ЕСЕТ БАТЫР МЕМОРИАЛДЫҚ КЕШЕНІ

Тарихи тұлғаның туғанына 350 жыл толуына орай жаңартылып, жұртшылық­тың рухани-мәдени орнына айналды

 5c5d30fc92801282c46c4daf69c5a57c

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Ақтөбе қаласынан шығысқа қарай Астрахан бағытындағы  үлкен жол бойымен келе жатып, Шәмші Қалдаяқов ауылынан өттік. Шәмші ағамыз көзі тірісінде бұл ауылға келді ме, келмеді ме, хабарымыз жоқ, ұлы сазгердің таланты үшін үлкен ауылға есімінің берілгеніне қуа­нып қалдық. Одан әрі «Бес тамақ» ауылынан өтіп, солға бұ­рылған асфальт жолға түстік. Бізбен бірге келе жатқан жолсеріктеріміз бұл ауылдың аты кешегі кеңестік кезеңде бұрмалауға ұшырағанын, ол бастағы тарихи атауы «Бес тама» екенін, бірақ әлі күнге өзінің негізгі атына ие бола алмай келе жатқанын айтты. Осы ауылдан шамалы жер жүргеннен кейін алдымыздағы қырат үстінен еңселі кесене көзге түсті. Бұл – қазақтың даңқты батыры Есет Көкіұлының сүйегі жерленген қасиетті орын. «Бес тамақ» ауылының шығысындағы биік төбеге Есет Көкіұлына 1750 жылдары кесене тұрғызылды. 1979 жылы   жергілікті тұрғындар батыр бабамызға ақ кірпіштен құлпытас орнатты. Биіктігі 1,7 метр, ені 3 метр, ұзындығы 5 метр құлпытас кейіннен алынып тасталды.

Биік төбе басындағы Есет батыр­дың жаңа кесенесі 1992 жылы ержүрек бабамыздың туғанына 325 жылдығын атап өту қарсаңында тұрғызылды. Батыр кесенесі қыз­ғылт түсті Маңғыстаудың ұлутасы­нан салынған. Оның биіктігі 11 метр де, ені 5 метр. Қазақтың киіз үйі пішінінде тұрғызылған кесене ары-бері өткен жолаушыға алыстан көрінеді. Кесененің жобасын сәулетші Т.Жонысбеков жасады. Кесене күмбезінің негізі текше тәрізді болып келеді. Оның қарсы алдында Есет батырдың үш метрлік бейнесі кескінделген. Кесене ішіне кіргенде ортада ұлутаспен қапталған батыр бабамыздың тастабыты орналасқан. Есет батыр кесенесі тарихи ескерткіш ретінде тіркеліп, мемлекет қарамағына алынған. Кесенеге көтерілер жерге  тасжол мен Ілек өзені арқылы өтетін көпір салынған.

Есет батыр бабамыздың басына зиярат етушілер жылдың барлық мезгілінде ағылып келіп жатады екен. Кесене төңірегінде автобустар мен жеңіл көліктер көп. Еліміздің әр шалғайынан толассыз келіп жатқан жұртшылықтың ара­сынан құрбан­дық шалып, ас беріп жатқандарды жиі көруге болады. Алыстан ат арылтып келушілерге арнайы қонақүй де салыныпты. Бөлек-бөлек бөлмелер, дәрет алып, намаз оқитын, жатып   дем алатын жайлар да бар. Құрбандыққа мал шалып, ас дайындайтын  орын да қарастырыл­ған. Жолбасшымыз Сек­сенбай қажы Тұрысбекұлы Құран оқып, біз де батыр баба кесенесіне зиярат еттік.

Биылғы жылдың қараша айының 12 жұлдызында Ақтөбе қаласынан оңтүстікке қарай 30 шақырым қашықтықта орналасқан «Бес тамақ» ауылында қазақ халқының даңқты перзенті Есет батыр Көкіұлының 350 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Салтанатты шараның басты оқиғасы – Есет батырдың ат үстіндегі мүсін-ескерткішінің ашыл­уы болды. Ескерткіштің биіктігі – 11,5 метр, салмағы – 1,5 тонна. Жер­­гілікті кәсіпкер Нұрлан Сағына­лин ескерткішті орналас­тыру және ау­мақты көріктендіру үшін «Tуған жер­ге тағзым» акциясы аясында 32 миллион теңге бөлген екен.

«Қазақ халқында «Өткенсіз бүгін жоқ» деген мақал бар. Сондықтан біз мемлекет басшысының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бағдарламасына сәйкес тарихымызды, рухани құндылықтарымызды жаңғырту­дамыз. Басты мақсат – жас ұрпақты халыққа деген сүйіспеншілікке, өз елінің патриоты болуға, туған жерін құрметтеуге және қорғауға үйрету. Бұл ескерткіштің ашылуы – жастарға үлкен үлгі, өнеге», – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Осы күні жаңадан ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанаты болды. Бұл емдеу орта­лығы күніне елу адамды қабылдай алады. Жалпы, құны 73 миллион теңгеге бағаланған емдеу орнының жалпы аумағы 494 шаршы метрді алып жатыр.

Есет батыр кесенесіне баратын жол күрделі жөндеуден өткізілген. Алға өңірінен шыққан кәсіпкер азамат Асхат Айтжанов «Туған жерге тағзым» акциясы аясында сегіз миллион теңгеге жолды ретке келтіріпті. Сондай-ақ, мемориалдық кешен маңын көркейту-көгалдан­дыру жұмыстарына да қыруар қаржы бөлген. Кесене төңірегіне отырғыштар қойылған. Елек өзені арқылы өтетін көпір жақтаулары да жаңартылған.

Есет батырдың мәңгілік меке­ніне жиылған жұрттың қарасында есеп жоқ. Баспалдақ арқылы жоғары көтерілген үлкен де, кіші де батыр баба аруағына Құран бағыштап, бір-біріне жақсылық тілеп жатады.

Жолаушылар үзілмейтін Ақ­төбе-Астрахан тас жолы бойына орна­ласқан Есет батырдың еңселі ат үстіндегі монументі «АкТеп» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нұрлан Сағыналиннің демеушілігімен салынды. Батыр мо­нументі тұғырының биіктігі 6 метр, батыр мүсінінің биіктігі 5,5 метр. Ескерткіш авторы ақтөбелік мүсінші Ерлан Пірімбетов.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «ХVІІ және ХVІІІ ғасырлардағы қазақ-жоңғар қақтығыстарындағы батырлардың рөлі: қазақ бірегейлігінің қалып­тасуы» атты тақырыпта халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конфе­ренция өткізілді. Бұл шараға елі­міздің әр шалғайынан зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, өлке­танушылар, зерттеушілер, мұрағат мамандары қатысты. Конференция мақсаты – өткен ғасырларда қазақ-жоңғар қақтығысы барысында қазақ батырларының ерлігі және Есет батырдың қоғамдық-саяси қызметін саралау және өнегелі өмірі мен қазіргі зерттеулердің нәтижесін сараптау, мұрағаттық құжаттарды ғылыми айналымға енгізу мәселесі қаралды. Облыс әкімінің орынба­сары Ербол Нұрғалиев, әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Берекет Кәрібаев, тарих ғылымының кандидаты Зәкіратдин Байдосов, Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Өтеген Исенов, Санкт-Петербург Ұлттық зерттеу университетінің профессоры Роман Почекаев, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Светлана Кавальская, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің аға оқытушысы Жәнібек Исмурзин, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсти­тутының ғылыми қызметкері Рашид Оразовтар Есет батыр туралы тың деректерді жұртшылық назарына ұсынды. Есет батырдың құрметіне арналған мерекелік шара ауылдық мәдениет үйінде «Ер есімі – ел есінде» атты Ғазиза Жұбанова атындағы облыс­тық филармония ұжымының мере­келік концертіне ұласты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемле­кеттік уни­верситетінің Студенттер сарайында Есет батыр Көкіұлының 350 жыл­дығына арналған респуб­ликалық ақындар айтысы да дүр­кіреп өтіп,  бас жүлдені павлодарлық Аспанбек Шұғатаев иеленді. Есет батыр ескерткішінің ашылуына орай қазақ күресі, аламан бәйге, жорға жарыс секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдас­тырылды.

Тама Есет батыр Көкіұлының еліміздің тәуелсіздігі жолындағы ерлік істері көне тарихтан белгілі. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Кіші жүздің қалың қолын бас­қарып, басқыншы жауға қасқиып қарсы тұрған батыр бабамыздың ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып қалды. Қанша ғасыр өтсе де ерлігіне  бас иген халқымыз Есет батырдың зиратына тәу етіп, дертіне шипа іздеп келіп жатады. Батыр баба­мыздың даңқына сай бұл жерді рухани-мәдени орынға айналдыру қолға алынды. Шығыс үлгісінде күмбезделіп салынған мемориалдық кешен  заманауи үлгіде жабдық­талған, алыс-жақыннан келетін қонақтар үшін барлық жағдай жасалған. Осында Есет батырдың мұражайы да орналасқан. Қазір таңда осы мұражайды батыр өміріне қатысты жәдігерлермен  толықтыру ісі үздіксіз жүргізіп келеді.

Қазақ халқының ержүрек баты­ры әрі қолбасшысы және тарханы Есет батыр кезінде Орта және Кіші жүз қазақтарын Ресейге қосуда да көп еңбек сіңірген еді.   Есеттің әкесі Көкі Базарқұлұлы да атақты батыр болып, «Таймас батыр» (берілмейтін) деген аты шыққан. Жоңғарларға қарсы соғысуды ерте бастаған Есет батырды қанды жорықта Тәуке хан байқап, батырлығы үшін батасын берген екен. 1700 жылы Есет кіші рудың биі, ал 1710 жылы Тама руы­ның басшысы, 1722 жылы Жетыру тайпасының бас қолбасшысы атанған. Кіші жүздің ханы Әбіл­хайырмен достық қатынаста болып, бірнеше рет әскерлеріне басшылық етті. 1720 жылдары 20 мың Әбіл­хайыр хан отрядын басшылыққа алды және 1720–1745 жылдары қалмақ және башқұр жаушыларына қарсы тұрды. 1730 жылдың көкте­мінде Аңырақай жерінде Балқаш соғысында үш жүздің күші бірігіп, жоңғарларға жойқын соққы бер­генде Есет батыр өзін әрі әдіскер қол­басшы ретінде көрсетті. 1731 жыл­дың 10 қазанында Есет батыр Әбіл­хайыр ханның бастауымен және Кіші жүздің басқа бетке ұстарла­рымен патша әміршісіне табынуға ант қабылдады. 1740 жылы Орын­борда Орта және Кіші жүз феодал­дарының және Орынбор комис­сиясы В.Уросов князының ара­сындағы келіссөзде Есет батыр екінші рет ант қабылдады. Есет батыр екі халық арасындағы экономикалық және саяси қарым-қатынастың нығаюына белсене атсалысты. Қазақстанның Ресейге қосылуына көп кедергі келтірген Еділ қалмақтарына қарсы күш көрсете алды. Есет Көкіұлы дарынды қолбасшы ғана емес, сұңғыла саясаткер, мемлекет қай­раткері, еліміздің  еркіндігі үшін күрескен ұлтжанды азамат болды. Есет батыр 82 жасында 1749 жылы қайтыс болды.

 

АқтӨбе–Алматы–АқтӨбе.