Елбасы ашқан балабақша екіге толды

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0-%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%82

Рая ЕСКЕНДІР

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаевтың «Ұрпақтар сабақтастығы» бастамасымен өткен тағы бір тамаша кеш №125 бөбекжай-балабақша шаңырағында өтті. Ашылғанына екі жыл уақыт болған балабақшаның тарихы да керемет. 2015 жылы Тұңғыш Президент күніне тарту ретінде ашылған балабақшаның бұл күн әрі туған күні іспетті. Елбасымыз Н.Назарбаевтың қатысуымен ашылған балабақша үш жарым мың шаршы метр аумақты алып жатыр.

Мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамыту бағдарламасы аясында салынған балабақша 216 орынды. Дәл қазір 9 топтағы бүлдіршіндер мемлекеттік стандартқа сай мектепке дейінгі тәрбие мен білімді игеру үстінде. Сонымен қатар, мемлекетіміздің жұмыспен қамту бағдарламасын да орындап отырған бұл балабақша 3–6 жас аралығындағы балаларды орынмен де қамтып отыр. Еліміздің барлық бүлдіршіндері сияқты №125 балабақшаның кішкентай балақайлары «Елбасымен ел бақытты» деп аталатын мерекелік іс-шара өткізді.

«Елбасымыз» деп аталатын әнмен басталған кеш мазмұны Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі бейбіт өмірі мен тыныс-тіршілігіне арналды. Балабақшаның қонақжай шаңырағына Қазақстанның Еңбек Ері, Алматы қаласының Құрметті азаматы Аягүл Миразова, қоғам және мемлекет қайраткері Шәмша Беркімбаева, қалалық мәслихат депутаты, «Koktem Group LTD» бас директоры Мұрат Әділханұлы, актер Нұрлан Әлімжанов, Медеу ауданы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев арнайы келіп қатысты.

– Мен балабақшаға бармағалы біраз уақыт болып еді. Кең әрі жарық, бүгінгі талапқа толығымен сай келген әрі елін сүйген, патриот азаматтың еңбегімен салынған ғимараттың игілігін көріп жатқан бүлдіршіндерге қарап шексіз риза болып отырмын. Әрине, мұндай игілікті істің бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқаны анық, – дейді Шәмша Беркімбаева.

Күні ертең сендер де Мұрат Әділханұлы ағаларың сияқты ел өміріне араласып, осындай зәулім ғимараттар тұрғызып, өз Отандарыңа, өз қалаларыңа тарту ететіндіктеріңе мен сенімдімін, – деген Аягүл Төреқызы бүлдіршіндердің бақытты мекеніне тарту ретінде әкелген ойыншықтарын табыс етті.  Бүлдіршіндердің есінде Елбасы бейнесімен сақталып қалған Нұрлан Әлімжановты балақайлар зор қошеметпен қарсы алып, ағаларына бірнеше ән айтқызды.

Балабақшаның кішкентай өнерпаздары «Бала Сұлтанның балалық шағы» атты шағын қойылымды сахналады. Әнмен өріліп, күймен көмкерілген кеш көпшіліктің көңілінен шықты. Кеш соңынан ата-аналар ризашылықтарын білдіріп, балабақша меңгерушісі Арайлым Қазбекқызы мен оның ұжымына шығармашылық табыс тіледі.