ЖУРНАЛИСТ БОЛУ ҮШІН ЖАРАТЫЛҒАН ЖАН ЕДІ

%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%b7%d0%b1%d0%b5%d0%ba

Нұрмахан Ораз­бектің есімі газет-журнал, баспа және басқа басылым­дар төңірегінде еңбек етіп, тер төккен үлкен-кіші қа­лам­герлердің бәріне таныс деп білемін.  

Қазақ уни­вер­си­тетін (қазіргі әл-Фа­раби атындағы Ұлттық универ­ситеті) 1962 жылы тәмамдаған  күн­нен бастап оның бар ғұмыры жур­налистикаға арналды. Бұл саладағы еңбек жолын Қарағанды облы­сының Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінен бастаған Нұрмахан бұдан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан аудандық «Ком­мунистік еңбек» газетінде,  «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде,  «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде еңбек етті. Қазақ Ақпарат агент­тігінде («ҚазТАГ-та») Бас редактор, бас ди­ректордың орын­басары, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы, ағылшын тілінде шыққан «Қазақстан» га­зетінің Бас редакторы, «Қа­зақстан» баспа­сының дирек­торы, сонымен бір мезгілде «Ақиқат» журналының Бас редак­торы қызметін қоса атқарды. Ал Қазақстан Жастар одағының Орталық Комитетіндегі, Баспасөз министр­лігінің мерзімді баспасөз басқар­масының бастығы, «Қазақстан» баспа үйі мойын­серігінің директоры болған қызметтері бір төбе. Мұның бәрін тізбелеп  айтып отыр­ғаным – Нұрмаханның журналист болып жара­тылған жан екенін паш ету.

Нұрмаханмен Қазақ Ақпарат агент­тігінде («ҚазТАГ-та») бірер жыл қызметтес болдым. 1984 жылы «Қазақстан» баспа­сында бас редактордың орынбасары болып жүргенімде «Алғашқы қазақ дәрігерлері» атты кітаптың қолжазбасына қол қойып, оны жарыққа  шығарғаным үшін алашор­дашыл атанып, қуғынға ұшырағаным бар. Бұл кітап сонау 1918–20 жылдары елді шарпыған  Азамат соғысы кезіндегі аласапыран мен аштықта оба, тырысқақ, безгек сияқты ауруларға қарсы екпе жасап, халыққа қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек көрсеткен қазақтан шыққан алғашқы 22 дәрігердің еңбегі жайында еді.  Советтік идеология­ның улы насихатына еріп, соның жетегімен жүріп, шаш ал десе, бас алатын басшы­сымақтар аяқ астынан «қырағылық танытып» осы дәрігер­лердің ішінен 7-еуінің Алашор­даның жина­лысына қатысқан­дарын тілге тиек етіп, осы­нау шағын ғана кітапша жұртқа тарайтын болса,  құдды бір Совет өкіметі құлап қала­тын­дай шу көтерді. Бұған мұрындық болған адамдар (сол кезде Баспа, полиграфия, кітап саудасы мемлекеттік комитетінің Бас редак­торы, «Қазақстан» баспасының директоры  және Бас редакторы болып қызмет атқар­ғандар) бүгінде о дүниелік болып кеткендік­тен марқұмдардың есімдерін атамай-ақ қояйын.

Сонымен, кітаптың таралымы өртелді. Сөйтіп  Совет өкіметі бұл жолы «аман қал­ды». Мені Баспа, полиграфия, кітап саудасы мемлекеттік комитетінің алқа мәжілісінің шешімімен  қызметімнен босатып, облыстық полиграфия баспасына  «жер аударып»,  ең төменгі қызметке жіберді.

Міне, осы кезде Нұрмахан маған қол ұшын берген еді. Ол мені Қазақ Ақпарат агенттігіне («ҚазТАГ-қа») қызметке шақы­рып, аға редактор етіп алды. Содан үш жыл­дай дәмдес-тұздас болдық. Бұрын жазған­дарын сырттай оқып, сүйсініп жүруші едім. Енді  осынау қысқа ғана мерзім ішінде мен оның іскерлігіне, қызметін шын беріле ат­қаратындығына көзім жетті.  Өз басым одан көп нәрсе үйрендім. Шынығып, шыңдала түстім.

Нұрмаханның 1991 жылғы тамыз бүлігі кезінде мұның мемлекеттік төңкеріс екен­дігін айтып, өзі басқарып отырған газетке жария­лап, коммунистер дәуірінің дүрілдеп тұрған шағында өз  басын қатерге тіккен ерлігі жұрт­тың есінде. Ол жайында кезінде талай рет жазылды да.

Нұрмахан Атлант мұхитының арғы жағын­дағы алып ел – Америка Құрама Штаттарына сапар шегіп  «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы», Кәрі құрлық Еуропаны аралап «Капитал қамалындағы 18 күн» кітаптарын жазды. Сондай-ақ, оның «Қасиет­тісің, сен Отан!», «Қарсыбай Сыпатаев», «Шапық Шөкин» кітаптары  және басқа пуб­лицистикалық жинақтары нағыз журналистің қаламынан туындаған дүниелер еді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрмахан Оразбек көзі тірі болғанда, бұл күндері сексеннің сеңгіріне шығып, әріптестерімен, қаламдас достарымен, туған-туыстарымен бірге той­лаған болар еді. Алланың әміріне амал бар ма! Қай жерде қандай қызмет атқарса да, еліне, қазақ баспасөзіне қалтқысыз еңбек сіңірген азаматтың есімі ұмытыл­майтынына сенемін.

 

  Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,

    Жазушылар одағының мүшесі,

    Қазақстанның Құрметті журналисі.