ҰЛТ МӘДЕНИЕТІ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ КЕПІЛІ

Мемлекет басшысының «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – өскелең ұрпақтың ұлттық салт-санасын жаңаша тәрбиелеудің алтын қазығы іспетті. Оның астарында жаһанданудың жедел қарқынын ескере отырып, еліміздегі қоғамдық сананы әлемдік деңгейге көтерудің кең ауқым­ды реформалық идеясы жатыр. Ал осы қоғамдық сана жаңғыруының қозғаушы күшіне айналуда жоғары және орта деңгейдегі оқу орындарының орны бөлек. Өйткені, «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қата­рында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт»,– делінген Елбасы мақаласында.

Жетпіс жеті жылдық тарихы бар Алматы мемлекеттік политехни­калық колледжі Елбасының осы идеяларын насихаттай отырып, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың мақала­сында көрсетілген көптеген бағыт­тарды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Ұжым басшысы Медет Омарбековтің бастамасымен оқу орнында «10 күн­дік»  жарияла­нып, колледждің үздік 7 оқытушысы ашық сабақ өткізді. Соның бірі – «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедра­сы­ның меңгерушісі Алмагүл Ахме­тованың «Театр әлемі — рухани мәде­ниеттің қайнар көзі» атты сабағы. Мақалада айрықша мән берілген құндылық – ұлт мәдениеті. Ал сол мәдениеттің ажырамас бөлігі, руxани кемелденудің  қасиетті ордасы –театр екені баршаңызға мәлім. Дүние жүзіндегі дамыған елдермен тереземіз тең болуда ұлттық театр өнерінің атқарар рөлі зор. «Өнер әрқашан да шынайылық пен үндестікке шақырып, ұлтаралық қатынас­тың әмбебап тіл қызметін атқарады» деп Елбасы айтқандай, өнер – xалық пен xалықты, мәдениет пен мәдениетті жақын­дастыратын ерекше күш.

Ашық сабақ театр өнері туралы жастар­ға мағлұмат бере отырып, өнер адамын жете тану арқылы білім алу­шылардың бойы­на ұлттық мәдениетті үйрету мақса­тында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Болат Әбділмановпен  кездесу форматында болды.

Сабақ барысында Болат Әбділ­манов жастардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп, қазақ өнері­нің қарашаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры­ның мақалада көрсетілген стратегия­лық бағыттарды жүзеге асыруда, ұлттық сахна өнерін әлемдік кеңістік­ке шығару бағытында қандай іс-шаралар жасалып жатқанымен бөліс­ті. Ал студенттер Абай өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқып, халқымыз­дың әрқилы тарихи кезеңдерінен сыр шертетін тарихи пьесалар жайлы ойларымен бөлісті.

Әсерлі өткен кездесудің соңында білім алушыларға «Актер­мен болған бір сағат…» тақыры­бында ой-толғау жазып келу тапсырылды. Өйткені, театрды, яғни театр ұғымын рухани жаң­ғырудың қайнар көзі деп айтсақ, ешкім қарсы дау айта қоймас. Қазіргі жастарға эстетикалық тәрбие беретін бірден-бір орын – театр. Халқымыздың және әлем елдерінің тарихы мен  мәдениеті театрларымызда көрініс тапқан.

Қазақ елі ойлы, кесімді пікір айта­тын абзал ұлдарға қай уақытта да кенде болмаған. Солардың ішінде халық­тың тілегінен шыққан, иманды ісімен жұртының қадыр-қасиетін иелен­ген біртуар тұлғалар ел тарихы­мен біте қайнап жасай берері хақ. Сондықтан Елбасының алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруда мұндай кездесу, өнеге сабақтарының маңызы зор екені сөзсіз.

 

Алмагүл  АХМЕТОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті  кафедрасының

меңгерушісі.