САРАПШЫЛАР ЕЛБАСЫ ЕҢБЕГІН ЕРЕКШЕ АТАП ӨТТІ

ҚР Орталық мұражайында «Қа­зақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы: мемлекеттік басқару стратегиясы және көшбасшы феномені» атты халықара­лық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Бұл «Н.Назар­баев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасы аясында ұйымдастыры­лып отыр.

Жоба Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздік күні қарсаңында жүзеге асырылды. Көрмеде еліміздің астанасын көшірген сәттен бері 20 жылдың ішінде алғаш рет Мемлекет бас­шысының Жеке архиві, Жеке кітап­ханасы және Музейі қорының зерттеу нәтижелері мен материалдары Алматы қаласы қалың жұртшылығының наза­рына ұсынылды. Жиында сөз сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев егемен еліміздің дамуы, мемлекетіміздің мерейінің асқақтауы, Астана мен Алматы тәрізді ірі мегаполистердің өсіп-өркендеуі Елбасының есімімен, ерен еңбегімен тығыз байланысты екендігін атап өтті.

Басқосу барысында баяндама жасаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітап­ханасы директорының орынбасары, саяси ғылымының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов «Н.Назар­баевтың саяси көшбасшылығы» ұғымы мен «Н.Назарбаев феномені»  сарап­шылардың, саясаткерлердің, саясатта­нушы ғалымдардың ғылыми сөздігіне нықтап енгенін атап өтті. Сондай-ақ, сарапшы маман  «Н.Назарбаев фено­менін» оның саяси стилі арқылы, қоғам­мен қарым-қатынасы, болашақ­қа бағытталған стратегиялық бағыт-бағдары, келешекте көздеген мұрат-мақсаты арқылы қарастыру қажет екендігін айтты. Әмірхан Рахымжанов өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев бойындағы көшбас­шылық қабілеттері, мінезінің жеке қасиеттері, кәсибі шеберлігі мен өмір­лік тәжірибесі арқылы барша қазақ­стандықтардың құрметі мен сеніміне ие болғандығын тілге тиек етті.