БАЙЛАРДЫҢ БАСЫНА ДА БҰЛТ ҮЙІРІЛЕДІ

Саудияда ханзадалардың тұтқындалуы әлемді таң- қалдырды

Бұған ханзада Мұхаммед  ибн Салман айқын түсінік берді

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Қазіргі күні Сауд Арабиясында екі жүзге жуық ықпалды адамдардың  (оның ішінде корольдік әулетке жататын 11 ханзада мен миллиардер,  бұрынғы ми­нистр, лауазымды әскери қызметшілердің)  тұтқынға алынғаны жайында жазбай жатқан ақпарат құралдары мен интернет желілері кемде-кем.

prince-mohammed-bin-salman

Расында да «мың асқанға бір тосқан» демекші, биліктен басы айналып, бай­лықтан ықылық атып, жалғанды жалпағы­нан басып үйренген «ерекше»  жандарға  ойламаған жерден зауал келіп, бастарына «бұлт үйірілгені» талайлар үшін  аспаннан жай түскендей тосын оқиға болды.

Жазалау барысындағы сыпайылық пен мәдениеттілік пе? Әлде басқадай бір мақсат болды ма? Бір қызығы, тұтқындалған ханзадалар мен байшыкештер әдеттегідей темір тордың ар жағына тоғытылмай ел астанасы Эр-Риядтағы әйгілі бес жұлдызды Rіtz-Carlton қонақ үйіне орналастырылып, олардың бәріне ондағы мейрамхана, бассейн, спортзал мен боулинг, т.б. қызмет­терін  пайдалануға рұқсат етілді. Сондық­тан бұған «бұл тұтқындау емес, қолайлы жағдай жасап, демалыс сыйлау ғой!» деп миығынан күліп жатқандар да баршылық.

Дегенмен, Саудия билігінің бұл әрекеті сарап­шылар мен саясаттанушылар тарапы­нан әрқалай бағалануда. Біреулері мұны «осы жылдың маусым айында тақ мұрагері болып жарияланған, Қорғаныс министрі Мұхаммед ибн Салманның  өзіне бәсе­келес пен бақталас болатындарды ығысты­рып, жолын тазалаудың амалы» десе, екінші біреулер: «жоқ олай емес, шын мәнісінде елде қатты белең алған, экономиканы тұралатып бара жатқан қауіпті дерт – жемқорлықпен күресуі», — дейді.

Үшінші біреулердің ойынша: «2016 жылдың сәуір айында іскер де белсенді, жаңашыл Мұхаммед ибн Салманның бастамасымен сәуір айында корольдіктің Министрлер кабинеті елдің таяу жылдар­дағы экономикалық бағыт-бағдарын айқындаған: «Saudі Arabіa’s Vіsіon 2030» («Сауд Арабиясының келешегі 2030»)  бағдар­ламасын қабылдаған еді. Бұл сол бағдар­ламаны жүзеге асырудың қам-қарекеті» тәрізді. Әйтеуір не керек, болжам да, жорамал да жетерлік,  ақпарат  әлемі  әрқандай  топшылау мен қауесеттен  де кенде емес.

Тағы біреулер мұны Сауд Араб король­дігіндегі «араб көктемінің» көрінісіне балай­ды. Алайда,  басқаларда (Тунисті қос­пағанда) «араб көктемі» төменнен басталса, мұнда керісінше жоғарыдан басталып отыр» дегенді айтады.

Дей тұрғанмен, орын алған «оқиғаның» артынша тақ мұрагері, ханзада Мұхаммед ибн Салманның  американдық танымал The New York Tіmes басылымының тілшісі, байырғы журналист Томас Фридманға сұхбат беріп, екеуара әңгіме барысында   біраз жәйттің басы ашылды.

Ол сұхбатта ханзада Мұхаммед  сөзінің біссімілләсінен-ақ өз елінің сонау 1980 жылдан бері жегі құрттай жейтін жемқор­лықтан ауыр зардап пен залал шегіп келе жатқанын, арнайы зерттеген сарапшылар­дың мәліметінше жыл сайын түрлі қажет­тілік пен мұқтаждыққа жұмсалатын мем­ле­кеттік шығынның он пайызын әр түрлі деңгейдегі жемқорлардың жымқыратынын  жасырмай,  ашына айтты.

«Әрине, мұнымен мемлекет күреспей, қол қусырып отыр деуге болмайды. Шама-шарқынша күресіп келеді, — деді. — Бірақ нәтижесі мардымсыз. Себебі, күрес төмен­нен басталады да, жоғарыға жеткенше сиырқұйымшақтанып кетеді».

Ханзаданың айтуынша әкесі Әбдел Әзиз Салман елу жыл бойына Эр-Риядтың губер­наторы бола отырып, бірде-бір рет жемқорлыққа араласып, аты былғанбаған. Сондай тазалығы мен әділдігінің  арқа­сында 2015 жылы корольдік таққа қол жет­кізген. Билікке келген бойда жемқор­лықтың тамырына балта шауып, оны түп-тамырымен жоюға өзіне-өзі серт берген. Сондықтан да ол тізгінді қолға алысымен құқық қорғау орындарына бірінші кезекте  елдегі жемқорлықты түбегейлі зерттеп білу жөнінде тапсырма жүктеген. Соның нәтижесінде өткен екі жылдың ішінде жоғары мәртебелі екі жүздей адамның жемқорлыққа қатысы бар екені анықталды. Сөйтіп, жинақталған барлық материал  прокурор Сауд әл-Маджибке өткізілді. Әл-Маджиб  сол құжаттардың негізінде  күдіктілерді ханзада, миллиардер екенін қарамай тұтқындау шарасын  қолданды.

«Біз ешкімге де көрер көзге қиянат жасап, нақақтан-нақақ жала жауып отыр­ған жоқпыз, — дейді Мұхаммед ибн Салман. – Барлық айғақ материалдар күдікпен тұтқындалғандарға көрсетіліп,  таныстыры­лады. Сонан соң біз оларға заңсыз жолмен тапқан қаржы-қаражат пен акцияларын мемлекет қазынасына ерікті түрде қайтару­лары  жөнінде талап қоямыз. Шамамен 95 пайызы оған көнеді. Амалсыз жымқырған ақшаларын қайтарады. Бір пайызы  таза екендерін айтып, ақталады. Олардың ісі сол бойда жабылады. Қалған 4 пайызы  ешқандай заңсыз әрекетке  бар­мағанын,  сол себепті  адвокаттары арқылы сотқа жүгі­ніп,  ақталуға күш салатындарын айта­ды. Мәселенің анық-қанығы осы».

Әлдебір деректерде  «тұтқындалғандар­дың иелігіндегі қаражат 1,1 трлн. долларды құрайды» деп айтылды. Оның қаншалықты рас екендігі беймәлім. Бірақ та бұлардың есебінше олардан шамамен 100 млрд. доллар мемлекет қазынасына қайтарылады. Қазіргідей мұнай бағасы құлдырап, ко­роль­дік  биылғы 2017 жылы 86 млрд. доллар бюджет тапшылығын бастан кешіп отырған  қиын шақта осының өзі  мемлекетке едеуір  демеу болмақ.

Мұхаммед ибн Салман болжап айтқан­дай-ақ корольдік тақ мұрагерлігіне бірден- бір үміткер саналып келген Митаб ибн Абдалла қазынаға 1 млрд. долларды қайтарып, өз кінәсін мойындаған соң тұтқыннан босатылды.

Саудиялық сарапшылардың сөзіне сенсек: тақ мұрагері, болашақ король  жаңа­шыл стратег Мұхаммед ибн Салман осылайша жемқорлықпен аяусыз күресіп, мұнай экспортына тәуелділіктен құтылып, экономиканы әр тараптандырып, шет елдерден жоғары технология мен инвес­тиция тартып қана қоймай, әлеуметтік салада да орта ғасырлық салт-дәстүрлер­ден арылатындай түбегейлі өзгерістер мен батыл реформалар жүргізбекші.

«Салт-дәстүр» демекші, алдағы жылдан бастап, әйелдерге жеңіл автокөліктер жүргізуге, қыздардың спорт түрлерімен айналысуына рұқсат етіліп, концерттік залдар мен театр, кинотеатрлардың жұмыс істей бастайтын болады.

Мұхаммед ханзаданың түсіндіруінше  мұның бәрі ислам дінін жаңа арнаға бұру емес, керісінше оның баяғы табиғи болмысына қайтару. Қасиетті Пайғамбар Мұхаммед  ғайлейксаламның тұсында асыра сілтейтіндей тыйым мен шектеулер болмаған, музыкалық театрлар жұмыс істеген, ерлер мен әйелдер емін-еркін аралас­қан, басқа діндегілерге, христиандар мен еврейлерге құрметпен қараған. Керек десеңіз, Медина қаласының сауда-саттық бойынша алғашқы судьясы әйел адам болған.

Тым әріге бармай-ақ кешегі 1950 жыл­дар­дың өзінде Сауд Арабиясында әйелдер қазіргідей  қара киіммен тұмшаланбай, ашық көйлек-көншекпен сәнді киініп, көшеде ер адамдармен қыдырыстап, кон­церттер мен кинотеатрларға қысылмай барып отырған. Шектеу мен тыйымдардың бәрі беріде 1979 жылдан енгізілген.

Шындығын айтқанда, осы 1979 жылдан бастап, король әулеті саяси билікті еншілеп, ал радикалдық-исламдық топ  қоғамды бақылап, әсіресе әйелдердің тәртібін қадағалауды қолға алған. Екі тарап арасында сондай келісім жасалған.

Базбір  талдаушы мен сарапшы маман­дар «Мұхаммед ибн Салман ішкі саясатқа қоса, сыртқы саясатта да  белсен­ді әрекет жүргізеді, Саудияның  Таяу Шығыста ғана емес, халықаралық деңгейде  ықпалын  арттыруға күш салады»  деп болжайды. «2015 жылдың  желтоқсанында құрылған,  құрамына 34 мұсылман мемле­кеті енген НАТО сияқты Ислам әскери каолициясын құрудың тікелей ұйытқысы-ұйымдасты­рушысы  осы Мұхаммед ибн Салман»  дейді. Алайда, бұл әскери-саяси альястан Сирия, Ирак және Ливан тыс қалды. Оның құрамына Саудиямен жұлдызы қарсы Иранның кіргізілмегені айдан анық.

Білетін мамандардың айтуларына қарағанда,  Сауд Арабиясының экономи­касы қазір қиын жағдайда:  мемлекеттің қаржы-қаражат қоры азайған, король әулетіндегі саяси күрес шиеленіскен, діни консервативтік ұйымдардың наразылығы күшейе түскен, әлеуметтік ахуалдың нашар­лауына байланысты түбегейлі  реформа жүргізу талабы жиі қойылуда, елдің  мұнайға бай шығыс өңірінде  шийтер жиі-жиі бас көтеріп, тәртіпсіздіктер орын алуда.

Жасыратыны жоқ, Корольдіктегі ішкі жағдайдың  күрделенуіне Ирактағы шиий­тердің белсенді әрекеті, Йемендегі қайшы­лықтың созыла түсуі, Сириядағы Саудия саясатының жеңілісі, Ливандағы  «Хезбол­ла» радикалдық ұйымының күшеюі, әлемдік рыноктағы мұнай бағасының тұрақсыздығы секілді факторлар да  кері әсерін тигізуде.

Бір таңданарлығы,  Эр-Риядта ханзада­лар мен миллиардерлердің тұтқынға  алын­ған тұста осында сапарлап жүрген жүрген  Ливанның премьер-министрі Саад Харири өз еркімен қызметінен кететінін жария етті. Және де  өзінің мұндай шешімге келуін Иран билігі мен ол қолдайтын Ливандағы шиийтік «Хезболлах» ұйымының қысым көруімен түсіндірді. Дәлірек айтқанда, олардың  өзіне қастандық  ұйымдастырып жатқанын естігенін мәлімдеді. Хариридің мұндай мәлімдеме жасауы талайларға жайсыз тиді. Өйткені, оның жетекшілі­гіндегі үкімет бірталай айтыс-тартыс, көпте­ген қиындық-кедергілермен әзер құрылған-тын. Шынымен де Саад Харири кететін болса, Ливан билігінде тағы да тұрақсыздық пен бей-берекетсіздік белең алады.  Мұны әркімдер әр саққа жүгіртуде. Біреулер кінәні Иранға артса, екіншілері Саудияның өзінен көреді. Иран мен Сауд Арабиясының  бір-бірімен қырғи-қабақ екені белгілі.

Егер де ханзада Мұхаммед бен Салман жастық қызулықпен  Иранмен арадағы жағдайды одан әрі ушықтыратын болса, онысы Таяу Шығыстың  тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіреді, халық­аралық қатынасқа да зиянын тигізері хақ. Бұған Еуроодақ қатты алаңдашылық білдіреді. Оны жуырда бір сөйлеген сөзінде ЕО-тың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары  Федерика Могрени  бүкпесіз айтты.

Эр-Рияд пен Тегеранды өзара диалог­тар  жүргізіп, ымыраға келуге  Мәскеу талайдан әрекет етуде. Мұны жақында Жерорта теңізі мәселелеріне арналған халықаралық конференцияда РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров тағы да қайталады. Алайда, әзірге нәтижесі жоқтың қасы.

Қазірше  сыртқы саясаттағы  Сауд Ара­биясы корольдігінің бірден-бір қолдаушысы  Америка Құрама Штаттары. The New Yorker басылымының жазуынша Мұхам­мед ибн Салман АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер­мен  «тату»  қарым-қатынас орнатқан көрінеді. Ал Трамптың өзі Twіtter-дегі жеке парақшасында: «Мен король Салман мен тақ мұрагеріне  шүбәсіз сенемін. Олар өздерінің не істеп жатқанын біледі. Қазір оларға қарсы шығып жатқандар елді жылдар бойы теспей сорып келгендер» деп жазған.

Мұхаммед инб Салман әл-Саудтың пайымдауынша, король әулетіне жататын жоғары мәртебелі ханзадалардың тұтқын­далып, олардың жемқорлық жолымен жинаған ақша мен байлықтарының мемле­кетке қайтарылуы  басқаларға ескерту әрі сабақ болуға тиіс.

Бұл айтылғандардан байқайтынымыз, Мұхаммед ибн Салман  білімді, көкірек көзі ояу, елді құрдымға кетіретін жемқор­лыққа төзбейтін, билікке келген жаңа буынның өкілі. Оның сыртқы саясаттан гөрі ішкі саясаттағы ымырасыз күресі  Саудиядағы жұртшылық тарапынан қолдау тапқандай. Бірақ ниет, мақсат, әрекет бар да, оны жүзеге асыру бар. Тақ мұрагерінің  жоспар-жобасы, реформасы қалай жүзеге асады?  Оны уақыт көрсетеді. Сондықтан қандай да бір тұжырым, кесімді пікір айтуға асықпаған жөн.