КІТАПХАНА – РУХ ШЫРАҒЫ

%d0%bai%d1%82%d0%b0%d0%bf%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b0

Рухани жаңғыру бағдарламасы бүгінде жан-жақты қолға алынып, ауқымды жобалар іске асырылуда. Ал осы шараларды жүзеге асыруға ықпал етіп, рухани жаңғыру бағдарламасының басты мақсатын халыққа түсіндіріп, жеткізуде кітапхананың атқаратын қызметі орасан зор. Кітапханаға рухани жаңғырудың бағдаршамы, шамшырағы деген теңеу айтсақ та қателеспеген болар едік. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді де рухани байлығымыздың ордасы саналатын кітапхана қызметкерлері бірінші болып қолдап, латын қарпіне көшу кітапханалар қорында жатқан тарихымыздың жаңа беттерін ашуға мүмкіндік береді. Дүния жұртымен емін-еркін хат алмасып, хабарласатын болдық деп бірінші болып сүйіншілеген де кітапханашылар еді. Біздің Алматы қаласы «Рухани жаңғыру» кеңесінің менеджері, Алматы қаласы мәдениет пен мұрағаттар басқармасы орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары Гүлсім Сағатпайқызы САПАХОВАМЕН болған әңгімеміз қала кітапханаларындағы «Рухани жаңғыру» бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен іс-шаралар төңірегінде өрбіген еді.

– Гүлсім Сағатпайқызы, қазіргі кезде Алматы қаласындағы кітапханалар орталықтандырылған жүйеге көшіріліп, өз жұмысын жаңа бағытқа бейімдегені белгілі. Осы жаңа тәсілге бет алған Алматы кітапханалары Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы арқылы белгіленген жоба-жоспарларын жүзеге асыруда қандай маңызды іс-шараларды қолға алып отыр?

– Мен, кітапхананы қоғам өмірінде болып жатқан барлық жаңалықтарды жинастырып, тарататын алтын қор, жылнамашы дер едім. Ал енді рухани жаңғыруға – рухани дүниелердің алтын сандығының кілтін ұстап отырған Алматы қаласы мәдениет және мұрағаттар басқармасы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты кітапханаларда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, қазақ тілін латын қарпіне әліпбиіне көшіру туралы Жарлыққа қол қойған кезде алғашқылардың бірі болып қолдап, қаламызда тұратын зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, олардың пікір-ойларын халыққа жеткізудің алтын көпірі болғанын да атап өткеніміз жөн.

Рухани жаңғыру бағдарламасы еліміздің болашақта біртұтастығын нығайтып, қоғамдық көзқарасты өзгерту мақсатында Елбасымыз ұсынған ұзақ жылға бағытталған қадам болғандықтан, бұл бағытта атқарылатын жұмыстар мен іс-шаралар жеткілікті. Алдымызда жүзеге асырылуға міндетті талай-талай іс-шаралар бар.

– Кітапханалар желісі қолға алып отырған ең басты бағдарламалар арасындағы Алматы жұртының назарын аударған іс-шаралар туралы айтып берсеңіз?

– Бағдарлама қағидаларын іске асыру мақсатында Алматы қаласының атқарушы органы «Рухани жаңғыру» кеңсесі құрылғаны белгілі. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында аталған және іске асырып, халыққа жеткізу міндеттелген. Туған жер, Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары, жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді іске асыруға бағытталған жобалар арнайы жасалған жоспарлар негізінде іске асырылып келеді. Әр жобаның жүгі салмақты, оны бір-екі жылда жүзеге асырамыз десек, асығыс айтылған пікір болар еді. Ұлтымыздың мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін, мәдени құндылықтары мен мұрасын өзіміз ғана жетік біліп қана қоймай, әлем жұртына ұлтымыздың ұлы мұраларын таныстыру үшін ұзақ уақыт, ең кемі алты-жеті жыл уақыт керек шығар. Ол жөнінде Елбасының өзі де қадап айтты емес пе?!

Енді кітапханалар желісі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсам, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жастар кітап оқуды таңдайды», «Кітап fest» кітап фестивалі, «Заманауи кітапхана – жастардың мәдени орталығы», «Қазақстандық 100 үздік кітап», «Буккросинг» халықаралық кітап алмасу атты іс-шаралар қаламызда тұратын кітап оқуға құмар, өз ұлтының рухани қазынасына жаны ашитын азаматтарды топтастырып, өзгелерді осы рухани әлемге жетелеп, алматылық кітап құмарлардың қатарының көбеюіне жол ашты. Республика бойынша Алматы қаласы кітапты ең көп оқитын қалалар қатарында. Қазір ақын-жазушылардың ең жиі бас қосатын орны да кітапхана болып отыр. Жалпы, қала кітапханаларында күнде әр түрлі тақырыпта мәдени шаралар өткізіліп тұрады. Осының өзінен-ақ кітапхана қызметін бағалауға болады.

– «Рухани жаңғыру» кеңсесі арқылы қандай мәдени шаралар ұйымдастырылды?

– Алматы қаласында тұратын, өзінің сүйікті қаласының тыныс-тіршілігіне құлақ түріп отыратын алматылықтар үшін биылғы жылдың мәдени шараларға толы болғанын ұмытпайтын шығар. Осы «Рухани жаңғыру» кеңсесі мен Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен «Әуенді Алматы» жобасы бойынша түркітілдес елдердің өкілдерінің қатысуымен «Ұлы Дала елі» халықаралық этнофестивалі, халықаралық «Азия жұлдызы», «Көктөбе оперета» фестивалдері, «Camerato Tempo-2017» камералық музыка фестивалі, жасөспірім­дердің «Бозторғай», «Жас дарын» байқауы, сонымен қатар, «Ертеңгі күнге бүгіннен естелік» жобасы аясында кино өндірісін дамытып, жариялылығын арттыру мақсатында жас кинорежиссерлердің «Бастау» кинофестивалі өткізілді. Голливудтық мультфильмдер қазақшаға аударылып, кинотеатрларда көрсету мен прокаттау жұмыстары қолға алынды. Алғаш рет мюзикл жанрын және дәстүрлі ұлттық өнерді үйлестіре отырып, Әсет Найманбаевтың шығармашылығына арналған «Ән салсаң, Әсеттей сал» атты мюзикл қойылды. Дәстүрлі өнерді дәріптеудегі бұл жаңашылдық тыңдармандардың көңілінен шықты.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы басым бағыттардың бірі – қазақтың төл өнері мен мәдениетін әлемге таныту болып табылады. Бұл бағытта «Рухани жаңғыру» кеңесі қандай іс-шараларды қолға алмақ?

– Мәдениетімізді әлемге таныту бағытында Алматы қаласында атқарылып жатқан іс-шаралар өте көп. Соның бірі – Алматы қаласының өзімен бауырлас қалалармен қарым-қатынасын жаңаша жаңғырту болып отыр.

– Дәл қазір Алматы қанша қаламен мәдени-іскерлік байланыста?

– Жиырмаға жуық. Атап айтсақ, АҚШ-тың Аризона штатындағы Туссон қаласымен, Францияның Ренн, Оңтүстік Кореяның Тэгу, Мәскеу, Қазан, Санкт-Петербург, Бішкек, Минск, Вильнюс, Рига, Стамбұл, Рига, Тель-Авив, Будапешт, Александрия, Үрімші, Төменгі Австрияның федералды жері және Болгарияның Варна қаласы. Осы аталған қалалардың барлығымен де Алматы тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Алматының франциялық бауырлас Ренн қаласы Абайды мәңгілік есте қалдыру мақсатымен ұлы ақынның ескерткіш-бюстін орнатты. Алматы қаласының симфониялық оркестрі, «Сазген сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблі және басқа да өнер ұжымдары мен өнер жұлдыздарымыз Америка Құрама Штаттарына, Түркия, Германия, Жапония, Корея, Голландия, Италия, Испания, Австрия, Греция, Франция, Үндістанда гастрольдік сапарларда болып, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді әлемге танытуда. Әлем гимнасшыларының Алматы қаласында басқосуда да әлемдік мәдениет пен өнер тоғысқан айтулы шараның бірі болды деуге болады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Алматы қаласы «Рухани жаңғыру» кеңсесі, Алматы қаласы мәдениет және архивтер басқармасы, орталықтандырылған кітапхана жүйесі бірлесе отырып, көптеген салалық жобаларды қолға алуда. Мәселен, «Тәрбие және білім» жобасы негізінде төрт базалық «Өлкетану», «Саналы азамат», «Отаным – тағдырым», «Кітап – білім бұлағы» атты бағыттар белгіленіп, қазір осы бағыттар бойынша жұмыс істелуде. Оған балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарының, білім, тәлім мен тәрбиеге, елтану мәселесіне қатысы бар барлық мекемелер қатысуда. Сонымен қатар, «Атамекен» жобасынан «Жомарт жүрек», «Әлеуметтік бастамалар картасы» бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айрықша атап өтуге болады.

«Қасиетті Қазақстан» жобасы негізінде атқарылып жатқан тарихи-танымдық іс-шаралардың жастар мен жасөспірімдерге беретін тағылымы өте зор болмақ. Жас өлкетанушылардың форумының өтуі, Алматы қаласының туристік картасының жасалуы, жергілікті және республикалық негіздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің жөнделіп, өңдеуден өткізу қолға алына бастағаны көңіл қуантады. Қазір мектептердің, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерінің өлкетану музейлеріне саяхаттары ұйымдастырылуда.

– Бір сөзбен айтқанда, мыңжылдан астам тарихы бар қаламыздың мәдени үні барлық континентте, барлық тілде естіледі дейсіз ғой.

– Солай деуге «Рухани жаңғыру» бағытында қолға алынып жатқан жобалар мен бағдарламаларымыз, іс-шаралар негіз бола алады. Қазіргі кезде біздің ұлтымыздың мәдени мұраларына, өнеріне, салт-дәстүрлеріне қызығушылық танытып отырған шетелдік ғалымдар, мәдениеттанушылар аз емес. Алматы қаласының туристік картасы жасалған аз уақыттың ішінде Қазақстанға, соның ішінде, Алматыға қызығушылық танытқандар саны артып отыр. Қазақстанның қасиетті жерлерін көруге құмартып, құмын кешіп, суына түсіп, биік тауларының шыңына шығып, ежелгі қалалар орныққан тарихи орындарды зерделесек деушілер де жетерлік. Қолға ала білсек, қазақ деген ұлттың рухани мұрасына қызығушылар аз емес көрінеді. Меніңше, жаһандық әлемге енудің тағы бір жаңа жолы басталғандай. Ал сол жолдағы көшті кіндік қаны тамған жеріне, өскен ауылына, қаласы мен өңіріне, туған жеріне деген сүйіспеншілігі басым рухы биік азаматтар бастайды. Ұлтына адал қызмет ететін азаматтар демекші, күні кеше ғана Қазақстанның 100 жаңа есіміне лайық азаматтар анықталды. Міне, осының барлығы әр қазақстандықтың жүрегіне енген рухани жаңғырудың сәулесі, сананың жаңғыру дер едім.

Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарымыз ұшан-теңіз. Сол ұлтымызды рухани серпіліске бастайтын қоғамдық жаңғыру сөзбен емес, іспен орындалуы тиісті. Ал Алматы қаласының кітапханалар желісі қашанда мәдени, рухани бағдаршам болатындығына сенімдімін. Жаңаша өмір сүру үшін өзгере білуіміз, замана ағысына ілесе білуіміз керек. Мен әңгімемді Елбасының мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына сапалы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек деген сөзімен аяқтағым келеді.

– Жаңғыру әр адамның өмірге деген көзқарасы мен ертеңгі күнге деген сенімінен, серпілісінен басталады дейсіз ғой. Әңгімеңізге рахмет! Рухани жаңғыру бағытында қолға алып отырған жұмыстарыңызға табыс тілейміз! Рухани жаңғыру – ұранды сөзбен емес, рухымызды көтеретін істермен жүзеге асырылсын!

Әңгімелескен – Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.

 

Бұл бір табысты жыл болды

Жетісу ауданындағы №148 мектеп-гимназия қаламыздағы ең алдыңғы білім шаңырақтарының бірі. Әсіресе, осы жыл біздің ұжым табысқа толы болды.

Оқу жылының басында №148 мектеп-гимназиясы Алматы қаласы бойынша 200-ден аса білім мекемелерінің ішінен ең үздік болып танылып, бас жүлдені қанжығасына байлаған еді. Әрине, Алматы сынды алып шаһардағы мектептердің үздігі болып танылу, ең алдымен, білікті басшының арқасы. Мектебіміздің ұйытқысы болып отырған оқушылар арасында да, ұжым арасында да үлкен құрметке ие Фатима Алиакбарова. Мектебіміздің басшысы жақында үлкен жетістікке жеткен болатын, дәлірек айта кететін болсақ, Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Табысты менеджер-2017» І республикалық байқауының «Жалпы білім беретін мектептің табысты менеджері» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орынмен марапатталды. Бұл марапат біз үшін және біздің мектеп үшін үлкен жеңіс. Алда біздің мектеп әлі талай жетістіктерге жетіп, биік шыңдарды бағындырады деген сенімдемін.

Спан ЕЛАМАН,

№148 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы.

 

Алаш – ұлттың ұраны

Рая ЕСКЕНДІР

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаевтың «Ұрпақтар сабақтастығы» бастама­сымен ұлтымыздың ұраны болған Алашқа арналған тарихи кеш өтті.

Ұлтымыздың барын бағалап, жоғын түгендеп отыратын аңызға айналған алтын ұя, атақты №12 мектеп Алаш қозғалысының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Алаш арыстарына тағзым» деп аталатын тарихи һәм рухани кеш өткізген еді. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім бабамыз айтқандай, күрделі тақырыпты қамтыған кешке мектеп оқушылары мен ұжым мұғалімдері тегіс қатысты. Өйткені, Алаш біздің рухымыз. Бұл бүкіл қазақтың айтулы мерекесі деп айтуы да орынды.

Алдымен Ш.Уәлиханов атын­дағы №12 гимназияның «Қарлы­ғаш» балалар хоры Міржақып Дулатовтың «Зар-заман» деп аталатын өлеңіне жазылған «Алаш маршын» орындап, тақырыпты аша түскендей әсер сыйлады. Өздерінің саналы ғұмырын осы жолға арнаған Алаш арыстарының рухына тағзым етіліп, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Осыдан соң сөз кезегін алған мектеп басшысы Рахима Сәкенова Алаш қозғалы­сы туралы сөз қозғап, тебірентпей қоймайтын тарихқа тоқталды.

– Ұлттық рух – ұлттық сана­ны оятады. Қажымас қайрат асқақ зияткерлікті білдіреді. Осылардың барлығын жүйелеп, ұйымдастыратын белгілі бір құрылым қажет еді. Осындай өмір қажеттілігі негізінде Алашорда қозғалысы, алаш партиясы дүниеге келген еді. Алаш арыстары елі үшін жанын пида етті. Өткен тарих өшкен жоқ. Біз әрқашан сол бабаларымыздың ерлігін жас ұрпаққа үлгі етіп айтып отырамыз, – деді.

Мектеп оқушыларымен кез­десуге арнайы келіп отырған ҚР ҰҒА академигі Талас Омарбеков, Ұлттық Ғылым академиясының тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.э.к., профессор Факия Шәм­шиддинова, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультеті, тарих ғылымы­ның кандидаты, профессор Талдыбек Нұрпейіс, Абай атын­дағы педагогикалық университе­тінің саяси ғылымының докторы, профессор Жомарт Сімтіков «Алаш» және «Алашорда» тарихы туралы, осы тарихтың қанша­лық­ты зерттелгені, әлі де зерттелетін тұстары және осы мектептің түлегі болған, алаш зерттеуші­лерінің бірегейі Кеңес Нұрпейісов туралы кеңінен әңгімеледі.

№12 мектептің оқушысы, Кеңес Нұрпейісовтің немересі Досжан Талдыбекұлы Т.Мом­бековтің «Салтанат» күйін қонақтардың құрметіне орындап берді. Келесі кезекті мектептің «Тарихшылар» тобы алып, қонақ­тарға «Алаш зиялылары» туралы әлі де жарық көрмеген, жария­ланбаған тың деректер туралы білгісі келетіндіктерін жеткізді. Кеш соңында Айдар Мұратбек­ұлы жетекшілік ететін «Сырлы саз» оркестрінің орындауындағы күйлерге кезек беріліп, «Аяла» би тобының өнеріне ұласты.

 

«Шевронның»

шапағатымен

Рая ЕСККЕНДІР

Жақында «Шевронның» қолдауымен мектеп оқушылары арасында «ІІTURoboconGames» роботты техникасы бойынша үшінші чемпионат өткізілді. Алматы қаласы мен Алматы облысының 15 ең үздік мектеп командалары роботты техникасы саласындағы чемпион атағы үшін өз білімдерін ортаға салды.

Бес ай бойы Алматы қаласы және Алматы облысының 15 мектебі Аrduіno микро бақылаушыларының базасында екі роботты әзірлеумен айланысты. Олардың басты мақсаты – нақты бір уақытта ойын алаңында нақты бір командалардың тобын орындау болып табылады. Атап айтқанда, роботтар түптер мен ағаштарды отырғызатын болады. Сол арқылы біздің ғаламшарымызды көгалдандырады. Ал ең соңында айға ағаштардың көшеттерін жібере отырып, оның климаттық жағдайын өзгертеді.

Жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болып, Ақпараттық технологиялардың халықаралық университетінде оқуға гранттар мен жеңілдіктерді ұтып алды.

Байқаудың «Шеврон» корпорациясы дүние жүзіндегі біріктірілген энергетикалық ірі компаниялардың бірі болып табылады. Корпорацияның бас кеңсесі сан-Рамон қаласында орналасқан. «Шеврон» әлемнің 100-ден асқан елінде өзінің қызметін атқарады және мұнай-газ өнеркәсібінің барлық спектрінде жұмыс істейді, оның ішінде геологиялық барлауда және оны алуда, мұнайды өндіруде, сатуда және тасымалдауда, мұнай-химия өнімдерін өндіруде және сатуда, сонымен қатар, геометриялық және электрлік энергияны өндіру саласында. Сонымен қатар, компания инвестицияларды жаңғыртылатын көздердің энергияларын және алдыңғы қатарлы технологияларды дамытуға салуда. «Шеврон» Қазақстандағы жетекші жеке мұнай өндіретін компания және елдің екі ірі кен орындары – Теңіз бен Қарашығанақта акциялардың маңызды пакетіне ие болып табылады. Корпорация, сонымен қатар, Каспий құбыр консорциумындағы жеке ірі акционер болып табылады.

«ІІTURoboconGames» мектеп оқушыларының арасындағы жарысы тек дарынды жастарды анықтап қана қоймай, сонымен қатар, Қазақстандағы роботты техникасын робот құрылысының халықаралық стандарттарына дамытуға жақындатуға мүмкіндік береді. Аrduіno базасында роботтарды әзірлеу, құрудан, электроникадан және бағдарламалауға дейін роботтардың құрылуының толық кезеңін үйретеді. Мұндай әзірлеу LEGO EV3 құрылымының базасындағы роботтарды құруға қарағанда біршама күрделі болып келеді және STEM-құрылуының ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Қазақстанда STEM құрылуының дамуы «Шеврон» компаниясының басым мақсаттарының бірі болып табылады.

(STEMакронимінің мазмұны: S – scіence, T – technology, E – engіneerіng, M – mathematіcs, яғни ғылым (бірінші кезекте жаратылыстану ғылымдары туралы айтылған), технология, инженерия (кейде техникалық шығармашылық ретінде түсіндіріледі).

 

Ержеткен

«Ертөстік»

Рая ЕСКЕНДІР

Қыстың алғашқы айы, Тәуелсіздік тойы «Ертөстіктің» туған күні іспетті. Биылғы жылы өзінің отызыншы түлектерін қанаттандырған «Ертөстік» қазір нағыз орда бұзар жаста. Алмалы ауданындағы №18 бөбекжай-балабақшаның «Қаламқас» ересектер тобының бүлдіршіндері «Тәуелсіз елдің ұланы» деп аталатын ертеңгілік өткізіп, өздерінің туған күндерін атап өтті.

Ел тарихындағы осынау айтулы күнмен тағдырлас болуы да «Ертөстіктің» несібесі болар. Балабақша меңгерушісі Ельмира Тұрғанбайқызы айтулы күннің мазмұны туралы тереңнен әңгіме қозғап, ана тіліндегі балабақшаның ашылуына зор тер төгіп, еңбек еткен ұлт зиялыларының есімдерін ерекше ризашылықпен еске алды.

«Қаламқас» тобының бүлдіршіндері Мәриям, Әуез, Мирас, Дәнеш, Бектемір, Мәди, Радомир, Әлібек, Іңкәр, Айқын, Нәйлә, Нұрәлі, Абылай, Әлижан, Нұрсай, Айкүн, Арсен, Дана, Дастен, Ақниет, Рамазан кезектесе тәуелсіз елімізді әнге қосып, жырға арқау етті. Сонау көк мұзда дүниеге келіп, суыққа шыңдалған ерте есейген «Ертөстік» еліміз Тәуелсіздігіне алғашқы болып қадам басқандардың бірі.

Сондықтан «Ертөстіктің» әні де, бәрі де Тәуелсіздік күніне арналады. Ертеңгілік мазмұнды өтуіне тәрбиешілер Р.Төлеуова, мен А.Әбілқасым, музыка жетекшісі Н.Байларованың сіңірген еңбектері зор болды. Ертеңгілік соңы бүлдіршіндердің «Тәуелсіздік мәңгілік» деп аталатын флешмобына ұласты.