ҚАЙ АУДАНДА ҚЫЛМЫС КӨП?..

Қалаға жаңадан қосылған елді-мекендерде қылмыс деңгейі қандай?

5-1

Серік ЖҰМАБАЕВ

Алматы алып қала болғандықтан, бұл шаһарда қылмыс көп тіркеледі. Оның үстіне мұнда 1,5 миллион халық ресми тіркелген болса, бұдан бөлек, Алматыға күніне 200 мыңнан аса көлік кіріп шығады екен. Бұл дегеніміз, ірі мегаполисте 2 мил­лионнан астам адам бар дегенді білдіреді. Сондықтан болса керек, мұнда адам тонау, ұрлық-қарлық, есірткі қолдану, топ болып төбелесу, адам өлтіру фактілері жиі орын алады. Мұны біз ғана емес, кезінде Елбасымыздың өзі үлкен мәселе ретінде көтеріп, бұл реттегі шараларды жүйелі түрде бақылауға алуды полицейлерге қатаң тапсырған болатын.

Негізі, «криминалды аудандар» еліміздің қай қаласын алсаңыз да бар. Мұндай аудан-қалалар турасында еліміздің түкпір-түкпірінен ондап санап, ашылған қылмыстар төңірегінде мыңдап мысал келтіруге де болады. Бірақ елімізде «бұзақы аудандар» туралы шашыранды түрде болмаса, жинақталған ашық мәселе әлі қойылған жоқ. Сондықтан «криминалды аудан» деген сөз тек жұртшылықтың екеуара әңгімесінде ғана айтылып жүр. Әйтпесе, Алматы облысының Нұра ауылын (бұрынғы Октябрь) жұртшылықтың көбі біледі. Онда қылмыс көп тіркелетін. Тіпті, «Бродяги», «Тайфун» деп аталатын қылмыстық топтар бар болған. Кезінде бұзақылықпен аты шыққан бұл ауылда сотталғандар өте көп тұратын. Сол секілді Қызылорданың «Шанхайы» да, Ақтөбенің «Шалқары» да, Семейдің «Аягөзі» де, тіпті, тұтас бір Тараз қаласында да қылмыс атаулы жиі орын алып тұратынын жұрттың бәрі біледі десек, артық айтқандық емес. Осылардың қатарына кезінде Алматының «Татаркасы» да қосылған болатын. Онда кісі өлтіру, тонау, қыз зорлау, қарақшылық шабуыл оқиғалары жиі кездесетін. Тіпті, түнгі уақытта Алматының таксистеріне «Татаркаға» барайық десеңіз, көпшілігі шошыған кейіп танытып, барғысы келмейтін. Әрине, әйел заты айтар болса, баратын шығар, бірақ ер адамдарға көп сене бермейтін. «Себебі, ол аймақ біздің кезде криминалды аудан атанып кеткен еді» деп айтып отыратын ағаларымыз.

Қазіргі таңда қалалық прокуратура органының мәліметінше, Алматыдағы ең криминалды аудан қатарына Алмалы ауданы қосылып отыр. Онда пәтер ұрлығы, тонау, қыз зорлау, топ болып төбелесу, көлік ұрлығы жиі тіркеледі екен. Одан кейінгі екінші орында Әуезов ауданы тұр. Ал «үздік үштікті» Медеу ауданы иемденген. Бұл аудандар да ұрлық, қарақшылық шабуыл жағынан ешкімге дес бермей келеді.

5-2

Біз бұл фактілерді аспаннан алып отырған жоқпыз. Жақында ғана ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық құқықбұзушылық картасын әзірлеген болатын. Енді кез-келген адам ғаламтор арқылы статистика түрінде қылмыс жайында деректермен таныса алады. Сондай-ақ, айрықша криминогендік аймақтарды көруге мүмкіндік туды. Мұны Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми сайтынан қарай аласыз. Порталда полиция бөлімдері, учаскелік полицейге арыз жазу, арызды тексеру сынды қосымша қызмет түрлері бар. Алматының қылмыстық құқықбұзушылық картасын ашып қарасаңыз, түрлі-түсті картаны көресіз. Бұл түстер қылмыстың қаншалықты көп және аз жасалғанын білдіреді. Мәселен, қызыл түспен қылмыс көп жасалатын орындар бел­гі­ленеді. Сары түс – орташа деңгей, ал көк түс – ол аймақ қауіпсіз дегенді білдіреді. Бірақ өкінішке орай, Алматы қазір қызыл түспен көмкеріліп тұр.

Прокуратураның дерегінше, Алмалы ау­данында қылмыс өршіп тұр. Енді бұл аудан қаланың қақ ортасында орналасқандықтан, мұнда кафе-мейрамхана, түнгі клубтар, қонақ үйлер – жалпы ойын-сауық орталықтары жиі шоғыр­ланған. Жастар көп жүретін, ішімдік ішілетін жерде қылмыс жиі орын алатыны белгілі. Сондықтан болса керек, Алмалы ауданы көш бастап тұр. Ал тонаушылық көп орын алатын жерлер – «Алматы-1» вокзалы, «Сайран» авто­бекеті, «Никольск» базары, ЦУМ, «Тастақ» базары маңы. Бұл ретте Бостандық пен Алатау аудандары да көштен қалмай келеді. Мұнда да көбіне пәтер ұрлығы, қарақшылық шабуыл, тонау, көлік ұрлығы жиі орын алады.

Қазір Алматы бір орнында тұрған жоқ. Ол кеңейіп  келеді. Бүгінде қаланың құрамына тағы 27 ауылдық елді-мекен, барлығы 23 мың 200 гектар жер қосылды. Шаһарға іргелес жатқан – Қарасай, Талғар және Іле аудандарының бірқатар ауылдары қалаға кірді. Осы ретте қазір «Алтын орда» базары маңындағы Теректі ауылы (Алатау ауданына кірді) қылмыстың нағыз ордасына айналды. Әсіресе, түнде бұл аумақта жүру өте қауіпті болып барады. Соңғы екі айда мұнда осымен үшінші рет қыз зорлау оқиғасы орын алды. Тіпті, қанішерлер бір өрімдей жас қызды зорлап, өлтіріп кеткен. Оның үстіне «Алтын орда» базарында жұмыс істей­тіндердің көбі сонда пәтер жалдап тұрады. Ондағы тұрғындармен тілдескен кезде: «кешкілік көшеге шығуға қорқасың, ауланың бәрі кілең нашақорлар мен маскүнемдер ордасына айналып кетті», «түнімен көрші пәтердегі жастар ішімдік ішіп, даңғаза музыканы ойнатып мазаны алады», «төбелестен көз ашпайтын болдық», «ұрып кетті», «соғып кетті» дегендей әңгіменің түр-түрін естідік. «Ал полицейлерге неге хабарласпайсыздар?» деген сұрағымызға, «олар төбелес бітіп, «қызық» тарқағаннан кейін келеді. Оның ар жағында тексеру, куә іздеу деп тағы мазаңды алады», – дейді олар.

Міне, біз бүгінгі тақырыпта Алматының крими­налды аудандары төңірегінде, жұртшылықтың мазасын алған мәселелер турасында сөз қозғадық. Енді мұны ретке келтіру үшін, болдырмау үшін не істеп, қандай шаралар қолдану керек? Біздің міндет – ой тастау, бұған төзуге болмайтынын айту. Ал оны нақты шешу жолын – тиісті ор­гандар қарастыруы тиіс.

Прокуратураның дерегінше, Алмалы ауданында қылмыс өршіп тұр. Енді бұл аудан қаланың қақ ортасында орналасқандықтан, мұнда кафе-мейрамхана, түнгі клубтар, қонақ үйлер – жалпы ойын-сауық орталықтары жиі шоғырланған. Жастар көп жүретін, ішімдік ішілетін жерде қылмыс жиі орын алатыны белгілі. Сондықтан болса керек, Алмалы ауданы көш бастап тұр.

Ал тонаушылық көп орын алатын жер­лер – «Алматы-1» вокзалы, «Сайран» автобекеті, «Никольск» базары, ЦУМ, «Тастақ» базары маңы. Бұл ретте Бостандық пен Алатау аудандары да көштен қалмай келеді. Мұнда да көбіне пәтер ұрлығы, қарақшылық шабуыл, тонау, көлік ұрлығы жиі орын алады.

 

Сәкен АСАНОВ, такси жүргізуші:

– Қазір түнгі уақытта Теректі ауылына, қаланың шет жағындағы аймақтарға бару қиын. Әсіресе, жастармен бірге. Олармен бара қалсаң, қай-қайдағы қараңғы түкпірге апарып, өзіңе пышақ көрсетіп, тонап кетеді. Тым болмағанда келіскен ақшаңды бермей, қашып кетеді. Ондай жағдай көп болады. Сондықтан мен түнде тоқтатқан жас жолаушылардың көбіне мас-сауына, киген киіміне, түріне қарап барып, барамын. Ал басқа жағдайда тоқтағым келмейді.

 

Керек дерек

Қалада халықтың тыныштығын кү­зету үшін тәулігіне 3 мыңдай по­лиция жұмысқа шығады. Күніне ша­мамен  100-ден астам қылмыс тір­­ке­леді. Мәселен,  қараша  айы­ның 1-нен 10-ына дейін, небәрі он күн­нің ішінде Алматыда 615 қыл­мыс­тық құқықбұзушылық тіркел­ген. Оның ішінде 488 ұрлық, 32 то­нау, 27 алаяқ­­­­­тық, 20 бұзақылық факті­лері анық­талған. Бұдан бө­лек, 13 ұсақ-түйек жымқыру оқи­ғасы, 9 өзін-өзі өлтіруге  дейін  жет­кізу, ал ден­сау­­лыққа қаса­қана зиян келтірген 11 бірдей факті тіркелген. Мұнымен қоса, 296 бап, яғни есірткі, психот­роптық заттар­мен заңсыз жұмыс істеудің 4 оқи­ғасы анық­талған. Сондай-ақ, небәрі он күннің ішінде Алматыда 2 қыз зорлау фактісі тіркелген.