АМЕРИКАНЫҢ РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САНКЦИЯСЫ

Қандай қауіп-қатер мен зиян-залалдар  әкеледі?

Экс-министр Алексей Кудриннің  «уайымы»

999

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Кейінгі кезде АҚШ пен Ресейдің бір-бірімен егесіп, текетіресіп келе жатқаны жұрт­шылыққа мәлім. Қарама-қайшы­лық­тың бұлай белең алуын кейбір саяси сарапшылар: «баяғы Кеңес Одағы  тұсын­дағы «қырғиқабақ соғыс жағдайынан да  күрделілеу» деседі. Тым олай деп «қара аспанды» төндіру артықтау шығар. Әйтсе де Мәскеудің Сириядағы соғыста өзінің Әскери-ғарыштық қаруларын қолданып, Вашингтонға  қыр  көрсеткені анық.

Өз кезегінде Американың әзірге Ре­сейге қарсы қолданар бар амал-айласы түр­лі санкциялық шектеу мен тыйым салу­лар  арқылы қысым жасау  болып отыр.

Сөзіміздің дәлеліндей, биылғы жылдың шілде айының аяғына таман АҚШ  Кон­гресі өкілдерінің палатасы мен Сенаты  Иранға, Ресейге және Солтүстік Кореяға қатысты: «Америкаға қарсыларға санк­циялық  заңнама  арқылы қарсы әрекет­тер туралы» заң жобасын мақұлдап, пре­зидентке ұсынды. Көп ұзатпай оны 2 та­мызда Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп бекітіп жіберді. Сөйтіп, заң күшіне енді.

Осы заңның Ресей Федерациясына арналған тармағы: «Ресейге қатысты және терроризм мен заңсыз қаржыландыруға қарсы санкциялар» деп аталынып, онда 1 қа­занға дейін Ресейдің қорғаныс пен бар­лау саласындағы қандай жеке тұлға­лары мен ұйымдарының санкциялық тізімге енетінін анықтап белгілеу Ақ Үй әкім­шілігіне жүктелді.

Аталған заңда сондай-ақ,  бұған дейін­гі  Ресейдің Украинаға  жасаған агрес­сия­сына байланысты енгізілген шектеу мен қысым шараларының күшейтіле беретіні, бұл жолғы санкциялардың  2016 жылғы сайлау барысындағы Кремльдің ықтимал кибершабуылына және Сирия­дағы әрекет-қимылдарына қатысты қа­был­данып отырғаны түсіндірілді.

Бұған дейінгі санкциялық шектеулерді президенттің тоқтату құқығы болған бол­са, осы жолғысын тек Конгрестің рұқса­тымен, онда да бұлтартпайтындай  дәлел­дер  келтіріп қана өзгерте алады.

Бұл орайда Ресей президенті  Влади­мир Путин 19 қазанда Сочиде өткен «Вал­­дай» клубының  отырысында: «жа­қын­да АҚШ Конгресі қабылдаған санкциялық шаралар  Ресейді еуропалық  энер­гиялық қуаттар рыногынан  ығысты­рып шығаруға бағытталған» деген болатын.

Айтқандай-ақ, жаңа санкциялық заңда Ресейдің (Украина, Польша және Балтық жағалауы елдерін айналып өтіп)  Балтық теңізінің асты арқылы   Еуропаға «көгілдір отын» жеткізіп беретін «Сол­түстік арна-2» газ құбырын тартуға барын­ша кедергі келтіретін  мүмкіндіктер қарастырылды. Атап айтқанда, осы жоба  бойынша  Ресеймен жұмыс істейтін, тиісті өндірістік технология мен қызметтер көрсететін, қажетті құрылыс материал­дары мен тауарлар жеткізіп беретін жеке тұлғалар мен компанияларға бірқатар тыйым мен шектеулер енгізілді.

Ақиқатында, АҚШ-тың  ресейлік «Солтүстік арна-2» жобасын болдырмау әрекеті сұйық отынның үштен бірін Ресейден алатын Еуропа елдеріне,  әсіресе, «аталған жоба жүзеге асса кәрі құры­лықта газ бөлетін ірі орталыққа айнала­мыз ба» деп үміттеніп отырған Германияға тиімсіз болмақ. Түптеп келгенде, бұдан Америка емес, Еуроодақ елдері зиян шегетінін Еуропа мемлекеттерінің басшылары жасырмайды. Жуырда ГФР Сыртқы істер министрі Зигмар Габриэль мен Австрия канцлері Кристиан Крен және Еуро­ко­миссия спикері Маргарит Шинас  осыған қатысты алаңдаушылық білдірді.

Базбір сарапшы экономистер жоға­рыда айтқан В.Путиннің пікірін тірілтіп,  «АҚШ  «Солтүстік арна-2» жобасын тоқ­тату арқылы Еуропа елдеріне өзінің тақ­татастан өндірілетін газ отынын сатпақ­шы» дегенді айтады.

АҚШ-тың жаңа санкциялық заңында осындай шектеу тізіміне енген Ресей банк­теріне 14 күннен артық, мұнай-газ компа­нияларына 60 күннен артық уақытқа несие­лер бермеу,  Арктика жағалауында, терең теңіз түптерінде мұнай барлау мен өндіруші  бірлестіктерге  керекті техноло­гияларды сатпау, сондай-ақ, Сирия үкіметіне химиялық, биологиялық не ядролық қару немесе қанатты зымырандар жасауға материалдық, қаржы-қаражаттық және технологиялық  көмектер көрсетуге  тыйым салу  мәселелері де  қамтылды.

Тіпті, Ресейдің ықпалын әлсірету мақ­сатында Конгресс 250 млн. доллар қаржы бөліп, оның  НАТО  мен  Еуроодақ елде­ріндегі инфрақұрылымдарды кибершабуыл­дардан қорғауға  және де Албания, Босния және Герцеговина, Грузия, Македония, Косова, Сербия, Украинадағы  НАТО-ның қызмет өрісін кеңейтуге, Грузия мен Ук­раи­­наның басып алынған террито­рия­ла­рында  сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес, судьялар мен прокурорлардың тәуел­сіздігін нығайтуға, жалған ақпарат­тарды ауыздықтауға жұмсалатыны  атап көрсе­тілді.

Күткендей-ақ,  жақында АҚШ-тың  Мем­лекеттік департаменті Ресейдің қор­ғаныс пен барлау саласындағы санкция­лық шектеуге жататын  ұйымдары мен ком­панияларының тізімін  жариялады. Олар­дың қатарына: ФСБ, СВР, ГРУ сияқты арнаулы қызметтер және қорғаныс-өнер­кәсіп кешенінен жататын: «Рособорон­экспорт», «Ижмаш», «Калашников», «Рос­тех», «МиГ», «Сухой», «Туполев» тәрізді 39 кәсіпорын енді.

Бұған қоса, Департаменттің мәлім­демесінде Ресейдің кейбір елдерге (дәлірегі, АҚШ-тың одақтас елдеріне) сататын жоғарғы технологиялық қаруының  да (С-400) санкциялық тізімге енуі мүмкін екендігі,  бірақ та мұның  «бәсекелестік мақ­сатқа»  жатпайтындығы  айтылды. Алайда, Мәскеу:  «Вашингтонның бұл әректі өзінің ықпалы жүретін Сауд Арабиясы секілді елдерге  ресейлік осы заманғы ең жетілген зымыран шабуылына тойтарыс беретін  С-400  «Триумф»  қаруын сатып  алдырмаудың  амалы»,  дейді.

Әрине,  Ресей де:  «Америка айтты, біз көндік!» деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Санкциялық тізім жария болысымен РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков АҚШ-тың мұндай санк­ция­лық шектеулерімен халықаралық бизнес құрылымдардың аяғына тұсау салып, американ-ресей қатынасынан тыс үшінші елдердегі компанияларға зиянын тигізіп отырғанын  мәлімдеді.

Ресей Федерациялық кеңесінің мүшесі Алексей Пушков Twіtter-дегі  жеке парақ­шасында: «АҚШ біздің әскери кәсіп­орындарға қарсы санкция жариялау арқы­лы өзінің қару-жарақ сататын рыногын қорғамақшы. Ол одақтастарының С-400 қаруын сатып алуы ықтималдығына алаңдайды» деп  жазды.

Осы сияқты Ресей Мемлекеттік Дума­сындағы Халықаралық істер жөніндегі комитеттің төрағасы Леонид Слуцкий журналистерге берген сұхбатында:  «АҚШ  бұрынғысынша өзінің саяси құралдарын   әр түрлі салалардағы рыноктық мүдделерін қорғап, нығайту арқылы  Ресейді тежеу әрекетінде. Мұның Ресей-Америка қатына­сына көлеңке түсіріп, кері әсерін тигізері сөзсіз» деген пікір айтты. Және де оның  сөзін­ше  қазіргі АҚШ-Ресей диалогы  баяғы «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегіден де төмен  деңгейде. «Салынған санкциялар Ре­сейдің қорғаныс кәсіпорындарына  ай­тарлықтай зиян келтіре ме?» деген сұраққа: «Болмашы ғана. Өйткені, Ресей біраздан бері импортты алмастыру, басқа да сенімді әріптестер табу бағытында нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді» деп жауап берді.

Ал Ресей Федерациялық кеңесіндегі Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы  Виктор Бондаревтің түсінігінше: «қолданылып отырған санкциялық шара­лар  АҚШ пен Ресейдің Сириядағы өзара қимыл-әрекеттестігіне және  терро­ризм­ге қарсы күресіне  елеулі нұқсан келтіреді».

Өз тарапынан Ресейдің Федерациялық кеңесі ағымдағы қараша айында  ел ішін­дегі  Ресейге қарсы санкцияларға қатысы бар, «достыққа сай келмейтін жат пиғыл­дағы»  батыстың құрылымдары және ұйым­дарымен жұмыс істейтін жеке тұлғалар мен кәсіпорындардың  жауапкершілігі туралы заң жобасын қарап бекіттірмек.

Осылайша  биліктің айналасындағы ше­неуніктер мен оның ықпалындағы саясат­танушылар, сарапшылар Кремльдің сөзін сөйлеп, сойылын соғып жатқан болса,  «Қырық кісі — бір жақ, қыңыр кісі — бір жақ» дейтіндей, РФ-ның бұрынғы қаржы министрі, қазірде Стратегиялық тұжырым­дамалар орталығының жетекшісі Алексей Кудрин басқаша пікірді көлденең тартады.

Ол таяуда Ресейдің барлық азамат­тарына үн қатып: «айтпады демеңіздер, Путин сіздерді Жаңа жылмен құттықтап,  2018 жылдың  алғашқы секундтары  соғуы­нан кейін-ақ, өмірлеріңізде кері кеткен, құлдилау сәттері басталады. Оның  салдар мен зардаптары өте ауыр болады» деген ескерту жасады.

Экономист-қаржыгер А.Кудриннің  айтуынша  АҚШ-тың Ресейге  салған санк­цияларының қандай қиындықтар мен ауыртпалықтар әкелетінін әлі көпшілік  әлі түйсініп, болжай алмай  отыр.

«Бұл бұрынғыдан гөрі  анағұрлым қатаң санкция. Ендігі жерде  санкциялық тізімге енген ресейлік кәсіпорындармен  байланыс жасайтын Американың өз ішіндегі ғана емес, әлемнің кез-келген компаниясы  АҚШ билігінің қырына ілігіп, қысымына ұшырайды, — дейді Кудрин. — Осыған бай­ла­нысты компаниялардың  Ресеймен жаса­ған келісім-шарттарын жаппай тоқтату  үрді­сі  басталады. Қазірдің өзінде оның бел­гілері байқалуда. Ресей бюджетіне Қырым­ды ұстап тұруға, Путиннің пайдасы аз  жобасы — Керчтегі көпірге  едәуір қаржы бөлуіне тура келеді. Ресей елі бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа ұшырайды. Оны Резервтік қордан қаражат алып құтқару екіталай. Өйткені,  ондағы  бірталай қаржы  Донбастағы және Сирия­дағы соғысқа жұмсалып қордың түбі көрініп қалған».

Ашынып айтып отыр ма, әлде асырып айтып отыр ма? Әйтеуір  АҚШ-тың  Ресейге қарсы санкциялық шектеулер заңы шыққалы бұрыңғы қаржы министрі, экономиканы бір кісідей білетін  Алексей Кудриннің мазасыздануы мен уайымы күшті.

Кудриннің түсіндіруінше,  санкциялық шектелер үш кезеңмен жүреді.

Біріншісі — алдағы 28 қаршадан баста­лып, ол бойынша тізімге енген мемлекеттік банкілер мен  корпорацияларға  валюталық несиелер беру мерзімі 14 және 60 күнге қысқартылады.

Екінші кезең — 2018 жылдың 30 қаңта­рынан қолға алынып,  мұнай-газ өндіруге берілетін технологияларға, ФСБ, СВР, ГРУ сияқты арнаулы қызметтер және қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне жататын: «Рособорон­экспорт», «Ижмаш», «Калашников», «Ростех», «МиГ», «Сухой», «Туполев» тәрізді 39 кә­сіпорынмен  жүргізілетін жұмыстарға тыйым салынады.

Үшінші кезеңде — «Сібір күші» және «Тү­рік арнасы» жобаларымен, металлур­гиялық саламен, Ресей темір жолымен  жұмыс істейтін компанияларға шектеу қойы­лады.  Ресейдің байшікеш олигархта­рының  санкциялық тізімі жасалады.

Бұл аталған санкциялық тыйым мен шектеулерден шығу аса қиынға соғады. Президент шығарғысы келсе де Конгресс оны тоқатып тастайды.

Еске түсіре кетсек, АҚШ пен КСРО-ның сауда-саттығына шектеу жасаған мұндай санкциялық қатаң шаралар  1974 жылы «қырғиқабақ» соғыс» қатынасы тұсында  қолданылып, ол арада 38 жыл өткенде әрең күшін жойған.

Даниялық инвестициялық «Saxo Bank»  банктың бас экономисі Стин Якобсеннің пайымдауынша,  санкцияның Ресейге  ең бір ауыр тиер тұсы — мемлекеттік қарыз­дарға, инвестицияның салынуына рұқсат бермеу.  «Ондай жағдайда  рубль мен ФЗО (Федералдық займ облигацияларына)  пайда көру үшін салынған капиталдар  қаша бастайды. Бұл Ресей  экономикасына  қиын тиеді. Мәселен, өткен екі жылдың ішінде  сырттан  ФЗО-ға  25 млрд. доллар салынған еді», — дейді.

Бір қызығы, жуырда  келесі жылы пре­зиденттік сайлауға түсетінін жариялаған, ресейлік әйгілі тележүргізуші Ксения Соб­чак  американдық CNN телеарнасына сұх­бат беріп, онда  АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларын қолдайтынын, өйткені Мәскеудің Қырымды өзіне қаратып алып, халықаралық  құқық нормаларын  бұзға­нын айтыпты.

Президенттік қызметтен үміткер Ксения Собчактың экономикалық бағдарламасын жазып  береді деп жүрген  білікті экономист, социолог, саяси қайраткер Владислав Ино­земцев те  «АҚШ-ты санкциялық шара­лар қолдануға итермелеген   Кремль­дің  саясаты»  деген  сыни көзқараста. Ол әрі қазіргідей қиын жағдайда Ресейдің қорғанысқа бөлінетін қаржы-шығынды азайтатынына және  әскери-өнеркәсіп кеше­нінің  нәтижелі жұмыс істеп, сыртқа қару-жарақ сатудан мол пайда түсіретініне  күмәнмен қарайды.

Бұл айтылғандарға керісінше  Ресей үкіметінің мүшелерін пікірлерін тыңдасаң  санкциядан  қиналып, қауіптенуге ешқан­дай негіз  жоқ, бәрі ойдағыдай. Мәселен, Экономикалық даму  министрі  Максим Орешкиннің айтуына қарағанда, әлемдік рынокта мұнайдың бағасы 60 доллардың айналасында  тұрақталған, ОПЕК-пен келісім 3 трлн. рубль пайда береді, ауыл ша­руашылығында, өңдеу өнеркәсібінде, жүк тасымалында біршама ілгерілеу  бар, жыл аяғына дейін экономикалық өсім 2,2 пайызды құрайтын болады.

Ең бір жаманы АҚШ-Ресей қарым-қатынасының шиеленісіп, ушығуы  екі мемлекеттің байланыс шеңберінен шығып, халықаралық қатынастарға да теріс әсерін тигізеді. «Екі аю сүйкенсе арасында шыбын өледінің» керімен  мұндай қайшылықтан үшінші бір мемлекеттер зардап  шегеді.

Біз іргелес көрші және стратегиялық әріптес, Еуразиялық экономикалық одақ бойынша серіктес мемлекет ретінде Ресей­дегі экономикалық-әлеуметтік ахуал­дың  асқынбағанына тілектеспіз.

Сондықтан да Қазақстан Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев  Челябинскіде  бола­тын аймақаралық ынтымақтастық фору­мына бара жатып, Қостанайға аялдағанда  «қазіргідей санкциялық қысымға тап болып отырған шақта Ресейге қолдау көр­сету  керектігін»  еске салды.

Кешегі 10-11 қарашада Въетнамның  Дананг қаласында өткен АТЭС (Атлант-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақ­тастық) ұйымы кезекті саммиті  аясында Владимир Путин мен Дональд Трамп арасында  кездесу болады деп күтілген. Бірақ та Құрама Штаттар президентінің жұмыс кестесінің тығыздығына, прото­колдық қиындыққа байланысты ондай мүмкіндік болмады. Әйтсе де  АҚШ пен  Ресей  Сирияға қатысты бірлескен мәлім­деме жасады. Мәлімдемеде «Сирия Араб Республикасының егемендігі  мен терри­ториялық тұтастығы құрметтеледі және қайшылықты шешудің бірден-бір жолы — саяси ымыра мен мәміле»  делінді.