ТРАМП «ОТҚА МАЙ ҚҰЙДЫ»…

Оның  Иерусалим туралы шешімі әлемде наразылық тудыруда

10292-jerusalem_dome_of_the_rock_bw_1-940x310

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Әлдебір американдық саяси сарапшы: «Саясаттан, дипломатиядан бейхабар Трамп  тосын шешімдер қабылдап, әлі талай қызық көрсетеді» деп болжап еді. Сол сарапшының айтқаны айна-қатесіз келіп жатқандай. Ел-жұрт хабардар болып үлгергеніндей, таяуда АҚ үйдің қожайы­нының Иерусалимді Израиль мемлекеті­нің астанасы деп тану және АҚШ елшілігін сонда көшіру жөнін­дегі  шешімі күллі әлемді дүрліктіріп, талай­ларды әбігерге салып қойды. Бұл шешіміне қатысты ол: «Мен сайлау алдында сондай уәде бергенмін. Оған қоса Израиль егеменді мемлекет, оның өз астанасын таңдауына толық құқы бар» деген түсінік берді. Сөй­тіп, Трамп  онсыз да Израиль мен Палес­тина арасындағы талайдан дау болып келе жатқан «Иерусалим мәселесіне»  «отқа май құйып»,  жағдайды онан сайын  ушықты­рып жіберді. Төрткүл дүниенің әр түкпірін­де пікірталасқа қозғау салып, араб  елдері­нің  қарсылығын тудырды. Бірқатар елдерде наразылық шерулері өтіп, батыл айыптау­лар айтылып, қатаң талаптар қойылды.

Осы орайда Египеттің астанасы Каирде АЕЛ (Араб елдері лигасының)  Сыртқы істер министрлерінің деңгейінде  шұғыл кеңес өткізіліп, Ақ үйдің ақылсыз да арандатушылық әрекеті қатты сыналды. Халықаралық қауымдастыққа 1967 жылғы 4 маусымда белгіленген шекара бойынша астанасы Шығыс Иерусалим болып табы­латын Палестина мемлекетін тануға үндеу тасталды. АЕЛ  АҚШ әкімшілігінің шеші­мін теріске шығару жөнінде БҰҰ-ның Қа­уіп­сіздік кеңесіне  шағым түсіруді ұйғарды.

Осының артынша 13 желтоқсанда Стамбулда да ИЫҰ (Ислам ынтымақ­тастығы ұйымының) төтенше саммиті өтіп, онда «Шығыс Иерусалимді Палестинаның астанасы деп тану туралы» қарар қабыл­данды. Және де ИЫҰ әлемнің барлық елдерін «Палестина мемлекеті мен оның басып алынған  астанасы Шығыс Иеруса­лимді  мойындауға»  шақырды.

Саммитте Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоған: «Трамп,  сен  қалайша Израиль жағындасың? Онда басқыншы­лыққа, террорға жол беріліп отыр. Неге оларды қорғаштайсың? Израиль уақыт өткен сайын Палестина территориясын ием­денуде. Біз мұсылмандар барынша Палес­тина мемлекетін нығайтуға күш салатын боламыз. Әрі егеменді  Палести­наның 1967 жылғы шекарасын  талап ету әрекетін қолдаймыз. Бұдан былай Шығыс Иерусалим  Палестинаның астанасы болады» деген қатқыл сөздер айтты.

Германияның  Сыртқы істер министр­лігі де: «Вашингтонның бұл әрекеті  Иеру­салимде бей-берекетсіздік  тудырып қана қоймай, Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторындағы ахуалды қиын­датады» деген алаңдаушылық білдірді.

Осы сияқты Ресей президентінің баспа­сөз хатшысы Дмитрий Песковтың пікі­рін­ше: «Жағдай расында да жеңіл-желпі қарау­ға болмайтындай. Соның алдында ғана  Владимир Путин мен Палестина бас­шысы Махмуд Аббаспен телефон арқылы сөйлесіп,   Иерусалим  мәселесінің күрде­леніп тұрғаны жайында пікір алмасқан еді», —  деді.

Күллі  католик дүниесі санасатын дінбасы Рим папасы Франциск  де (өз аты Хорхе Марио Бергальо) мәселеге мән беріп: «Иерусалим мәртебесі  БҰҰ-ның қарарына сәйкес айқындалуы тиіс» дегенді айтты.

Ал Палестина автономиясының  Ұлы­британиядағы өкілі Мануэль Хассасяннің айтуынша: «Ақ үй әкімшілігінің  мұнысы 1,5 млрд. мұсылман мен миллиондаған хрис­тиандардың мүддесін аяққа таптап, өзіне қарсы қою болып саналады. Өйткені, хрис­тиан мен мұсылмандар өздері үшін қасиетті мекен саналатынИерусалимді  Израильдің жеке дара билеп-төстеуіне жол бермейді».

Тіпті, Құрама Штаттардың  Таяу Шығыс­тағы  сенімді серіктесі саналатын Сауд Арабиясының  королі Салман ибн Әбдулазиз әл-Саудтың өзі Дональд Трамп­қа телефон соғып,  Вашингтонның  Иеру­салимді  Израильдің астанасы деп тануы өңірдің тыныштығын бұзып, бүкіл мұсыл­ман әлеміне кері әсерін тигізетінін ескертті.

Қазақстанның  Сыртқы істер министр­лігі де әлем халқының мазасыздығын тудырып отырған  осынау шетін мәселеден бейтарап қалмай,  еліміздің  ұстанымын біл­діретіндей мәлімдеме  жасады. Мәлім­демеде: «Иерусалимнің осыған дейінгі мәртебесінің сақталғаны жөн екендігі, жалпы палестин-израиль мәселесінің БҰҰ-ның  Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіз­дік кеңесінің 181 (1947), 242 (1967), 338 (1973), 2334 (2016) Қарарларына  және 2002 жылы қабылданған Араб бейбітшілік бастамасына  сәйкес келетіндей халықара­лық құқық  нормалары негізінде реттеліп, шешілуі керектігі» айтылды.

Еуропалық Одақтың Сыртқы істер жөнін­дегі комиссары Федерика Могрени ханым да Трамптың шешімін қолдамай­тынын, оның оң нәтижеден гөрі, керісінше  орны толмас зиян-залалға ұшырататынын   жасырмады.

АҚШ президентінің  Иерусалимге қатыс­ты шешімі жарияланысымен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш әр уақыт­та да өзгелердің талабын ескермейтін  сыңаржақты қадамға қарсы шығатынын  және ондай таяз да қате шешімдердің  Израиль мен Палестина қайшылығын одан шиеленістіре түсетінін атап көрсетті.

Көптеген елдердің мазасыздығын тудыр­ған Трамптың тосын шешімі  Израильді сөзсіз қуантып, үлкен үмітке жетелеп  отырғаны талассыз. Оны  осы елдің барлау қызметін басқаратын министрі Исраэль Кацтың: «Біз енді Трамптың  бастамасына халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау күтеміз» деуінен аңғаруға болады.

Кейбір мәліметтерге қарағанда,  АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіру  туралы заңнамалық актіні  американ Конгресі сонау 1995 жылы мақұлдап бекіткен. Бірақ онсыз да шатқаяқтап тұрған Таяу Шы­ғыстағы  ахуалды онан сайын ушықтырмау үшін  сол кездегі президент Билл Клинтон  мәселені кейінге қалдырған.  Оны іске асыруға  АҚ үйдің  кейінгі қожайындары  кіші Джордж Буш пен  кешегі Барак Оба­маның да батылдықтары жетпеді. (Батыл­дықтары жетпеді ме, әлде  араб әлемінің қарсылығына сескенді ме? Бәлкім, Таяу Шығыстың тыныштығын ойлаған шығар. Бұл да  ой елегінен өткізетін сұрақ).

Жасыратыны жоқ, Трамптың шешіміне  Құрама Штаттардың өзінде  қарсылық білдіріп жатқандар табылуда. Ондайлардың  айтуларынша: «Елдің қазіргі ішкі жағдайы онша мәз емес. Сенат жұртшылықтың қар­сылығын тудыратындай салық реформасын қабылдаған. Сайлау кезіндегі «орыстармен байланыс» дауы басыла қойған жоқ. Сол­түстік Кореяның  континентаралық зымы­рандарды сынауына  «лайықты тойтарыс» берілмеді. Сондықтан да  Ақ үй әкімшілігі  әдейі елдің назарын  Қиыр Шығыстан – Таяу Шығысқа аударып, күтпеген шешім қабылдап  отырған сыңайлы».

Бір таңданарлығы, сондай шешім қа­былдардың  алдында Дональд Трамп  Па­лес­тина  әкімшілігінің басшысы  Махмуд Аббаспен телефон арқылы сөйлесіп, өзінің  АҚШ елшілігін Тель-Авивтен  Иеруса­лимге  көшіру ниеті бар екенін жеткізген. Бұған  Махмуд Аббас үзіл-кесілді қарсы­лық білдіріп,  мұның арты өкініш пен қателіктерге апарып соқтыратынын қатаң ескерткен. Мұнан соң Трамп Иордания королі мен Израильдің премьер-ми­нистрімен де хабарласып, олардың  пікір-көзқарастарын білген.

Әлдеқандай бір есеппен Трамп  өзінің орынбасары вице-президент Майк Пенсті Палестинаға жіберіп, олар оны қабылда­мағандықтан  Махмуд Аббасты Ақ үйге шақырды. Алайда, Аббас Вашингтонға барудан бас тартты. Осыдан кейін АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон  Парижде өткен баспасөз конференция­сында мәселенің асқынып бара жатқанын сезіп, «Иерусалимнің  мәртебесі жайын­дағы түпкілікті шешім  Израиль мен Палес­тинаның келіссөздерінің нәтижесіне қарай қабылданады» деп  жағдайды аздап  жұмсартқандай  болды.

Кейбіреулердің мазасыздануы расқа шықты. Иерусалимнің шығыс бөлігіне жапсарлас жатқан Газа секторында, Иордан өзенінің батыс жағалауында  палес­тиналықтар мен израильдіктердің қатты  қақтығысы бой көрсетті. Палести­налық жастар  Израильдің қауіпсіздік күштеріне тас жаудырып,   жанған резеңке дөңлектерді  лақтырды. Газа секторынан екі зымыран жіберілді. Абырой болғанда, олар жарылмады. Израиль солдарттарының көз ашытқыш газ қаруын қолдануынан 700-ден астам араб жапа шегіп, атылған оқтан үш адам көз жұмды. Мұндай шиеленісті жағ­дайды  Палестина әкімшілігіне оппозия­циялық көзқарастағы әскери ХАМАС  ұйымы  сәтті пайдалануға тырысуда.  Оның көшбасшысы Исмаил Ханийя 8 желтоқ­санды  Израильге қарсы соғыстың — «итифад­тың» алғашқы күні деп жариялады. Еске сала кетсек, 1987—1993 ж.ж. осындай итифад кезінде екі мыңнан астам адам, ал 2000—2005 ж.ж. итифад тұсында алты мың адам опат болған еді. Сондықтан мұның  ақыры шығынсыз болмайтыны өкінішті.

Осылайша АҚШ президенті Дональд Трамптың ойланбай жасаған қателікті шешімі жетпіс жылға жуық бықсып келе жатқан отқа май құйғандай болды. Оның жалын шарпуы қандай күйік түсіріп, қаншама қайғы-қасірет әкелетінін ойлау­дың өзі қорқынышты.

Қазірдің өзінде әлемнің әр түкпірінде Трамптың шешімін ашу-ызамен айыптап, қарғыс жаудырып жатқан наразылық шеру­лері өтуде. Атап айтқанда, Марок­коның астанасы Рабатта  мыңдаған адам қатынасқан демонстарция өтіп, онда «Иерусалим ежелден Палестинаның аста­на­сы  және солай болып қалады. Ол әрі мұсылман әлімінің бір бөлшегі» деген талап қойылды. Ливан парламенті  «Палестина халқының қарсылық және Израильдің басқыншылығынан құтылу жөніндегі заңды құқы» деп аталатын қарар қабыл­дады. Бейруттың сыртындағы Авкарадағы АҚШ елшілігінің алдында ливандық және палестиналық жұртшылық өкілдері қаты­насқан  шеру өтіп, оның аяғы поли­ция­мен қақтығысқа ұласты.

Индонезияның астанасы Джакартада да исламдың Әділеттілік және даму пар­тиясының ұйымдастыруымен  Вашин­гтон­ның шешіміне қарсылық акциясы өткі­зілді. Акцияқа қатысушылар  дәстүрлі мұ­сылман киімін киіп, қолдарына  өз елінің және Палестинаның жалауларын ұстап, «Палестинаны азат ету!» ұранын көтерді.

Талайлар үміт артқандай, өткен дүй­сенбі 18 желтоқсанда  БҰҰ-ның  Қауіп­сіздік кеңесінде «Иерусалим мәселесі» қаралды. Қаралатын құжаттың жобасын  (ұйымға тұрақты емес мүше ) Египет дайын­дады.  Онда  бұзып-жаратындай немесе АҚШ-ты айыптап-кінәлайтындай алабөтен ештеңе қамтылмады. Бар болғаны  БҰҰ-ның осыған дейін  қабылданған қарарларын сақтау қажеттігі негізге алынып, «Қасиетті Иерусалим қаласының сипатын, мәртебесін не демографиялық құрамын өзгертуге бағытталған кез-келген шешім мен әрекеттің заңдылық күші жоқ, жарамсыз және ол  Қауіпсіздік кеңесінің қарараларына  сәйкес  теріске шығарылуы тиіс» делінді. Сондай-ақ, дүние жүзінің барлық мемлекеттеріне  елшіліктерін  Иеру­салимге көшіруден бас тарту жөнінде үндеу тасталды.

Мұндай қарардың жобасын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше 14 мемлекет қол­дады. Алайда, АҚШ  өзінің құқығын пай­да­ланып, қарсы дауыс беріп, вето қойды. Өйткені, БҰҰ Жарғысы 27 бабының 3 тар­мағына  Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүше саналатын бес мемлекеттің: АҚШ, Ұлы­британия, Қытай, Ресей және Фран­цияның  кез-келген қарарға вето қоюға құқы­лы. Ондай жағдайда шешім қабыл­данбайды, әрі күшіне енбейді. Сөйтіп, БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінде «Иерусалим  мәсе­лесі» туралы қарар қабылданбады.

«Ақшамның» анықтамасы

Иерусалим (әл-Құдыс) Жерорта теңізінен шығысқа қарай 60 шақырымдай қашықтықта орналасқан көне де тарихи қала. Халқы 890 мыңға жуық. Оның 65 %  еврейлер, 32 % арабтар, қалған 3 % басқа ұлт өкілдері. Қаланың іргесі б.ж.с. дейінгі ІV ғасырда қаланған. Б.ж.с. ХІ ғасырға дейін қаланы еврейлер мекендеп, Израиль патшалығының астанасы атанды. Рим империясы құлағаннан кейін Византияның қол астына өтті. 639 жылы Омар ибн Хат­таб халиф басып алып, мұсылмандық сипатқа көшті. 1099—1187 және 1229—1244 ж.ж. крестшілер билеп-төстеді. 1516—1917 ж.ж. аралығында Осман империясының қарауында болды. 1538 жылы Сүлеймен патша Иерусалимнің айналасына қорған тұрғызды. Армян, христиан, еврей және мұсылман  бөліктерінен тұратын сол ежелгі қорған бүгінде ескі қаланың шекарасын аңғартады.

1917—1947 ж.ж. Иерусалим Англияның қарауындағы Палестинаның әкімшілік орталығы саналды. 1947 жылғы 29 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы «Болашақ Палестина үкіметі» — Палес­тинаны еврей және араб мемлекеттеріне бөлу туралы арнайы қарар қабылдады. 1949 жылы 11 мамырда БҰҰ Израильді дербес мемлекет ретінде таныды. Сол жылдың 13 желтоқсанында Израиль премьер-министрі Д.Бен-Гурион «Еврей Иерусалимін» — Израильдің  бөлінбес бөлшегі» деп атап, астананы Тель-Авивтен  Иерусалимге көшіруді ұсынды. 1950 жылдың наурызында Кнессеттің алғашқы жиыны Иерусалимде өткізіліп, ол елдің астанасы ретінде жарияланды.

1967 жылы алты күндік соғыс нәтижесінде Израиль Иерусалимнің шығыс бөлігін жаулап алып, қаланы түгелдей өзіне қаратты. Алайда, БҰҰ және әлемнің көптеген елдері Израиль­дің  Иерусалимді толықтай билеуін мойындамады. Содан бері де Иерусалимді Палестина автономиялық әкімшілігі өзінің астанасы деп есептейді. Израиль мен Палестина арасындағы бітпей келе жатқан дау-жанжалдың өзектісі — Иерусалим қаласының кімге тиесілі екендігі. Израиль Палестина автономиясының  астанасы ретінде Иерусалимнің сыртындағы Әбу-Дис қалашығын ұсынады. Бұл ұсыныс Палестина басшылығын қанағаттандырмайды.

    Иерусалим үш дін: иудей, ислам және христиан тоғысқан қасиетті мекен. Еврейлердің қастерлі Батыс қорғаны (Қазандығы), мұсылмандардың  әл-Ахса мешіті (әл-Харам әл Шариф сәулеттік кешені),  христиандардың Христің жексенбілік ғибадатханасы  осындағы әулиелі Храм тауында. Аңыз бойынша еврей патшасы Давид (б.ж.с ) дейінгі Х ғасырда Иеруса­лимді астана деп жариялаған. Оның баласы  Соломон (б.ж.с ) дейінгі   960 жылы ең алғашқы ғибадатхананы тұрғызған. Библияның екінші кітабы Жаңа өсиетте жазылғанындай Иисус Христос туылғаннан кейін Иерусалимге әкелініп,  христиандықтың бастау негізі осында қаланған. Христостың табаны тұңғыш рет тиген  жер.

Сунниттік ислам нанымына сәйкес Иерусалим Мекке мен Мәдинадан кейінгі қала. Б.ж.б. 610 жылдан Иерусалим  мұсылмандар басын сәждеге қойып, құлшылық етіп, намаз оқитын құбыла саналған. Ал 625 жылдан бастап мәңгілікке құбыла ретінде Меккедегі Қағба белгіленді.