Тау баласы тауға қарап өседі

Алматы таушаңғысы балалар командасы Австрияда жаттығу өткізді

Нұрлан СҮЙІН

Қараша айының басында алматылық тау шаңғысы спортшылары Австрияның «Хинтерукс» және «Штубай» мұздықтарында оқу-жаттығу жиынында болды. Халықаралық жарыстарға дайындалған команданың сапында 9–14 жас аралығындағы 12 спортшы, 3 жаттықтырушы болды.

– Әлеуметтік жобаларды дамыту жөніндегі «Самұрық-Қазына Траст» қорының арқасында біз жас спортшыларды оқу-жаттығу жиынына жіберу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл жарыс маусымына дайындық шеңберінде өткізіліп отыр, желтоқсан айының ортасынан жарыстар басталады. Бұл әлемдік тәжірибе, командалар маусым алдында жаттығуды күшейтеді, жазда таулы жерлердегі қарға шығады, бұлшық еттер босамауы үшін. Және де біз жалпы жас буын, халықаралық деңгейде жаттығып, атақты спортшылардың қатарына ұмтылуын қаладық, – деп атап өтті «Shymbulak Skі Sports Club» жаттықтырушысы Марк Шпарберг.

Жаттықтырушылардың айтуынша, Австрия мұздықтарында әлемнің атақты спортшылары жаттығады екен. Және біздің «үйдегі» жаттығу орындарына қарағанда, балалар жаңа деңгейлі кедергіні, қарлы жолдарды меңгереді.

– Алматылық жас шаңғышылардың барлығы ҚР жастар құрамасының мүшелері. Олар үшін бұл тамаша тәжірибе. Жақында олар Италияда өтетін «Тополина» және «Пиноккио» жарыстарына барады. Сайыстар ақпан-наурыз айларында өтеді. Және Чехияда өтетін жарысқа қатысу жоспарланып отыр. Бұл балалар ел құрамасына келетін жаңа буын, олар ертең-ақ Қазақстан құрамасын бастайтын болады. Әлемнің жоғары деңгейлі жаттығу орындарында оқу-жаттығу жиындарын өткізу, жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе. Ал халықаралық жарыстар олардың алға ұмтылуына мүмкіндік береді, – дейді М.Шпарберг.

Желтоқсан айында «Шымбұлақта» тау-шаңғы спортынан балалар арасында халықаралық жарыстар өтіп, оған ШҚО, Қырғызстан, Өзбекстаннан 50-ден астам спортшы қатысады. «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды қолдау қоры демеушілік жасап, 25 спортшы мен 6 бапкерге спорттық тау-шаңғы костюмдерін алып берді.

– Балаларға арналған 25 костюм мен 25 жарыс киімі әлемдік командалар киінетін арнайы форма. Еуропалық өндірушілердің дайындаған бұл формалары барлық халықаралық талаптарға сай, өте сапалы. Бұндай формамен, спорттық жабдықпен біздің балалар кез-келген жоғары деңгейлі халықаралық жарыстарға кедергісіз қатыса алады, – дейді «Shymbulak Skі Sports Club» жаттықтырушысы Иоаннис Ульфас.

«Шымбұлақ» курортының басшылығы биыл жас спортшылардың сапалы жаттығуы үшін жаңа жаттығу орны жабдықталып, бар жағдай жасалғанын айтып отыр.