МІНДЕТІМІЗ – ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ ШЫҒЫНЫН АЗАЙТУ

image

Мұхит ҮМБЕТОВ, «Алатау Жарық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.

Бүгінде әлемді жарықсыз елес­тету мүмкін емес. Тіпті, әлемдегі өркениетті дамудың негіздері: компьютер, ғарыш зымыраны, радио мен теледидар, мобильді телефон, жарық пен жылу, мұздатқыш, ақылды тұрмыстық және өндірістік техника – бәрі-бәрі электр энергиясынсыз жұмыс істемейді. Сондықтан Алматы қаласы мен облысының тұрғын­дарын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған энерге­тиктердің еліміз үшін орны ерекше екендігін атап өтуіміз керек.

Оның үстіне желтоқсанның үшінші жексенбісі энергетиктердің кәсіби мерекесі. Бұл ретте елді жарықпен қамтып, өмірдің жарқын болуы үшін сүбелі үлес қосып келе жатқан «Алатау Жарық компа­ниясы» АҚ басқармасының төр­ағасы Мұхит ҮМБЕТОВПЕН сұх­баттасудың сәті түсті.

 

«2,5 МЛН.-НАН АСТАМ ТҰТЫНУШЫҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕМІЗ»

 – Мұхит Әбікенұлы, әңгімеміздің әлқиссасын өзіңіз басшылық ететін «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-ның қызметі жайында өрбітсек. 

– «Алатау Жарық компаниясы» АҚ – Алматы қаласы мен облысының 2,5 миллионнан астам тұрғынын электр­энергиясымен қамтамасыз етіп отырған, сондай-ақ, өндірістік кәсіп­орындар мен мемлекеттік мекемелерге және ауыл шаруашылығы қожалық­тарына электр қуатын жеткізумен, таратумен айналы­сатын республика оңтүстігіндегі ең ірі энергетикалық жүйе. Сонымен қатар, «АЖК» АҚ Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесіндегі Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты көр­шілес елдердегі электр қуаты саласындағы алпауыт компаниялардың сенімді серіктесі. Осы нарықта жетекші компания болып отырғанының өзі компанияның электр қуаты сапалы және бәсекеге қабі­летті екенін көрсетеді. Жалпы, компа­нияның электртасымалдаушы желісінің ұзындығы 29 мың шақырымнан асады. Ал транс­форматорлы қосалқы стансалардың саны сегіз мыңнан астам. Күштік транс­фор­маторлардың жалпы қуаты 9467 МВА. Бұл жерде тағы бір айта кететін мәселе, компания тек алып мегаполисті ғана емес, сондай-ақ облысқа қарасты 9 ауданға да электр қуатын таратып отыр.

– Білуімізше, электр қуатын жеткізу­де желілерді бағанамен қатар жер астымен де жүргізу әдісі қолданылады.  Мұның ерекшелігі неде?

– Әуе желісіне қарағанда жер астымен жететін электр жүйесі ауа-райында жиі кездесетін табиғаттың түрлі тосын міне­зінің зардабына ұшырамайды. Мәселен, дауыл кезінде немесе қатты нөсерде әуедегі желілер апатқа жиі тап болады. Ал жерасты жүйесі тұрақты әрі сапалы жұмысты қамтамасыз етумен бірге ұзақ мерзім қызметке шыдайды. Әрине, оның құрылыс құны қымбатқа түседі. Дегенмен, эксплуатациялық шығын төмен әрі техникалық ақауға да аз түседі. Электр қуатының жерасты жүйе­сіне броньдалған желілерді пайда­ланған дұрыс. Өйткені, оның сыртқы металды қаптамалары хи­миялық әсерге төтеп бере алады, тапталуға ұшырамайды. Егер сырты қапталмаған желі төселетін болса, арнайы техноло­гиялық қорғаныс жүйе­лері қолданылады.

%d1%83%d0%bc%d0%b1%d0%b5%d1%82%d0%be%d0%b2-%d0%bc-%d0%b0

– Жоғары кернеулі электр торап­тары­ның үздіксіз жұмыс істеуі, ең алдымен электр нысандарындағы қондырғылардың сапасына байланысты. Бұл ретте тасы­малдаушы жерасты желілері қаншалықты жаңартылып жатыр?

– Жалпы, бүгінде біз үкіметпен және қалалық әкімдікпен бірлесіп, жоғары вольтті қосалқы стансаларды жаңартып, қайта салу үстіндеміз. Сонымен қатар, 6-10 кВ. желілер жүйесі жаңартылып жатыр. 2012 жылдан бері өздігінен ұстасатын оқшауланған сым желілері мен электр трассаларын жаңартумен айналысып келеміз. Бұл өте ыңғайлы, қауіпсіз кабельдер. Жел соққанда да, қатерлі дауылдарда да электр қуатын тұтынушыларға үзбей жеткізіп тұрады. Жер астындағы және әуе желілерін жаңарту үшін қомақты қаржы керек. Оның үстіне  бұл оңай біте салатын шаруа емес. Біздің алдымыздағы бар міндет, Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарла­малық тапсыр­маларының ішінде тұр. 2015 жылы біз жалпы желілер жүйесінің 12 пайызын жаңартқан болатынбыз. Одан кейін қаладағы желілер жүйесін реттеп, қайтадан толық жөндеуден өткіздік. Сондықтан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сүйеніп, сол бағытта осы жұмыстардың бәрін реттеп жатырмыз.

 

«…БАҒДАРЛАМА ТИІМДІЛІГІН КӨРСЕТТІ»

 – Мұхит Әбікенұлы, бүгінде тұтынушылардың электр қуатына қосылу тәртібі біршама жеңілдетілген көрінеді…

– Дұрыс айтасыз. Еліміздегі энергетика саласының дамуы жылдан-жылға жақсарып келеді. Сондай-ақ, біз «Doіng Busіness» рейтингі көрсеткіштерін жақсарту бойынша көптеген жұмыстар атқарудамыз. Тіпті, ҚР энергетика заңдарына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша біз Дүниежүзілік банктің рейтингісі бойынша өз позицияларымызды жақсартып келеміз. Осы ретте айта кетейік, бүгінде электрмен жабдықтау жүйелеріне қосылу индикаторы бойынша Қазақстан 70 орынға тұрақтады.

Жалпы, Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Бұл – өте үлкен тапсырма. Бұл мақсаттарды орындау үшін көп жұмыс істеуіміз керек. Бізде стратегиялық тапсырма бар, мақсатымыз түсінікті, енді оны бірігіп орындауға тиіспіз. Энергетика саласын алға жылжыту үшін мұндағы мәселелерді кешенді түрде шешуіміз керек. Бұл ретте энергетика саласы туралы заңымызға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. «Doіng Busіness» бағдарла­масын орындау үшін тұтынушыларды, әсіресе, кәсіпкер­лерді электр энергиясымен қамтамасыз ету оңтайлан­дырылды. Кәсіпкерлер өз бизнесін ашқанда сапалы электр энергиясына тез әрі оңай қосыла алады. Бұл ретте кәсіп­керлер ғана емес, барлық тұтынушыларға тиісті жағдай жасалып келеді. Электрмен жабдықтау желілеріне қосылуға арналған техникалық талаптарды беру, энергия таратушы ұйымдар мен тұтынушылардың жобалық шешімдерін келісу, энергиямен жабдықтаушы ұйым мен электрмен жабдық­тауға арналған шарт жасасу мерзімдері айтарлықтай қысқарды. Тіпті, электр желілеріне қосылу үшін мемлекеттік органнан рұқсат алу қажеттігі алынып тасталды.

Мәселен, электр қондырғылары 200 кВт. дейінгі қуатымен қосылатын тұтынушылар енді техникалық талапты бес күн ішінде алатын болды. Бұрын бұл 14 күнге созылатын. Сондай-ақ, энергия таратушы ұйымдар мен тұтынушы­лардың жобалық шешімдерін келісу мерзімі де қысқар­тылды. Бұрын бұл 20 күнге созылса, қазір үш күнге азайды. Тіпті, электр желілеріне қосылу үшін мемлекеттік органнан рұқсат алу қажеттігі алынып тасталды. Сонымен бірге, энергиямен жабдықтаушы ұйым мен электрмен жабдық­тауға арналған шарт жасасу мерзімі жеті күннен үш күнге қысқартылды.

Міне, осылайша, энергетика саласының мамандары тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етуде қағазбастылық үдерісін айтарлықтай қысқартып келеді.

– Алматыда электр  энергиясын коммерциялық есептеу­дің автоматтандырылған жүйесі енгізіле бастады. Бұл жүйенің артықшылығы қандай?

– «Алатау Жарық компаниясы» АҚ қазір Электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтан­дырылған жүйесі (АСКУЭ) тиісті жабдықтарымен өзіне тиесілі аймақты жабдықтап жатыр. Бұл жұмыс бірнеше кезеңді қамтиды. 2013 жылы бұл бағдарламаның серверлік жабдықтармен жасақтайтын, ақпаратты сақтап, сарап­тайтын орталық өзегі жасалды. Сол жылдан бастап төменгі кернеулі желілерге Электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (АСКУЭ) енгізіле бастады. Бұл электр жүйесін қайта жабдықтаудың оңтайлы жолы. АСКУЭ бізге әр есептеуіштегі көрсеткішті білуге мүмкіндік береді. Заманауи электр жүйесінде бәрі бірыңғай болуы шарт. Сол үшін біз электр желілері мен есептеуіштерді, трансформаторларды жаңалап, қосалқы стансаларды заманға лайықтап салып жатырмыз. Бұл жүйе электр қуатын есептеудің нақтылығын арттырып, шығын­дарды төмен­детуге, сондай-ақ, есептегіш құралдарындағы көрсеткіштерді жазатын бақылаушыларды қысқартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл компания қызметкерінің электр қуатын тұтыну бойынша нақты мәлімет алуын қамтамасыз етеді.

Бұрынғыдай емес, қазір электр қуатын ұрлау жоқ десек те болады. Соған қарамастан, артық ысырапты болдырмау, қадағалап отыру компанияның негізгі міндетінің бірі. Осы ретте бұл көрсеткіш 2001 жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген. Өткен 2016 жылы 13,46 пайызды құраса, 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 12,83 пайызды құрап отыр. Бұл негізінде жақсы жетістік. Бірақ алдағы кезде осы көрсеткішті тағы да төмендету деген жоспарымыз бар.

img_7236

«ЕСЕНТАЙ» ЖӘНЕ «АЛТАЙ» ҚОСАЛҚЫ СТАНСАЛАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

 – Биылғы жыл еліміздегі ең ірі энергетикалық компания үшін табысты бола алды ма?

– Қаланы қоршай орналасқан 220 кВ. электр жеткізуші желілер жұмысын аяқтадық. Бұл еліміздегі ең ірі электрлі айналма көпір! Яғни энергетиктердің талайдан күткен шын мәніндегі үлкен арманы орындалды. Оны жүзеге асыру үшін қаланы электр желісімен толықтай айналдырып өттік. Бұл үлкен іс «2005-2015 жылдары Алматы қаласын дамыту және энергетикалық кешенін қайта жаңалай жабдықтау» бағдарламасы бойынша жүзеге асты. Қаланың электр желісі 220/110/10 кВ. электр жет­кізуші желілер 220 кВ. «Алма» – «Бесағаш» – «Ерменсай» қосалқы стансаларын салу арқылы бір-бірімен ұштасты. «Ерменсай – Бесағаш» электр тасы­малдаушы желісі ең ірі жобалардың бірі. Жалпы ұзындығы 81 километр болатын 220 кВ. электр желісі жүргізілді. Оның 27 шақырымы жерасты желісі. Ол желілерді Оңтүстік Кореядан арнайы алдырдық. Шығарушы мемлекет желі сапасына 30 жыл кепілдік беріп отыр. 110/10 кВ. – Бостан­дық ауданында «Есентай» және Түрксіб ауданында «Алтай» қосалқы стансаларын іске қостық. Бұл қаланы электр қуатымен қамтамасыз етуді тиімді және нәтижелі етуді қадағалауға мүмкіндік беріп отыр. Құрылыс кезінде барлық нысандарда отандық өнімдермен қатар SІMENS, ABB, тағы басқа заманауи, мықты, жетекші компаниялардың өнімдері пайдаланылды. Қосалқы стансалар автоматты релелік қор­ғаныстың микропроцессорлық технологияларымен жаб­дықталған. Бұл қайта жаңалай жабдықтау қысқы «Азиада» ойындары кезінде алғаш рет сынақтан өтсе, биыл ғана еліміз үлкен абыроймен атқарған «Универсиада» ойындары кезінде өзінің қуаты мен қызметін тағы бір дәлелдеді.

– Компанияның алдағы жылға қандай жоспарлары бар?

– Жылдан-жылға электр қуатына деген сұраныс артып келеді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша электр қуатын тасымалдау және тарату 2010 жылмен салыстырғанда 19 пайызға жоғары. Осы жылдың бірінші маусымының қорытындысы бойынша, былтырғы жылмен салыстырғанда тұтынушылық қызмет 7 пайызға өскен. Бұл осы жылдың аяғына дейін биылғы көрсеткіш одан да жоғары болады деген сөз. Демек, біз нарықта өз орнымызды одан әрі кеңейтіп, халықты тиісті жарықпен қамтамасыз ету қызметін одан әрі абыроймен жалғастыра береміз. Біздің міндетіміз  халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету. Алдымызда әлі көптеген міндет тұр. Ең бірінші – халықтың үмітін ақтау, оларға қолай­сыздық тудырмау. Оның бәрі техни­калық, эко­номикалық жағдайларға байла­нысты. Екінші – өзіміздің тасымалдаушы трас­саларды жаңғыртуды жалғастыру. Бұл «Жаңа индустриализация» бағдарла­масындағы ең бірінші атқарылатын жұмыстар деп есептеймін. Сондықтан алдағы міндеттерді жоғары дәрежеде орындаймыз деп сенемін. Бізге қала, әкімдігі де қолдау көрсетіп отыр. Таулы қыратта орналасқан №131 А қосалқы стансасы қауіпті аймақта болғандықтан оның жүктемесі Ерменсай №160 А қосалқы стансасына ауыстырылу үстінде. Оны осы жылдың аяғында бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Оған қолдау көрсеткен қала әкімі Бауыржан Байбек мырзаға ерекше алғыс айтамын.

– Мұхит Әбікенұлы, сіз Алматы облыстық мәслиха­тының депутаты екенсіз. Халықпен жиі кездесіп тұрасыз ба?

– Әрине, ел  ішінде депутаттық жұмыстармен жиі боламыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын халыққа түсіндіру жұмыстарымен елді араладық. Бұл мақала өздеріңіз білесіздер, ел ішінде, баспасөз бетінде, зиялы қауым арасында кеңінен талданып, таразыланып, қолдауға ие болып отыр. Біз де соған өз үлесімізді қосу үстіндеміз. Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауы мен Үндеулері ел мен жер, мемлекет үшін аса маңызды мәселелерді қозғап, әрқашан алдымызға ұзақ мерзімді тапсырмаларды қойып келеді. «АЖК» АҚ сол тапсырма­ларды жоғары деңгейде орындап отыр. Енді рухани жаңғыруға біздің компанияның қандай септігі тиеді? Ол халықты ең алдымен үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз етіп, қолайлы жағдай жасау. Халықтың тұрмысы жақсы болса, рухани ізденіс те, рухани жаңғыру да тиісті деңгейде болмақ. Біз халыққа сондай мүмкіндік туғызуға барымызды салудамыз.

Ешкім депутат болып тумайды ғой. Қалыптасады, үйренеді, тәжірибе арттырады. Және мұндағы мақсаты – жылт етіп көзге түсіп қалып, арзан абырой жинау немесе өзін жария ету емес, қалың бұқараға жан-тәнімен болысу, көпті толғандырған мәселелердің шешілуіне барынша септігін тигізу. Тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекеті­міздің түкпір-түкпірінде талай көкейкесті мәселелер өз шешімін табуда. Бүгінгі таңда жергілікті билік қарапайым жұртқа әлдеқайда жақындаған. Маған сеніп, депутат етіп сайлаған халықтын алдында міндетім биік, ұстанымым бөлек. Ешкім де бұқара халықтан асып кете алмайды. Мен тек ісі нақты, берері мол, әділ де қарапайым азамат болып қалсам болғаны.

– Желтоқсанның 22-сі – энергетика саласы қызмет­керлерінің кәсіби мерекесі ғой. Жауапты жұмысты атқарып жүрген әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?

– Желтоқсан айының үшінші жексенбісі – энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Негізі, Энергетиктер күні Ресейде, Украинада, Арменияда, Беларусьте, Қырғызстанда және біздің елімізде бір күнде атап өтіледі. Өйткені, бұл кәсіби мереке 1920 жылы КСРО кезінде пайда болған. Сол жылы Ресейді электрлендірудің мемлекеттік жоспары қабылданған көрінеді. Яғни, бұл мереке содан бері Кеңес одағының аумағы бойынша атап өтіліп келеді.

Әріптестерімді кәсіби мерекесімен – Энергетиктер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жалпы, өңір халқын жарықпен үздіксіз қамтамасыз ету, әр үйге жарық беру оңай шаруа емес. Жауапкершілік пен  тәулік бойы тынымсыз жұмысты қажет етеді. Сол себепті энергетика саласының мамандарына зор денсаулық және алдағы жоспарларды іске асыруда толағай табыстар тілеймін.

Оның үстіне бұл мереке Тәуелсіздігіміздің 26 жыл­дығымен тұспа-тұс келеді. Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығы да құтты болсын.

– Әңгімеңізге рахмет! Барлық энергетиктерді кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!

 

Сұхбаттасқан – Мәншүк БЕКБОСЫН.