«Алматы ақшамы» атын қойған ұжым

%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d1%82%d1%8b-%d0%b0%d0%ba%d1%88%d0%b0%d0%bc%d1%8b-%d1%83%d0%b6%d1%8b%d0%bc

Рая ЕСКЕНДІР

Әрбір өзеннің бас­тауының болатыны сияқ­ты, өнердің де өз жолы, өз бастауы, өз арнасы бола­ды. «Сенім» ансамблі ту­ралы да солай айтуымызға толық негіз бар. Бүгінде Алматы қаласындағы ең белгілі, ең беделді өнер ұжымы – «Сенім» ансамблі. «Сенімнің» өз тыңдаушы­ларының жүре­гіне жол тауып, ел қоше­метіне айналуы, ең алды­мен, нағыз өнер иелерін, та­лантты балаларды тауып, оларды тәрбиелей білуінде жатыр.

Қаламыздағы ең шалғай аудан болып саналатын Түрксіб шын мәнінде орта­лықтан қашықтау орналас­қан. Оқушылар сарайын­дағы басқа да арнайы үйір­мелерге балаларды апару үшін көп уақыт қажет. Кез-келген ата-ана баласының салауатты, өнерге жақын болып өсіп-қалыптасқанын қалайды. Сондай көптің тілегі қабыл болып, осы «Сенім» дүниеге келген еді. Алғашқы жыл­дарда ан­самбль­дің аты болмаған. Кез-келген қала өміріндегі мерекелік кеш­терге қатысып отыратын өнерлі балалар туралы жақсы пікірлер де тез тарап кеткен-ді. Сол кездерді еске алған «Сенім­нің» «анасы» Тұрсынай Күдерина былай деген еді:

– Өнерпаз балалар өте көп болды. Қала өміріндегі барлық іс-шарадан қалмай­мыз. Кейде тіпті бірнеше концертке қатысқан да кезіміз болды. Бір күні ансамбльдегі балалардың өнердегі табысы, олардың талантты екендігі туралы «Алматы ақшамы» газетінде бір мақала жарқ етіп шыға келмесі бар ма? Осылайша біздің тұсауымызды кескен «Ақшамның» бізге білдірген зор сенімінің арқасында «Сенім» деген ат дүниеге келіп, бір сәтте «Сенім» ансамблі атанып шыға келген едік, – дейді.

Шын мәнінде ансамбль­дің танымал болып, ел аузына ілінуі, ең алдымен, Тұрсынай Метербай­қызы­ның еткен еңбегінің арқа­сында екендігі белгілі. Әрбір баланың жүрегіне жол тауып, олардың ата-ана­ларымен де тіл тауып, бір ұжымға айналып отырған Тұрсынай Күдерина нағыз бала жанының бағбаны. Талай бұлақтың көзін ашып, оларға бағыт-бағдар беріп отырған ұстазға деген балалардың да құрметі ерекше.

Өнер сапарында «Сенім» талай шет елге шығып, туған халқымыздың өнерін насихаттап қайтты. Италия, Испания, Португалия, Израиль, Болгария, Швеция, Литва, Латвия, Ресей елдерінің сахнасында ән салған тәуелсіз Қазақстан балаларының өнеріне әлем жұртшылығы тамсана қол соққан еді.

Жақында  «Ақшам» атын қойған ұжым Нью-Йоркте өткен ән байқауынан жүлдемен оралды.