ОҢАШАДАҒЫ ОНЛАЙН ОЙЛАР

%d0%be%d0%bd%d0%bb%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d0%bd

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Неге екенін қайдам, оқу жылы аяқталған кезде, 25 мамырда есіме Өмірбек Жолдасбеков түседі. Ол кісіні өз басым қолданбалы математиканың құдайындай көремін. Басқасын былай қойғанда, шетелдік 10 патенттің авторы ол кісі. Өмірбек аға кезінде әкеме сабақ берген. «Балам қазақта білімді адамдар бар болар, бірақ тірілей көрген данышпаным сол кісі» деп, өзінен бес жас кіші академиктен дәріс алғанын қораштанбай, керісінше мақтанып айтып отыратын. «Теория механизмов и машин» деген пәннен лекция оқыған кезінде студенттерден көзін алмай, артында тұрған тақтаға шеңберді қолындағы бормен бір-ақ айналдырып салады екен. Студенттер үзіліске шыққан кезде әлгі Өмекең салған шеңберді циркульмен тексергенде 100 процент тура келетін көрінеді. Әкемнің осыған қатты таңқалып айтып отырғаны есімде қалыпты. Шынында да ғажап нәрсе ғой.

Математиктер «Теория механизмов и машин» пәнін қысқартып ТММ деп жеңілдетіп айтады екен. Оған қоса, бұл сабақты игерудің ауыртпалығын білетін студенттер бұған «Тут Моя Могила» деп азан шақырып, ат қойып қойған болса керек. Соны бір күні естіп қалған академик былай депті: «В корне ошибайтесь, друзья! Не тут моя могила, а тут моя милая!». Білімді осылай шексіз сүю – өте сирек құбылыс.

 

***

Габриель Гарсиа Маркестің керемет эссесі бар. «СССР: 22 400 000 км3 без единой рекламы кока-колы!» деп аталады. 1957 жылы Мәскеуде өткен жастар мен студентердің Бүкілдүние­жүзілік фестивалінен кейін жазылған.  Оны публицистиканың алтын қорына кіргізу керек. Дәл қазір магия-жазушының сол шығармасы есіме түсіп отыр. Әлгі шығармасында мынадай жолдар бар: «Но самый вопиющий эпизод мы наблюдали в пригороде Москвы, когда, возвращаясь из колхоза, остановились на улице возле лотка выпить лимонаду. Нужда заставила нас искать туалет. Он представлял собой длинное деревянное возвышение с полдюжиной отверстий, над которыми, присев на корточки, полдюжины солидных уважаемых граждан делали то, что им нужно, оживленно перегова­риваясь, – такой коллективизм не предусматривала никакая доктрина».

Қатты қуанып отырмын. Қазақстан туралы ешкім бұлай жаза алмайтынына. Биотуалетіміздің болғаны қандай бақыт?! Астанада ЭКСПО кезінде ғажап биотуалеттер болатынын жаңа бір видеодан көріп қалдым.

 

***

Кешелі бері фейсбукте неше түрлі мақтау қағаздан көз тұнады. Біздің еліміздегі білімге деген бумның жарқын көрінісі осы грамоталар болып тұрғаны – шындық. Менің де немерелерімнің үшеуі мектепте оқиды. Кешкілік «ел алып жатқан қатты қағазды менің сусликтерім де алған шығар» деп үйлеріне бармаймын ба? О тоба, бізге бір грамота бұйырмапты! «Жұрттың баласының бәрі – одаренный, менің балаларым қалай бездарный болып қалды?!» деп түнімен ұйықтай алмай шықтым! Шынында да қалай одаренный болуға болады?

Үлкен немеремді футбол ойнауға баулығанмын ғой үш жасынан. Қазір он бірде. Кеше тағы да доп қуып кетіпті. Бұл не қылған фанатизм екенін түсінбедім. Сабақ туралы әңгіме айта қалсам, баяғыда айтқан өз сөзімді өзіме айтады: «Роналдуға мұғалімі ылғи ұрсады екен: «Сен адам болмайсың. Аштан өлесің. Білімге ұмтылмайтын адамның оңғанын көрген жоқпын». Ал  сол Роналду қазір әлгі мұғаліміне ай сайын мың доллар беріп тұрады. Міне, футболдың құдіреті!». Қазір осы сөзді немереме айтқаныма қатты өкінемін. «Көресіңдер, «Реалда» ойнап, бәріңді мен асыраймын әлі» деп бөскенді әбден үйреніп алды. Иә, оның кеше грамота алмайтынын ішім о басынан сезген.

Ал екінші немеремнен үмітім зор еді. Екі пәннен «4» алып қалыпты. Грамота жоқ. Аздап «без настр» отыр. Оны менен бұрын бірінші сыныпты сөктей «үшпен» бітірген інісі жұбатып үлгерді: «Сол құр қағазды қайтесің, Жаник! Мұғалімдер балаларды алдай береді қағаз таратып. Одан да атам сияқты ақша берсе ғой. Иә, ата?».

«Не дерімді білмей қалдым» дегеннің нағыз өзі болды. Балам бір оқпен екі қоянды атып алып тұрғанын қара­майсың ба? Ағасын да жұбатты. Мені де «косякқа» кіргізіп тұр. Енді осындай балдарды қалай «бездарный» деп айтасың? Айта алмайсың! Тек грамота­мыз жоқ демесеңіз, бізде бәрі «Чики-чики»!

 

***

Жас кезімде аудандық газетте тілші болып істедім. Мен жазбаған тақырып жоқ.Қызылша өсіруден бастап жас техниктер клубының жұмысына дейін жаздым. Еңбек жолын енді бастайтын барлық жас журналистерге осы жолды ұсынар едім. Неге? Нағыз өмірді тек ауданнан көруге болады. Одан жоғары жерлерде – тек қағазға байланған тіршілік. Қазірде де сол. Айырмашылық біреу ғана. Бұрын қағазды жаяу таситын. Қазір «дистанционно» тасуға көштік (электронды пошта, сервер). Қаптаған қағаз – өмірдің арасында жүрген жур­налистің бір мәселені иін қандырып жаза алмайтынының сыры осында жатыр. Ең басты айтқым келген ой: қарапайым адамдардың өмірін жазуды меңгерген журналист қана халықтың сөзін сөйлей алады.

 

***

Өмір бақи брошюраның бетін ашпай келіп, қартайғанда кітап оқығысы келетін кісілерді түсіне алмадым. Кішкентайынан балаларға арналған кітапшалардан бастап танымдық әдебиетке жүгінбегендердің егде тартқандағы осы тірлігі шынында да күлкілі. Өмірі бітетін шақта кітап кеміру – барып тұрған агонияның классикалық үлгісі. Кітап оқуды өлердің алдында емес, өмір сүрудің алдында бастамас па еді?!

Жас кезінен жүгірумен, жүзумен айналыспаған адамдардың алпысқа келгенде жүгіргені де басыма сыймайды. Бұл да – агония! Орыстардың осындайда айтатынына құлақ қоямын: «Уже поздно пить Боржоми!».

 

***

Жасың ұлғайған сайын пітір садақаң азая береді. Биыл тағы бір адамға кем төледім. Себебі, былтыр күзде қызымды ұзатқанмын. Дегенмен, пітір садақаңның азайғаны сенің Құдайдың алдындағы жауапкершілігіңнің азайғанын білдірт­песе керек. Барлық нәрсенің  ақшамен өлшенбейтінін  осындайда анық байқай­сың.  Байқатып тұрған Құдайдың барына шүкір!

 

***

Ыңыранып жүретін «валяжный» адамдарды аяймын. Басына бейнет тілеп алудан қалай шаршамайды?! Меніңше, күн ұзаққа «уровень ұстап» жүру – орга­низмге өте зиян. «Напряк» қой. Бірақ кісі «осознанно» қанына сіңірген қасиет­тен құтылған ба?! Күнделікті шартты рефлекстен шығу – олар үшін қиямет­қайым. Айтайын, осының бәрі – басқа­ларды алдау былай тұрсын, сол адамның өзін-өзі алдауы. Адамның бойы мен ойын еркін, табиғи ұстай алмауынан асқан азап жоқ сияқты мен үшін. Алайда, мұны түсінгісі келмейтін адам өз дегенінен шықпайтынына көзім анық жетті.

Кеше бір эксперимент жасаудың сәті түсті. Кешкілік «служебный автобуспен» үйге қайтып бара жатқанмын. Респуб­лика даңғылының бойында кептеліс кезінде көше жаққа қарап отырсам, бір танысым көзіме оттай басылды. «Крутые парни не смотрят на взрывы!» болып кетіп бара жатыр. Жүрісін айтсайшы! Кербездіктің фонындағы керемет кісінің нақ өзі. Аяғын алшаң басады. Маңғаз­данған сайын маңызды адамдай көрінеді сырт көзге. Жалғыз өзі. Қалың ойдың құшағында жүретін адамдай әсер қал­дырады. Сүйікті аксессуарлары қашан­дағыдай өзімен бірге. Қолда – қара портфель. Көзде – қара көзілдірік. Соткада ылғи ыңыранып сөйлейтінін сағынып кеттім бе, оған дереу қоңырау соқтым. Ол пиджагының оң жағындағы төс қалтасынан айфонын алып, оның бетін сұқ саусағымен бір шұқып өтті де құлағына тосты: «Бұ кім?». Мен де іле-шала амандасуға көштім: «Мәке, сәле­метсіз бе!». Ол әлгі сөзін тағы қайта­лады: «Бұ кім?». «Мәке, мен Шарханмын ғой». «І-і-і» деген мәдениетті ыңырануды естіген мен оның қалін сұрауға көше бергенім сол еді, ол әңгімені шорт кесті: «Шәке, мен бір үлкен кісілермен отыр едім, кейінірек хабарласайық!».

«Маңызды адамның» өзі де, сөзі де тек жалғандыққа құрылатынын осы эксперимент тағы да дәлелдеп берді. Осындай жалған тіршіліктің қажеті бар ма? Бес күндік тірлікті жасанды өткізіп, тыраштанбай-ақ қойсақ қайтеді?! «Практично» болғаннан асқан парасат бар ма өзі? Өмірде?

 

***

Көңілдің тыныштығынан асқан бақыт жоқ.

 

***

Ертеңгі күнді күткеніме жүз жыл болды. Футбол мерекесіне әлі табаны күректей бір жарым күн бар.  Бүгін де тоқтап қалған түнді таңға әзер жеткізерім анық. Мұқағалиша айтқанда, «Жанкүйер болған да бір қорлық екен. Жанкүйер болмаған да қорлық екен». Тағатсынданып жүргенім сол, ЧЛ фина­лын  ӘЧ финалынан да жақсы көремін. Өйткені, бір ай бойы күніне 2-3 ойын көрген адамға финал сонша­лықты интрига әкеліп, қарқ қылмайды. Ал  ертеңгі спектакль – тылсымға толы таңғажайып. Қуанатыным,  маусымның ең басты матчына топ-командалар шықты. «Ювентус»  пен «Реал» қазіргі таңда Еуропадағы ең жарау аттай екі команда екені даусыз. Бұған талас жоқ.

Талас ертең болады. Таразы басы әзірге тең. Таразының бір басы ертең бір жағына аумай футбол түні бітпейді. «Реал» – шабуыл шебінде шеберлігімен шиыршық атып шыныққан команда.  «Ювентус» – темірбетон, таскене талант­ты тобыр. Сондықтан да ойын өте тартысты, драматизмге толы болаты­нына бек сенімдімін. Мен дәл осындай «раскладкада» бір ойыншыдан алабөтен қауіп күтіп отырмын. Ол – Дани Алвес.  Соңғы ойындары сұмдық. Формасына енді енген ойыншының алаңда ойқас­тағаны ұйқымды бұзып жүр соңғы түндері. Әріптесінің аяғына қолмен қойғандай пасы да, қақпашыны тыпыр еткізбей соғатын голы да адамды шошытпай қоймайды. Оның үстіне бұрын «Барсада» өнер көрсеткен оның тағы бір артықшылығы бар. Данибас «Реалда» кіммен қалай ойнау керек екенін өте жақсы біледі. Оны айтасың, кімді қалай қорқыту керек, кімді қалай «алдарқату» керек, кімді қалай игнор жасау керек, кімді қалай уайымға салып қою керек, бәрін білетінін қайда қояр­сың «кәрі қақпастың»?! Қысқасы, маған содан басқа ешкім қорқыныш тудыра алмайды. Ал  ертең оның «картадан қолы шықпай», ойыны жүрмей қойса, онда менің құдайым берді дей бер!

«Реал» ұтады! Однозначно! 3-1 есебімен. Екі голды КриРо соғады.

Құрметлу һәм ғизатлу «Реалдан» басқа командалардың жанкүйерлері, шынында да «Реал» чемпиондыққа әлдеқайда лайықты. Ал  «Юве» мұндай үлкен жеңіске әлі пісіп жетілген жоқ. Келесі жылдары болмаса.

 

***

Ойын біте салысымен Зиданға қоңырау шалдым. Әзер көтерді. У-шудан естімей қалған болар.  Салған бетте ұрыса жөнелдім: «Ана төртінші допты салудың не қажеті бар еді? Саған керек пе еді? Маған керек пе еді?  Ой­бай-ау, Құдайдың өзіне де керегі жоқ гол ғой ол!». Ораза ұстап жүрген адам ғой, Зинедин інім салқынқандылықпен жауап берді: «Шәке, Асенсиоға уже «строгий выговор» беріп үлгердім, келесі маусымда басқа командаға сатып жі­берудің амалын қазірдің өзінен қарас­тырып жатырмын. Жас бала ғой, бәрі­мізді ұятқа қалдырды. Ренжімеңізші, Сізден ұят болды, ЭКСПО-2017 алдында авторитетіңізге біраз нұқсан келтір­генімізге кешірім сұраймыз. Команда болып».

Қысқасы, Зиданға кеше қатты риза болдым. Кешірім сұрағанына да. «Ювентустың» тас-талқанын шығарға­нына да.  «Реал»  қазіргі таңдағы нағыз «реальный» команда екенін тағы да танытты. Бір жылдың ішінде 7 титулды қанжығасына байлаған «Р»-дағы «Р» биылғы жылдың қорытындысында тағы да алтын допты күмәнсіз алып тұр. Бір адам әңгіме айтып көрсін?! Тіпті Мессидің өзі.

 

(Жалғасы бар).