ЖЕЛТОҚСАН жаралаған БОЗБАЛА

img-20170314-wa000900

Нұржамал ӘЛІШЕВА

…Ол жылы Ерлан небәрі он төрт жаста болатын. Алматыдағы №2 қазақ экспери­ментальді мектеп-интернатының 8-сыны­бында оқып жүрген.

Ауыл баласының қым-қуыт қала тірлігіне енді ғана бой үйретіп, бірақ ауылға, ата-анасына деген сағыны­шын баса алмай жүрген шағы болатын.

 

Сағыныш

Қақарлы қыстың аязды күнінде Ерлан жібермей қоятынын біліп, тәрбиешіден сұранбай, поштаға кетіп қалады. Ойы – Ақбұлақ ауылында  (сол кездегі Семей облысына қарас­ты) тұратын әке-шешесінің дауысын бір есту, сағынышын басу. Бірақ телефон байланысы сәтсіз болып, Ерлан екі сағаттай пошта бөлмше­сінде тұрып-тұрып, кері қайтады.

– Сол күні ауа-райы бұзылып, төпелеп қар жауып тұр еді. Қатты сағынған ата-анаммен сөйлесе алмағаныма көңілім құлазып, басым салбырап мұңайып келе жатқанмын, – деп бастады әңгімесін Алматы мемлекеттік бизнес колледжі дирек­торының тәрбие ісі жөніндегі орын­басары және әдебиет пәнінің мұғалімі Ерлан Рымбеков. – Бір кезде қолдарына ұран сөздер жазылған плакаттар ұстаған жастардың тобын көрдім. Алғашында бір мерекелік шараға ұйымдастырылған шеру болар деп ойлап, қызықтап, сырт­тарынан қарап тұрдым. Бір мезетте алаңға машинамен солдаттар келіп, жастарға күш көрсете бастады. Айқай-шу үдей түсті. Сапыры­лыс­қан халық. Ештеңе түсінбедім. Сол сәтте топтың ішіндегі екі қызға көзім түсті. Екеуі соңдарынан қуып келе жатқан қарулы солдаттарды көріп, сөмкелерін тастай қаша жөнелген еді, бірақ біреуі шалынып кетіп, қатты құлады. Екіншісі құрбысын қолты­ғынан демей беріп еді, бір солдат жетіп келіп, оны күрекпен ұрып сұлатып түсірді. Құлап жатқан қызды да тепкінің астына алды.

Аппақ қар қос арудың қып-қызыл қаны­на боялды. Бұл сурет бозбаланың жадында мәңгілікке сақталып қалды. Сол кезде өзін екі қызға араша бола алмаған дәрмен­сіздігі үшін кінәлады. Қолынан бар келгені «Қойсаңшы!» деп айқай салғаны.

Сол сәтте басына ауыр бір нәрсе сарт етіп тиіп, көзінің алды жарқ ете қалды. Одан арғысы есінде жоқ. Есінен танып құлапты. Қанша уақыт өткенін білмейді, есін жиса, жанында тағы бір жігіт бар, милиция машина­сымен әлдеқайда кетіп бара жатыр.

 

Үрейлі түн

 

Түн ортасында оларды милиция бөлімшесіне алып келді. Жарық бөлмеге өткенде бір милицияның «мынау бала ғой» дегенін құлағы шалды.

Кішкентай Ерлан да сөйтіп екі-үш сағат қамауда отырады. Тергеу кезінде ата-анасын сағынып жүргенін, қалааралық байланыс бөлімшесіне барғанын айтты.

Тергеп отырған екі қазақ, бір орыс жігіті еді.  Әлгі орыс милиция:

– Өтірік айтады! Сенбеу керек! – деп ширықты.

 

Азамат

 

Әлі есінде, екі қазақ бір-біріне қарап, кішісі үлкеніне: «Әлі бала ғой, не істейміз, Сәке?» – дегенде, орта жастағы жігіт-ағасы: «Сен ананы алып кет, қалғанын өзім рет­тей­мін», – деп  орыс әріптесін нұсқады қазақ­шалап.

Сөйтіп, өзіне беймәлім «Сәке» деген азамат Ерланнан қайдан келгенін, не мақ­сатпен келгенін қайтадан сұрай бастады. Бар шын­дығын сол қалпында тағы қайталап берді. Сәкесі де Семей өңірінен болып шықты. Баланы тыңдап болған соң, әлгінде ғана толтырылған хаттаманы жыртты да:

– Бауырым, қазір сені босатамыз. Бүгін интернатыңа бар да, ертең бар құжатыңды алып, ауылға тай. Саған мұнда қалу қауіпті. Көрген-білгенің туралы жан адамға тіс жарып айтушы болма! – деп, бағанағы қасында бол­ған қазақ жігітін шақыртып, Ерлан­ды интернатқа жеткіздіртіп тастады.

Егер сол күні сол бір жүректі азамат жолықпағанда Ерланның тағдыры не болар еді, кім білсін.

Сонымен интернатқа келді. Тәрбиеші Пернегүл апайы бүкіл топты жинап алып, Ерланды іздеп алаңдап отыр екен. «Бүгін алаңда не болып жатқанын білесің бе?! Енді бірде-біреуің жатақханадан ешқайда аттап шықпайсыңдар!» – деп дауыс көтерді.

Шынында да, оқушыларды бірнеше күн бойы ешқайда шығар­мады. Тіпті, сабаққа да жібермеді. Ал сол күнгі оқиғадан қорқып қалған Ерлан аз-маз науқастанып, қалада тұратын нағашысының үйіне келді. Қарулы қақтығыстан шошынып, қан көрген бала жатса да, тұрса да өзін бір күні милиция келіп алып кететін­дей сезінді. Сондықтан  нағашысына «маған Алматы­ның ауа-райы жақпа­ды, денсаулығым дұрыс болмай жүр, ауылға қайтамын» деді.

Ауылда

 

Ауылға келгенде де көрген-білгенін ешкімге айтпады. Бірақ бойын билеген үрейден арыла алмады. Бір күні көрші­нікіне милицияның көлігі келіп тоқтады. Жүрегі шайлы­ғып қалған бала «мені іздеп жүрген шығар» деген үреймен үйден қашып шығып, ауыл сыртындағы таудан асып, сырттай алыстан бақылап тұрды. Бір кезде көз ұшындағы маши­на жылжып кетіп қалды. Үйге келіп, анасынан сұрап еді, бір ұрлық оқиға­сы тіркеліп, соған келген болып шықты. Ерлан осылайша талай жыл милиция көрсе болды, бойын қорқы­ныш билеп, үрейден арыла алмай жүрді.

Кейін ес біліп, есейген шағында, тоғыз жылдан соң ғана ішіне бүгіп келген оқиғасын таныстарына баян­дап берді.

Сол кезде соққыға жығылып, қызыл қанға боялған қос ару қазір бар ма? Тағдыр­лары не болды екен? Ерланның ойын әлі күнге мазалайтын да осы сауал­дар. Арада қанша жылдар өтсе де, әлі күнге дейін сол бейтаныс екі бойжеткен оған «бізді құтқармадың ғой» деп кінәлап тұрғандай болатыны бар…

 

Басымды иемін

 

– Әрине, мен өзімді Желтоқсан оқиғасына қатыстым деп есепте­меймін. Бірақ сол ызғарлы күні алаңға шыққан жастар үшін басымды иіп өтуге бармын! Себебі, мен бала болсам да, сол кездегі қазақ жастарының қаһармандығы мен қайсарлығының, олардың жазықсыз жапа шегіп, көрген қорлығы мен зорлығының куәсі болдым. Көтеріліс кезінде өзде­ріне қарай су шашып жатқан өрт сөн­діру машинасын аударып тастаған жас­тарды да көрдім. Кезінде бұл әре­кеттер тәртіпсіздік, жастардың жүген­сіздігі қылмыс деп бағаланып еді. Кейін ойлап отырсам, бұл нағыз қайсар­лық, ерлік екен ғой. Сол кезде бірер сағат қамауда болғанымда, жап-жас қазақ жігітінің тізерлей отырып, Алладан медет сұрап жалбарынғаны да қазіргі күнгідей көз алдымда. Ол кезде үлкендер жағы болмаса, жастар арасында дін, Алла деген ұғым болған жоқ еді ғой, – дейді өткенге көз жү­гірт­кен замандасымыз Ерлан Қайыр­ұлы.

 

Отыз жылдан астам уақыт өтсе де, ел Тәуелсіздігінің бастауы болған 1986 жылғы Желтоқсан  көтерілісінің мәні мен маңызы арта түспесе кеміген емес. Бұл көтеріліске қатысқан қазақ жастарының ерлігі бүгінгі жас ұрпаққа мәңгі өнеге болары анық. Сол себепті, қазақтың қайсар халық екенін дәлелдеп қарулан­ған қарсылыққа төтеп беріп, көтеріліске шыққан, жазықсыз жазаға ұшыраған Желтоқсан қаһармандары жайлы қанша айтсақ та көптік етпейді.

 

ЖЕЛТОҚСАН КҮРЕСКЕРЛЕРІНЕ ТАҒЗЫМ

Жақында Алматы қалалық мұражайында «Желтоқсан күрескер­леріне тағзым» атты тарихи-таным­дық кеш болып өтті. Алмалы ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткен жүздесу кеші халқымыздың ар-намысы мен мақтанышына айналған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне арналды.

Кешке Желтоқсан күрескерлері – «Құрмет» орденінің иегері Жансая  Сәбитова, қайраткер ақын, ­Түркі дүниесі ақындары фестивалінің лауреаты Болат Шарахымбай, «Жел­тоқсан ақиқаты» ұйымының мүше­лері Ақкүміс Ықыласова мен Серік Мұқамедқали қонақ болып қатысты. Талай бейкүнә жастың жүрегіне жара салып, елімізді егемендікке бас­таған Желтоқсан көтерілісін бүгінгі ұрпақтың ұмытуы мүмкін емес. Себебі, тарихымызда әкімшілдік-әміршілдік жүйеге тұңғыш рет қарсы шығып, өз құқын талап еткен 1986 жылғы жастардың алатын орны ерекше. Олардың тәуелсіздік үшін күрескен ерліктері ешқашан ешуа­қытта ұмытылмақ емес. Осы атаулы күнге орай тәуелсіз ел болашағы деп жүрген бүгінгі жастар («Интердент» медициналық колледжінің білімгер­лері мен №36 мектеп-лицейінің оқушылары) Брежнев алаңында (бүгінгі Республика алаңы) бостан­дықтың алауын жаққан желтоқсан­шылармен жүздесіп, тарихқа айнал­ған сексен алтының рухын тағы бір жаңғыртты.

Кездесу барысында желтоқсандық қонақтар жастардың патриоттық сезімін оятатын әсерлі естеліктер айтып, өткенді еске алды. Өздерін толғандырып жүрген ойларын айтты. Желтоқсан күрескерлерінің естелік әңгімелерінен оқушылар үлкен ой түйіп, елдің де, жердің де иесі өздері екенін сезініп әсерленіп тұрды. Ал ақын Болат Шарахымбайдың «Сен құрметте оны!» атты патриоттық өлеңі кешке қатысып тұрғандардың жүрегін ерекше толқытты. Атаулы кеш «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқталды.

 

Шолпан ШЫНЫБЕКОВА.