ЖҮЗ ЖАҢА ЕСІМГЕ ЕНГЕН ОН СЕГІЗ ДӘРІГЕРДІҢ ОНЫ АЛМАТЫЛЫҚ

болса, оның төртеуі  Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу мекемелерінің дәрігерлері

dsc_0768

Күні кеше ғана 2017 жылды асыға күткен секілді едік, енді міне, осы жылы қандай жаңа­лықтар болды, қандай жетіс­тіктерге қол жеткіздік  деп күнтізбенің соңғы парақтарына көз жүгіртіп отырмыз. Күнді күн,  айды ай қуып өте шыққан  бір жылды  Алматы қалалық Ден­саулық сақтау басқармасы мен  осы басқармаға қарасты  емдеу мекемелері де таразы­лап, қол жеткізген жетістіктері мен жаңалықтарын саралау  үстінде. Біз  Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқарма­сының жыл бойғы атқарылған жұмыстары мен   жаңалықтары туралы  бас­қарма басшысының орынбасары Нұржан  Исабеков­пен әңгіме­лескен едік.

– Нұржан Амангелдіұлы, енді санаулы күндерден соң ел тари­хының мұрағатына енгелі отырған 2017 жыл қаламыздың денсаулық сақтау саласы үшін қандай жаңа­лықтарымен ерекше­ленеді?

– Бұл жыл Алматы қаласы үшін ғана емес, еліміздің жылнамасы үшін де аса маңызды болып саналатын Қысқы Универсиада ойындарын өткізумен ерекшеленсе,  Алматы қаласы  Орталық Азия мен Қазақ­стан қалалары арасында бірінші болып Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының «Саламатты қалалар» тізіміне енді.   ЖИТС пен АИТВ жұқпасына қарсы күрес жөніндегі БҰҰ-ның біріккен бағдарлмасы аясында Қазақстандағы  Шығыс – Батыс  СПИД  қоғамдық қоры ғасыр дертін жою жөніндегі Париж декларациясына қол қойса, Алматы қалалық жедел жәрдем стансасының жедел медициналық  жәрдем жөніндегі бригадасы респуб­ликалық және Литва қаласында өткен  халықаралық жарыста бірінші орын алып келді. №4 қалалық клиникалық аурухана ұжымында науқастарды қабылдау бөлімінің жұмысы  жаңа жүйеге көшірілді. Басқа да жағымды жаңалықтарымыз  бар. Дегенмен, бұл үш жаңалық Алматы қаласының денсаулық сақтау саласы мен оның құры­лым­дық   бөлімдерінің жұмыс нәти­же­ле­рін,  алматылық дәрігер­лердің бәсе­кеге қабілеттілігін, халықаралық талаптарға сай қызмет атқаратын­дығының бір дәлелі ғана деуімізге болады.

– Денсаулық сақтау саласының ең басты көрсеткіші – халық ден­саулығының ахуалы екені даусыз, бұл реттегі көрсеткіштеріңіз қалай?

– Жалпы, өлім көрсеткіші 2017 жылғы республикалық көрсеткіш­терден 15 пайызға төмендесе, жаңа туған сәбилердің шетінеуі 6 пайызға, ал 1 жас пен 2 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім екі есеге төмендеді. Ал туберкулез ауруынан болатын өлім  көрсеткіші де төмен­деп, ол 14 пайызды құрап отыр. Қатерлі ісік ауруынан болатын өлім  көрсеткіші де төмендеп келеді. Ол биылғы жылы 8,2 пайызды құрады. Ең басты жетістігіміз – Алматы қаласы тұрғындарының өмір сүру жасының ұзақтығы республика бойынша  ең жоғарғы  көрсеткішке жетіп, ол   75,9 жасты құрап отыр.  Адамның  ұзақ жа­сауы­ның негізгі көрсеткіші адамның денсаулығы мен оған көрсетілетін медициналық көмек сапасының  жақсаруының нәтижесі деуге болады. Сонымен қатар, әр адамның өз денсаулығына деген  жауап­кершілігі, 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы мен Елбасының  «Қазақстан-2030» стра­тегиялық бағдарламасында аталып өткендей, денсаулыққа деген ортақ жауап­кершіліктің қалыптасуының  жемісі деуімізге болады. Қоғамдық денсаулық ұйымының құрылуы да қала тұрғындарының денсаулығын жақсартуына өз септігін тигізіп отыр.  Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы өзінің барлық жұмыстарын  «100 нақты қадам – ұлт жоспары» бағдарламасында белгіленген   халық денсаулығын жақ­сартудың 81 қадамы мен Алматы қаласы әкімдігінің Алматының дамы­туға бағытталған «Алматы-2020» бағдарламасының басым бағыт­тарының бірі  болып табыла­тын «Салауатты Алматы» бағдарла­масымен үйлестіре жүргізіп келеді. Салауатты өмір салтын қалып­тастыру ісіне, жастар денсаулығын жақсарту мәселелеріне де айрықша көңіл бөлініп отыр.  Әр аудандағы емдеу мекемелерінде Жастар денсаулығы мектебі жұмыс істейді. Алматы қаласы әкімдігінің қол­дауының арқасында соңғы жылдары  қаламызда жаңа емдеу мекемелері бой көтеріп, пайдаланылуға беріліп отыр. Тек биылдың өзінде  Нау­рызбай ауданында екі емхана, №5 қалалық ауруханаға қарасты емхана жаңа қонысқа көшті. Вакциналарды сақтайтын қойма құрылысы пайдаланылуға берілді.  Бүгінгі таңда қала бойынша 10 жаңа  емдеу мекемесінің құрылыстары жүр­гізілуде.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»   мақаласы бойынша жарияланған «Қазақ­станнның жүз жаңа есімі» бойынша халық қалауына іліккен  он сегіз дәрігердің, оны Алматы қаласында қызмет істейтін дәрігерлер болса, оның төртеуі біздің басқармаға қарасты  орталықтар мен ауруха­нада қызмет атқаратын дәрігерлер. Атап айтсақ, қаламыздың танымал дәрігерлері Алмат Қодасбаев – Қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері, Әлібек Смағұлов – №4 Қалалық клиникалық ауруханансы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, Қайрат Қуатбеков – Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының бөлімше меңгерушісі, Беркін Туркулов – Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігері, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Бұл тек біздің басқарма үшін ғана емес,  Алматыда қызмет атқарып жүрген барлық ақ желеңді абзал жанда­рымыз үшін үлкен абырой. Халық­тың дәрігерлеріміздің еңбегіне берген әділ  бағасы  деген сөз. Соны­мен қатар, биылғы жылдың тағы бір  айтулы жаңалығы – халық денсау­лығын жақсарту мен медициналық қызметтің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді  деген үлкен үміт, қолға алынған МӘМС  жүйесі  деуімізге болады. Қазіргі оның басты алғы-шарттары жасалып, қаражат жинақтау ісі жалғасуда.

–  Алматы жұртына  Жаңа жыл қарсаңында қандай тілек тілер едіңіз?

–  Ауырмаңыздар, бай-қуатты болайық!  Келе жатқан жаңа 2018 жыл еліміз үшін құтты жыл болсын!

– Рахмет!  Айтқаныңыз келсін.

Әңгімелескен –

Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

 

ЖАҢА ЖЫЛҒЫ ЕҢ ЖАУАПТЫ МІНДЕТТІҢ

БІРІ – ДӘРІГЕРЛЕРГЕ АРНАП ЖАТАҚХАНА САЛУ

  • дейді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Серікбол Мусинов

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

 

 Алматы қаласының Бас дәрігері болып тағайындалған Серікбол Мусинов Жаңа жыл қарсаңында  Алматы қаласында тұратын  еліміздің денсаулық сақтау ісінің ақса­қалдары мен ардагерлерінің басын қосып, өткен жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысымен таныстырып, жаңа жылда  қалалық денсаулық саласы бойынша  қолға алынуы тиісті  жаңа жұмыс жоспарларының жобасымен таныстырып өтті. 

Жиында халық денсаулығына сү­белі үлес қосып, бүгінде  мемле­кеті­міз  бен халқымыздың құрметіне бө­леніп жүрген академик, Қазақ тағам­тану академия­сының президенті Төрегелді  Шарманов, балалар хиру­ргиясының атасы атанған  академик Камал Ормантаев,  Қазақстан Денсау­лық сақтау министрлігін басқарғандар, бұрынғы министрлеріміздің бірі,  бүгінде Алматы қаласындағы қоғам­дық денсаулық сақтау ұйымының не­гі­зін қалап, оны жүзеге асырып жүр­ген Талапқали Ізмұхамбетов,  респуб­лика­мыздың бас акушер-гинекологі, қоғам қайраткері Нина Каюпова және басқа да ардагерлер сөз алып, елі­міз­дегі денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайын, оның болашағы туралы айта келіп, сол жаңа­лықтар мен жетістіктердің Алматы қала­сының денсаулық сақтау саласының көш басында келе жат­қандығын атап өтіп, жаңа бағытқа бет алып,  қызмет көрсету сапасын артты­рып қана қоймай, емдеу мекемелерін көпсала­ландыру, орта­лық­тан­дыру жұмыс­тарын қолға алуға бет бұрып отырған Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының жұмысына сәттілік тіледі. Басқарма басшысының дәрігер­лерге арнап  жатақхана  мен шағын отбасыларға  арнал­ған тұрғын үй салу жөніндегі бастамасына қолдау білдірді.

– Ұлттың болашағын ойласақ, ең алдымен,   дәрігерлердің әлеуметтік жағ­дайын жақсартуымыз қажет, – дейді бас­қарма басшысының баста­масы көңілінен шыққан Төрегелді көкеміз. Төрегелді Шарманов, сондай-ақ, келер жылы Алматы үшін ең жауапты кезең   ДДСҰ-ның Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған  конференциясын ойдағыдай өткізудің маңыздылығын, оған дайын­дық жұмыстарын қолға алу керектігін айтып,  денсаулық сақтау саласының ақсақалдары атынан басқарманың жаңа басшысына батасын берді.