КОНФЕДЕРАЦИЯ КУБОГЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Қазақ күресі және таэквондо кубоктары Алматыда қалды

20171204082127

Нұрлан СҮЙІН

Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытып, Әнұранын ойнататын, Байрағын желбірететін сала – спорт. Тәуелсіздік тұсында барлық  спорт түрлерінен федерациялар құрылып, олимпиада бағдарла­масына кірген спорттық жекпе-жек түрлері конфедерацияға біріккен болатын. Мақсат – егемен елдің барлық аймағын қамтып, өңірлердегі саңлақтарға орталық­тағы спортшылармен теңдей дәрежеде мүмкіндік беру. Осы тұр­ғыда Қазақстанның барлық облыс­тары, Алматы, Астана қалалары ара­сында ҚР Конфедерация кубо­гы өткізіліп тұрады.

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 2-3 желтоқсан күндері дзюдо, бокс, еркін және грек-рим күресі, таэк­вондо, қазақ күресі спорт түрле­рінен Конфедерация Кубогының ақтық бәсекелері өтті.

Алматыда Конфедерация Кубо­гы екінші рет ұйымдастырылды.

Алматы құрамасы таэквондодан ақтық кездесуге Алматы облысы­ның шеберлерімен шықты.  Ше­шу­ші жекпе-жекте 30 ұпай айыр­масымен алматылық таеквон­дошылар басым түсіп, Конфеде­рация кубогының иегері атанды.

– Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының спортшы­лары бізден басым түскен болатын, алайда, осы жылы біз жетіп, еңбегіміз ақталды. Дайындық жақсы өтті, бапкелеріміз бен ұжым­дағы ауызбіршіліктің арқа­сында үздік атандық. Қуанышы­мызда шек жоқ, бізге қолдау көр­сеткен жанкүйерлерімізге алғысы­мызды білдіреміз, – дейді Алматы құрамасының таэквондошысы Сержан Бауыржанұлы.

Бокстан айқын басымдықпен Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары маңғыстаулықтарды жеңіп, Конфедерация кубогының иегері атанса, грек-рим және еркін күрестен Алматы облысының толағайлары жеңіс тұғырынан көрінді.

Осы жылы Қазақ күресі ба­луан­дары Конфедерация кубо­гында алғаш рет жарыс жолына шықты. Ақтық бәсекеде Алматы және Қарағанды облысының құра­малары кездесті. Алматылықтар жақсы нәтиже көрсетіп, қазақ күре­сінен Конфедерация кубогы­ның жеңімпазы атанды.

Айта кетер жәйт, айтулы дода­ның жүлде қоры 125 млн. теңгені құрады. Аталып өткен спорт түр­лерінен әрбір жеңген командаға ақшалай сыйлық, сондай-ақ, медаль, диплом және кубоктар табысталды.

Қазақ күресі  мен  таэквон­дошылардың Кубоктары Алматыда қалды.