ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ БАСТЫ НАЗАРДА

Жолдау және жұртшылық

%d1%80%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d0%ba%d0%be%d0%b2

Біздің мемлекет – адам денсаулығын, білімін, жайлы өмір сүруін, жалпы адами құндылықтарды бірінші кезекке қоятын, кез-келген қоғам мүшесінің өміріне жауап беретін бірден-бір зайырлы ел. Сондықтан да біздің Тәуелсіз елдің халқы Елбасының сарабдал саясатының арқасында тұрақты­лық пен тыныштық құшағында бейбіт өмір сүруде.

Қазақстан Республикасының Еңбек Заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіп­сіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талап­тардың сақталуын мемлекеттік тұрғыда бақылауды жүзеге асыру, еңбек адамының мүддесін қорғау, сондай-ақ, тарихи Отаны­на келген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру істерімен айна­лысатын Алматы қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы да талай жұмыстың басын қайырды.

Мәселен, үстіміздегі жылдың осы уақы­тына дейін 1826 азаматқа, оның ішінде 739 этникалық қазаққа еңбек және көші-қон заңдылықтарының талаптары туралы ауқымды түсінік жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданды. Нақтырақ айтсақ, еңбек заңдылықтарының талапта­рын түсіндіру мәселелері бойынша қала кәсіпорындарында 3727 адам қамтылған 135 кездесу өткізілді.

– Еңбек заңдылықтарының сақталуы бойынша, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін және жұмыскерлердің құқығын қорғау мақсатында 646 тексеру жүргізілген. Тексеру кезінде 749 заңбұзушылық оқиға­сы анықталған. Нәтижесінде 262 жұмыс беруші жалпы көлемі 46,7 млн. теңгеге әкімшілік жауапқа тартылды.  Оның ішінде 29,8 млн. теңге көлемін құрайтын 171 айып­пұл (62,8 %) өндіріп алынды, – дейді Алматы қалалық Мемлекеттік еңбек инспек­­циясы және көші-қон басқармасы­ның басшысы Талғат Разақов.

Атқарылған осындай жүйелі жұмыс­тардың нәтижесінде жұмыскерлердің жалақысын әлі төлемеген 217 кәсіпорын олқылықтарының орнын толтырды. Яғни  323,8 млн.теңге қаражат өз иелерін тауып, жұмысшылардың айлықтары алақанда­рына тиген. Бұл — 1625 еңбеккердің еңбек құқы қорғалды деген сөз.

Жұмыскерлердің жалақысын уақтылы төлемеген 169 заңды тұлға әкімшілік жауап­қа тартылып, оларға 34,6 млн. теңге айыппұл салынды. Жалпы, айлық еңбек­ақының мерзімінде төленуі қала басшылы­ғының ұдайы назарында. Мәселен, қала әкімі орынбасарының төрағалығымен осы мәселе бойынша 12 жиналыс және әлеу­меттік серіктестік бойынша үшжақты келісім комиссиясының бір отырысы өтіп, онда жалақы мәселесінің ешқашан кешіктірілмеу керектігі шегелеп айтылды.

Басқарма өкілдері, сондай-ақ, ұжым­дық келісім-шартты тіркеу және мони­торинг жасап отыру жұмыстарын да ақсатқан емес. Мәселен, бүгінгі таңда қалада бас-аяғы 2583 ұжымдық еңбек келісім-шарты жасалған.

Көші-қон мәселелері де күн тәртібінен түскен емес. Қала бойынша оралман мәртебесін 271 этникалық қазақ иеленген, оның ішінде 144 адамнан тұратын 54 отба­сы және 127 жалғызілікті жан бар. Оларға ұзын-саны 195 куәлік берілген.

Елім деп келген қандас бауырлардың арасындағы еңбекке жарамдысы – 63%, ал зейнеткерлер – 6,0%. Еңбекке жарамды ағайындардың 44%-ы жоғары білімді (арасында оқуы аяқталмай қалғандары да бар), ал 9 %-ы – студент.

Өзбекстан елінен 75 адам (27,7 %), Қытайдан – 176 (65,0 %), Ресейден – 5, Қыр­ғызстан мен Тәжікстаннан әрқайсы­сынан 4 адамнан, Моңғолия мен Түркия­дан әрқайсысынан 3 адамнан, ал Украи­надан 1 ағайын келген.

Оралмандардың басым көпшілігі Әуезов ауданында тіркелген – 91 адам (34,0 %). Алатау ауданында – 73 (27,0%), Бос­тандық ауданында – 40 (15,0 %), Алма­лы ауданында – 25 (9,0%), Медеу ауда­нында – 20 адам (7,0%). Ал қалған Жетісу, Наурызбай және Түрксіб аудандарында 3,0 %-ден.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».