ТҰТЫНУ ШЫҒЫНЫ: бағаның өсуін тоқтатуға бола ма?

%d1%82%d1%83%d1%82%d1%8b%d0%bd%d1%83%d1%88%d1%8b

Өмірзақ МҰҚАЙ

Мегаполистегі азық-түлік нар­қының қымбаттауына байланысты ортақ бір қағида бар. Мамандардың бәрі қымбатшылықты арадағы делдал­дардың қосқан пайыздық үстеме­сінен көреді. Әрине, ол қарапайым тұтынушыны айтпағанда, жергілікті билікке де ұнамайтын жағдай.

Биылғы күзде азық-түлік нар­қындағы қымбатшылық қайтадан байқалды. Сондықтан қала билігі нарыққа тұрақтандыру қорынан ұн, қант пен көкөніс сияқты алғашқы сұранымдағы өнімдерді шығаруға мәжбүр болғаны белгілі.

Алдымен картоп және басқа да көкөніс, жеміс түрлерінің бағасы көтеріліп, нан мен нан өнімдерінің құнында да тұрақсыздық байқала бастаған. Соған байланысты ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткі­зіліп, қалаға жергілікті көтерме сауда алаңдарына ара делдалсыз тікелей ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіле бастады.

Бұл жердегі басты мәселенің тұрғындардың тұтыну шығынына, оның мөлшеріне байланысты екені белгілі. Соған қарата айтқанда Ал­маты қалалық статистика басқар­масы берген деректерге қарағанда, үстіміздегі айда үй шаруашылы­ғындағы тұтыну шығындарының айтарлықтай өскені байқалады. Нақтырақ айтқанда, бірінші жарты­жылдықтағы тұтыну шығыны  196646 теңге болып отыр. Яғни бұл қаланың бір тұрғынына шаққандағы орташа көрсеткіш.

Бұл дерек нені көрсетеді? Шынын айту керек, соңғы тұтыну шығы­нының мөлшері өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9,7 пайыз жоғары болып отыр.

Алматы қаласы бойынша ал­ғашқы жартыжылдықтағы тұтыну шығынының көрсеткіші 123338 ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙТЫН ОРТАША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕН 1,6 ЕСЕ ҮЛКЕН  ДЕГЕН СөЗ.

Бұған еш таңқалудың қисыны жоқ. Алматыдағы баға республи­каның көп жеріндегіден жоғары. Әсіресе, азық-түлік нарқы аспандап  тұр. Тек үстіміздегі жылдың қазан айында ғана негізгі азық-түлік тұтынудың минималды нормасы қыркүйек айымен салыстырғанда 2,4 пайызға өскен. Ал 2016 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғандағы өсім 9,7 пайыз.

Өткен жылдың қазан айындағы деректер бойынша, ет пен балық өнім­дерін тұтыну деңгейі 19,6, көк­өніс пен жеміс тұтыну мөлшері 15,8, сүт, май бұйымдарын және жұмыртқа тұтыну 14,9, ұн өнімдері мен тары тұтыну мөлшері 7,5, қант пен шай және түрлі дәмдеуіштер тұтыну мөлшері 2,2 пайыз болған.

Бұл деректер өткен жылғы тір­шілік минимумының көрсет­кіштері.

Ал ҮСТІМІЗДЕГІ ЖЫЛДЫҢ СӘЙКЕС МЕРЗІМІНДЕГІ ТІРШІЛІК МИНИМУМЫНЫҢ КӨЛЕМІ 25738 ТЕҢГЕ. Демек, азық-түлік нарқын­дағы қымбатшылық республикалық ең төменгі тіршілік минимумынан асып түсті деген сөз.

Бұл жерде тіршілік минимумы дегеннің не екенін нақтырақ тоқтала кетуіміз керек. Тіршілік минимумы дегеніміз – минималды азық-түлік себеті көлеміне теңестірілген бір адамға тиесілі ең төменгі ақшалай кіріс мөлшері.

Онда адамның өмір сүруіне қажетті азық-түліктің, тауарлар мен қызмет түрлерінің нарқы есепке алынады. Әрі ол азық-түлік себетінен тұрады. Азық-түлік себетінде азық-түліктік емес тауарлардың және төлемді қызметтердің мөлшері де көрсетіледі.

Тағы бір нәрсені біле жүрген дұрыс. Тіршілік минимумының есебіне қажетті бірінші сұранымдағы азық-түліктік емес тауарлар мен қызметтердің минималды қажетті­лігінің шығыны ең төменгі тұтыну себетінің 40 пайызы көлемінде белгіленеді.

Сондай-ақ, азық-түлік сатып алуға жұмсалатын қаржы мөлшері 15,9, төлемді қызметтер шығыны 9,3 пайызға артқан.

Осындай шығындардың әсерінен қарапайым халықтың негізгі қаржы мөлшерін азық-түлікке жұмсап, азық-түліктік емес тауарлар сатып алуды біршама азайтқаны да байқалып отыр. Атап айтқанда, Алматы қаласы бойынша азық-түліктік емес тауарларды сатып алу мөлшері 1,3 пайызға төмендеген.

Тұрғындардың ақшалай кірісі құ­рылымындағы негізгі үлес жалақы мөл­шеріне байланысты. Қазіргі таңда ол 80 пайызды құрап  отыр. Яғни өт­кен жылдың сәйкес мерзі­мімен са­лыс­­тырғанда, бұл көрсет­кіште 4,8 пайызға төмен деген сөз.

Дәл осы жерде өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғандағы қараша айының тұтыну шығын­дарын нақты цифрмен көрсете кетуді жөн көрдік. Атап айтқанда, 2016 жылдың алғашқы жартыжылды­ғында тұтыну шығыны республика бойынша 100, Алматы қаласы бойынша да 100 пайыз болған.

Оның ішінде азық-түлікке тиісті мөлшер 2016 жылдың қарашасында республика бойынша 50,6, Алматы бойынша 45,7, ал 2017 жылдың қара­шасында тиісінше 51,5 және 48,3, азық-түлік емес тауарларға шақ­қан­да республика бойынша 25,7 және Алматы бойынша 24,8, ал үстіміздегі жылы тиісінше 24,9 және 22,3 пайыз болған.

Төлемді қызмет түрлерінің нарқы да осы деңгейде.

Алдымен қазір қаладағы азық-түлік нарқын реттеуге байланысты бір­шама жұмыстар жүргізіліп жа­тыр. Жаңа оранжереялардың пайда болуына орай жекелеген көкөніс түрлерінің бағасын төмендетудің сәті түскенін айта кетуге тиістіміз. Ақиқатында, жылыжайда өскен өнімдер  кейбір бизнесмендер жет­кізетін көкөніс пен жемістерден гөрі арзан болып шықты.

Соның арқасында биылғы күз бен қыста алматылықтар қызанақ пен қиярды 350 теңгеге, әрі кетсе 500 тең­геге сатып алады деген болжам­дар айтылуда. Есесіне көкөніс пен жемістің басқа түрлерінің ықтимал бағасы тұтынушыны қуандыра қоймайды.

Көктемде Алматының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 730 млн. теңгеге 3 тоннаға жуық өнім сатып алған болатын. Қазір ол да сар­қылуға жақын. Қала билігі осыны ескеріп, азық-түлік қорын одан әрі нығайту шараларын қарастыруда.

Сондай-ақ, өкілетті органдар осыдан бастап, әсіресе жәрмең­келердегі баға бағамын қатаң назарда ұстамақ. Әрине, бүкіл азық-түлік бағасын тұрақты бақылау мүмкін емес екені де белгілі. Бірақ қала билігі шама-шарқынша қадағалау жасайды.

Қазіргі жалғыз Алматы емес, бүкіл республика тұтынушыларын толғандырып отырған басты тақы­рып­тың бірі – картоптың қымбат­тауы. Тіпті мәселенің асқынғаны соншалықты, әңгіме Ауыл шаруа­шылығы министрлігі деңгейіне дейін көтеріліп, талқыға түскен. Соның нәтижесінде қымбатшылыққа бір­ден-бір себепкер болып отырған сату­шылардың іс-әрекеті де бақы­лауға алынады, дейді атқарушы органдар.

Ресми дерек бойынша қазіргі кезде Қазақстанның оңтүстігінде картоптың бір килосы 150 теңгеге, Алматыда 160–170 теңгеге, Қара­ғандыда 130 теңгеге саудалануда.

Оның үстіне саудагерлер картоп бағасының одан әрі қымбаттауы мүмкін екенін мәлімдеп отыр. Тіпті, көктемге қарай бір кило картоптың құны 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін деген де болжамдар бар.

Соған қарамастан шенеуніктер бұл дақпырттың бәрін жоққа шығарып бағуда. Өйткені, үстіміздегі жылы республика бойынша 3,5 млн. тонна картоп жиналған. Бұл – республиканың тұрғындарын келесі күзге дейін толық қамтамасыз етуге жететін мөлшер. Ал сонда жоға­рыдағы болжамдар қайдан шығады дегенге келейік.

Мәселе мынада, дейді мамандар. Биылғы мол картопты көрші респуб­ликаның ара делдалдары сол кездегі көтеріңкі бағамен жаппай сатып әкеткен-мыс. Қазіргі картоп қым­бат­шылығын білетіндер содан көреді.

Қорыта келгенде айтпағымыз, қазіргі таңдағы тұтыну шығыны мен ағымдағы баға арасында айырма­шылық үлкен болып тұр. Қазіргі атқарушы органдарды толғандырып отырған мәселе де осы. Барлық жердегідей Алматы қаласында да тұтыну шығынына орай азық-түлік бағасын реттеу мәселесі мықтап қолға алынғаны байқалады. Ал оның нәтижесін алдағы тіршілік көрсетпек.