РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ТІРЕГІ – ТІЛ

%d0%b3%d1%80%d0%b0%d0%bd-%d0%bf%d1%80%d0%b8

Рая ЕСКЕНДІР

Ұлық мереке ел тәуелсіздігінің 26 жылдығы қарсаңында тағы да бір дүбірлі дода өтті. Қаламызда ана тіліміздің абы­ройының артуына еселеп үлес қосып, қазақ тіліне қамшы салдырмай, жас ұрпақтың бойындағы нағыз рухты оятып жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің байқауы өткен еді.

Ардақты ана, еңбек ардагері Қасыл Қа­тықбаева атындағы бұл байқау үш кезеңді қамтыды. Үміткер ұстаздар алдымен «Сауаттылықтың шыңы – түсінік» атты тест тапсырып, пәндік білім деңгейлерін байқатқан еді. Екінші кезеңде өздерінің шығармашылық деңгейлерін эссе жазу арқылы көрсетіп, ең соңында «Білім беру жүйесіндегі менің пәнім және мен» тақы­рыбында өздерінің ұстаздық іскерліктеріне көрсетуге тырысты. Жалпы, өткізіліп отырған байқау Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласы аясында маман­дардың бәсекеге қабілеттілігін арттыра оты­рып, «Мәңгілік Ел» стратегиялық бағдар­ламасы мен ҚР Тілдерді дамыту мен қол­дауын 2011–2020 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы жүзеге асырып отыр.

Байқаудың барысы үлкен экран арқы­лы көрсетіліп, ұстаздар жү­ректері дүрсіл­деген сәтті тағы бір сәт бастарынан кешкен­дей болды. Алғашқы сөз кезегін алған қала әкі­мінің орынбасары Арман Қырықбаев, алдымен Тәуелсіздік күні мерекесі­мен құттықтады. Өткізіліп отырған шараның қала үшін ғана емес, ұлттың болашағы үшін де аса маңызды екендігіне тоқтады. Бүгінгі таңдағы мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында салынып, қала тұрғындарының игілігіне берілген мектеп және ұлтына адал қызмет етіп жүрген азамат Мұрат Әділ­ханұлы туралы да кеңінен сөз қозғап, ұстаздардың еңбегіне табыс тіледі.

Келесі кезекте байқаудың бас демеу­шісі, «Koktem group LTD» ЖШС директоры Мұрат Әділханұлы сөз кезегін алып, ендігі жерде байқаудың тұрақты түрде өткізіліп отыратынын жеткізді.

– Сәтін салса, ұстаздар арасын­дағы бұл байқауды келешекте ауқымды түрде өткізгелі отырмыз. Тағы бір жаңалығымыз оқушылар арасында да өткізу ойда бар, – деді.

Байқау алғаш рет өткізіліп отыр­ға­нымен әрі уақыттың тығыздығына қара­мас­тан ана тілінде білім беретін 132 мектептің 200-ден астам мұғалімі қатысып, қалалық кезеңге әр ауданнан ең үздік деген үш жеңім­паздан қатысқан еді. Байқауға қатыс­қан барлық 24 мұғалім де мықты. Олар білімді әрі өздерінің жан-жақтылы­ғымен байқаудың тартысты өтуіне ұйытқы болды. Жарыс қорытындысы да белгілі болып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байқаудың бас жүлдесіне тігілген 600 мың теңгені Медеу ауданындағы Ы.Алтынсарин атын­дағы №159 гимназия­ның мұғалімі Ержан Арын жеңіп алды.

Жеңімпазға жүлдені қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев табыс етті. Бірінші орынға ие болған Наурызбай ауданындағы №174 мектеп-гимназия мұғалімі Әсемгүл Құлмаханбетоваға 300 мың теңге көлеміндегі сыйлықты Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Аягүл Миразова табыс етті. Ал байқаудың үшінші орынға Жетісу ауданындағы №110 мектеп-гимназия мұғалімі Ақсүйрік Ізмұқа­нова лайықты деп табылып, 200 мың теңге көлеміндегі сыйлықпен арнайы дипломды «Үздік оқытушы-2016» мемлекеттік грантының иегері Майра Жүнісова табыс етті.

Үшінші орынға Алатау ауда­нын­дағы №188 мектеп-гимназия мұғалімі Нұрболат Қағазбаев ие болып, жеңім­пазға тиесілі 100 мың теңге қа­ра­жат пен дипломды қала­лық Білім басқармасының басшысы Рахат Шимашева табыс­тады. Соны­мен қатар, байқаудың арнайы ата­лымына ие болған №148 мектеп-гим­назия мұғалімі Жеткін­шек Меңді­ғалиев, №74 жалпы білім беретін мектеп мұ­ғалімі Сандуғаш Закария­нова, №62 гимназия мұғалімі Ғайни Әбнасырова мен №40 жалпы білім беретін мектеп мұғалімі Сәндібек Дүйсенбаев 50 мың теңге­ден ақша­лай сыйлық пен мақтау қағазына ие болды.

Байқауға қатысып, өз білікті­лік­терін көр­сеткен мұғалімдерге 30 мың теңгеден қаржылай сыйлық пен мақтау қағаздары табыс етілді.

Қашанда жаңалықтың жаршысы болып, білімнің биігінен көрінетін Алматы қаласының ұстаздар қауымы жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы маңдай терлерінің нәтижесін көрді. Байқау соңы Қ.Қатық­баева атындағы №168 мектеп-гимназия­ның әнімен аяқталды.

 

Елдікке, егемендікке қол жеткізген күн

Наурызбай ауданының тұрғын­дары №176 мектеп-гимназиясында өткен бұл салтанатты шараны да Тәуелсіздік күнін зор қуанышпен атап өтті. Наурызбай ауданының әкімі Сайран Тәпенұлы Сайфеденов ашып, аудан тұрғындарын мереке­лерімен құттықтады. Жиналған қауымға зор денсаулық, отбасы­ларына ырыс пен бақыт тіледі.

 

Наурызбай ауданының әлеу­меттік-экономикалық дамуына қосқан мол үлесі үшін ауданның мемлекеттік қызметкерлері, білім және медицина қызметкерлері мен қоғам белсен­ділері, кәсіпкерлер мен коммуналды шаруашылық саласы­ның қызметкер­лері аудан әкімінің Құрмет гра­мотасы мен Алғыс хаттармен мара­патталды.

Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты жиында Құр­манғазы атындағы қазақ мемле­кеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің күйлері, Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің билері мен Жүргенов атындағы Өнер коллед­жінің театрландырылған қойылымы, жас ақын Жамбыл Дүйсенов, Есет Сәдуақасов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмаған­бетова және ең жоғарғы «Отан» орденінің иегері ҚР халық әртісі, композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Сәлима ЯКУПБАЕВА,

аудан әкімінің баспасөз қызметі.