосаясаттың әлемдік дамудың айқындаушы бір факторы екені ақиқат. Сол үшін де жұрт  дүниенің әр түкпіріндегі  саяси оқиғаларды жіті бақылап, оның аяқ алысына алаңдап отырады. Өйткені,  саясаттағы әрбір қадам-қарекет халықаралық қатынасқа, экономикаға, әлеуметтік өмірге  айтарлықтай  әсер етеді.

Тарихтың қойнауына еніп, өтіп бара жатқан 2017 жыл қандай саяси оқиғалары­мен есте қалды дегенде, ең алдымен ауызға Сириядағы ахуал  ілігеді.  Себебі, «Сирия қайшылығының» бітпес дау, созылмалы дерт, жазылмастай жараға айналғанына анау-мынау емес, сегізінші жылға аяқ басты.

БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, Сирия жеріндегі азамат соғысының салдарынан 300 мыңнан астам  адам опат болып, 4 млн.-нан артық  бейбіт тұрғын бас сауғалап, босқынға айналған. Елдің экономикасына 103 млрд. доллар шығын келген. Мұның бәрі сандық өлшем ретінде айта салуға оңай. Ал шын мәнінде оның артында қаншама адамның тағдыр-талайы, көз жасы мен уайым-қайғысы жатыр. Салыстырып қараңыз, үш жүз мың адам  біздегі тұтас Семей қаласының халқына пара-пар. Елінен-жерінен безген төрт миллион халық Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының  тұрғындарына тең  деген сөз.

Қазіргі таңда бүкіл бейбітшіл, прогресшіл адамзат  Сириядағы қанды қақтығыс пен дау-жанжалдың тезірек аяқталып, тыныштық пен тұрақтылықтың  орнағанын қалайды.  Бұл бағытта бірнеше мемлекеттер мен халық­аралық ұйымдар жұмыла жұмыс істеп, әрекеттенуде. Осыған дейін әр түрлі позиция ұстанып, бірі Башар Асад режимін қолдап, екіншісі оның кетуін талап еткен  Ресей, Түркия және Иран  мемлекеттері ортақ мәмілемен кепіл болуға ниеттеніп,  БҰҰ-ның бақылауымен  Сирия жанжалын реттеуге  күш салуы осының айқын дәлелі.

Аталған елдердің қолдап, мақұлдауы­мен 2017 жылдың өн бойында елордамыз Ас­танада  Сирия  үкіметі  мен қарулы оппо­зи­ция өкілдерінің келіссөздері сегіз рет (23-24 қаңтар, 15-16 ақпан, 14-15 наурыз, 3-4 мамыр, 4-5 шілде, 14-15 қыркүйек, 30-31 қазан және 21-22 желтоқсан күндері) өткізілді. 2014 жылдан бері үш жыл жүз көріспеген қос тарап алғаш рет үстел басына отырды. Қарама-қайшылықтың қарумен емес, диалог, ымыра келісіммен шешілетініне көздері жетті және оған ниетті екендіктерін танытты. Бұл бір жағынан Женевада өткізіліп жатқан келіссөздердің құрамдас бөлігі-тін.

Әйтсе де әлемдік геосаясаттағы осынау бір қиын да күрделі түйінді шешуде келіссөздер алаңы ретінде Астананың таңдалуын халықаралық қауымдастық тарапынан  біздің Қазақстанға көрсетілген құрмет пен сенім деп айтуға болады.  Бұған сірә, көптеген халықаралық мәселелердегі  әділетті де бейтарап ұстанымымыз,  соның алдында ғана  Ресей мен Түркия жанжалын реттеудегі араағайындық жемісті әрекетіміз және де БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануымыз ықпал еткен болса керек.

Астанадағы келіссөздер барысында мәселе түбегейлі шешілмегенімен  сең бұзылып, тоңның беті жібіді. Кепіл болушы үш тарап: Ресей, Түркия және Иран  ортақ мәлімдемеге қол қойып, Сирия Араб Рес­публикасының егемендігі мен біртұтастығы туралы идеяны  мойындап, қолдады. Жауласушы жақтардың  атысты тоқтатып, келіссөздерді жалғастыруына, сөйтіп мәміле  мен ымыраға келуілеріне ниет танытып, оны бақылаудың үш жақты механизмін құру жайында шешім қабылдады.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік  кеңесі Астанадағы Сирия келіссөздерін оң бағалап, халық­аралық деңгейдегі көптеген саясаттанушылар мен сарапшылар  бейбітшілікке бағытталған  ілгері қадам және қазақстандық дипло­матияның  жетістігі деп  атады.

Ресейдің  «Россия-РТР» телеарнасына  берген сұхбатында израилдік қоғам қай­раткері  Яков Кедми  Женевадан гөрі Аста­надағы  келіссөздер  тиімділеу болуда  деген пікір білдірді.

Бір айта кетерлігі, Женевада Еуропаның ықпалымен Башар Асад билігіне қарсылық пен саяси талаптар күн тәртібіне қойылса, ал Астанада қарулы қақтығыстарды уақытша не түбейгейлі тоқтату мәселесі қаралып, талқыланды.

Бірқатар қиындық, кедергілермен болса да, келіссөздер барысында Ресейдің бастамасымен  кепіл болушы: Ресей, Түркия және Иран  арасында Сирия жеріндегі оппозициялық қарулы топтардың қол астындағы: Идлиб, Алеппо, Латакия және Хомсте төрт қауіпсіздік аймағын құру жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы құжаттың негізінде  бұл аталған аймақтарда атыс пен қарулы қақтығыстар тоқтатылып, гуманитарлық көмек, дәрі-дәрмектің жеткізілуіне, соғыстан бүлінген инфрақұры­лымдарды  қалпына келтіруге мүмкіндік берілді, тұтқындар алмастырылып, босқын­дарды ерікті түрде  қайтару жайы қарас­тырылды.

Астанадағы биылғы Сирия келіссөз­дерінің соңғы сегізінші кездесуінде төрт дэскалациялық (қауіпсіздік) аймағының жұмыс істеу деңгейі  қаралып,  кепіл болушы тараптар: Ресей, Түркия және Иран  ұсталғандар мен тұтқындарды босату, қайтыс болғандардың денесін беру, із-түзсіз жоғалғандарды іздестірумен айналысатын  жұмысшы тобы туралы  ережені бекітті, сондай-ақ,  бүкіл Сирия жерін, оның ішінде  ЮНЕСКО тізіміне енген  мәдени ескерткіштерді  миналардан тазар­тып, залалсыз­дандыру жөнінде  бірлескен мә­лімдеме  жасалды. Келесі  тоғы­зыншы Астана келіс­сөзі 2018 жыл­ғы ақпанның екініші жартысына белгіленді. Оған дейін 29-30 қаңтар күндері  кепіл болып отырған үштіктің  (Ресей, Түркия, Иранның) қолдауымен Сочиде Сирия ұлттық диалогы конгресі өткізілетіні айтылды. Ресми билік, оппозиция және басқа  да тараптардың өкілдері қатына­сатын ол ұлттық конгресте жалпыға бірдей ашық сайлау, елдің жаңа конститу­циясы сияқты саяси мәселелер қаралады.

Ендеше, Сирия  мәселесі жақын арада шешімін  табады деп айтуға әлі ерте.

Осы сияқты, кейінгі жиырма жылдың көлемінде  ШОС (Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы)  өңір­лік бір­лестік ретінде  ай­тар­лықтай нәти­жемен жұмыс істеп келе жат­қаны  белгілі. Ол әу баста 1995-1996 ж.ж. Аспан ас­ты елінің Шан­хай қаласында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжік­стан елдерінің бастамасымен  құрылып,  2001 жылы оған  Өз­бекстан қо­сыл­ған-тын.

Ұйымның алдына НАТО сияқты әскери-саяси альянс, не АРФ (Азия­лық аймақтық форум) тәрізді таза қауіпсіздік мәселесі, я болмаса ЕАЭС секілді эко­номикалық емес, тер­роризм, сепа­ратизм, экстремизм, есірткі тасымалына және табиғат апаттарының салдарына қарсы күресіп, қамту аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Арада бес-алты жыл өткен соң ШОС-қа басқа мемлекеттердің назары ауып, Моңғолия, Иран, Ауғанстан, Беларусь, Үндістан, Пәкістан – бақылаушы мәртебесін иеленді. Ал Армения, Әзербайжан, Шри-Ланка диалогтық әріптестер қатарына енді. 2015 жылдың шілдесінен Үндістан мен Пәкістанды  қабылдау шаралары қолға алынып, 2017 жылдың 8-9 маусым күндері, яғни  халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылуы қарсаңында  Астанада ШОС-тың кезекті  саммитінде   Үндістан мен Пәкістан толық мүше болып қабылданды. Бұдан ұйымның сандық және сапалық сипатының артатыны анық. Алайда,  сонау 1947 жылдан бері Джамму мен Кашмир провинциясы үшін бір-бірімен жауығып келе жатқан  екі елдің бір ұйымға мүшелікке енуі талайларды таң қалдырды және  «олар ШОС-тың  аясында қалай бірлесіп жұмыс істейді?» деген сауалға жауап іздей бастады.

Сірә, адамзат тарихында саясаттың кесірінен, басқаша айтқанда, өзгелердің  от көсеп, іріткі салуымен  бір халықтың  екі елге бөлініп, бір-бірімен жауласып отыруынан асқан қасірет жоқ шығар.  Жетпіс жылға жуық  созылып келе жатқан  Солтүстік  және Оңтүстік Кореяның қырғи-қабақ қатынасы осының  жарқын мысалы. Бұлардың арасына ауық-ауық  АҚШ түсіп, онсыз да күрделі жағдайды онан сайын ушықтырып жібереді. Вашингтонның  Оңтүстік  Кореяға дем беріп, онымен бірлесіп, шекаралық теңіз ай­мағында жиі-жиі  әскери жаттығулар өткізуі КХДР-дің (Корей Халық Демократиялық Республи­касы) қытығына  тиіп, ашу-ызасын келтіреді.  Ал  геосаясатта үстемдік жүргізіп, әлемді  билеп-төстегісі келетін  Америкаға Солтүстік Кореяның, оқтын-оқтын оқ тұмсықты зымырандарын ұшырып, қиқар мінез танытып қоятыны ұнамайды.

Осындай қатынастың салдарынан биылғы жаздың соңында Вашингтон мен Пхеньян, соғысудың аз-ақ алдындағыдай  әрекеттерге барып,  бір-біріне дөңайбат шегіп, қоқан-лоққы жасады. Ақ үйдің қожайыны Дональд Трамптың ызыланғаны соншалықты: «біз оларды бұрын-соңды болмаған оқ пен отқа орап, тас-талқан етеміз» деген болса, бұған жауап ретінде Ким Чен Ын  Тынық мұхиттың батысындағы «Америкаға тиесілі  160 мыңдай тұрғыны бар,  АҚШ-тың аса ірі стратегиялық әскери базасы орналасқан Гуам аралын төрт  «Хвасон–12» зымыранымен атқылаймыз. Біздің  орта қашықтыққа арналған ұшқыр зымырандарымыз екі арадағы 3356 шақырым қашықты небірі 17 минутта  ұшып өтіп, көздеген аумаққа түседі» деп шіренді.

Солтүстік Корея екі-үш рет «Хвасон-14» баллистикалық зымыранын   сынақтан өт­кізіп, оған байланысты: «Мұнымыз айнала­дағы көрші мемлекеттерді қорқытып-үркіту емес, қайта бізге қауіп төндіріп отырған Аме­рикаға жасаған  ескертуіміз» деген  түсінік берді.

Осыдан кейін іле-шала, 5 тамызда  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі  Пхеньянның зымырандық сынағын батыл айыптап, оған  қарсы  санк­цияны қатайта түсу жайында қарар қабыл­дады. Ол қарарға сәйкес  Солтүстік Кореядан көмір, темір, қорғасын және теңізден алынатын өнімдерді  экспорттау шектелді. КХДР  сыртқы сауда жасайтын банкісінің есеп-шоттары жабылып, оның теңіз кеме­лерінің жүріп-тұруына, өзге мемлекеттердің айлақтарына кіруіне тыйым салынды

Ресми  Пхеньян  БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің  бұл қарарын мойындамайтынын  және де оның тікелей Вашингтонның «тізеге салып, күштеуімен» қабылданып отырғанын мәлімдеді.

Қазіргі таңда АҚШ пен Жапонияның барлау қызметтері   Солтүстік Корея  60 зы­мы­рандық ядролық оқтұмсыққа, бірнеше континентаралық  баллистикалық зымыран­дарға ие екенін, бұған қоса термоядролық қаруларды да сынақтан өткізіп жатқанын растайды.

Рас,  Америка бір жағынан  Қытай мен Ресейге  де қарайлайды. Өйткені, қытайлық  «Глобал Таймс»  басылымы  Пекиннің:  «Егер­ де АҚШ  пен Оңтүстік Корея  алғаш болып соққы жасап, Солтүстік Кореядағы билікті  құлатуға  күш салып, түбектегі жағдайды өзгертуге ұмтылатын болса, онда біз қарап қалмаймыз», – деген мәлімдемесін жеткізді. Ал, керісінше  шабуылды Пхеньян  бастап, американ жеріне қауіп төндірген жағдайда, өзінің бейтарап ұстанымда болатынын айтқан.

Мәлімдемеде, сондай-ақ: «Қалай болған­да да  Қытай  ядролық қарудың жұмсалуына, Корей түбегінде соғыс өртінің тұтануына  қарсы. Және де әскери қақтығысты тудыру­шы ешбір тарапты  қолдамайды. Вашингтон мен Пхеньян  ұстамдылық танытулары тиіс. Корей түбегі – талай елдің стратегиялық мүд­делері тоғысып жатқан жер. Мұнда еш­кімнің де  үстемдігі  болмауы керек», – делінген.

Демек, Құрама Штаттар мен Оңтүстік Корея үшін  Пхеньян қуатты қару қолданып,  тәубесіне келтіре  салатындай шағылуы оңай жаңғақ болмай тұр.

Айтпақшы,  қазан айында  күтпеген жерден АҚШ  өзінің  ЮНЕСКО  ұйымынан мүшеліктен шығатынын, бірақ та бұл ұйым­нан біржолата қол үзбей   бақылаушы мем­лекет ретінде қалатынын  жариялады. Мұн­дай қадамға баруының себебін 2011 жылдан бері қордаланып қалған жарналық қарыздың көбеюімен, ұйымның жұмысына көңілі толмайтындығымен және де ЮНЕСКО-да қалыптасқан Израильге қарсы саясатпен  келіспейтіндігімен түсірдірді.  Әйтсе де әлем­дік геосаясатта, экономикада  жағдай күрделеніп тұрған шақта жетекші держава саналатын Американың гуманитарлық салада мұндай қадамға баруы  талайлардың өкінішін тудырды.

Әдетте  көпшілігіміз  Еуропа елдерінде  демократиялық құндылықтар мен қағидаттар қатаң сақталған,  әрбір  адамның,  әр халық пен ұлттың  еркі мен құқы, бостандық­тарының бұзылуына жол берілмейді  деп ойлаймыз. Бірақ та  Испанияның Каталония автономиялық аймағында орын алған оқиға  жағдайдың мүлде олай емес екенін көрсетті.

Орталық биліктің үзілді-кесілді қарсы­лығына қарамастан  Каталония автоно­миясы өжеттік пен табандылық танытып,  1 қазанда  тәуелсіздік жөнінде  референ­дум өткізді. Ре­ферендумға  аймақ тұр­ғындардың 2,26 млн.-ы, яғни  42,3 пайызы қатынасып, олардың  90 пайызы  тәуелсіздікті жақтап дауыс берді.

Каталонияның Испаниядан бөлінуге ұмтылуына не себеп дегенде оның  басқа өңірлеріне қарағанда индустриалдық-экономикалық жағынан жоғары дамығаны, корольдіктегі  ЖІӨ-нің 20 пайызынан астамын өндіріп, жылына орталық бюджетке  65 млрд. еуродан астам қаржы құйып, небәрі 49-55 млрд. еуро көлемінде  қайтарым алатыны, бұл автономия халқының: «біз елдің  табысы төмен масыл бөлігін асырап отырмыз» дегендей өкпе-ренішін тудыра­тыны көлденең тартылды.

Испания үкіметі  Каталония референ­думын елдің Конституциясына қайшы деп есептеп, оны  болдырмау мақсатында  Мадридтен азаматтық гвардия мен полиция  жасақтарын  әкеліп жауды. Полиция мен гвардияның  дауыс берушілерге резеңке оқ пен шоқпарларды қолдануынан  900-дей адам әр  түрлі жарақаттар алды. Бейбіт халыққа бұлай күш қолданып, зорлық-зомбылық көрсету жұртшылықтың  ашу-ызасын тудырып, онан сайын өршелендіре түсті. Биліктің бұл әрекетін Батыстың көптеген саяси қайраткерлері  мен халықаралық  ұйымдар теріс көріп, қатаң  сынады.

Референдумнан кейін іле-шала Испания корольдігінің үкіметі  Каталония  басшы­ларын  қызметтерінен  босатып, басқаруды тікелей өз қолдарына алды.  Автономияда кезектен тыс парламенттік сайлау  өткізуді белгіледі. Қуғын көріп, тұтқындау қаупі төнген Каталония женералитетінің басшысы Карлес  Пучдемон Бельгияға барып бой тасалады.

Өкінішке қарай, испан билігінің  Ката­лониядағы парламенттік  сайлауға артқан үміті ақталмады. Таяуда 21 желтоқсанда өт­кізілген парламент сайлауында  135  депу­тат мандаттың  70-не  тәуелсіздікті жақтаушы  партиялардың  өкілдері ие болып, тағы да сая­си жеңіске жетті. Биліктің  сойылын соғушы  мадридтік «Paіs» басылымы  мұны «Каталония тарихындағы ең  сүреңсіз сайлау» де атады.

Брюссельде  бас сауғалап жүрген  Карлес Пучдемон жерлестеріне үн қатып,  бұл  Каталония республикасының жеңісі екенін, Испания үкіметіне соққы берілгенін, премьер Мариано Рахойдың  жеңіліске ұшырағанын  қуана айтты. Барселона көшелеріне жергілікті халық: «Пучдемон – президент!» деген ұран көтеріп шықты.

Референдум дегеннен еске түседі. Каталониядан сәл бұрын  25 қыркүйекте  Ирактағы Күрд  автономиясы да  тәуелсіздік жөнінде референдум өткізіп, ирак билігін әбігерге салып, көршілес Иран мен Түркия­ны да мазасыздандырып қойған-тын. Ирак үкіметінің алаңдайтынындай бар,  бүкіл елде­гі мұнай қорының алпыс пайызы  Күрд авто­номиясының жер қойнауында. Әрі ол ай­мақтың  ауа райы мен табиғаты егін шаруа­шылығына (бидай, арпа, сұлы) және қой мен ешкі өсіруге қолайлы  болып табылады. Ал   Түркия мен Иран  Ирак Күрдістанының  тәуелсіздік алуы  өздеріндегі күрдтердің  бас көтеруіне қозғау сала ма? деп қауіптенеді.

Кейбір мәліметтерге қарағанда Түр­кия­да – 20 млн.-нан астам, Иранда – 11 млн.-нан артық,  Иракта – 7 млн.-дай, Сирияда  – 3 млн.-ға жуық күрдтер тұрады.

Дегенмен Ирак Күрдістанындағы  рефе­рендумға  тұрғындардың 72 пайызы  (6 млн.-нан астамы) қатынасып, олардың 92,73 пайызы  тәуелсіздікті жақтап, дауыс берге­німен, оның нәтижесі  ешбір халықаралық ұйымдар  немесе  мемлекеттер тарапынан мойындалмады.

Оңтүстік  Шығыс Азиядағы Мьянма (бұрынғы Бирма) елінде  мұсылман ро­хинджаларға  қатысты жасалған жантүр­шігерлік, қантөгісті қастандық әлемнің түкпір-түкпірінде ислам дінін ұстану­шылардың  наразылығын тудырды. Ондай наразылық акциясы алғаш болып Мәскеудегі  Мьянма елшілігінің алдында және Шешенстанда өтті. Келіп түскен мәліметтер бойынша  Грозныйдағы шеруге  1 мил­лиондай адам қатынасқан.

Мьянмадағы оқиға туралы әр қилы түсініктер берілді. Дейтұрғанмен,  базбір, бейтарап  дерек көздерінің хабарлауынша  ондағы  қақтығыс пен қантөгіс  25 тамызда  АРҚА (Аракан рохинджаларын құтқару армиясының)  отыздай полиция бөлім­шелеріне  шабуыл жасауынан басталған.  Оған жауап ретінде  үкіметтің күштік құрылымдары мұсылман рохинджаларға  қарсы жазалау операцияларын жүргізіп, нәтижесінде  17 елді-мекен өртеліп,  екі тарапты қоса алғанда 700 адам көз жұмған, 160 мың тұрғын  бас сауғалауға мәжбүр болған.

Прогрессивті түсінік пен ұстанымдағы саясаттанушылар мен сарапшылардың  пайымдауынша,  қалай болғанда да,  Мьянма­дағы мұсылман рохинджалардың  құқығы  мен мәртебесі шешілуі қажет. Онсыз  қақтығыс пен қайшылық, соғыс пен қантөгіс тоқтамайды, әрі қарай жалғаса береді. Олардың ойынша, бұл мәселеде ИЫҰ (Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы)  айтар­лықтай рөл атқара  алады. Олай дейтіні,  ИЫҰ-ның  белсенді мүшелері Сауд Ара­биясы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Катардың  Қытайға да, Мьянмаға да сөзі өтеді, ықпалы жүреді. Өйткені,  Мьянма-Қытай  құбырымен  мұнай  экспортайтын бірден-бір ел Саудия. Ал қалған екеуі   (БАӘ мен Катар)  Мьянмаға  мол инвестиция салған мемлекеттер. Тек  қана үшеуі мұсыл­мандық мүдде тұрғысынан бірігіп, Қытай мен Мьянмаға қысым жасаса болғаны.

Ол үшін  батыл қадам мен ерік-жігер керек!

Өз кезегінде Мьянма билігін және буддашыларды тыңдасаң,  мұндай қантөгісті оқиғаның тууына мұсылман рохинджа­лардың өздері кінәлі. «Олар еш жерде тұрақты жұмыс істемейді. Үнемі сығандар сияқты көшіп-қонып жүреді. Рохинд­жалардың  АРҚА  секілді террористік ұйым­дары арандатушылық  үкіметтің тірек нысан­дарына шабуыл жасап отырады», – дейді.

Бәрін айта та, бірін айт демекші, жылдың аяқталар тұсында ойламаған жерден АҚШ Президенті Дональд Трамп  Иерусалимді Израиль мемлекетінің астанасы деп тану және АҚШ елшілігін сонда көшіру жөніндегі  шешімін жариялап, күллі әлемді дүрліктіріп қойды. Бұл шешіміне қатысты ол: «Мен сайлау алдында сондай уәде бергенмін. Оған қоса Израиль егеменді мемлекет, оның өз астанасын таңдауына толық құқы бар» деген түсінік берді. Сөйтіп, Трамп  онсыз да Израиль мен Палестина арасындағы талайдан дау болып келе жатқан «Иерусалим мәселе­сінде»  «отқа май құйып»,  жағдайды онан сайын  ушықтырды. Төрткүл дүниенің әр түк­пірінде пікірталасқа түрткі болып, араб  елдерінің  қарсылығын тудырды. Көптеген елдерде наразылық шерулері өтіп, Ақ үй қожайынының атына қатаң сын мен  айыптаулар айтылды.

БҰҰ-ның  ҚК (Қауіпсіздік Кеңесінде) «Иерусалим мәселесі» талқыға түсіп,  Вашингтонның шешімін теріске шығару жөнінде қарардың жобасын Кеңеске мүше он төрт мемлекет қолдағанымен, АҚШ  өзінің құқығын пайдаланып,  вето қойды.  Артынша  мәселе  БҰҰ-ның Бас Ассамблея­сында қара­лып, онда Ақ үйдің шешіміне 128 ел қарсы  дауыс беріп, 39 мемлекет қолдап, 35 мемлекет қалыс қалды. Бұған шамданған  Құрама Штаттар өзіне қарсы дауыс берген елдерге  тиісті шаралар қолданатынын ескертті.

Десе де, осының өзі  әлемдік геосаясатта  күштінің көксегені, азулының айтқаны бола бермейтінін аңғартты. Кейбір көреген сая­саткерлер айтып жүргендей  дөңгеленген дүние  бір өрісті саясаттан – көп өрісті си­патқа бет бұрып бара  жатқаны байқалады.

Жалпы қай кезде де адамзат келешектен жақсылық күтуден танбаған. Сол айтқандай, алдағы 2018 жылға  бейбітшілік пен тұрақ­тылық, тыныштық тұрғысынан артылар үміт зор. Оған Қазақстан Республикасы  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде лайықты үлес қосады деген сенімдеміз.

 

Әшірбек АМАНГЕЛДі,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы