АЛАР АСУЫ КӨП АУДАН

p1000800

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Алтай Рахим­бетов Өңірлік коммуникциялар қызметінде журналистермен кездесіп, «Әлеуметтік-эконо­микалық дамудың нәтижелері. Аудан орталықтарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы» тақырыбында брифинг өткізді.

Брифинг барысында Алтай Рахимбетов ауданның соңғы уақыттағы әлеуметтік-эконо­микалық көрсеткіштері мен жетістіктерін жіпке тізгендей айтып шықты.

Әуезовтің әлеуметтік жағдайы

Аудан басшысының мәліметіне сүйенсек, Әуезов аудандық жұмыспен қамту бөліміне жыл басынан бері 4163 адам өтініш білдірсе, жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрғандар саны – 1541 адам. Ал аудан бойынша 2397 адам жұмысқа орналасқан екен. Сонымен қатар, 2017 жылдың қаңтар–қараша айларында ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарында, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында 4561 жаңа жұмыс орны құрылған.

Әуезов ауданында жәрдемақы және зейнетақы алушылардың саны – 70453 адам, оның ішінде жәрдемақы алушылар – 25259, зейнетақы алу­шылар – 45194 адам, ҰОС мүгедек­тері – 24, ҰОС қатысушылары – 48.

Ал жыл басынан бері мемле­кеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 56 адамға жәрдем берілген. Сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі балалар жәрдем­ақысы 370 балаға берілсе, тұр­ғын үй көмегі 406 адамға көрсетілген.

Биыл зейнеткерлік жасқа жеткен 480 мүгедек және жалғызбасты қарттарға әр түрлі әлеуметтік қызмет ұсынылды.

Әкімнің айтуынша, аудандық ден­саулық сақтау жүйесінде 11 мемле­кеттік, 38 жеке медициналық мекеме және 201 дәріхана бар екен.

 

11 қазақ, 11 орыс, 1 ұйғыр және 9 аралас мектеп

Қазіргі уақытта аудан бойынша 32 жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасайды, олар: 9 мектеп-гимназия, физика және математика пәндерін тереңдетіп оқытатын 2 мамандан­дырылған  лицей, 2 мектеп-лицей, 14 жалпы білім беретін мектеп. Оқыту тілі бойынша 11 мектепте қазақ ті­лінде, 11 мектепте орыс тілінде, 9 мек­­тепте қазақ және орыс тілдерінде, 1 мектепте ұйғыр тілінде дәріс беріледі.

Алтай Рахимбетовтың айтуынша, жалпы сыйымдылығы 31 745 орын болатын 32 мектепте 43 390 оқушы оқиды.  Бұдан әлі де оқу орнының тапшылығы бар екенін байқауға болады және бұл мәселе жыл сайын артуда. № 117, 121, 123, 133, 158, 173, 175 мектептерде оқушы саны шамадан тыс. Дегенмен, алдағы жылы «Мамыр-1» шағынауданында 1200 орынға арналған жалпы білім беретін мектеп салыну жоспарланып отыр.

ҰБТ-ның қорытындысы бойын­ша, 2017 жылы қала бойынша Әуезов ауданы 99,64 балдық көрсеткішпен 2-орын алып, 99 түлек «Алтын белгі» иегерлері атанған.

 

Жергілікті салық түсімі 100 пайыз орындалған

Алтай Ерғазыұлының сөзіне сүйенсек, Әуезов ауданына биылға арнап 6740047,0 мың теңге қаржы берілсе, 30.11.2017 күнгі есеп бойын­ша 11 айда игерілген қаржы көлемі 6074444,0 мың теңгеге жеткен.

Сондай-ақ, 29 қарашада мемле­кеттік салық түсімі 91,0 пайызға орындалған. 2017 жылғы салықтық болжам 81 926 935,0 мың теңгені көрсетсе, нақты салық түсімі 74 573 107,0 мың теңгеге жетіп отыр. Салық түсімі мен міндетті төлемнің көбеюіне сәйкес бюджетке 74 573 107,0 мың теңге түсті.

Ал республикалық салық түсімі 86,0 пайызға орындалды. 2017 жылдың республикалық салық болжамы 57 618 954,0 мың теңге болса, нақты салық түсімі 49 640 090,0 мың теңгеге жеткен.

Сонымен қатар, Алтай Рахим­бетов­тың айтуынша, жергілікті салық түсімі 103,0 пайызға орындалды. 2017 жылдың жергілікті салық болжамы 24 307 981,0 мың теңге, ал нақты салық түсімі 24 933 018,0 мың теңгені құраған.

 

50 аула күрделі жөндеуден өтті

Аудан басшысының баяндауынша, Алматы қаласы Әуезов ауданындағы барлық 1707 көпқабатты үйге 226 ПИК қызмет көрсетеді. Қазіргі кезде қысқа дайындық төлқұжатын барлық көпқабатты үйлер және әлеуметтік нысандар уақытылы алып, жылуға қосылған.

Биыл мамыр айының басынан 30 қыркүйекке дейін мақұлданған жос­парға сәйкес 60 ПИК өз қаражаты­мен 549 көпқабатты үйге жөндеу жұ­мыстарын жүргізген. Шатырды жөн­деу, подъездтерді, сыртқы қабырға­ларды, инженерлік коммуникация­ларды жөндеу жұмыстары толық көлемде атқарылған.

2017 жылы «Аумақты дамыту–2020» бағдарламасы бойынша Әуезов ауданында 55 үйге жөндеу жұмыстары жоспарланып, 45 үйде аяқталып, 10 үй­де жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін жүргізіледі.

Әуезов ауданында 966 аула бар. Алтай Рахимбетов биыл солардың 50-інде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты.

 

82500 тоннаға

жуық қоқыс шығарылған

Қазіргі таңда ауданда ұзындығы 110,72 км. құрайтын 64 қалалық деңгейдегі және  ұзындығы 20,395 км.  құрайтын 37 аудандық деңгейдегі, ұзындығы 123,904 км. құрайтын 103 жергілікті деңгейдегі көшелерге, барлығы ұзындығы 255,019 км. құрайтын 204 көшеде жұмыс жасалған.

Ұзындығы 89,23 км. құрайтын 27 көше бойындағы жаяу жүргінші жолын тазалау, сыпыру, қоқыстан тазалау және ұзындығы 93,05 км. құрайтын арық жүйесін күнделікті тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Ауданда барлық магистралды көшелер жарықтандырылған, жарық шамдарының жалпы саны – 10470 дана, электр сымдарының ұзындығы 366,45 км құрайды.

Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде 424 дана сыртқы жарықтан­дыру бағандары орнатылып ЛЭД жарық шамдарына ауыстырылып, Жұбанов және Өтеген батыр көшелеріне жөндеу және көріктендіру жұмыстарын жүргізу барысында 125 дана жарық шамдары орнатылды.

Ауданда 247 контейнерлік алаңға қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 104 данасы тереңдетілген типтегі кон­тейнерлер болса, жалпы алаңдарда орнатылған контейнерлер саны – 1 872 дана. Жыл басынан қалалық поли­гонға 82500 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

 

16792358,3 теңге баж сомасы мемлекетке қайтарылған

Жыл басынан «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша жоспар­ланған 210 аулаға 594 бейнабақылау камералары орнатылды. Жалпы, ауданда 1570 көпқабатты үйдегі 855 ауланы қамтитын 7153 бейнебақылау камерасы, 421 жеке тұрғын үйде 1203 камера орнатылған. Сондай-ақ, 19 сау­да үйінде және 5 әмбебап базарда 1134 бейнебақылау камералары іске қосылған.

Есепті кезеңде полицияның учас­келік инспекторлары 8872 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Жал­пы, салынған айыппұл саны 49,4 млн. теңге болса, оның 20,6 млн.-ы төле­ніп, 4110 ескерту жасалды. Қаң­тар-қазан айларында 10305 қылмыс жасалып, оның 23 пайызы ашылған.

Сонымен қатар, тууды тіркеу (6574), қайтыс болуды тіркеу (1815), некені қию (3111), некені бұзу (1124), әкелікті анықтау (597), бала асырап алу (41), атын, әкесінің атын, тегін өзгерту туралы (165), түзету, толықтыру, өзгерту енгізу мәселесі бойынша (269) қорытынды бекітілді.

Бөлім мамандары 63 сот мәжі­лісіне қатысты. Мемлекетке 16792358,3 теңге көлемінде баж сомасы өндірілген.

 

263,9 млн. теңгелік

10 жоба мақұлданған

Алтай Рахимбетов Әуезов ауда­нындағы өнеркәсіп секторы жалпы қалалық өнеркәсіп өнімдерін шығару деңгейінің 11,1 % қамти­тындығын әрі ірі және орта дәре­жесіне 18 өнеркәсіп кәсіпорыны кіретінін мәлімдеді.

2017 жылдың қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп кәсіпорындары 72 млрд. теңге көлемінде өнім өндірген, яғни 2016 жылғы осы уақытпен салыстырғандағы нақты көлем көрсеткіші 102,7 пайызды құраған. Ал бөлшек тауар айналы­мының нақты көлемі 307,6 млрд. теңгеге жеткен.

Бүгінгі есеп бойынша, ірі және орта кәсіпорындарда жалданбалы жұмысшылардың нақты саны 35 966 мың адам болса, сол сектордағы жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 133 607 теңге.

Жыл басынан бері ауданда 10 жо­ба мақұлданып, олардың сомасы 263,9 млн. теңгені  құраған және 57 жұмыс орны құрылғанын айтуға болады.

Қыркүйекте қолданысқа берілген екінші ОСК «MOSKVA Metropolіtan» халықты 500 жұмыс орнымен қам­тамасыз етті.

Сонымен қатар, осы желтоқсан айында жалпы алаңы 60 000 шаршы метр болатын «Grand Park Almaty» сауда орталығының екінші кешенінің құрылысы аяқталады.

– Бұлардан бөлек, биыл Әуезов ауданында қызмет көрсету саласында мейрамхана, кафе, көлік жөндеу ор­талығы сияқты 10 нысан пайда­лануға берілді, – дейді Алтай Рахимбетов.

Басқосу соңында тілшілер тара­пынан Әуезов ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайына байла­нысты тағы да бірнеше сұрақтар қойылып, жауап берілді.