АЛМАТЫНЫҢ ЖЕТІ ШЫҢЫ

 

ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы – Қазақстан медицина­сының дамыған орталығының бірі. Еліміздің әрбір бесінші дәрігері Алма­тыда еңбек етеді. Қаладағы тегін меди­циналық көмектің кепілдендірілген мөлшерін көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының 87 пайызы ұлттық аккредитация стандарттарына сәйкес. Бұл – еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш. 2012 жылдан бастап алматылықтардың өмір сүру ұзақтығы 2,5 жылға өсіп, 75,3 жасқа жетті. Мега­полисте «Алматы – 2020» даму бағдарламасы қабылдан­ған. Алма­тыға еліміздің түкпір-түк­пірінен адам­дар келіп ем алады. Алма­ты стацио­нарларында ем алушылар­дың үштен бір бөлігі шеттен келгендер. Алматы – денсаулық сақтаудың маңызды халық­аралық орталығы. Биыл мега­полисте «Баршаңызға ден­саулық» атты V халықаралық конгресі өтті. Оған еліміздің 2 мыңнан астам маманы, дүниежүзілік денсаулық сақ­тау  ұйымының  өкілдері мен сарап­­шылары, жиырмадан аса дүние жүзі ғалымдары қатысты. Алматы — Орта­лық Азияда алғаш болып Дүние­жүзі­лік денсаулық сақтау ұйымын­дағы дені сау қалалардың халық­ара­лық еуропалық желісінің бір бөлігі атанды.

 

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР

Алматыда 30 кітапхана, 26 мұра­жай, 16 театр, 15 кинотеатр, 9 демалыс саябағы, цирк және хайуанаттар бағы бар. Мегаполистегі кітапханалар мен мұражайлардан жергілікті ғана емес, сондай-ақ әлемдік маңызы бар мәдени мұраларды да таба аласыз. Биыл шаһарда Алматы мұражайы ашылды. Мұражайдың 11 залында қырыққа жуық экспонат бар. Сонымен қатар, мұнда заманауи мультимедиялық көрме техноло­гиялары қолданылады.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясындағы «Қа­зақстанның  жалпыұлттық қа­сиет­ті орындары» республикалық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне Алматы қаласынан бес нысан ұсы­нылған еді. Олар Райымбек батыр кесенесі, «Борал­дай сақ қорғандары» қорымы, Қасиетті Вознессенск соборы, А.Бай­тұр­сыновтың музей-үйі мен Респуб­лика алаңы.

 

ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ

Алматы – ғылым мен білімнің орталығы. Мегаполистің оқушылары ҰБТ нәтижелері бойынша алтыншы жыл қатарынан бірінші орынды еншілеп келеді. Сондай-ақ, олар оқу жетістіктерінің тәуелсіз сыртқы бағалауларының  нәтижесі бойынша да алғашқы орындарды иеленуде. Алматының  мектеп оқушылары рес­пуб­ликалық олимпиадаларда жеңіске жетіп келе жатқандарына 12 жыл болды. Жалпы, Қазақстан бойынша өтетін ғылыми жоба байқауларында 15 рет көшбасшы атанды. 11-сынып арасында өтетін Президенттік олим­пиа­даларда 4 рет жеңімпаз атанды. Биыл Алматының оқушылары респуб­ликалық және халықаралық деңгейдегі олимпиада және ғылыми байқауларда 61 алтын, 76 күміс, 90 қола медалін ием­денді. Еліміздегі зерттеумен айна­лысатын қызметкер­лердің 40 пайыздан астамы Алматыда жұмыс істейді. Сонымен қатар, ғылыми ұйымдардың үштен бір бөлігі осы жерде шоғыр­ланған. Еліміздің ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жоба­ларға жұмсала­тын шығынның жарты­сы да Алма­тыға тиесілі. Соңғы 4 жылда шаһарда 280 балабақша, оннан аса мектеп ашылды. Ал соңғы төрт жылдағы мектеп оқушылары санының өсуі 25 пайызды құрады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы мек­тептерінде «Өлкетану» пәні енгізілді.

%d0%b6%d0%b5%d1%82i-%d1%88%d1%8b%d0%bd-6

СПОРТ

Алматы – Қазақстан спортының даму орталығы. Биыл ел тарихындағы ең ауқымды халықаралық жарыс XXVІІІ Бүкіләлемдік Қысқы Универ­сиада ойындарын өткізді. Халық­аралық студенттер спорты федерация­сы­ның сарапшылық кеңесі бұл ойынды тарихтағы ең үздік ойын деп мойындады.

Жарыс әлемнің 57 елінен 200 спортшының қатысуымен өтті. Оған 570-тен аса жоғары оқу орнының студенті қатысты. Сайыс спорттың 12 түрі бойынша өткізілді.  Жарыстар 8 спорттық нысанда өткізілді. Елбасы­ның тапсырмасымен Универсиада аясында «Халық Арена», «Алматы Арена», Аттлеттер қалашығы сынды бірегей нысандар тұрғызылды. Алма­тыда шағын футбол, баскетбол және басқа да спорт түрлеріне арналған 600-ден аса спорт алаңдары жұмыс істейді.

Бұдан өзге, мегаполисте велоси­педті жалға беру ісі дамып келеді. Веложол­дар да ұзарып келеді. Бүгінде веложол­дардың   ұзындығы 60 шақы­рым­нан асты.

 

ИННОВАЦИЯ

Алматы – инновацияларды дамыту орталығы. Биыл «Бизнестің жол кар­тасы–2020» бағдарламасы бойынша инновациялық гранттарды қаржылан­дыру екі есеге өсті. Қала құқықтық және инновациялық орта, инновация­ларды дамыту үшін инфрақұрылымды дамыту үстінде. Қалада «ақылды бағдаршам» сынды электронды жол басқару жүйесі енгізіліп жатыр.  Қо­ғамдық көлік саласында электронды билет беретін «Оңай» жүйесі жұмыс істейді. Меди­цина саласында «элек­тронды медкар­та», білімде «электронды оқыту» жүйесі қолға алынды. Алма­тылықтар үшін «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы ашылды. Қоғам­дық қабылдауға келген әрбір жанға тиісті кеңес беріледі және олар әкім­дікке, қала басқармаларына, прокура­тураға, полицияға, мемлекет­тік кіріс департаментіне және басқа­ларға жол­данған өз өтініштерін қалдыра алады.

ТУРИЗМ

 

Алматы – Қазақстанның туристік орталығы. Шетелдік туристің әрбір екіншісі Алматыға келуді қалайды екен. Мегаполиске келу қиын емес. Алматыдағы Халықаралық әуежай әлемнің 60 қаласынан ұшып келетін әуе рейстерін қабылдайды. Әлемдегі саяхаттар туралы ең ірі «Трип эдвай­зер»   сайтының мәліметіне сүйенсек,  Алматының туристік әлеуетіне қызығу­шылық танытқандардың саны  бір жылда 37 пайызға өскен екен.

Алматыда жаяу жүргіншілер үшін де қолайлы жағдай жасалған. Жа­ңартылған көшелерді көгалдандыру, аумақтарды, жаяу жүргіншілер жолын жабдықтау сынды жұмыстар қарқын­ды жүргізіліп жатыр. Алматы қонақ­тары мен тұрғындарының серуендеуіне, демалуына арналған  орындар көбеюде.

БИЗНЕС

 

Алматы – Қазақстан кәсіп­керлі­гінің орталығы. Қазақстан банктері бас кеңселерінің 90 пайызы Алматыда жұмыс істейді. Еліміздің жалпы ішкі өнімінің 20 пайызы осы шаһарға тиесілі. Қалада бизнес жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Елімізде визасыз кіру режимі енгізіліп, әлемнің 55 елінен келе­тін биз­нес­мендер мен туристер үшін барлық қолайлы жағдай бар. Қалада инвесторларға қыз­мет көрсету орталығы жұмыс істейді. Ол инвес­торларды іздес­тіру және қала үшін басымды инвести­циялық жоба­ларды жүзе­ге асыру бойынша инвес­тор­ларға қызмет көрсету ісімен айна­лысады. Сонымен қатар, Алматыда инвес­тор­ларды тарту жөніндегі кеңес бар.   Кеңестің негізгі атқарар міндеті – Алма­тыда инвестициялық ахуалды жақ­сарту мәселелері бойынша ұсынымдар, қала экономика­сына шет елдік инвестицияларды тарту және инвестициялық жо­ба­­ларды жүзеге асыру страте­гиясын әзірлеу. Кеңес – мем­лекет пен инвестор­лар арасын­дағы ынтымақтастықты нығай­туға мүмкін­дік береді.

 

Дайындаған – Н.АСЫЛ.

 

қайырымдылық қойылым

Балнұр АХМЕТ

 

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық балалар мен жасөспірімдер театры Әуезов, Түрксіб, Медеу, Іле аудандарының мүгедек, зағип және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары үшін С.Маршактың «Жаңа жылдық бәйшешек» («Он екі ай») атты Жаңа жылдық қайырым­дылық қойылымын өткізді.

 

Мерекелік қойылым бүлдіршіндерге сиқырлы сәттерге толы жаңа жылдық ғажайыптар туралы әңгімелейді. Жаңа жыл – балалар асыға күтетін ерекше мереке. Аяз атаның мол базарлығы қуантып, ғажайыптар орын алатын түн. Сағат тілі он екіге санаулы сәттер  қалғанда жер  бетін­дегі  бүкіл аң-құстар мен барша тіршілік иелері адам тілінде сөйлей алатын қасиетке ие бола алады. Жаңа жылдық ертегі кейіпкерлері – тиын, қоян, қасқыр, қарға, тіпті, жылдың төрт мезгілі – он екі айға адамша тіл бітіп, бәрі бірге Жаңа жылды қуана қарсы алады. Жаңа жыл Шыршасы ақылсыз Ханшайымның «Көктем гүлі – бәй­шешек тауып әкел», – деген  тілегін  орындайды. Қиял-ғажа­йып ертегі кішкентай өгей қыздың кіршіксіз көңі­ліндегі асқақ арманының ақиқатқа айналғаны жайында бүлдіршіндерге баяндайды. Кейіпкерлердің барлық тілектері орындалатыны туралы хикаялайтын ғажайып оқиға  балдырғандар мен олардың ата-аналарын қуа­нышқа бөледі.

– Мен екі баланың анасымын. 16 жастағы тұңғыш перзентім Руслан Исханов – 1-топтағы мүгедек, ол Медеу аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарла­малар бөлімінің психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға және 18 жастан асқан мүгедектерге үйде әлеуметтік көмек көрсететін №2 бөлімшесінде тір­кеуде тұрады. Бөлімшеде тіркеуде тұрғандарға әлеуметтік тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагоги­калық, мәдени, құқықтық, экономикалық қызмет түрлері көрсетіледі. Бөлімшедегі әлеуметтік қызметкерлер балаға бар мейіріммен қарап, ерекше көңіл бөледі. Әрбір мерекеде балаларды қаладағы өнер ордаларында өтетін мәдени іс-шараларға өте жиі шақырады. 9 жастағы қызым Баян да баламмен бірге аудандағы мәдени шара­ларды көруге барып тұрады. Театрдағы мерекелік қойы­лым тамаша өтті. Перзенттерімнің қуанғанын көргенде жүрегім шаттыққа толды. Балаларды бақытқа бөлеген Жаңа жылдық қайырымдылық қойылымын өткізген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді 35 жастағы жалғызбасты ана Нұрбилә Қапбаева.

Ал №1 Түрксіб аудандық күндізгі бөлімшесінің мең­герушісі Алтын Иманбаева жаңа жылдық ертегіні тамашалаған балдырғандардың көңілі көгершіндей көкке өрлеп, жаны жадырағандығын атап өтті.

– 2016 жылы қараша айында ашылған бөлімімізде 60 бала тіркелген. Жартылай стационарлық бөлімшемізде балалар логопедпен, деффектологпен, психологпен жұмыс істеп, емдік дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Біздің бөлім­шемізде де тіркеуде тұрғандарға әлеуметтік тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагоги­калық, мәдени, құқықтық, экономикалық қызмет түрлері көрсетіледі. Бөлімшемізде тіркеуде тұрған балалар театрларға, циркке, кинотеатрларға, дельфи­нарийге жиі барып тұрады. Бала өмірінде, тәлім-тәрбиесінде өнер ордаларының орны ерекше. Театрдағы қызықты қойылым ғажайыпқа толы ертегілер әлеміне саяхат жасатып, олардың көңіл күйін көкке өрлетті, – деді Алтын Иманбаева.

 

Аяз атаның сыйлығы мол болды

Рая ЕСКЕНДІР

 

Қаламыздағы Жетісу ауданының кішкентай тұрғын­дары өздеріне арналған аудан әкімінің шыршасын Ғ.Мү­сірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында атап өтті. Екі күн бойы кішкентай тұрғындар театр әртістерінің өздеріне арналған қойылымын тамашалады. Қысқы ертегі сондай тартымды әрі қызықты өтті.

Олар ертегі кейіпкерлерімен бірге қиял-ғажайып әлеміне саяхат жасап, түрлі оқиғаларға куә болды. Осылайша Жаңа жылды қарсы алып, Аяз ата мен Ақшақарды кездестірді. Екінші қабаттағы алып шырша айналасында жалғасқан мереке тіпті қызықты болды. Балақайлар жыл бойы Аяз атаға арнап жаттап жүрген өлең-тақпақтарын айтып, тәттіге қарық болды. Ән шырқап, би билеген өнерпаз бала қаншама!

Балақайлардың әзірлігіне, өнеріне риза болған Аяз ата да қоштасқысы келмеді. Алыстан шанаға артып келген сыйлықтарын үлестіріп, бала біткенді риза қылды.