ЭКСПО көрмесі тарихтағы ең табысты көрме болды

Серік ЖҰМАБАЕВ

Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жол­дады. ХКБ басшысы Мемлекет басшы­сына Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесін табысты өткізгені үшін алғыс білдірді және қатысушы елдер ЭКСПО-2017 көрмесінің ұйымдастыры­луын жоғары бағалағанын атап өтті.

– Қатысушы елдер ЭКСПО көрмесі елеулі іс-шара және тарихтағы ең табысты мамандандырылған көрме болғандығы туралы пікірлерін білдіруде.  Бұл алдағы мамандандырылған ЭКСПО көрмелерін дамытуға ықпал ететініне сенімдімін. Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көр­ме­сінің табысты өтуіне сіздің жеке қолда­уыңыз және аталған тамаша жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысуыңыздың нәтижесінде қол жеткізілді, – делінген хатта.

Висенте Лоссерталес ҚР Үкіметі, Ахметжан Есімовтің басшылығымен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компа­ниясы көрме инфрақұрылымының дайын болуын қамтамасыз ету үшін барынша күш салғандығын, сондай-ақ барлық халық­аралық қатысушылар қазақ халқы­ның ерекше қонақжайлығын сезінгенін атап өтті.

– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының «Достық» орденімен марапаттап, көрсеткен құрме­тіңіз үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Осы шешім туралы хабардар болғанда ерекше сезімде болдым және Қазақ­станмен алты жыл бойы тығыз қарым-қатынаста болу қызмет жолымда ең құнды тәжірибе болғандығын атап өткім келеді. Қазақстан халқына және бүкіл әлемге арналған ЭКСПО-2017 көрмесінің мұрасымен танысу және Көрме аумағын көру үшін Астана қаласына бару мүмкіндігі болады деп сенемін, – деп атап өтті ХКБ басшысы.