АРМАНҒА БАСТАР БІР ҚАДАМ

Сіз армандайсыз ба?! Қиял-ғажа­йыпқа сенесіз бе?! Өмірде арман мен қиялға беріл­мейтін адам жоқ шығар, бәлкім. Арман – мақсатыңа бағыт-бағдар беретін, еңбегің­ мен қалауың­ның ұштасқан бір бөлігі. Белгілі бір уақыт межесінде арман-тілектер өзгеріп тұрады.

Мен биыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті атандым. Бұл менің мектеп табалдырығын аттағаннан бергі аңсаған арманым болған. «Адам өмірінде екі нәрседен қателеспеу керек» дегенді талай естіп жүрміз. Баршамызға мәлім, ең әуелгісі – мамандық. Сүйікті кәсібің, болашақ табыс көзің. Атақты өнертапқыш-инженер және бизнес-магнат Стив Джобс­тің «Сен өз іздегеніңді өзің таппайынша, оны толық тани алмайсың» деген керемет сөзі бар. Мен журналистикаға мектеп­тен бастап қызыға бастадым. Маған осы салаға қатысты әрбір элемент қызықты болды. Мектеп қабырғасынан бастап өзімді осы бағытқа дайындауды бастап кеттім. Белгілі бір оқиғаны небір ақпаратты көп­шілік назарына сонша әсерлі әрі қызықты жеткізу мен үшін таңқаларлық дүние болып көрінетін.  Мен үшін, журналист – адам мен қоғамды байла­ныстырушы тұлға.  11-сынып оқып жүрге­німде сыныптаста­рымның арасында болашақ кәсіптерін таңдап үлгермегендер де болды. Бәлкім, қоғам бізден бұл таңдауды ерте талап ететін болар, әлде, әр адамның өзіне байла­нысты. Мен 11-сыныпқа қазақ тарихындағы білім ордаларының қара шаңырағы Қазақ Ұлт­тық университетіне түсуді армандаған түлек болып қадам бастым. Көпшілік қауымға шын әрі нақты ақпарат ұсынатын, халыққа мотивация беріп, алға тартатын журналист болу – менің ең бірінші асқақ арманым. Бұл арманыма бастар жолды осы оқу орыннан басқа жерден таба алмайты­ныма кәміл сенемін.

Отбасымның және ұстаздарымның қолдауы­мен ҰБТ-ден кейін шығарма­шылық емтихан­дардан жоғары балл алып, арманымдағы оқу орны­ма тапсырдым. Осы жылдың ең маңыз­ды жаңалығы болған мемлекеттік білім гранты­ иегерлерінің бірінші тізі­мінде өз атымды таба алмадым. Бұл, әрине, мені өте қатты қынжылтты. Алайда, жур­налист боламын деген арма­нымды өшір­меді. Араға бірнеше күн сала мемлекеттік грант иегері екенімді растайтын серти­фикат келді. Үмітімді үзе бастаған шақта, мүмкін болмайтындай көрінген қосымша мемлекеттік грант иегері атануым, бұл саланы жаңылмай таңдаға­ным­ның дәлелі болды. Бұл қуанышты хабар мені көкке самғатты. Бала кезімнен ҚазҰУ-нің бір тал кірпіші болып қала­намын деген арма­ным орындалды. Бұл университет алғашқы күндер­ден-ақ мені өзіне тартып, баурап алды. Талай түлектің арманына айналған бұл білім орда­сында оқу мүмкіндігі маған бұйырды. Шынын­да да, арман боларлық­тай атына заты сай әсем қалашық менің жүрегімді бірден жаулап алды. Өз білімі мен дарынына сенетін көңілді әрі ізденім­паз жастардың ордасы екені көзге көрініп-ақ тұр, мен өзімнің осы күннен бастап жаңа өмірге араласа бастағанымды сезін­дім. Осылайша менің студенттік өмірім бас­талып кетті. Қара шаңырақтың қоластына жиылған жиырма мыңға жуық ізденушінің талабын тауға қарай домалатар жағдайдың барлығы да жасалған. Университет білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, сту­денттік өзін-өзі басқаруға, көшбас­шылық қасиет­терді тәрбиелеуге мол мүмкін­діктер тудырады.

Осы уақытқа дейін ең ерекше көзге түскені студенттердің өмірі қызық­тылығымен әрі алуандығымен ерекшеле­неді. Ол тек дәрістер мен семинарларға қатысуымен шектелмейді екен. Парасатты әрі талантты студенттер шалқыған шығар­машылық қуат пен жастық жалынды, балғын талантты шыңдай­тын театр студия­лары мен поэтикалық клубтар­ға, көңілді және тапқырлар сайысына белсене қаты­сады. Аталмыш университет менің асқақ армандарымның – бастамасы, келешек өмірге шыңдайтын тәжірибе мекені. Ең бір мақтаныш етіп айтатыны, ҚазҰУ-да үштілділік білім алу жүйесі қолға алынған. Мен білім алған №81 мектеп-гимназиясы «үштіл­ділік білім реформасы» қабылданбай тұрғаннан бастап, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектептердің бірі болатын. 1-сы­ныптан бастап-ақ өзге тілдің ережелері­мен танысып, жат елдің сөздеріне тіл сын­дырып, бет бұрдым. Жоғары оқу орнына түс­кенімде бұл маған өте көп пайда алып келді. Ағылшын тілін жақсы меңгер­генімнің арқасында журналистика фа­куль­­тетінің ағылшын тобына түстім. Прак­тикалық және теориялық дәрістердің, семинарлардың ағылшын тілінде өтуі бізді шыңдай түсуде. Университет біздің өзге тіл­дерді жақсы меңгеріп, шет елдерге шығып, тәжірибе алмасуымызға мол мүм­кіндіктер беріп отыр. Кестеге сай дәрістерді, семи­нарларды PhD докторанттардың жүргізуі сту­денттерге жан-жақты ойланып, сарап­тама жасауға мүмкіндік жасайды. Білікті ұстаздар қатарына Н.П.Сапар­ходжаева, А.А. Данченко, А.Т. Белгараева  жат­қы­зуға бо­лады.  Қорытын­дылай келе әлемдік му­зыка тарихында белгілі орны бар Мадонна Чикконе «Ешқашан армандауды ұмытпа­ңыз» дегендей, арман-мақсатта­ры­мызға сене білсек қана, олардың орындалу қасиеті пайда болады.  «Армандар орын­далады»! Осыны өзіңізге әр күн сайын, минут сайын дәлелдеуді ұмытпаңыз!

 

Ақбота Абайқызы,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінің 1- курс студенті.