ӘЙЕЛ ӘЛЕМІ ӘДЕМІ

untitled-5799edit

Бәтима Зәуірбекова ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігін өзі таңдаған дара өнер – гобеленге сыйғызып, сол арқылы қазақты әлемге танытып келе жатқан жаңашыл суреткер.  Гобелен­нің арғы атасы еуропалықтар десек те, ол боялған жіптен түрлі ою-өрнектер құрап, тықыр кілем мен алаша тоқуды білген қазақ үшін мүлдем таңсық емес. Иә, күні кешеге дейін әрбір қазақ әйелінің киіз басып, кілем, алаша тоқумен айналысқаны белгілі. Сондықтан оны өзімізше «алашаның заманауи түрі» деп санауға болады.

Қазақта ерлер арасында тұңғыш гобеленші ретінде Құрасбек Тыныбеков танылса, «гобеленнің анасы» – Бәтима Зәуірбекова.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

«Айналайын, біздің қыз!»

Бәтима апайдың анасы ісмер кісі болған. Алаша тоқып, киіз басу, құрақ құрау, ою ойып, сырмақ сыру сынды қазақы қолөнердің бәрі де оған «Дала суретшісі» деген ресми емес атағы бар шебер шешесінен дарыған.

Туған жерінің, жастық шағы өткен Меркінің ғажап табиғаты да қыз жанын тереңдете түскені рас. Әр көктем сайын құрбыларымен қызғалдақ теруге шығатын. Кешкілік жаңбыр басталса, «түнімен тоқтамай жауып шықса екен» деп іштей тілейтін балауса қыз. Себебі, түнімен үздіксіз жауған жаңбырдың екпініне шыдас бермеген қып-қызыл алмалар жапырағынан үзіліп түсіп, таңертең жер бетінде төгіліп жататын. Бейнебір аяқ астына алқызыл кілем төсеп тастағандай әсерде қалушы еді сезімі сергек әсершіл қыз.

Бір күні пошташы үйге «Мәдениет және тұрмыс» журналының әдеттегі санын әкеліп тастады. Мұқаба­сындағы танымал қылқалам шебері Гүлфайруз Исмаи­лованың суретіне көз тоқтатқан анасы Бибіхан:

– Мына суретші қыздың кереметін-ай! Сұлу қызға суретші болған жарасады екен-ау! Менің сұлу қызым да суретші болады! – деді бірден. Батасын берді. Ақ жол тіледі.

Сөйтіп, бес баланың үлкені – Бәтима мектеп бітірген жылы екі жағына екі чемоданын мықшыңдай ұстап, алақанында астанада тұратын ағайынның телефон нөмірі жазылған тілдей қағазы бар, пойызға жалғыз отырып кете барған. Алматы көркемсурет училищесіне осылай жеткен.

Бәтима апай гобеленге 17 жасында келді. Бұған жол сілтеген ұстазы Құрасбек Тыныбеков болатын. Өнер адамының өмірі қоғамдағы шығармашылық ортамен тікелей тамырласып жататыны заңдылық. Суретшілік сапарларда, шығармашылық жиындарда С.Айтбаев, Т.Тоғызбаев, М.Қисамедиев, С.Мәмбеев, А.Жұбанов, Б.Тәбиев сынды бірегей де жайсаң қолдаушы ағалардың, ұлағатты ұстаздардың өзіне деген ықыласы ерекше болды. Сол сәттерді сағынатыны, шіркін-ай, қайта айналып келсе ғой деп армандайтыны бар.

2

Жақсы ағалардың өзі есіктен өзінен үлкен гобеленін құшақтап кіріп келе жататын шынашақтай қыздың алдынан жүгіріп шығып, «ой, айналайын, біздің кішкентай қыз келді» деп қолындағы жұмысын көтеріп ала кететін. Бәтима қыз ондайда қатты қуанатын, өнерін қадірлейтін аға буынның ортасында жүргенін арқаланатын, «айналайыннан» шабыт алушы еді.

«Сен бала алтын уақытыңды гобеленге ұрлатып жатыр­сың. Бұл жігеріңді сарқып алатын жол. Одан да живо­письпен айналыссаңшы, гобеленіңе қарағанда жылдам­дырақ болады, әрі 15-16 сағаттап отырып жұмыс істемес едің», – деп, тынымсыз, еңбекқор қызға аяушылық білдір­гендер де болды.

Студент күнінде көп курстастары сабақтан соң, кешті батырып би кеші, кинотеатр, мейрамхана деп шығып бара жатқанда, Бәтима, Камил (Мулашев), Фархад (Камалов) сынды ізденімпаз курстастар шеберхананы бетке алушы еді. Содан бел жазбай жұмыс істеп, таңғы үш-төрттерде оралатын жатақханаға.

Ол тұста бүгінгідей жеке көрмелер деген мүлдем болған жоқ, бір мезетте бірнеше суретші қатысатын тақырыптық көрмелер жиі ұйымдастырылып тұратын.  Сол көрмелер бұларды бәсекелестікке, қатардан қалып қоймауға, ерекше болуға, өз-өзіңді биіктен көрсетуге, дарыныңды дәлел­деуге, жеңімпаз болуға жетеледі. Бірде-бір көрмеден қалыс қалып қоймас үшін күн мен түнді ауыстырып алып жұмыс істеген кездері де болды. Қалжыраған сәттерде душқа қойып кетіп, мұздай суға шайынып алып, қайта кірісе беретін. Бәтима ең үлкен деген 4-5 метрлік гобелендерді сол кезде тоқыған.

«Астық жинау», «Мелодия» сынды алғашқы туынды­лары өткен ғасырдың 70-жылдары  Мәскеу­дегі көрмеде көрсетіліп, жоғары бағаға ие болды. Бұл шығармаларында қарапайым еңбек адамдарының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, табиғаттың жарасымдылығы айшықты сан бояумен үйлесім тапқан.

Кеңес Одағы кезінде Бүкілодақтық, Халықаралық сурет көрмелеріне дүркін-дүркін қатысып, өнерімен жарқырап танылды. 1980 жылы «Ғажайып Қазақстан» атты монумен­тальдық гобелені үшін бір топ суретшімен бірге (Қ.Тыныбеков, Т.Ярема, Е.Николаева), небәрі 30 жасында Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

001-95

«Көп адам бақыт құсын сұрайды…»

Ол заңды да. Өйткені, бәріміздің де бақытты болғымыз келеді. Иә, Бәтима Зәуірбекованың «Бақыт құсы» деген топтамасы бар. Ең алғаш бұл идея Түркия жерінде туған болатын. Түрлі бояуға бағынған құстар алғашында ақ қағаз бетіне майлы бояумен түскен болатын. Автордың ойлағанынан да артық нәтиже берген жұмысын сосын елге келген соң бояуы қанық түрлі-түсті жібек жіптермен тоқып шықты.

Бүгінгі таңда елге танымал бір азаматтың шаңырағында апайдың «Бақыт құсы» сериясы бойынша тоқылған тоғыз жұмысы ілулі тұр!

Айтпақшы, «Бақыт құсын» сатып алған тағы бір тапсырыс берушінің жуырда телефон соққаны бар. «Біз сізден төрт құс бейнеленген гобелен сатып алғанда, шынында да төртеу едік. Енді өмірге немере келді, бақыт келді. Сөйтіп қатарымыз көбейіп, бесеу болдық. Енді бізге бес құсы бар гобелен тоқып беріңізші», – деп. Демек, Бәтима апайдың сиқырлы саусақтарынан шыққан осындай тілекші-гобелендердің талай отбасына қуаныш сыйлап жүргені айдан анық.

«Түркістан» сериясына да сұраныс өте көп. Бұл тақы­рып шеңберінде бірнеше жұмысы бар, ешқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Әр жұмысқа әр қырынан келеді. Компо­зициясын ойша құрастырып алады. Көп күн толғанады, «толғатады». Ол үшін қасиетті Түркістан жеріне бірнеше мәрте сапарлатып та қайтқан. Әйтеуір тапсырыс түскен тақырыбын өз деңгейінде, асқан жауапкершілікпен жоғары сапада тоқып шығу үшін көңілі байыз таппайды-ақ. «Әлі екінші, үшінші тапсырыс бар, тез бітіре салайын» деген сияқты фальшқа ешқашан барған емес. Қайта жұмыс­тарының түр-түсі одан әрмен түрленіп кете береді.

«Қыздар» топтамасының гобелендері де талайдың төрінде ілулі бүгінде. Қазағым көбіне ұзатылып жатқан қызымның жасауына деп немесе тойына сыйлаймын деп ағынан жарылатыны бар. Бәтима апай сөйтіп тіл жетпес сұлулықты қыз-ару, әйел-ана кейпінде өрнектеп жүр. Және бір қызығы, оларды еш жерден көшірмей, өз қиялынан салады.

Сонау 2008 жылғы көрме әлі есінде. Сол күні елдік деңгейде үлкен бір жиын болды да, күткен көп адамы келмей қалды. Фариза Оңғарсынова көрінді есіктен. Көрмесінің беташарын да ақын қыз ашты. Ақжарма тілегін арнап сөз сөйледі.

– Бәтима, мен саған ризамын! Осы көрмеге дейінгі көріп жүрген туындылардағы қыздардың бәрінің көздері сығырайып, солғын тартып тұрушы еді, біртүрлі көңілім толмайтын. Міне, бүгін көздері ашық, тұнық нағыз қазақ қыздарын көріп тұрмын. Рақмет саған! – деді. Сол күнгі ең үлкен баға да сол болған.

Бұл турасында өнер иесі: «Кейбір қыздардың бойын­дағы ізеттілігі, қарапайымдылығы, пәктігі жүзінде тұрады. Оған қарама-қарсы, сырт келбеті сұлу көрін­генімен, ішінен бір суық есіп тұратын әйелдер де болады. Мен өзім солардың ішінен мейірімділік пен жылылықты, имандылықты тауып алам да, туындыма сол құндылық­тарды арқау етіп алуға тырысамын», – дейді.

Қазір елімізде гобелен жақсы бағаланады. Себебі, жекелеген қалталы азаматтар бұл өнерге ден қойып, үйлерін сонымен сәндейтін болып жүр. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары, мұражайлар, мейрамханаларға дейін тапсырыс береді.

img-20171030-wa0002

«Оның бүкіл суретінде шуақ бар»

Бірде Ресейден келген бір экстрасенстің Бәтима апайдың көрмесін аралап жүріп, қолындағы түрлі ритуал жасайтын таяғымен картиналардың бетін сипап тұрып: «Сіздің шығармаларыңыздың энергетикасы өте қуатты екен. Әлдебір жылылық бөлініп тұрғандай. Ал кейбір суретшілердің картиналарына таяғыңның ұшы тигеннен-ақ шайқатылып кетіп жатады», – дегені бар. Сондықтан шығар, Б.Зәуірбекова гобелендерінің тез сатылып кетіп жата­тыны. Бұл кісінің жұмыстарының шуақты бола­тындығы – өзінің ниетінде, пейілінде, тазалығында.

Рас, суретші бүгінгі қазақ қыздарына аса көңілі тола бермейтіндігін жасырып қала алмады. Бірақ ешқашан тақырыбы көлеңкелі гобелен тоқыған емес. Өйткені, ойын да, жанын да әрдайым таза ұстайтын суретші о бастағы ұстанымын да, жұмыстарын да кірлеткісі келмейді.

Сан түрлі құбылыстарды бояулармен әрлеуге құрыл­ған гобелендерді тоқумен қатар, сурет өнерін де жетік меңгерген Бәтима Зәуірбекова «Әйгерім» атты еңбегінде түр-түстерді мейлінше құбылтып көрсетсе, «Құнарлылық» деп аталатын суретінде өмірдің сәнін келтіретін әйел-ананы аса жоғары дәріптейді. Шығар­машылық ой-қиялын шарықтау шегіне жеткізе отырып дүниеге келтірген «Дала мадоннасында» көркемдік көріністерді жинақтап көрсетудің ең жоғары үлгісі байқалады.

Зәуірбекова көптеген отандық, халықаралық көрме­лерге үзбей қатысып, аталған еңбектерінен тыс «Көктем», «Жер-Ана», «Кешкі Алматы», «Қазақстан кемпірқосағы», «Астық мерекесі», «Береке», «Жас Абай», «Күй», «Сазгер», «Жібек жолы» сияқты аса ірі, кең ауқымды шығармалары арқылы жоғары бағаланып, сыйлықтар мен лауреаттық атақтарды иеленіп келеді.

Айтпақшы, Бәтима апайдың 2012 жылы ҚР Үкіметінің қолдауымен ЮНЕСКО-ның Женевадағы Бас штабына «Астана» атты гобелен-еңбегінің ілінгенін біреу білсе, біреу біле бермес. Еліміздің жүрегі – Елорданы әлемге паш еткен келісті туынды. Көлемі 34 шаршы метр (еңселі үйдің бір бөлмесінің тұтас бір қабырғасын елестете беріңіз). Жас қаланың бүкіл сәулет өнері, жалпы көрінісі бейнеленген. Оның қасында 3 триптих бар. Онда біздің әсем табиғаты­мыз, еліміздің мол байлығы, асқақ таулары, жасыл жайлауы орын алған. Иә, Б.Зәуірбекова Қазақстан бойын­ша ЮНЕСКО-ға осылай жол салған жалғыз суретші.

 

Бір гобеленде 100-150 түске жан бітеді

Бәтима Есмұратқызы гобелендерінің нақты санын білмейді. Шамамен 400-дей шығар дейді. Кеңес заманы тұсында бүгінгідей кез-келген затыңды секундта-ақ сырт еткізіп басып, жазып, түсіріп ала қоятын техника жоқ, сондықтан жас кезінде тоқыған, жанын, жүрегін берген небір гобелендерінің қайда, қандай қолда кеткенін білмейді. Соған өкінеді.

Дегенмен, сонау жылдары тапсырыспен тоқылған «Времена года» деген төрт жұмыс-гобелені болған, сол тақырыбына кейде қайта айналып соққысы келетін сәттері, ойы болады. Бірақ көп деталін көз алдына әкеле алмай қиналатыны бар. Эскизі де қалмаған. Жұртшылық назары­на ұсынып үлгермеген жұмыстары да қолды болып кеткен.

Иә, гобелен – машақаты көп жұмыс. Бояулары тым көп. Дегенмен, оны әр суретші әр түрлі тоқиды. Бір гобеленші үш-төрт түспен де композиция жасап шығара береді, яғни түстерді аз қолданады. Үш түсті дайындап алады да, теріп шыға қояды.

Шын талантқа талас жоқ. Оған натюрморт та ұнайды. Портрет те салады. Бұл бағыттарда суреттер салу, әрине, гобеленге қарағанда он есе жеңіл. Мәселен, бір гобеленді тоқу үшін 100-150 түс пайдаланылады. Ой талдап, жіп талғайсың. Сосын оны тікеңнен тік тұрып тоқисың. Көз майың тағы бар. Бірақ  осындай қиындықтарына қарамас­тан, Бәтима апайдың гобелен тоқудан жаны тоят табады, ләззат алады. Арқаланады. Шабытына шабыт қосылады.

Әдетте, бояулардың көп қолданылғаны жұмысты қиындатады, ұзақ тоқылады. Бояуды бір-бірімен үйлестіру өте күрделі жұмыс. Дегенмен, бояу түсі неғұрлым көп болған сайын гобелен де соғұрлым көркем көрінеді. Қазіргі жастардың да түстерді көбірек пайдаланып жүргеніне апай бек қуанышты.

Бүгінде технология қарыштап дамыған, не керегіңді қиналмай табасың. Қазір сауда нүктелерінде Беларусьтан, өзіміздің Қостанайдан келетін сапалы жіптер толып тұр. Бұл жіптер бұрынғыдай оңып кетпейді.

Гобелен – аса талғампаздықты талап ететін өте кірпияз өнер. Мәселен, алаулап батып бара жатқан күннің шапа­ғатын салып отырып қателесіп кетер болсаңыз, оны үстінен бояулармен бастыра салуға, өзгеше құбылтып жіберуге болады. Ал  гобеленнің кірпияздығы сонда, бояулар үндес­тігін беруде тігісінен бір де жаңылып кетпеуіңіз керек.

Апай әлі күнге көзілдіріксіз тоқиды. Көзілдірік қайта жұмысына кедергі жасайтындай. Тек адамның бет-әлпетін, жанарын тоқитын кезде киетіні бар. Өйткені, адамның жанарында оның бүкіл жаны, ішкі әлемі тұрады. Ал  кейіпкердің жан-дүниесін табиғи таза қалпында шынайы беру үшін сиқырлы саусақтардың қателесуге құқы жоқ. Қазақ әйелін сомдауда суретшінің  талғамы өте нәзік. Кісі көзіне түсе бермейтін ішкі қалтарыстың нүктесін де дәл қоя білу хас шеберге ғана тән. Осыншама қым-қуыт дүние­ні бір желіге тұсап, сансыз бояумен, сансыз жібек жіптер­мен өрнектеу де көрінгеннің қолынан келе бермесі анық.

img-20171030-wa0004

ЭКСПО-ны да әрлеген көркем көрме

Суретші-гобеленші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Батима Зәуірбекованың «Ұлы дала өрнектері» атты жеке сурет көрмесі Елордада, «ЭКСПО-2017» шеңберінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтті. Көрмеге оның 60-тан аса көркем туындысы қойылды. Сонау жастық шағында салған ең атақты туындыларымен қоса, кейінгі кездегі тамаша шығармалары да көрермен көзайымына айналды.  Шараға жиылған қауымды ҚР-ның Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттық­тады. Гобеленшінің қазақ өнеріндегі орны мен шығар­машылық ерекшелігін айтты. Ол бейнелейтін сұлу да сыр­баз әрі жұмбақ нәзік жандылардың өнер әлемінде «Зәуірбекованың ару қыздары» деген атаумен танылғанын атап өтті.

Кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп тамашалады. Жоғары бағалады. Сондай-ақ, қалың көрерменмен қатар, Сенат депутаттары, Үкімет мүшелері, Қазақстандағы барлық елдің елшілері де аралады. Қазақ қыздарының ішінен шыққан бірегей дипломат, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова да айтулы көрмеге ат  басын бұрып, өз бағасын берді.

Бір айға жоспарланған көрме көптің сұрауы бойынша екі айға созылды. Осыншалықты ілтипатқа ие болу құпиясы сонда, суретші шығармаларынан сезім тереңдігі мен бояу қанықтылығына толы дала әуені естіледі. Ол өз жұмыстары арқылы (гобелен, көркемсурет) қазақ халқы­ның мәдениеті мен өнері арасындағы терең байланысқа дала философиясын көрсете білген.

Тарих ғылымының докторы Шайзада Тоқтабаева суретші-гобеленшінің шығармашылығын қазақ өнеріндегі жарық құбылысқа теңеді. Оның жұмыстарындағы ерекшелік ретінде позитивті көңіл күйді, нәзік сұлулықты айтты.

– Қазір жаһандану ғасыры дейміз. Біздің тіршілігімізде көптеген жағымсыз құбылыстар орын алуда. Оның ішінде терроризм, басқа да деградациялар бар. Ал Бәтиманың өз әлемі бар. Ол – сұлулық, тыныштық әлемі,  деген ғалым Б.Зәуірбекованың қазақ халқының мәдени бастауларынан нәр алған шығармашылығы ұлтымыздың поэтикалық дүниетанымынан хабар беріп, этникалық таным-түсінігін сақтауға көмектесетінін айтты.

Иә, «Ұлы дала өрнектері» жеке көрмесі арқылы су­ретші қазақ өнерінің биігін әлемге паш етті. Өзі де биіктеді, жаңа туындылар жасауға тың идеялар әкелді, құлшынысы артты. Болашақта тағы көрме ашуға бекініп отыр.

Бүгінде суретшінің туындылары ҚР музейінде (Астана), Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде (Алматы), еліміздегі облыстық музейлерде, Қазақстан, ТМД, Еуропа, Америка, Азияның жеке топтамаларында сақталуда. Оның суреткерлік өнері, тамаша туындылары жайлы шығарылған альбом-кітаптар да аз емес.  Түр­кияда жарық көрген каталогта да, «Қазақфильм» түсірген «Мелодия» атты деректі фильмде де қазақ қызының терең тынысты туындыларына оң баға берілген.

 

«Мен әлі ештеңе істемеген сияқтымын…»

Нобель сыйлығын алып тұрған Рабинат Тагордан сұраған екен дейді: «Қай шығармаңызды жақсы деп санайсыз?» – деп. Сонда қаламгер: «Келесі шығарма жақ­сы болатын шығар», – деген екен.

Бәтима Зәуірбекова да бізбен сұхбатында: «Мен әлі ештеңе істемеген сияқтымын», – деп қалды. Соншама шедеврді өмірге әкеліп тастаған, мойындалған «гобеленнің анасында» өз шығармашылығына деген әлі де көңіл толмастығы бар. Сондықтан болар, жыл өткен сайын шығармашылық идеялары шарықтап келеді.

Шапшаң, кез-келген істі тез қолға алады, тез бітіруге ұмтылады. Тынбай, үнемі қозғалыста жүретін адам. Есесіне, бәріне үлгеріп жүреді. Анасы өте әрекетшіл, тәуекелшіл адам болатын. Соған тартқан болармын дейді.

Өмір деген уысыңда тұрмайды, сынаптай сырғып тез өтіп жатыр. Бұл кісіні жеңістерге жеткізіп жүрген де сол жылдамдығы, тынымсыздығы. Тіпті, аз ұйықтайды. Жас күнінде де мезгілсіз жатып алған кезі жоқ. Ұйқышылдыққа жаны қас.

«Бір мәнісі болар», «ертең көрерміз…», «сосын…» дейтіндерді ешқашан түсінбей өтетін шығар. Үнемі кешігіп жүретіндерді жек  көреді. «Кешірім сұраймын, сәл кешігіп қалыппын», – дейтіндерді мүлдем қабылдай алмайды. Өзі межелі жерге айтылған уақыттан бес-он минут бұрын барып тұрғанды дұрыс көреді. Қандай жер, орта болмасын, алаламайды, сәнді киініп баруды да қатаң сақтайды. Бұл – үлкен мәдениет, құрмет, ішкі тазалық, өз-өзіңді сыйлау деп түсінеді.

Зерлі, зерделі суретші мақтанғанды, жағымпаздықты сүймейді. Атақты сұрамайды. «Риясыз, таза еңбек етсең, атақ та, байлық та өзі басын иеді», – деп санайды.

Б.Зәуірбекованың өмірлік қосағы – Сейітқали Шала­баев та өнер адамы. Суретші, сәулеткер, ұстаз. ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. 1970–75 жылдар аралығында Ресейдің Нижний Новгород қаласында сәулетші мамандығы бойынша білім алған. Ұзақ жылдар бойғы ұстаздық еңбегін жалғастырып келеді. Бүгінде О.Таңсықбаев атындағы Алматы көр­кемсурет колледжінің директоры.

Үйлеріне күтуші жалдамайды. Бау-бақшасын өздері күтіп-баптайды. Ауласын әсем ландшафтармен көмкерген. Апай гүл өсіруді көп жылдан бері дағдыға айналдырған. Олардың күтіміне де уақыт табады. Олармен «сөйлеседі». Жалпы, кез-келген істі әдемі жасау керек деген принципті ұстанады ол кісі.

Қонақ күткенді жаны жақсы көреді. Дастарқанды жайнатып жібереді. Көршілерімен де тату. Бәрі бірігіп, жылда ұлттық мерекені ұлықтап, Наурыз мерекесін тойлайды.

Екі қызы бар. Алмасы да, Елданасы да – суретші-модель. Жуырда тұңғыш жиен немересі шаңырақ көтерді.

ТҮЙІН  ОРНЫНА

– Сізде елдік деңгейдегі талай атақ бар екен. Бірақ өзіңіз туып-өскен Жамбыл облысының, Мойынқұм, Меркі аудандарының «Құрметті азаматы» неге жоқ?..

– Менің шығармашылығымның, туындыларымның өзегі ауылда, сол туған өлкемде жатыр. Өмір бойы боз кенепке Тараз, Меркі, Мойынқұмымды салумен келемін. Бірақ атақ сұрап ешкімнің алдына барған емеспін. Өмірімнің әр кезеңінде атақ мені өздері іздеп «тапты». Дегенмен, кіндігім кесілген туған жерім өнерді бағалайтын көзіқарақты көрермендерден, ел ісін ілгерілетіп жүрген азаматтардан кенде емес.

– Өміріме қайта айналып келсе екен дейтін қимас адамыңыз бар ма?

– Осы еңселі үйіміздің ішінде шап-шағын, ұядай жып-жылы бір бөлме бар. Бәріміз соған қарай кіруге икемделіп тұратынымыз да қызық өзі. Анам 86 жасқа келіп қайтыс болды. Аз жас емес, әрине. Бірақ шіркін-ай деймін кейде, шешем әлі де жүре тұрғанда ғой. Сол күн шуағы молырақ төгіліп тұратын бөлмеде қалқиып теледидарға үңіліп отырған сәтін кей сәтте көз алдыма елестететінім де жасырын емес.

– Жабырқаған сәттерде неден (әлде кімнен) жұбаныш іздейсіз?

– Дүкен аралауға шығып кетемін. Мойынға байлайтын кішкентай орамал сатып алсам да, өз-өзімді қуантуға тырысамын. Құрбыларыма хабарласамын, оларға да бір қиық орамалымды ала барамын, қою шәй ішіп, өткен-кеткен күндерге саяхат жасаймыз.

– Байлықты немен өлшейсіз?

– Қазір гобеленге сұраныс өте көп. Қалталы азаматтар бұдан ақшасын аямайды. Бірақ мен үшін байлық – гобелендерімнің жиі-жиі өтіп кетіп жатқандығы емес, байлығым – отбасым. Өмірлік қосағым екеуміз бір-бірімізді айтпай түсінеміз. Бір-бірімізді үнемі қолдап жүреміз. Қас-қабағымызды бағамыз. Үйіміз жылы. Шетінен өнерлі немерелерімізбен де мақтанып отырамыз.  Әр қадамдарына шаттанамыз.

– Әңгімеңізге рақмет, Бәтима апай! Үйіңізден сол жылылық кетпегей!