ЖІГІТТЕ ДЕ ЖІГІТ БАР…

1466070791_l

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Кінәлімін…

ЖАҚЫНДА бізге ревизия келді. Бәрінен де бойжет­кендер мәз. «Ревизия боп келген жігіт әдемі екен, бойы ұ-з-ы-ын!» – деп қояды қу қыздар бір-біріне cыбырлай.

Иә, Әсет кез келген ару еріксіз көз тоқтатып қарай­тындай сымбатты жігіт боп өсіпті. Салмақты. Артық сөзі жоқ. Бізден екі үй кейін тұрған, көз алдымызда ойнаған баланың өскеніне риясыз қуандым. Бірақ ата-анасы ерте ажырасып кетті. Қателеспесем, ол кезде Әсет небәрі бес-алты жаста болатын.

Ерлі-зайыптының арасында орын алған жайсыз оқиғаға өкінген күйеуі екі мәрте кешірім сұрап келді. Бірақ Әсеттің анасы кешірмеді. Сол баяғы өрлігі жібермеді. «Баламды сенсіз-ақ жалғыз да жеткізе аламын!», – деді нығарлап.

Сөз жоқ, жеткізді. Не ішем, не кием деген жоқ. Универ­ситетті грантпен бітірді Әсет. Тіпті, ел асып, Қытай басып, Америка барып, білімін жетілдіріп келді. Анасы «енді үйленетін кезің қелді» деп еді, «үлкен үй салайын, сосын» деді ұлы. Көп ұзамай Әсет өз күшімен екі қабатты коттедж тұрғызды. Бірақ әлі үйленбепті. 31-де. Ендігі талғамы жоғарылап кетті білем.

– Ұлымның әкесіз өсіп жатқанына өзімді кінәлі санаймын. Кезінде оны бала деп, ішкі жан-дүниесімен есептесуді ойламай талқандап тастаппын! Үлде мен бүлдеге орап отырсам да, ішкі әлсіздігі, сенімсіздігі, көп алдында төменшіктей беретіндігі, тіпті әкесі бар ұлдарға қызығып қарайтындығы білініп тұрады өзіме. Сол кезде әкесі екеуміздің арамызда болған «аяқ-табақ сылдырын» бүгінгі көзқарасыммен таразыласам, түкке тұрғысыз екен.., – деп дауысы дірілдеп кеткен ананың бір жылдардағы әңгімесі ойыма орала бергені бүгін…

Иә, шалбарының қыры пышақтай ревизор жігіт бойын тіп-тік ұстап ұзын дәліз бойымен кетіп барады. Бірақ оның әрбір адымын нық басқан келбеті сыртқы қорғаныш қабы ғана болып көрінді маған.

 

КӨзілдірік

– АПАЙ, КЕШІРІҢІЗ, сұрасам бола ма, жақын маңда «Халық банкі» бар ма екен? – деген жас жігіт күнқағар көзілдірігін шешіп, әдеп-тәрбиесін көрсетті.

Бір-бірімізбен кездескен жерде «модный» көзіл­дірігімізді шешпестен шіреніп тұрып сөйлесе беретініміз бар. Сосын қап-қара әйнектің арғы бетінен бір-бірімізді «аңдып», бақылап, сынап-мінеп тұратынымыз да жоқ емес.

Әлгі жігіт үшін қуандым. Азамат өсіп келе жатқанына қуандым. Орнына өз ұлымды қойып, тезірек сол ағасындай өссе екен деп «асықтым».

Иә, «сыртқа қасиет бітпейді…».

Күнқағар көзілдірігімді абайсызда сындырып алған едім кеше. Өзіме қатты ұнаушы еді. Мейлі, өмірге көзілдіріксіз үңіліп көрейін…

 

Асаба мен мас аға

АУДАН орталығында өтіп жатқан мерейтойда асаба ортаға құда-құдағиларды шақырды. Қонақтар лебіздерін білдіруге қаздай тізіліп шығып тұра қалып еді, ақаңа әбден тойған бір жігіт-ағасы қисалаңдап мәртебелі меймандардың алдына кесекөлденең тұрып алды. Сонда Сабыржан асаба:

– Сіз құда емессіз ғой, әзірге орныңызға барып отыра беріңіз. «Ауылдың атпал азаматтары» деп хабарланған кезде сол топпен шығасыз, – деп ақырын ғана иығынан итеріп шығарып салды әлгі қызу жерлесін.

Бұл – асабаның көпті құрметтеуі, сол көптің алдында «ауылдағының аузы…» деп мас жігітті де ел алдында төмендетіп кемсітпей, «бұл қай жүрісің, азамат деген атың бар емес пе» дегенді де меңзеп, орынды сөз қолдана білген мәдениеті, білім-білігі.

 

Үндеме…

– СЕН неге осы мені сөйлете бересің, а?! – дедім ренжіп.

– Сіз просто сөйлемей-ақ қоя салыңыз. Сонда бәрі дұрыс болады! – деді-ау жаңа кішкентай ұлым. Ақиқат сөз!

Бүгінгінің баласы тым еркін, ә?! Бірақ баланың сені сөйлетпей қоюы  тағы ақиқат.

 

Купедегі тӨртеу

– ҚАЗІР БҰРЫНҒЫ сәбет өкіметіндегідей металлолом, қағаз қабылдайтыны жақсы болды, үйдегі гараж толы темір-терсектен құтылдым өткізіп. Марқұм шал болғанда, бүгінде бәрін астына басып алып отырушы еді. Өткізбей қайтейін, оны бәрібір ұқсатып жатқан бала жоқ, – деді бірінші жолаушы.

– Біздің көршінің арақтан аузы босамайтын ұлы шешесінің самаурынын өткізіп жіберіпті.., – деді екінші жолаушы.

– Сананы тұрмыс билеген сонау нарық заманында спирттен арақ жасап сатқанбыз… Сонда бір жігіт келіп тұр, қойнынан әдемі, әппақ, шашақты орамалды шығарып кеп жібергенде, әйелмін ғой, қатты қызыққам. Бірақ әлгі жігітті қуып шықтым үйден, шешеңнің орамалын сандығына апарып салып қой деп, – деді үшінші жолаушы.

– Есімде, біздікіне ылғи ішіп жүретін жігіт келді, «сенің де ұлың бар ғой, мына великті алшы, басым сынып барады» деп. Үндемей бардым да, әлгі великті оқушы ұлының қолына апарып табыстадым, ие бол деп. Бірақ әкең сатқалы жүр екен демедім, жек көрмесін әкесін дегенім, – деді төртінші жолаушы.

Қандай жағдайда да адамгершіліктен ажырамау керек-ақ.

Сырға сыры

БІРДЕ өнер колледжінің алғашқы курсында оқып жүрген інім құлағына сырға салып келді. Қазақы өңірден шыққан балдармыз, шошып кеттім.

Дәу Алматыда, астанада туған-туыс жоқ, енді-енді кірігіп жатқан, бір-бірімізге сүйеу болып жүрген кезіміз. Қатты сөйлей алмадым. «Бұның не?!», – деп ұнатпағанымды білдірдім, бірақ:

– Жәй, мен де балдардан қалмай көрейін деп, қызық қуып, – деді басын сипай жымиып.

Қатты сөйлемеді деді ме, үш-төрт күннен соң шашын қызғыш түске бояп келді (жатақханада тұратын). Мұны көрген үлкен інім қопарылсын кеп:

– Не мынау, шайтан құсап?! Құрт басыңдағыны! Өзің де жоғал! – деп. Жан-жағына аса мән бере қоймайтын, сөзге сараң, күлгені һәм ренжігені қайсы, адам біліп болмайтын, өзімен-өзі ғана отыратын бұл інім әлгі сырғаны көрмепті қайта.

Сонда кіші інімнің айтқаны ғой: «Мәс-са-ға-а-ан! Ағама менің өмірде бар-жоғым бәрібір деп ойлаушы едім, мені ойлайды екен ғой!» – деп, ренжудің орнына қатты қуанғаны бар емес пе.

Сөйтіп біздің үйде «Nіnety onе-ның»  сырғасы мен шашы АҒА мен ІНІ арасындағы бауырмалдықты нығайтқаны бар.

Ал інім сол күні сырғасын жұлып, шашын тықырлап алып тастаған.

 

Мейірім

КҮН жаңбырлы. Анасы мен баласы теледидар алдында жылы көрпеге оранып отыр.

– Түу, Алёка, қолың неткен жұмса-а-ақ, – деп сүйсінді анасы ұлына.

Баласы анасының қолын сыртынан сипап:

– Сіздің де қолыңыз со-о-ондай жұмсақ екен, – деді.

– Қо-о-ойш, қайдағы, Алёка, мамалардың қолдары мынадай әжім-әжім, терісі қатты болады, көрініп тұр ғой.

– Ал маған жұмсақ, анашым! – деген құйтақандай ұлы анасының қолын бетіне басты.

Өткенде бір журналист ара-тұра «Ақшамға» шығып жүрген осындай жазбаларымды көріп, «бұрынғы істеп келген газетіңде шыққандар-ау деймін…» деді. Жоқ, бұлар еш басылымда жа­рық көрмеген. Әлеуметтік желідегі парақшамда («Фейсбукта») тұрған дүниелер. Патша көңіл оқырмандар да оқысын деп.

Айтпақшы, «Алматы ақшамы» газетіне жазылуды ұмыт­паңыз. Бұл газеттен бұдан да жақсы, ойлы, сүбелі мақа­лаларды, барлық тақырыпты һәм іздегеніңізді табарыңызға бек сеніңіз!