ЕКПЕ – ҚОҒАМҒА ОРТАҚ МӘСЕЛЕ

немесе екпе алуды міндеттеу керек пе?

%d0%b5%d0%ba%d0%bf%d0%b5

Балғабек МЫРЗАЕВ,

теолог, «Kazіslam» порталының сарапшысы

Бүгінде «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық акті­леріне діни қызмет және діни бір­лестіктер мәселелері бойынша өз­герістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заң жобасы кеңінен тал­қы­лануда. Аталмыш заң жобасы 13 заң­намаларға енгізілетін 47 өз­герістерден құралады.

Осы Заң жобасының бастапқы нұсқасында 2009 жылғы 18 қыр­күйек­тегі «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодек­сіне енгізу қарастырылып отыр­ған екпе (вакцинация) мәсе­лесі  де бар.

Екпе мәселесінің қоғамның талқы­лауына ұсынылуының аста­рында бірқатар негізді себептер бар екені анық.

Халықтың санитарлық-эпиде­миоло­гиялық саламаттылығы сала­сындағы құзыретті мемлекеттік органмен және оның аймақтық органдарымен екпеден бас тарту себептері мен оның динамикасы жөнінде мониторинг жүргізіліп тұрады.

2016 жылы елімізде екпеден бас тартқан 9685 адам тіркелген, 2015 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 13,4 пайызға (8383) өсіп отыр. Бас тартудың себеп­терін тарқат­сақ, екпеден жеке ұстаным­мен бас тартқан азаматтар  – 45% (4360) және діни ұстаныммен бас тартқандар – 42,9% (4151).  Бұқаралық ақпарат құрал­дарының (ғаламтор ресурстары, баспасөз, ТВ) жағымсыз ақпарат­тарының әсерінен 6,2% (600) тұлға екпеден бас тартса, екпеге сенімсіздік таныту себебінен 6,1% (529) бас тартқан.

Діни ұстанымына байланысты бас тарту үрдісі Қазақстанның батыс өңір­лерінде өзекті болып отыр. Бұл өңірлерде діни ұстанымына байла­нысты екпеден бас тарту көрсеткіші 80%-ға жоғары. Соның ішінде Атырау облысында – 88,9%, Ақтөбе облы­сында – 87,9%, Батыс Қазақстан облысында – 89,3%. Осы көрсет­кіштер Қазақстанда азаматтардың екпеден бас тартуы дәстүрлі емес діни ұстанымдар салдарынан өзекті мәселеге айналғанын көрсетеді.

Діни қызмет және діни бірлес­тіктер туралы Заңнама жобасының әзірленуі барысында екпеге қатысты тақырып қоғам тарапынан жан-жақты талқыға түсті.

Арнайы құрылған жұмыс тобына азаматтардың, қоғамдық бірлес­тіктердің, мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысып, олардың пікірлері мен ұсыныстары қарастырылды. Сонымен қатар, халық­аралық тәжірибе зерттеліп, оның қолдану жолдары зерделенді.

Бір байқағанымыз, жұмыс тобының отырысына қатысушы­лардың барлығы да діннің деқұры­лымдық іс-әрекеттерде қолданылуын азайту мақсатында құқық норма­ларын орнату қажет екеніне ерекше маңыз берді. Көптеген талқылау­лардан кейін жұмыс тобымен қолданыстағы Қазақстан Республи­касының 2009 жылғы 18 қыр­күйектегі «Халық ден­саулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 156-ба­бының 1-бөлігіне келесідей мазмұнда толықтыру енгізу ұсынылды:

«…Кәмелетке толмаған баланың (балалардың) ата-анасының немесе олардың заңды өкілдері Қазақстан Республика­сының қолданыстағы заңна­масымен көзделген тәртіппен инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилак­тикалық шараларды қолдануға міндетті».

Сонымен қатар, заң қабылданған соң оны орындаудан бас тарт­қандарға қарсы жауапкершілік болуы керек деген қорытындыға тоқтағаны белгілі. Осыған орай, Қазақстан Респуб­ликасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы» Кодексінің 430-бабы «Кәмелетке толмаған баланың (бала­лардың) ата-аналары­ның немесе олардың заңды өкілде­рінің Қазақстан Республи­касының қолданыстағы заң­намасында көз­делген инфекциялық және пара­зиттік аурулардың алдын алудан жалтаруы он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға алып келеді», – деп толықтырылды.  Атал­мыш бап бойынша ата-ана немесе оның орнын басатын жауап­ты тұлғалар балаларына инфек­циялық және паразиттік ауруларға қарсы екпе егуден бас тартқаны үшін оларды құқықтық жауапкершілікке тартуды талап етуді көздеген болатын.

Бұл ретте мемлекет тек дін ұс­танушы­лармен ғана күресіп жатқандай көрсеткісі келіп, түбегейлі жаңылыс ақпарат таратып жүргендер баршылық. Кез-келген айып­пұл санкциясы ҚР ӘҚБК жүзеге асып жатқан санкция төңірегінде қарас­ты­рылады және ол тек діни ұстанымы үшін ғана емес, осы талапқа бағынбаған­дардың барлығына бірдей тең қолданы­лады.

Бұл мәселені дінмен байла­ныстыра қарау дұрыс емес. Қарап отырсақ, соңғы жылдары әлемнің басқа елдерінде де екпеге қарсылық білдірген ата-аналар қатары өсіп келеді. Бұған себеп, бір жағынан, екпе салдарынан ауруға шалдыққан бала санының өсуі болса, екінші жағынан, әлеуметтік желі­лерде вакцинаға қарсы кері жарнамалық бейне­роликтер, мақалалар мен жаңалық­тар көптеп жарық көруі түрткі болуда.

Сондықтан екпеден бас тартуды тек қана діни себептермен түсін­діруді орын­сыз деп санаймын.

Бұл діндарлардың белгілі бір топтары­ның арасында мұндай  мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Ол бар. Біз бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен және Мүфтиятпен бірлесіп, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу­деміз.

Санитарлы-эпидемиологиялық қызмет тарапынан діни бірлестік өкілдерімен белсенді жұмыс жасалып жатқанын айтып өткен жөн. Жұмыс барысында діни бірлестік өкілдері тарапынан діннің екпеге қарсы емес екені айтылып, ол халыққа тікелей түрлі дін өкілдері арқылы жеткізілуде.

Екпе салуға белсенді қарсылық көрсететіндердің қатарында деқұры­лымдық діни ағымдардың өкілдері басымдау екені белгілі. Сол себепті, осы топқа жататын тұрғындармен жұмыс жасау қиындық тудыруда (олар екпеден бас тартуға әкеп соқтыратын қасаң көзқарас ұстанады, осы мәселені талқылауға ықыластары өте төмен).

Сонымен қатар, жақында ғана Ақтөбе облысында іссапарда болғанымда, қызық бір оқиғаны мешіт имамының аузынан естідім. Об­лыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының маманы дін қызметкеріне екпе алуға қарсы болсаңыз, онда діни көзқарасыма байланысты бас тартамын деп жазып бере салыңызшы деп қол қойдырып алған. Содан кейін, есеп беру барысында мешіт имамы да діни көзқарасына байланысты екпеден бас тартуда деген ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарына таратып жібергені туралы айтып берді. Сондықтан екпе төңірегіндегі әрбір оқиғаға жеке-жеке үңіліп қарауымыз орынды болар еді.

Дінде екпе алу – харам деген ұғымды таратып жүргендер де кездеседі. Егер екпе харам болса, Сауд Арабиясы Корольдігі жыл сайын қажылыққа баратын азамат­тары­мыздан жұқпалы ауруларға қарсы екпе алуды талап етпейтін еді. Тек қана Қазақстаннан ғана емес, исі мұсылман әлемінің жүздеген елінен, оның ішінде Египет, Түркия, Малайзия, Иран,  Пәкістанның қажылары да екпе харам деп шу көтеріп жатқан жоқ.

Ислам әлемінің көптеген беделді халықаралық ұйымдары бар. Олардың ішіндегі ең үлкені – 57 ислам мемлекеті мүше болып табылатын ислам Ынты­мақтастығы ұйымы бар. Осы ұйымдардың ешқайсысы да екпе харам деген пәтуа бермеген. Сон­дықтан діни көзқарасына байланысты екпеден бас тарту дұрыс емес екеніне назар аударғым келеді.

Ал екпенің сапалы болуы, екпе алатын баланың денсаулығының сау екендігін анықтап барып екпе егу мәселелері бойынша дәрігерлердің  ата-аналармен де түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуі маңызды болып табылады.

Осы ретте екпе мәселесі тек Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ғана мәселесі емес, ол қоғамның ортақ мәселесі екеніне назар аударғым келеді.

Заң жобасы талқыланды, өзгерістер мен ұсыныстар енгізіліп, жетілдірілді. Осының барысында қоғамның мүддесі ескеріле отырып, екпе алуға қатысты бап заң жобасынан алынып тасталды.

Дегенмен, екпе тақырыбы алдағы уақытта да терең талдауды қажет ететіні сөзсіз.

Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мекемелер және ұйымдармен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру тетіктерін жасауға назар аударғаны орынды болады.